Басы » Тарих » Тәуекел хан (1582-1598 ж.ж.)

Тәуекел хан (1582-1598 ж.ж.)

dina Баймуратова Дина Байжановна

ЖББ №9 ОМ

Балқаш қаласы

 Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы

Сабақтың тақырыбы: §39. Тәуекел хан (1582-1598 ж.ж.)

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Отан тарихынан сүбелі орын алар тарихи тұлғалардың бірі – Тәуекел ханның 16 жыл ел тізгінін ұстаған уақытындағы Қазақ ордасының ішкі-сыртқы саясатындағы ролін түсіндіру;

Дамытушылық:  Оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттыру, өз ойларын айтуға жетелеу, ойлау қабілеттерін дамыту;

Тәрбиелік: Тәуекел ханның тағлымы мол тарихи тұлғасы арқылы ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу;

Сабақтың түрі: аралас

Әдісі:  ауызша баяндау, сұрақ-жауап, әр түрлі зияткерлік тапсырмалар, картамен жұмыс

Көрнекілігі: интербелсенді тақтаны пайдалану, электронды оқулық, карта

І.Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу.

Оқу құралын тексеріп түгендеу

Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.

  1. Қазақ хандығы қашан және қай жерде құрылды?
  2. Қазақ хандығын кімдер құрды?
  3. Қазақ хандығының  құрылуы жайлы тарихи деректі кімнің еңбегінен оқып  білеміз?
  4. Қазақ хандарынан кімдерді білеміз?
  5. Қасым ханның билігі туралы тарихшылар қандай мәліметтерді келтірді?
  6. Хақназар хан қай жылдары билік етті?
  7. Хақназар хан ішкі саясатын қалай жүргізді?
  8. Сыртқы саясаты туралы не білесіңдер?
  9. Хақназар хан билік еткен тұста тарих сахнасында қандай айтулы оқиға болды?
  10.  Хақназар хан кіммен  «дос болып, өзара көмектесу» жөнінде «ант беріскен» шарт жасаты?

Семантикалық карта

  ХVІ ғ.  ортасы  1569-1573ж.ж. ХVІ ғ.  50-60 ж.ж. 1579 жыл
Абдаллах пен Баба сұлтанның арасындағы билік үшін талас        

*

Ноғай Ордасы құлады      *      
Моғолстан ханы Абд-ар-Рашидтың қазақ хандығына қарсы соғысы      

*

 
Орыс елшілері Қазақ хандығында қай жылдары болды?    

*

   

 

ІІІ. Жаңа сабақ.

Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: Тәуекел хан (1582-1598 ж.ж.).

Сабағымыздың мақсаты: Отан тарихынан сүбелі орын алар тарихи тұлғалардың бірі – Тәуекел ханның 16 жыл ел тізгінін ұстаған уақытындағы Қазақ ордасының ішкі-сыртқы саясатындағы ролін түсіну.

Сабағымыздың мақсатына жету үшін мынадай мәселелерді қарастырамыз.

Жоспар:

  1. Тәуекелге дейінгі Қазақ хандығының жағдайы. Шығай хан. Баба сұлтанмен күрес.
  2. Қазақ-өзбек қатынастары.
  3. Орыс мемлекетімен қарым-қатынас.

Өткен сабақта Хақназар ханның билігімен танысқан болатынбыз. Хақназар хан Бұқара ханы Абдаллахпен және өзбек сұлтаны Баба сұлтанмен екі жақты саясат ұстанды. Бұны сезіп қалған Баба сұлтан өзінің жансыздарын жіберіп, Хақназарды, оның ұлдарын, және ханның жақын сұлтаны Жалымды өлтіреді.

Ендігі Қазақ хандығының тағы Жәнібек ханның немере інісі Шығайға бұйырды. Шығай хан тағына отырғанда 80 жастағы шал болатын. Ол билікке келе  салысымен Хақназар хан мен Жалым сұлтанның кектерін алуға кірісті. Сондықтан Абдаллах ханмен одақ құрып, Баба сұлтанға қарсы жорыққа шықты. 1582 жылы Түркістан қаласының түбіндегі шайқаста Шығай хан және оның ұлы Тәуекел сұлтан Бұқара ханы Абдаллахпен бірлесіп жеңіске жетті. Бұған риза болған Бұқара ханы Абдаллах қазақ хандығына Ходжент қаласын тарту етті. Алайда осы жорықта Шығай ханның өзі де қаза тапты. Енді хандық билікті Шығайдың баласы, мұрагері Тәуекел сұлтан  өз қолына алды. Тәуекел ханның билігі, ішкі-сыртқы саясаты турал мәліметті бейне материалдан көрейік. Электронды оқулықта 3 мин уақытта Тәуекел ханың билігі туралы айтылады.

Тәуекел хан Бұқара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қозды. Абдолла ханмен жасаскан одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен бас тартты, екіншіден, Біздің ойымызша басты себеп, — Абдолла Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тәуекел ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде бүкіл Мәуереннахрды Тәуекелдің көмегімен Шайбани  мемлекетінің қол астына біріктірген болатын. Тәуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды. Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салды. Ендігі жерде ол Сыр бойындағы қалалар үшін Абдолламен күресті  бастайды. 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдоланың негізгі күштері Мәуереннахрдың солтүстігінде шоғырланады. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік аймақтарына  шабуыл жасайды. Оның шабулы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп төндіреді. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады.

Тәуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту барысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасау үшін Құлмұхаммед басқарған  қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тәуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі  Ондан сұлтанның баласы Ораз Мұхамедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді.

1595 жылы елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тәуекел ханға Қазақ хандығының «өзінің патшалық қол астына алатынын» және «оқ ататын қару» жіберетітін уәде етті. Сонымен бірге мынадай талап қойды: «біздің патшалық қоластымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұқара патшасымен және бізге опасыздық жасаған сібір ханы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелімізге жол салатын боласыздар».

Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға тәуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады.

1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдылмомын әкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы орайды пайдаланған Тәуекел хан  100 мың әскермен Мауараннахрға басып кіріп, Ахси, Андижан, Ташкент, Самарқан, қалаларын басып алды. Бірақ Бұқараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп,  ол өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бебйіт жағдайды және Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл әулеттің Аштарханилықтардың жаңа әулетімен ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты тәмамдады.

Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады. Тәуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта Азия халықтарының белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді. Атап айтқанда, Тәуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен бірге Ескендір Мұңшы Тәуекел әскерінің құрамында «Түркістан тайпаларының және қырдағы  өзбектердің» жауынгерлері болғанын айтады. Жалпы, Шайбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тәуекел ханды қолдады десек қателеспейміз. Өйткені, Шайбани тармағынан тараған Жошы ұрпақтарының өзі Мауараннахрда шайбани әулетін қазақ  хандарының әулетімен алмастыруға ниет білдірген. Өкінішке орай, Мәуереннахр  қазақ хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе де, Ташкент және оның  аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды.

Осы кезде болған тарихи оқиғаның бірі Көшім хан билеген Сібір хандығының 1598 жылы жойылуы еді. Осыған дейін Сібір хандығының қол астына қараған қазақ тайпалары қазақ хандығының құрамына келіп қосылды.

Жаңа тақырып бойынша интерактивті тапсырма:

Тәуекел тұсында 1594 жылы Мәскеуге Құлмұхаммед бастаған тұңғыш қазақ-орыс қарым-қатынасы тарихтан орын алды.

Осы қазақ елшілігінің мақсаты:

1.__________________________________________________________

(Патша тұтқынында отырған жиені Ораз Мұхамедті босату)

2.__________________________________________________________

(Абдоллах ханмен күресте Мәскеудің қолдауын сұрады)

 

Орыс патшасы Федордың талап-шарттары:

1.___________________________________________________________

(«Бұқара хандығымен, бізге опасыздық жасаған Сібір ханы Көшіммен соғысасыздар»)

2.___________________________________________________________

(Тәуекел жиенінің орнына өзінің бір баласын аманатқа жіберу.)

 

Тәуекел ханның сыртқы саясаты (кестені толтыру)

Ішкі саясаты

Сыртқы саясаты.

Бір орталыққа бағынған хандық.

 

 

Сыртқы жағдай өте ауыр болды:

  1. Қазақ сұлтандарымен одақтас өзбек ханы Абдаллахтың қарсы шығуы.
  2. Шығыстан моғолдар мен жоңғарлардың қауіп төндіруі
  3. Сыр бойындағы қалалар үшін күрес.
  4. Қазақ-орыс қарым- қатынасының дамуы. Сауда кереуендері жолға шықты.
  5. Сібір хандығы құлады жарты бөлігі Қазақ хандығына қарады.

 

Сәйкестендіру  тесті. ( Қазақ хандарын қайталау үшін ұсынылады)

Керей хан                         1511-1518 ж.ж.

Тәукел хан                        1538-1580 ж.ж.

Қасым хан                         1456-1473 ж.ж.

Шығай хан                        1582-1598 ж.ж.

Жәнібек хан                       1580-1582 ж.ж.

Хақназар хан                     1473-1480 ж.ж.

 

Венн диаграммасы

Қазақ хандығы:

Ұқсастығы

Қазақстан Республикасы

  1. Керей, Жәнібек,

Қасым, Хақназар,

Тәуекел т.б. хандар

  1. Жер үшін талас
  2. «Қасым ханның

Қасқа жолы»

 

 

  1. Бір орталықтандырылған мемлекет.
  2. Заңдар жинағы
    1. Н.Ә. Назарбаев
    2. Бейбіт қарым-қатынас
    3. 1997 ж. әр жылдық Жолдау
    4. 2014 жылы «Қазақстан 2050 Мәңгілік ел»
 

І V. Сабақты бекіту.

Оқулықтан параграф соңындағы тест тапсырмасын орындату.

Тәуекел хан қай жылдары ел биледі
А) 1511-1518 ж.ж.
Ә) 1523-1532 ж.ж.
Б) 1532-1537 ж.ж.
В) 1582-1598 ж.ж.
Қай жылы Тәукел хан өзбек ханымен жасасқан  «ант беріскен» шартты бұзды?
А) 1546 ж.
Ә) 1588 ж.
Б) 1598 ж.
В) 1583ж.
Сібір хандығының қол астындағы қазақ тайпалары қай жылы Қазақ хандығының құрамына келіп қосылды?
А) 1588 ж.
Ә) 1597 ж.
Б) 1582 ж.
В) 1598 ж.
  
Қорытындылау. 

«Рефлексия»
Не білеміз?
Не білдік?
Не білгіміз келеді?
 V. Бағалау.
VІ. Үй тапсырмасы. §40 оқу,  мазмұндау.
[bws_related_posts]

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *