Баяндама
Тақырыбы: Жеке тұлғаға рухани-адамгершілік
тәрбиеберудегі тұлғалық бағдар, амалдар.
Баяндаушы: Калыбекова С.Б.
Егемендi елiмiздiң болашағы жас жеткiншектердiң бiлiм дәрежесiнiң тереңдiгiмен өлшенедi. Қазiргi заманғы бiлiм беру әлеументтiк құрылымының маңызды элементтерiнiң бiрiне айналды.
Ғалым-педагог Л.В.Занков “Оқыту-оқушының жалпы рухани дамуын қамтамасыз етуi қажет”- дейдi.
Қазiргi қоғамдағы әлеуметтiк, психологиялық және рухани – адамгершiлiк ахуалдың оң өзгерiске бет бұруы қуантарлық жағдай. Бүгiнде Қазақстанның бiлiм беру жүйесi дүниетанымдық адасудан арылуда.
Бiрiншi кезекте, әрбiр адамның, азаматтың, оқушының жанын, рухын, санасын сауықтыруға мемлекет, әрине мүдделi, сондықтан бұл мәселенi бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде шешудi көздейдi. Осыған байланысты төмендегiдей түйiндi сөздердiң мәнi мен мағынасын қайта қарап, айқындау қажеттiгi туады. Бiлiм беру тұжырымдамасының оқытудың рухани адамгершiлiк мәдениетiнiң тұрғысынан алғандағы iзгiлiктiлiгi, функциялылығы және табиғилығы:
— Ізгiлiктiлiк бала ретiнде индивидтiң адамгершiлiк-эстетикалық белгiлерiн, оқушы ретiнде даралықтың моральдық белгiлерiн бойына сiңiрген белсендi әрi шығармашыл тұлғаның дамуы үшiн тұрақты жағдай тудыру мiндеттерiн назарда ұстайды.
— Оқыту мәдениетiнiң функциялылығы педагогтердiң де, оқушылардың да адамгершiлiк-әдептiлiк бiлiктiлiгiн қалыптастыруға бағытталады. Оқыту мәдениетiнiң рухани – адамгершiлiк негiздерiн қалыптастырудың функциялық мәндiлiгi мынаған бағдарланған:
— бiлiм беру үрдiсi субъектiлерiнiң тұлғааралық қатынастарының рухани өрлеу тұрғысынан жаңарту;
— оқу әрекетiнiң психологиялық-педагогикалық қана емес, адамгершiлiк негiздерiн де анықтау;
Қазақстан Республикасы бiлiм беру жүйесiнiң даму динамикасы, оның iшiнде бастауыш мектеп жасындағы балаларға адамгершiлiк – рухани бiлiм бiлiм беруде бастапқы идеал құндылықтарды, ұстаным мен мақсаттарды қалыптастыруды талап етедi.
Алайда оқыту мәдениетi барлық тарихи және мәдени өзгертуде болсын, ол қашанда оқытудың қандай да бiр педагогикалық үлгiсi, тәрбиенiң адамгершiлiк эталоны болып қала бередi.
Осы айтылғандардың барлығы алынып отырған тақырыптың күрделiлiгiнiң, ғылыми және тәрбиелiк жағынан маңыздылығының, көкейтестiлiгiнiң дәлелi бола алады.
Адамгершiлiк мәдениет адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасады, әрбiр дәуiрдiң өзiндiк қайшылықтарымен бiте қайнасып, жетiледi. Сондықтан да адамгершiлiктiң мәнiн абстрактылы түрде қарап, оны адамдардың табиғатымен, биологиялық ерекшелiктерiмен ғана байланыстыруға болмайды.
Адамзат тарихында адамгершiлiкке байланысты пайда болған категорияларға мыналар жатады: жомарттық, батырлық, ерлiк, әдiлдiк, қарапайымдылық, кiшiпейiлдiлiк, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс, тағы басқалары. Әрбiр қоғам өзiнiң даму процесiнде адамгершiлiк категорияларына, оның мазмұнына көптеген өзгерiстер енгiзiп отырған. Адамгершiлiк — адамдардың практикалық өмiрiнен тамыр алып, пайда болған әдет- ғұрыптар мен дәстүрлердi тудырып, солармен сәйкес дамиды. Ал мораль болса, шындыққа қарама- қарсы, терiс қарым- қатынаста пайда болады және адамның өзiне субьективтi түрде мiндет қоя бiлумен туындайды. Адамгершiлiк қасиеттерi отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың iс-әрекетiнiң барысында бiр- бiрiмен араласуы нәтижесiнде, қоғамдық тәжiрибе алуын өмiрмен байланыстыру арқылы қарлыптасады. Халықта: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң” деген мақал бар. Тәлiм – тәрбие болмаған жерде адамгершiлiк мәдениетi мен қасиетi де қалыптаспайды.
Адамгершiлiктi, оның жоғарыда айтылған категорияларын қалыптастыру үшiн жүргiзiлетiн қатынастар аз емес, өте көп. Олар: дос- жарандармен, ата- анамен, оқушы мен ұстаздың арасында қарым- қатынас орнату, өзара сыйласу, қонақжайлылық, жолдастық, достық, туыстық қарым- қатынастар.
Адамның адамгершiлiгi — оның жоғары қасиетi, былайша айтсақ, кiсiлiгi. Оның негiзгi белгiлерiнiң бiрi — адамдық ар — намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу, “Өзiң үшiн еңбек қылсаң, — дейдi Абай, — өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың. Досыңа достық- қарыз iс, дұшпаныңа әдiл бол”. Ақылды, мейiрiмдi адам кез- келген уақытта өзгенiң жақсылығын бағалағыш болып келедi. Арлы адам- ардақты. Бiздiң ортамызда осы сапаларды бойына сiңiрiп қана қоймай, өзiн қоршаған ортаға таратушы, осындай өз сапаларымен жас ұрпақты тәрбиелеушi ұстаздар аз емес. Адамгершiлiгi мол адам — басқаларға қашан да үлгi-өнеге.
Батырлық, ерлiк көрсету дегенiмiз — адамның жан дүниесiнiң ерекше қасиетi. Ержүрек адамды бүкiл халық мақтаныш етедi. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, тағы басқа ер жүрек ұл-қыздарымыз халқымыздың мақтанышы. Олардың әрқайсысы бiздiң елiмiзге абырой, атақ, даңқ әкелдi. Соларды үлгі, өнеге етіп отыру.
Әр адамның бойында жастайынан мынадай қасиеттер қалыптасуы керек.
Отансүйгiштiк — халқымыз кiр жуып, кiндiк кескен атамекенiн аялап, елiнiң тiлi мен мәдениетiн, әдебиетi мен тарихын, бiртуар аяулы перзенттерiн мақтан тұтып, қадiрлеп, қастерлеудi ұрпағына аманат еткен.
Адамгершiлiк – (орысша нравственность) қоғамдық өмiрдiң объективтiк заңдылығына сәйкес, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге негiз болып табылатын талапқа сай белгiлi бiр имандылық шарттарын бiлдiретiн ұғым .
Халыққа бiлiм беру iсiнiң зор қарқынмен дамуы бүгiнде мектептерде жылдан-жылға оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жолға қоюды талап етедi.
Ата-бабаларымыз өздерiнiң сан ғасырлар бойғы ұлы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудiң бай тәжiрибесiн жинақтап, өзiндiк салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсiмдерiн қалыптастырған.
Әдеттер физиологиялық тұрғыдан ми қабатындағы динамикалық стереотиптiң бiр көрiнiсi. Бұлар ми сыңарларының тек оптимальдық қозуы бар алаптарында ғана емес, сонымен бiрге тежелуге ұшыраған алаптарында да пайда болады. Сондықтан да адамның жеке басында жағымды қасиеттердi тәрбиелеуде әдеттiң ерекше маңызы зор. Ежелгi үндi мақалында былай деген: “Қылық ексең — әдет орасың, әдет ексең – мiнез орасың, мiнез ексең – тағдыр орасың”. Әдет адамның мiнез–құлқының фундаментi болып табылады. Әдет негiзiнде мiнез қалыптасатынын А.С. Макаренко мiнез-құлықта дұрыс әдет қалыптастыру қажет екенiн атап көрсеткен.
Адам — табиғаттағы кемелденiп жетiлген ақыл-ой иесi және қоғамдық тұлға. Осы ерекшелiктерiне орай адамды ғылымның бiрнеше саласы зерттейдi. Ал педагогика мен психология ғылымы болса, адам жандүниесiнiң сырын, психиканың даму заңдылықтарын, жеке адамдық қасиеттердiң жетiлiп, қалыптасу жолдарын зерттейдi.
Совет психологы С.А.Рубенштейн бұл түсiнiк туралы былай деген: «Адам өзiнiң ерекше қайталанбайтын қасиеттерiнiң күшi арқасында индивидуалды және адам қоршаған ортаға өзiнiң қатынасын саналы түрде анықтау арқасында жеке бас. Сондықтан адамды өзiн қоршаған әлемiне және қатынасына байланысты анықтайды. Адамның қоршаған ортаға қарым-қатынасы оның өзiндiк көзқарасынан, сенiмiнен, дүниетанымынан, басқа адамдар мен қатынасынан, ең бастысы оның әрекетiнен (еңбек, оқу, т.б) көрiнедi.
Баланың жеке басының дамуы мен қалыптасуына ықпал ететiн 3 негiзгi фактор бар. Ол тұқым қуалаушылық (iшкi жағдай), орта мен тәрбие (сыртқы жағдайлар). Осы үш фактор баланың дамуына қалай әсер ететiнiн олар өзара қарым- қатынаста болатынын, қайсы және қашан жетекшi болып шығатыны туралы мәселенiң өте зор ғылыми және практикалық маңызы бар. Тәрбие адамның дамуына әрқашан мақсат көздеп, ықпал ету болып табылады. Адам қажеттiлiктi қанағаттандыру көзi болатын қоршаған ортаға тәуелдi бола отырып, оған белсендi түрде ықпал етедi, оны және өзiн мақсатты iс- әрекет процесiнде саналы түрде қайта құрады. Сондықтан да адамның саналы түрдегi белсендi iс- әрекетi оның жеке басын қалыптастырудың негiзi. Жеке адамды бөлшектемейтiн, оның мүддесiн қоғам мүддесiмен ұштастыратын жоғары мативтердiң жалпылану және тұрақтылық дәрежесi жарасымды дамуды тудырып, бiздiң қоғамның адамгершiлiк нормаларына сай келетiн жеке адамның қалыптасқандығын дәлелдейдi. Қоршаған ортаға, адамдарға, өзiне, өмiрге деген көзқарастарда жеке адамның дүниетанымы, көзқарасы, ұмтылысы, нанымы байқалады. Сондықтан жеке адамның адамгершiлiк сферасын қалыптастыру- тәрбиенiң өзегi».
Адамгершiлiкке тәрбиелеу мақсатында жоспарлы түрде әр қилы әрекеттердi ұйымдастыру керек. Дәстүрдi қолданудағы жаттығудың мәнi әрекет пен қылықтарды бiрнеше рет қайталату арқылы жеке бастың адамгершiлiк мотивi мен мiнез- құлқындағы қажеттiлiктi қалыптастыруға әсер етедi. Тәрбие әдiсiн балалардың моральдiк мiнез- құлқын (әдет) механизмдерiн, адамгершiлiк сапаларын стимулдандыру тәсiлi деп түсіндіреді. Оны сұрыптай отырып топтарға жiктеуге болады. Американдық психолог Л.Кольберг адамгершiлiк тәрбиелеудiң басты мақсаты мiнез- құлықты қалыптастыру емес, ұтымды пiкiр айту қабiлетi деп түсiндiредi. Дәстүр туралы мәлiмет беруде түсiндiру, ақыл-кеңес, нұсқау, бағыт- бағдар беру тәсiлдерiн қолдану адамгершiлiктi тұлға қалыптастыруға негiз бола алады.
Бала дамуының алғашқы кезеңiнен яғни адамгершiлiк туралы ұғымдарды саралап, санасына сiңiре бастайды. Моральдiк-этикалық дәстүр мәдениетiнiң толысқан сферасы ретiнде дәстүрлi педагогикалық мәдениеттi қалыптастыра отырып өскелең ұрпақты, адамгершiлiкке тәрбиелеудiң негiзгi құралы, формасы, әдiс-тәсiлдерi, адамгершiлiктiң қайнар көзi, iлкi бастауы бола алады.
Кейбiр зерттеушiлер адамгершiлiк дәстүрлерiн ұрпақтан-ұрпаққа берiлген күйде өзгерiссiз, ал өзгерген жағдайда ұзақ уақыт қызмет ететiн мораль элементiнiң тұрғысында қарастырады.
Бұған А.Д.Макаренконың “Адамгершiлiк немесе моральдық саласында қызмет ететiн және моральдық қатынасты бейнелейтiн дәстүрлер” дей келе, ұлттық адамгершiлiк деп отырған ұғымдарымыздың түп төркiнi моральды-этикалық дәстүрдiң сара жолына әкеп тiрейдi. Тәрбиенiң дәстүрмен тығыз байланысты тұңғыш қарастырушы К.Д.Ушинский болды. Ол өз еңбектерiнде тәрбиенiң халықтық сипатына, еңбектiң тәрбиелiк және психикалық сипатына және тәрбиедегi адамгер-шiлiк мәселелерiне көңiл бөле отырып “Тәрбие көзi- халықтық педа-гогика” деген тұжырымға келген. Осы идеяны қазақ жерiнде жалғас-тырушы педагог Ы. Алтынсарин мынадай адамгершiлiктiң түрлерiн атап көрсетедi, 7 жақсы қасиет:
Бiрiншi: Имандылық.
Екiншiсi: Жоғарғы әдiлдiк.
Үшiншiсi: Адалдық, ақкөңiлдiлiк.
Төртiншiсi: Сыпайылық, момындық.
Бесiншiсi: Адал ниетпен өсиет беру.
Алтыншысы: Жомарттық, қайырымдылық.
Жетiншiсi: Дұрыс заңдылық.
Жалпы осы адамгершiлiк мәдениетi мәселесi төңiрегiнде педагогика классиктерi: Я.А.Каменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Н.И.Ильминский, еңбектерi ерекше орын алады. Қазақ зиялы қауымынан: А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедовтер жалғастырған.
Адамгершiлiк ұғымы iзгiлiк, гуманизмнiң синонимi ретiнде адамның игi мақсатына айналғанда пайда болатын қарым-қатынастар жүйесi мен қоғамдық ахуал ретiнде неғұрлым кең мағынада қолданылады.
Адамдарды сүю, оған жақсылық жасау, жанашыр болу – адамгершiлiктiң белгiсi. Адамның шынайы байлығы затта емес, рухани қазынада. (В. Сухамлинский).
Ал рухани-адамгершiлiк құндылық белгiлi бiр бағытта, мақсатты жүйелi ұлттық көзқарасты, мiнез-құлықтағы адамдық тәртiп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жүйе.
Адамгершiлiк құндылық – адамдық қасиетiнiң өлшемi. Оның жақсылыққа талпынуы, өзге адмға жанашырлық бiлдiруi. Айналадағы адамдарға қайырымы, өмiр сүру мәселелерi жайында iзденуі, өзiн-өзi танып сол арқылы дүниенi — әлемдi тануы.
Жалпы тұлғаға рухани адамгершілік тәрбие беруде әр түрлі ойын амалдары қолданылады. «Шаттық шеңбері», «Тыңдайық — ойланайық», «Ойнайық», «Сергіту сәті», «әңгімелесейік» деген тәсілдерді қолдана отырып, бала бойына адамгершілік тәрбиесін егуге болады.
«Шаттық шеңбері» рәсімін өткізу арқылы балалардың барлығын қатыстыра отырып, сабақты қандай көңіл-күйде орындайтындарын бақылау, ой жүйелілігіне баланың ойын тұрақтандыру, ойларын жинақтап, бір арнаға тоғыстырып алу.Мұғалім балалармен бірге амандасып, тақпақ оқып, ән айтатын, жылы сөздер сыйлайтын маңызды шеңбер болып табылады. «Тыңдайық — ойланайық» атты ұйымдастыру түрі бұл — өмірдегі жағдаяттар, шығармадағы кейіпкерлер мен өмірдегі адамдар арасындағы қарым-қатынасты салыстыру. Атадан қалған асыл сөздерді түсіндіре отырып балалардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру.
Ойындар – баланың психикалық үрдістерінің, ойлау, есте сақтау, қабылдау,қиял дамуына көмектеседі. Біз жас өскіндерді адамгершілікке бағыттау мақсатында ойындар ұйымдастыру арқылы оларды қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде барлық күш-жігерін жұмсауға, құрбыларына қолғабыс жасауға тәрбиелейміз. Осы арқылы бала өзіне баға берумен қатар белсенділігі де артады.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат — міндеттердің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, иманды, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу –біздің де қоғам алдындағы борышымыз.
Сөз соңын «Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз сөз жоқ, жеңіске жетесіздер» деген Қаныш Сәтбаевтың сөзімен аяқтағым келеді.
[bws_related_posts]