А.Байтұрсынов атындағы №10 жалпы орта білім беру мектебі
Өткізген: Г.А.Тлегенова
Сабақтың тақырыбы: Мінез-құлық ережелері
Сабақтың мақсаты:
а) білімділік: оқушылардың мінез-құлық ережелері туралы түсініктерін кеңейту.
ә) дамытушылық: мінездегі жетістіктер мен міндерді ажырата білуге үйрету, сын тұрғысынан ойлауды дамыту.
б) тәрбиелік: әдепті, инабатты, үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор болатын тұлға тәрбиелеу
Көрнекілігі: проектор, слайдтар, қанатты сөздер, үнтаспа
Әдісі: сұрақ-жауап, ізденушілік жұмыс, сын тұрғысынан ойлауды дамыту.
Сабақтың барысы: 1.Ұйымдастыру кезеңі .
Психологиялық тренинг. «Достық торы»
Мақсаты: Топ мүшелерін біріктіру,топта жағымды ахуалды құру, жұмыс белсенділіктерін арттыру. Қатысушылар шеңбер құрып тұрады. Жүргізуші тоқыма жіпті бір саусағына іліп алып,өзі қалаған қатысушыға жылы лебізін білдіріп лақтырады. Жаттығу осылай жалғасады. Соңында «достық торы» пайда болады. Бүгінгі сабақтан жақсы әсер алып,үйге көтеріңкі көңіл-күймен қайтуға тілектеспін.
2. Үй тапсырмасын сұрау. «Қазіргі мектеп»
І топ: Мектеп маған не береді?
ІІ топ: Болашақта білімімді қалай жалғастырамын?
ІІІ топ: Менің мектебім
3. Жаңа тақырыпты меңгерту.
А. Асылбековтың «Әдептілік-әдемілік» өлеңі оқылып, адамның мінез-құлығы жайлы әңгіме жүргізіледі.
Атам менің әрқашан,
Кішіпейіл бол деген.
Ақыл сөзі санамда,
Мақтанбауды жөн көрем.
Атам менің әрқашан,
Бол дейтұғын бауырмал.
Мынау байтақ ғаламда,
Қаншама дос бауыр бар.
Атам менің әрқашан,
Ынтымақшыл бол дейтін.
Бірлік болса адамда,
Шын бақыт қой ол дейтін.
Өлеңде атасы қандай бол деген екен?
Тақтаға жаңа тақырыпты жазу: Мінез-құлық ережелері
4. Ойланайық, пікірлесейік.
Адамға мінез-құлық ережелері керек пе?
Неліктен «Мінез – адам көрсеткіші» болады деп ойлайсың?
Мінезі жаман адамда жақсы қасиет бола ма?
Жаман мінезді қалай түзеуге болады деп ойлайсың?
5. Видео ролик көрсету, тыңдату. «Мінез-құлық жайлы»
6. Кел, ойланайық.
— Адам ойына келгенінің бәрін істей ала ма?
Т кестесін құру.
Жақсы мінез жағымсыз қылық
7. Оқулықпен жұмыс.
Мәтіннің соңғы бөлімін оқыту.
8. Кесте бойынша жұмыс. Кестеге қарап, мінез-құлық ережелерімен танысады, өздері толықтырады.
! Есіңе сақта
Ұлағатты сөздерді оқып, олардың мәнін түсіндір.
Жақсы мінез-құлық пен ақылың, екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады. Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы, жақсы мінез-құлыққа байланысты.
Әл-Фараби
Мінез-құлық – әркімнің өзінің кейпін көрсететін айна.
И. Гете
Сенім әдет болып қалыптасқанда ғана мінезге айналады. Тек әдет арқылы адам өз мінезін қалыптастырып, ойы іске айналады.
К.Д.Ушинский
Өзгермейтін, түзелмейтін мінез болмайды. Сондықтан бір жағымсыз қылықты ақтап үшін мінездегі кемістікті сылтау ету бос сөз. Адам өз мінезіне өзі жауапты.
Б.М.Теплов
Темперамент дегеніміз адам мінез-құлқын, олардың күшін, жылдамдығын, пайда болуын, тоқталуы мен өзгерісін сипаттайтын қасиеттер жиынтығы
Холерик. Бұл темперамент өкілі тездігімен, шапшаңдығымен , ұстамсыздығымен, тым қозғалғыштығымен ерекшеленеді. Сондықтан холерик болған жерде ұрыстар жиі болады. Жағымсыз жағы — ұстамсыз, қатал, шамдану, ыза. Холерик оқушыда талпыныс пен құштарлық ерекше көзге түседі. Оның ұстамсыздығы оған көп кедергі жасайды және ол үнемі достарымен ойын үстінде ұрсысады.
Флегматик. Бұл типтің өкілі баяу, байсалды, асықпайды. Істі ойланып, төзімділікпен істейді. Жинақылықты, қалыпты жағдайды ұнатады. Өзгерістерді ұнатпайды. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді. Бірақ жағымсыз жағдайларда оларда әлсіздік, жалқаулық пайда болады. Бірақ, флегматик оқушы – жақсы дос, ашық және өте ұстамды, оны ренжітіп алу немесе күлдіру өте қиын.
Сангвиник. Бұл тип өкілі- еті тірі, қабілетті, қозғалғыш оқушы. Ондай оқушы ақкөңіл және қызу, жеңіл мінезді, ренжігенде тез қайтып кетеді, сәтсіздігін жеңіл өткізеді. Коллектив арасында жүргенді ұнатады, басқа оқушылармен тез тіл табысады. Қысылып- қымтырылмайды, кісіге қайырымды. Сабақ үстінде жиі алаңдайды, достарымен көп сөйлеседі. Осы оқушы жаңа ортаға тез бейімделеді.
Меланхолик .Олар өте тез шаршайды. Үйде ондай балалар өздерін жақсы ұстап, іс-әрекеттерді жақсы орындайды. Олар өте сезімтал, реніштерін іште сақтайды.Меланхоликтер тұйық,таныс емес адамдармен сөйлеспейді, жаңа ортада қатты қысылады.Ол тұйық, ұялшақ және ол ешкімге көрінгісі келмейді. Сабақ айтып тұрған кезде қызарып кетеді, сабақты біліп тұрса да сасқалақтап жауап бере алмай қалады. Достарына көмектесуді ұнатады.
9. «Мен сені жақсы көремін» ойыны
Шарты: Бұл ойында оқушылар айналарын алып, айнадағы өз бейнеелеріне көз алмай біраз уақыт қарайды.Мынадай сұрақтарды қайталайды.
Мен кіммін? Маған қарап тұрған кім?
Мен жақсы адаммын ба? Әлде жаман адаммын ба?
Мен туралы достары не ойлайды?
Тәртібім қандай?
Мінезім қандай?
Достарым көп болу үшін не істеуім керек?
Қандай жақсы қасиеттерім бар?
Қандай жаман қасиеттерім бар?
Әр оқушының өз ойын айтуына мүмкіндік беріледі?
10. Ұл бала немесе қыз бала туралы әңгіме құрастыру. (шығармашылық жұмыс)
Топпен жұмыс. Әр топ ер бала немесе қыз бала туралы үш оқиға құрастырып жазады.
1-топ. Қуаныш.Бақыт;
2-топ. Шаттық .Таңданыс;
3-топ. Жабырқау.Аяныш.
11. Сахналау.
Әңгіме бойынша көрініс қойылады.
Автобуста
Есей автобуста отыр еді. Бір аялдамада қарт әжей кірді. Есей орнынан тұрды да «отырыңыз» деді. Әжей Есейге алғыс айтты. Автобус орнынан қозғалғанда Есей байқамай алдындағы адамды итеріп қалды. Әлгі адам ашуланып кетті. Есей «кешіріңіз» деп айтып еді, қайта жадырай қалды. Оқушыларға сұрақ:
1. Балалар Есейдің істеген ісі дұрыс па?
2. Есейді әдепті бала деуге бола ма?
3. Есейдің орнында өздерің болсаңдар не істер едіңдер?
Әдептілік пе, әдепсіздік пе?
Серік партада тамақ жеп отырды. Сыныпқа бір үлкен кісі кіріп, мұғалімнің қайда екенін сұрады. Ал Серік тамағын жеп отырып, кітабын ақтарып, әлгі кісіге білмеймін деп жауап берді.
— Балалар, бұл әдептілік пе, әдепсіздік пе?
— Қалай жауап беру керек еді?
— Иә, бұл әдепсіздік. Үлкен кісі жөн сұрап тұрған кезде мұғалімнің қайда кеткенін анықтап, жауап беру керек. Сыныпқа кірген үлкен адаммен бірінші кезекте сәлемдесу керек.
Телефон
Қыз бала көшедегі телефон — автоматпен сөйлесіп тұр. Ол ұзақ сөйлесті.
Телефонға кезек күтіп бірталай адамдар жиналды. Ал қыз сөйлесе берді.
Кезектегі адамдар ренішпен тарай бастады.
Оқушыларға сұрақ:
— Балалар, осы дұрыс па? Не істеу керек?
— Дұрыс емес, басқа адамдарға кезек күттірмей, ренжітпей сөйлесуге мүмкіндік беруі керек еді. Сендер осындай қылықтан аулақ болыңдар. Оқушылардан сұрақтарға жауап аламын.
12. Үйге тапсырма беру. Мәтінді оқу.
І топ: Өзің орындап жүрген мінез құлық ережелерін жазып келу.
ІІ топ: Бүгінгі сабақтан алған әсерім. (эссе жазу)
ІІІ топ: Сахналық көрініс бойынша сурет салу.
13. Сабақты қорытындылау.
Сыпайы, мұқият , жайдары деген сөздердің мағынасын айтыңдар.
— Мінез-құлық ережелерін орындау қажет пе?.
Өсек өтірік мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ.
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап еңбек терең ой,
Қанағат ,рақым ойлап қой
Бес асыл іс көнсеңіз.
А.Құнанбаев
14. Бағалау