Атырау облысы
Қызылқоға ауданы
Сағыз селосы
Бергарина Гулмаржан Алипкалиевна
Тақырыбы: «Мен елімнің ертеңімін!» Мақсаты: 1) Жас жеткіншектерді рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, жалпы адами қасиеттерге ие болатын тұлға қалыптастыру
2) Отанын құрметтей білетін, болашақта Қазақстанды өркендетуге өз үлестерін қосатын азамат тәрбиелеу. 3) Оқушылар бойына ұлттық намыс пен рух ақыл мен парасат, адамгершілік пен адалдық сияқты қасиеттерді сіңіру, дүниетанымдарын кеңейту, іскерлік дағдыларын дамыту, шығармашылыққа баулу. Патриоттық сезімдерін ояту.
Түрі:өнеге сағаты Әдісі: Көрнекілігі: интерактивтік тақта,плакаттар,шарлар.«Мәңгілік мақтан, Дауылпаз дастан – Қазақстан» Барысы: Жүргізуші: -Армысыздар, құрметті қонақтар, жиналған қауым! Бүгінгі «Мен елімнің ертеңімін!» атты 6 сынып оқушыларының тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Би Cағидолла Ләззат Менің елім-Қазақстан! Бұл әрбір дала перзентінің көкірегінде мақтаныш пен айтатын сөзі.
Елбасы «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса,қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып көркеюі жолында жан теріңді аянбай жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа»,-дейді. Сіздер жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді еліміздің ертеңісіздер. Сіздер-еліміздің экономикасын, мәдениетін, білімін көтеретін азаматсыздар. «Шашу» биі орындайтын Cағидолла Ләззат Ой қозғау.Қызығушылықты ояту. — Балалар, Қазақстан Республикамызды 20-30 жылдан кейін көз алдарыңа қалай елестетер едіңдер? Соны мына парақ қағазға түсіріңіздер . (салған суреттері бойынша әңгімелейді) 1) Азат елдің ұланы екенімді мақтан етемін! Күн дидарлы Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етіп, кірпіш болып қаланатындығыма,келешек үшін жақсы оқуға уәде беремін, себебі тәуелсіздіктің туын биік ұстау – перзенттік парызымыз! Гүлденіп,көркейе бер,Қазақстан! 2)Мен өзімнің көркем, көрікті, байтақ еліммен мақтанамын. Болашақта кемелденеді, барлық қалаларда зәулім ғимараттар салынады деп елестетем. 3)Егемен елім, байтақ жерім , тәуелсіз елім, сүйікті Отаным! Бұл сөздер менің атамекенім туралы. Менің атамекенім — Қазақстан. Қазақстанда көп халықтар бірлікте, татулықта өмір сүруде. Болашақта олардың барлығы мемлекеттік тіл қазақ тілінде сөйлейтін болады деп ойлаймын. 4)Айдана салған суретін әңгімелеп береді Қазақстан, Отан туралы ой-пікірлеріңіз қандай? («Отан» деген сөз мағынасын ашу, алғашқы ойларын білдіреді. ) Ақерке:Отан—әр адамның туып өскен жері, туған туыстарымен, жақындарымен бірге тұратын атамекені. Отан – белгілі бір адам үшін оның өзінің елі ғасырлар бойы ғұмыр кешіп және солай болып қалуы үшін, жанын пида қылып келе жатқан байтақ өңір, өлке ғана емес, туған шаңырағы, ата-ана, бала-шағасы, дос-жаран, ағайын-туысы, солармен бірге жалғаннан көретін қызығы мен бақытының тұрағы, кейін ұрпақтарына рухы жар болып жататын топырағы. Арай:Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен –
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Отан дейміз кең – байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады. Айбар:Қазақстан біздің сүйікті — Отанымыз. Көрсең көз тоймас асқар шыңды таулары, айдын шалқар көлдері, жайыла аққан өзендері, ормандары бар. Осының бәрі Алтай менен Атырау, Ақжайық пен Алатаудың аясында құлаш жайып, жайнай түрленіп жасанып — жасарып жатыр.
Қазіргі кездегі Қазақстан Отан деген не? «Отан» деген сөзді күн сайын естіп жүрміз,оны бала кезімізден білеміз.Отан дегеніміз-адамның туып-өскен жері.Туған –туысқандарымен, отандастарымен бірге тұратын ата-мекені. Қазақстан Республикасы –ұлан –байтақ , қуатты ел.Жер қойнауында да,жер бетінде де тұнып жатқан байлық мол.Жерінің ауданы жағынан Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі он мемлекеттің қатарына жатады.Қазақстан аумағы 2,7 млн шаршы шақырым.Онда 120 ұлт өкілдерінен 15 млн халық тұрады.Әкімшілік –аумақтық жағынан Қазақстан 14 облысқа,160 ауданға бөлінеді. Қазақстан мемлекетінің тарихи даму жолын айқындайтын өз рәміздері –Елтаңба ,Туы және Әнұраны бар.(Әбдірахман) Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан Қазақстан халқының сан ғасырлар бойы армандап келген мақсаттарына қолы жетті.Қазақстан тәуелсіздік алып жеке мемлекет болды.Бірақ тәуелсіздік оп-оңай келген жоқ.Өткен тарихымызға көз жіберсек ,тәуелсіздік жолында қазақ халқының талай қаны төгіліп,азапты соғыстар жүргізілгенін білеміз. «Ақтабан шұбырындыдан» аман қалғаны енді есін жиып келе жатқанда кіші төңкерістің қасіретіне ұшырады.Одан кейін аштықтан қаншама миллион адам қырылды. Қалғандарын «халық жауы», «ұлтшыл»,деген жаламен атқанын атып,қалғанын ит жеккенде азаптап өлтірді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып,жерімізді қорғаған ер азаматтардан айырылдық.Әлемнің төрт бұрышына кеткеніміз қаншама? Жері полигонға толды, топырағы тозды.Еліміз киелі Аралынан айрылды.Өз еліне қазақ жат болып,азшылыққа айналды.. Міне осындай сәтте 1986 жылы желтоқсан оқиғасы өрбіді.Ол Кеңес империясының уысында қалған халықты орыстандыруға,полигондарға қарсы туған нарызылықтан болатын.(Әсем) Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа жолдауы Қазіргі таңда ел басшымыз жылма –жыл елдің өркендеп дамуы үшін жолдау жолдап келеді.Биылғы жолдауы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деп аталды. Сонымен, Қазақстан бүгін әлемнің ең екпінді дамып келе жатқан елдерінің бірі болып саналады, бұл да барша жұрт таныған ақиқат. Бірақ алдымызда жаңа мақсаттар тұр. Ол мақсатқа жету үшін ең алдымен, сіз бен біз, әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті болуымыз керек!(Салтанат) Ән: «Жаса Қазақстан!» Мұратұлы Әділет Нұрия:Біз қазақпыз, қазақпыз, Тағдыры ғажап қазақпыз. Егемендік жолында, Табанды талай қажаппыз. Азап та талай шеккенбіз, Елеулі ерлік еткенбіз. Қазақтыққа сыйынып, Азаттыққа жеткенбіз. Азамат:Күн шырақты күміс отау далам бар, Сүйсініңдер суретіне қараңдар. Туып өскен отаным-Қазақстан, Күлімдеп гүл жайнаған күн шығыстан. Азатта өлкем күндей күлген шығыстан, Асыл елім жан жүректі ұғысқан. Ата-бабам аңсап өткен бақытым, Айналайын Қазақстан-гүлстан! Арай:Бақыттың құсы әр адамға қонып бір, О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр. Бүгін міне, Тәуелсіздік ағайын, Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр! Азат бүгін байлыққа тұнған жерім, Азап жүгін ел жауын қуған ері. Әділетпен бірлікке жанын қиып, Әділ өткен билердің туған жері Ләззат:Жаңа ғана қазағымның таңы атты Алау мақсат Ел деп алғыс, сауапты Әр отбасы, әрбір қазақ, әр адам Тәуелсіздік сақтау үшін жауапты Кеше ғана керексіз ғып тастаған, Ғажап екен әдебі мен ғұрыбы. Сәнге толы қазағымның ғұмыры Кіріп тұрса ынтымақ пен бірлігі Әсем:Мен қазақпын, ұланымын елімнің,
Мен қазақпын, тірегімін жерімнің
Ұланымын туын көкке көтерген,
Ертеңімін Егеменді елімнің.
Менің елім — Қазақстан Отаным!
Жырлар жазып, өзіңді әнге қосамын.
Мәңгілікке қымбаттысың туған ел.
Арта берсін, абыройың, атағың
Көз тойғысыз қазағымның жері бар
Ну орманы, тауы, өзені көлі бар,
Қазағымның жерін, елін қорғайтын.
Жас жеткіншек ұланы бар, елі бар.
Міне осындай егеменді еліміз
Кең жазира ұлан байтақ жеріміз,
Туған елін, туған жерін сүйетін
Біз қазақтың ұланымыз , еріміз. Күй «Шалқыма»орындайтын Ақжан Кенже:Қазақ жері, көп шеккен қасіретті Қазақ жері, өнерлі, өсиетті. Египетті билеген Бейбарыстай, Елі текті киелі қасиетті. Естіртем бар әлемге үнімді де, Туған ел, арт, көтерем жүгіңді де, Отаным Қазақстан өрге басқан, Тәуелсіз мен қазақпын бүгін, міне! Ел тарихы, жер тарихы өзіміз! Болашақтың қасиетті кезіміз Барлық ұлтпен бауырласып жетелеу, Ақ, қарыны тіліп тұрса сөзіміз Ақжан:Көрдік қой зорлық оспадар жандар кәрінен Жүрегім сыздар, сыр тажам сол бір әріден Қаншама қызды, қыруар ұлды құрбан ғып, Қиындықтардың қайыспай өткен бәрінен. Далада думан, қалада думан жыр бүгін Ғасырлар бойы аңсайда күткен бұл күнім, Жасай бер, жаса, асқардан аса әрқашан, Кеудемде әкеп қондырған бақыт бұлбұлым. Айбек:Шығамын емін-еркін қиын тұстан Білімнің шын кәусарын кие тұтқан Болашағы еліміздің біз боламыз Тәуелсіз Отанымыз-Қазастан Байқайсың ба, байтақ далам қалай паң, Өн бойына ерекше бір тарайды ән! Ән салдырып, тамсандырып әлемді Аппақ сүттей келеді атып, арай таң! Асылзада:Мен қазақпын,биікпін, байтақ елмін, Қайта тудым өмірге қайта келдім. Мен мың да бір тірілдім, мәңгі өлмеске Айта бергім келеді, айта бергім! Елімнің атын айтсам-Қазақстан! Жерімнің атын айтсам-Қазақстан! Қойнауы қазынаға толған мекен, Байлығым айтсам –Қазақстан! Қазақстан- бабамнан қалған мұра, Сенбейсің бе? Даламнан бар да сұра! Ел мен жерді дұшпанға таптатпаған Батырларым демесем болар күнә! Қазақстан –ұлт атын ұлықты еткен, Ұлылардың арманын ұлықты еткен Өзге де ұлт –ұлысқа қоныс болып, Оларға да жақсылық үйіп төккен. Қазақстан – Республикам! Мақтанышым! Мен сені жырлаймын мақтан үшін. Ән: «Жаса,қазақ тілім» Қайнарбай Кенже Жүргізуші: Тәуелсіздік күні-қазақтың жеке мемлекеттік жалауы желбіреген тарихи күн. Бұл-еліміз үшін үлкен мәртебе. Осы егемен жылдарындағы жеткен жетістіктеріміз өткен күннің жемісі болып саналады. 16 желтоқсан 1991 жылы республикамыз егемендік алды. Олай болса жылдарға шолу жасайық. «Сандар мен деректер» кестесі 1991 жыл — 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды. 1992 жыл — қазақтың тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіров ғарышқа ұшты. 1993 жыл-15 қарашада Қ.Р –ның халықаралық ұлттық валютасы «теңге» айналымға енгізілді. 1994 жыл-Еуразия одағын құру туралы конференция болды 1995 жыл— 30 тамызда еліміздің Ата заңы- Конституция қабылданды 1996 жыл-17 желтоқсан Қ.Р-сы Тәуелсіздігінің 5-жылдық мерекесі атап өтілді. Бұл күні Алматыда Тәуелсіздік ескерткіші ашылды 1997 жыл— жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы. 1998 жыл— Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы. 1999 жыл— Ұрпақтар бірлігімен сабақтастық жылы 2000жыл-мәдениетті қолдау жылы 2001жыл— тәуелсіз Қазақстанға 10 жыл 2002-2005 жыл— Ауыл жылы болып жарияланды. 2005 жыл— “Қазақстан экономикалық әлеуметтік және саяси жедел жаңа жолында” атты жолдау жарық көрді. 2006 жыл-сазгер Ш.Қалдаяқовтың “Менің Қақастаным” әні мемлекеттік әнұран болып қабылданды. 2007 жыл— “Қазақ тілін қолдау” жылы 2008 жыл— Астананың 10 жасқа толуы атап өтілді. 2009 жыл- Қазақстанда халықаралық діни сьезд өтті. 2010 жыл— Елбасы Н.Назарбаевтың “Жаңа он жылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстан жаңа мүмкіндіктері” жолдауы жарияланып, ел экономикалы жоғарғы қарқынды дами бастады. 2011 жылы 30 қаңтармен 7 ақпан аралығында 7 –қысқы Азияда ойындары өткізілді 2011 жыл –Тәуелсіз Қазақстанға 20-жыл. Би орындайтын 6 сынып оқушылары Саягүл:Алтын толып табақты Көтерді де таң атты Түндігіміз нұрлы да Тұлпарымыз қанатты Ешкімді де жас көрме Бірақ жауға дес берме Омырауға тағып жүр Елтаңбасын қастерлі Әділет:Біз қазақ елі мал баққан елміз Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз Елімді басынбасын деп Ордамыздан құт кетпесін деп Найзаға үкі таққан елміз Жаудың аяғына басылмаған Басымыздан намысты асырмаған елміз Адалдықты әрқашан жасырмаған елміз Ақерке:Бүгін керек қазағымның бірлігі Бірлік болса арта берер тірлігі, Жаным пида, шындықты айтып сол үшін Жоқ болып – ақ кетсе дағы бір күні Аталар сөзімен өсіп-өнген Бабалар бұлағынан нәр алған. Даналар өсиетінен тәрбие алған Ұлылар ұлағатына тағзым еткен Ұрпағымыз халықтың ғибрат еткен! Еркін елдің баласымыз біз деген Парасатпен тек жақсылық іздеген. Ант етеміз елге қорған болуға Нұрбол:Болсын әркез талант, дарын тұғырлы Әлем ұқсын сенің сәби үніңді. Жас ұландар ел ертеңі келешек Сол өрендер болсын мәнді, өмірлі! Жас ұландар, жас қырандар-кемелім, Туған тілге, дәстүріме егемін. Отанды сүй, сүй елің мен жеріңді Өйткені, ол-туған елің, өз елің! Айдана: Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далаға жылап келіп, уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Кең байтақ қой Қазақстан картасы,
Астанамен айшықталған ортасы.
Бүгін бізге таңдай қағар күллі әлем,
Бұның бәрі Елбасының арқасы.
Оянады көңілден қайдағы арман,
Бақыт желі ескендей жайлап алған.
Президентім бар менің елі түгел,
Ақ киізге көтеріп сайлап алған. Жүргізуші:-Дүрмегін дүниенің жалғастырған, Жастар ел болашағы, алмас қыран. Білім, өнер, парасат, ғылым жолы, Өмірді жақсылықпен жалғастырар! Тәуелсіз еліміздің ертеңгі болашақтары білім, ғылым, спорт саласында өз шығармашылықтарымен танылып жүрген, үздік оқушылармен таныс болыңыздар. (Сынып оқушыларының жетістіктерімен таныстыру) Олжас:Уа, адамзат ұрпағы! Мен тәуелсіз егемен елдің ертеңгі болашағына қол созған, асыл армандарымды көңілімнің көкжиегінде әлдилеген бүгінгі заман ұрпағымын!Мен керіліп жатқан кең даламның керуен көшіне өз тағдырымды қосақтап, бүгінде қойнауы құт-берекеге толы қазақ елін мақтан тұтар жас өренмін! Аспан болсаң, көтерілер іргемін Шалқар болсаң,құятын бір жүлгемін. Мен дайынмын, ашылмаса бір кенің О,туған ел, тағдырыңмен біргемін,-деп жерлесіміз Қадір Жүсіп жырлағандай, менің балауса көңілім де, жұдырықтай жүрегім де «Елім, халқым, жерім» деп соғады. Мен сан ғасыр бойы аты ауыздықпен су ішкен, етігімен қан кешкен батырлардың, аузы дуалы шешендердің, топ бастаған көсемдердің сара жолын жалғастырар тәуелсіз елдің ертеңімін! Мен үшін тәуелсіздік сөнген мемлекетіміздің отын маздатып жандырғаны үшін, елімізді қатарға қосып,әлемдік қауымға ендіргені үшін қымбат!Ата-тарихымызды, ана тілімізді қаз-қаз тұрғызып «Қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін қымбат! «Отан»,«Елім»,«Жерім» деп жүрегімді соқтырып, ата-жұртымды сүйдіргені үшін қымбат! Мен тәуелсіз егемен елдің ертеңімін, ал тәуелсіздік біздің жарқын болашағымыздың кепілі болмақ. Жүргізуші: -құрметті қонақтар, «Бірлік болса ,тірлік болады» дегендей,еліміздің дами түсетініне кәміл сенеміз. Мұғалім сөзі:Бір үйде 100туыс бірге тұрыпты. Бәрі өздеріне жүктелген міндетті,тапсырған жұмысты атқарып,тату-тәтті тұрыпты. Мұны көрген көршісі келіп: -Біз бір үйдегі 2-3 адам тату тұра алмаймыз, ал 100 туыс адам қалай тату тұрасындар?-депті. -Балалар, осының себебін сендер неде деп ойлайсындар? Өзара түсіністік. Сыйластық. Еңбексуйгіштік.Мейірімділік. Қайырымдылық Мұғалім: Ендеше,біздің бойымызда қандай жақсы қасиет болса, мына қасиетті «Үлкен шаңырақ», Тәуелсіз Қазақстанымыздың бір мүшесі бола аламыз. Қазақстан қасиетті ұғым бұл, Ей, келешек, жан тәніңмен ұғын, біл. Он бір әріп не мағына береді, Ал толғайық жеткенінше қызыл тіл. Т – білдіреді теңдікті, Ә — әдепті, әділдікті. У – уайымсыз уақытты, Е – егемендік елдікті Л – дейді лағып лепірме С – сенімділік секілді ең, І – ілтипат пен ізет қой, З – зиялылық тілек қой. Д – шақырады достыққа, І –ізгілік пен ізгі арман К – дейді күн боп көктегі Көз алартпа, көршілерге қол сұқпа. «Астана»әнімен Әсемді ортаға шақырамыз Мұғалім: ХХI ғасырдың табалдырығын аттаған мемлекетіміздің жас ұрпағы қандай болу керек?
«Кеш қалмаңыз бағдарламасы» бойынша
Жұрт көңіліне жетсін әрбір сөздерің,
Көпшіліктің жеткізіңдер көздерін.
Деген мақсатта пікірталас ұйымдастыруға шақырамын.
Тақырыбымыз: «Менің болашағым білім бе, әлде ақша ма?»
Осы тақырыпты өрбіту үшін ортаға қонақтарымызды шақырайық.
1 қонақ оқушы Әбдірахман Мұғалім: Жас мұраты-білім-тәлім талабы, өнер оқу-жастың қару-жарағы» дегендей, білімнен асар байлық жоқ дейсіз. Осы тақырып төңірегінде не дейсіз?
Әбдірахман: мен бұл тақырып төңірегінде былай дер едім: Мен негізінен білімді жақтаймын, себебі біз келешек Қазақстанның туын тұғырлы, елтаңбасын еңселі ететін Қазақстан жастарымыз. Сондықтан да келешекте тек қана білім керек дер едім. Білімді ұрпақ бар жерде ешқандай қиыншылық болмай тек қана келешекте елімізді көркейтер азамат пен азаматша боларына сенімдіміз. өз жүрегімнен шыққан мына өлеңді сіздерге оқып берсем деймін.
Білім керек дер едім мен қолдаса,
Ақша деген бұл өмірде болмаса.
Білімсіздер жүреді тек шаттанып,
Ақшасы мен байлығына мастанып.
Мұғалім: Білімді болып, ақшасыз, қалайша студент атанасыз? Ортаға 2-ші қонағымызды шақырайық.
Студент Кенже «Мен білім де, ақша да керек деймін. өйткені қазіргі нарыққа байланысты білімді ақша басып кетіп тұр. Сонымен қатар қазір қалтаңда ақша болмаса, сен оқуға түсе алмайсың, мейлі сенің басыңда білімің бола берсін, сен сонда да ақшаң болмаса оқуға түсе алмайсың».
3-қонақ Ақерке
Жүргізуші: Адамдық борышың-халыққа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, ар сақта соны біл.
–Маған ақшаның қажеті жоқ , мен тек адал еңбек қылсам болды.. Мысалы, менің таңдап тұрған мамандығым мұғалім. Мен мұғалім болып оқушыларға жақсы білім беріп оларды білген сайын тереңдетіп, үйреткім келеді. Мен ақшаны қаламаймын. Тек халқыма адал еңбек қылсам болды.
4- қонақ
Қасиеттің бәрі керек адамға, ақша, қызмет, атақ та, лауазым да.
— Мен мамандықты таңдағанда ол туралы бәрін біліп алу керек деп ойлаймын. Ол мамандықтың ақшасын, ол мамандық арқылы қандай үлкен жетістіктерге жететінін білу керек. Басқа лауазымды адамдар үлкен пайда тауып жатқанда біз неге сондай мамандықты таңдамасқа.
Мұғалім: Қазіргі заман-білімдінің заманы. Елімізде жастарға білім алу үшін өте көп жағдай жасалып отыр. Сондықтан оқы, білім ал, еліңе адал қызмет ет. Асулардан асады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады, дегендей бүгінгі тәрбие сағаты осымен аяқталды.
Оқушылар мен мұғалімдер үшін «Еңбек», «қуаныш», «бейнет», «болашақ», «егемен», «ертең»,т.б тақырып аясында айтылатын сөздер беріледі. Осы сөздерге жақсы тілек айтып қорытындылау. Балалар сендер елімізге қандай тілек тілейсіңдер
Елімізде тыныштық болсын!
Еліміз бай болсын!
Бейбітшілік болсын!
Аспан ашық болсын!