Сұлтанова Сандуғаш Қасымханқызы
Мұқағали жалғандықты, мүләйім
жағымпаздықты, әдебиеттегі
саудагерлікті, жалақорлықты,
бәлеқорлықты жан-тәнімен
жек көрген ақын.
Ш.Мұртаза
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты- Мұхаметқали. Бірақ «пайғамбар атын алып жүру жас балаға ауырлық етеді» деп есептеген ата-анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелете атап кеткен. Тұңғыштары Мұқағалидың ізін ала туылған бір қызы мен ұлы ерте шетінеген Сүлеймен әкей мен Нағиман шешей олардан кейін Тоқтарбай, Көрпеш атты екі ұл сүйеді.
Мұқағалидың әкесі колхозда сушы, шалғышы болып істеген қарапайым шаруа болыпты. Нағиман апаның айтуынша, үйдің тұңғышы болғасын ба, Мұқағали Тиын әжесіне табиғи болып, анасын жеңге есебінде санаған.
…. Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…. нені көрем?
-деп өзі жырлағандай, Мұқағали ер мінезді, айбынды әжесін ерекше құрметтеген.
Мұқағали он төрт-он бес жасынан өлеңге шындап ден қоя бастайды. Төбесі аласа ғана қоржын тамға қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, шаршамай, шалдықпай оқумен болады. Бұл орайда ол қазақ әдебиеті класиктерінен бөлек, орыс әдебиетін, оның ішінде Пушкин, Есенин, Блок поэзиясын сүйсіне оқыды. Шетел әдебиетінен Гейне, Гете, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Стендаль еңбектерін, әсіресе Бальзак, Лондон, Шекспир шығармаларын жоғары бағалаған.
Әдебиетке құштарлығының қайнар көзі Қарасаздан бастау алған Мұқағали орта мектепті Нарынқолдағы мектеп-интернатта бітіреді. Одан кейінгі жылдарда жоғары оқу орындарының бірнешеуіне еш қиындықсыз-ақ түсіп, әуелі ҚазМУ-дың филология факультетіне, одан кейін шет тілдер институтына, сосын қайтадан ҚазМУ-дың заң факультетіне қабылданады. 1973 жылы Мәскеудің М.Горький атындағы әдебиет институтының студенті атанады. Бірақ анасы айтқандай, «оны да тауысқан жоқ… Олардың білетінін өзім де біледі екенмін. Алматымды сағындым. Балаларымның қас�
�нда болайын деп, кеттім де қалдым…» -деп бір жылдан соң елге қайта оралды. Мұқағалидың кез келгеннің қолы жете бермейтін айтулы оқу орындарының өзіне оп-оңай түсуі-әрине, ақынның оқу-білімге деген құштарлығы мен қабілет-қарымы аса зор болғандығының айғағы.
Саған таныс адыр, қырқа, беттегі,
Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді.
Рахатта іші-сырты ауылдың,
Қуантсаңшы сен де, сәулем, кеп мені, -деп сағынышты жыр арнаған сүйіктісіне ақын 1949 жылы қосылып, жеке шаңырақ көтереді. Ол кезде Мұқағали 18, ал сүйген жары Лашын 21 жаста болады. Бастапқыда ақын туған жерінде ауылдық кеңес хатшысы, Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс тілінің мұғалімі, аудандық газеттің тілшісі болып қызмет етеді.
1950 жылдардың ішінде өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жарияланып, есімі ел құлағын елеңдете бастаған Мұқағали «Өлеңім өлтірмейді» деген сеніммен 1962 жылы Алматыға қоныс аударады. Содан бастап ақынның кәсіби іс-әрекеті әдеби шығармашылықпен тығыз байланыста өрбиді. Қазақ радиосында диктор, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағында поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарады, 1970 жылы Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Үлкен қалада
үйсіздік пен күйсіздіктің қиыншылығын тартуына, қызметінің жиі ауысуына қарамастан, Мұқағали «алауыртқан таңдардан, қарауытқан таулардан, бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан, шырақтардан, оттардан, жалаулардан, тіпті жоғалған замандардан да…» өзі тағат таппай іздеген поэзияға деген шексіз махаббатына деген адалдығына тұрақтылығын сақтап қалды. Алғашқы жыр жинағы жарыққа шыққанда 33 жаста болған Мұқағалидың небәрі он екі жылдық өмірі қалған-ды. Соны сезіп-білгендей ақын жүрегі алабөтен асығады.
Қай күні менің тәмамдалады дастаным?
Бітпесе екен, жаңадан ғана бастадым…
-деп жанұшыра үн қатады. Қаламы жазудан құрғамаған ақынның 1964-1976 жылдар аралығында сегіз жыр жинағы жарық көреді. Жалпы, Мұқағали 1000-нан астам өлең жазып, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» тәрізді тағы да бірқатар поэма-толғаулар, көркем аудармалар қалдырды. Ақын қай тақырыпта жазса да, жан жүрегімен тебіреніп, ақындық шабытпен, суреткерлік шеберлікпен жеріне жеткізе жазады. Ол өлеңді жасамаған, періште жыр ақынға көктен үздіксіз құйылумен болған. Өзінің айтқанындай, кей кездері ол тіпті жаз�
�ға да үлгере алмаған.
Ең бір кереметі, Мұқағали поэзия жанрына ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартып, «Құлыптас», «Марусияның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жазды.
Құс ұясыз болмайды, сол сияқты адам да Отансыз болмайды. Әр адам өзінің туған жерімен мақтанады. Ал ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өлеңдерінен оның туған еліне, туған жеріне деген шынайы сүйіспеншілігі айқын көрінеді. Мұқағали атамыздың туған жеріне, Отанына арнап шығарған өлеңдері жетерлік. Мәселен, «О,туған ел», «Мен таулықпын», «Қайран Қарасазым-ай», «Ауылыңа бір келгенде», «Елім барда», «Отан» секілді жырлар жүрегіңді тебіреніске бөлейді.
Мен осы туған жерге, Отанға аранап шығарған өлеңдерінен «Отан» өлеңін ана тілі сабағынан Отан деген тақырып өткенде бекіту кезеңінде пайдаландым.
Отан!
Отан!
Сен болмасаң не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксумен кетер ем.
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер
Әйелсіз де, баласыз,
Ал, Отансыз –
Нағыз сорлы панасыз?
Отан өлеңін оқып беру арқылы оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін, Отансыз өмір сүре алмайтынымыз туралы түсінік бердім. Бұдан кейін оқушының Отанға деген сүйіспеншілігі қалай оянбайды? Және «Туған жерге» деген өлеңін «Туған өлкем. Менің Қазақстаным» тақырыбында пайдалана білдім.
… Айналайын!
Атамекен,
Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен! -деген өлең жолдарынан ақынның туған елге , туған жерге деген сүйіспеншілігі, туған өлкеден артық ешнәрсе жоқ екені айтылған, бұл өлең жолдарынан табиғатты аялауға, құрметтеуге баулыдым.
Ана тілі пәнінен «Қыс» деген тақырыпты өткенде ақын атамыздың «Қыс келген күні» өлеңін сабақтың мақсат қою кезеңінде пайдаландым.
Тысқа шықсам,
Күн шыңылтыр, қар жауған.
Ызғар, аяз атырылып бар маңнан
Асып анау асқар-асқар таулардан,
Қыс жетіпті тонын теріс аударған. Деген өлең жолдарын оқи келе қыстың да келіп қалғанын, қыстағы ауа райының ызғар ,аяз болатынын ақын анық жеткізген.
Ақынның достық туралы өлеңдері де бар. Сол өлеңдерінің бірі «Досым саған сенемін» өлеңін Өзін-өзі тану пәнінен «Достық татулықтан басталады» тақырыбында пайдалануға болады.
Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген –адамның көрігі екен,
Достық деген ақылдың серігі екен. –деген өлең жолдарынан достық татулықтан басталады, яғни досыңа әрқашанда сену керек екенін, дос сенің әрқашанда серігің, тіреуің, сүйенішің екенін түсіндіру.
Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясындағы аса ірі ақындардың бірі. Көк жүзінде жұлдыздай жарқырап тұр.
Мұқағали аға- өмірінің соңына дейін қолынан жүйрік қаламы түспеген, қазақтың қара өлеңінің құдіретіне, терең сырына қаныққан, Абай атамыздың ізгі жолын жалғастырған ақын.
Мұқағали Мақатаев өлеңдерін қазірден бастап сабақта пайдалансақ, балалар ақын туралы, оның өшпес- өлмес өлеңдерін біліп өседі. Қазақ елінде Мұқағалидай ақынның бар екенін біледі және ақынның өлеңдерін тыңдай отырып, Отанға, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік сезімдері оянады. Егер мұғалім әр сабағында оқушыларға өмір туралы, оның қыры мен сырын айтып кеткен ұлы адамдардың сөздерінен ең болмаса екі ауыз сөз қозғамаса, сол күнгі сабағы зая кетеді.
Мұқағали Мақатаев өлеңдерін сабақта пайдалану арқылы мен оқушыларды патриоттық тәрбиеге, адамгершілікке, адалдыққа тәрбиеледім.
Байқаған жанға бәрі анық, Мұқағали мұрасы тұнып тұрған кеніш. Ақтарған сайын тереңдейді. Өлеңдеріндегі әр жолы айдар, әрбір тіркес дайын идея. «Қиядан шауып, қисынын тауып» пайдалансаң болғаны.
[bws_related_posts]