Басы » География » Қазақстанның географиялық орны мен шекарасы

Қазақстанның географиялық орны мен шекарасы

Қостанай облысы
Арқалық қаласы
№10 орта мектебінің география пәні мұғалімі
Батырхан Карашинов
Қазақстанның географиялық орны мен шекарасы
Мақсаты: А) Қазақстанның дүние жүзі және Евразия материгіндегі орны мен шекарасы туралы мәлімет беру.
Б) Оқушылардың өз отанына деген сүйіспеншілігін арттыру, туған жерге деген мақтанышын ояту.
Күтілетін нәтиже: Оқушылардың алған білімін практика жүзінде қолдана білуге
үйрету, тірек сызбаны оқи алу және өз нұсқаларын құрастыруға үйрету.
Түрі: Жаңа сабақ.
Әдісі: Тірек сызба.
Көрнекілігі: Дүние жүзінің саяси картасы, Қазақстанның физикалық және әкімшілік — территориялық картасы.
ТСО: Мультимедиалық проектор.

Қазақстан аумағы 2724,9 мың км2-ге тең. Жерінің көлемі жағынан Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Австралия, Үндістан және Аргентинадан кейін 9-орын алады. Біздің еліміз Франциядан 5 есе, Италиядан 9 есе, Англиядан 11 есе үлкен. Мысалы, республика жеріне Ұлыбритания, Франция, Испания, Германия, Австрия, Нидерланды және Жапония мемлекеттері сыйып кетер еді. Қазақстан Еуразия материгінің орталығында орналасқан, екі дүние бөлігін қамтиды.

Кіші батыс аймағы Еуропада, ал көлемді шығыс аймағы Азияда жатыр. Жайық өзенінің екі жағында орналасқан Атырау қаласы тұрғындарының Еуропа мен Азияға күнде саяхат жасауға мүмкіндіктері бар. Мұндай мүмкіндік, сонымен қатар Ресейде де бар. Физикалық — географиялық жағдайы тұрғысынан, Қазақстан Тынық мұхиты пен Атлант мұхитынан, сондай-ақ Үнді мұхиты мен Солтүстік Мұзды мұхитынан бірдей дерлік қашықтықта орналасқан. Оның мұхиттардан шалғай жатуы әрі аумағының үлкендігі климатының өзіндік ерекшелігін қалыптастырады. Қазақстан батысында — Еділдің төменгі ағысынан, шығысында — Алтай тауларының етегіне дейін 3000км-ге, солтүстіктегі — Батыс Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне дейін 1650км-ге созылып жатыр. Сөйтіп, республиканың географиялық орны оның табиғат жағдайларын анықтайды.

Қазақстан қоңыржай белдеудің орта және оңтүстік ендіктерінде орналасқан. Дәл сол ендіктердегі Шығыс Еуропа қоңыржай континенттік климатымен, ал Батыс Еуропа субтропиктік климатымен ерекшеленсе, Қазақстан шұғыл континенттік климатымен көзге түседі. Қазақстан аумағы табиғатының бір шетінен, екінші шетінен айырмашылығы үлкен. Мысалы, оңтүстіктегі тау етектерінде шие мен өрік гүл атқан кезде, республиканың солтүстігінде әлі суық, қарлы боран соғып тұрады. Қазақстан жерінде қатаң Сібір мен капырық Орта Азия тоғысып жатқандай. Географиялық орнына қарай республика жерінде орманды дала, шөлейт және шөл зоналары қалыптасқан. Республиканың батыс шеті (46°30′ ш.б.) Эльтон және Басқұншақ көлдері маңына, ал шығыс нүктесі (87°20′ ш.б.) Бұқтырма өзенінің бастауына сай келеді. Ендік бойымен батыстан шығысқа қарай, материк ішіне енген сайын, климаттың континенттігі арта түседі.

Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен шығыс таулы өңірлерінде ландшафттардың күрделене түсетін алуан түрлі биіктік зоналары байқалады. Қазақстанның географиялық орнына байланысты барлық өңірлерінде жылдың төрт мезгілінің ауысуы айқын байқалады. Қазақстан Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Иран елдеріне, Еділ өзені және Еділ — Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздерге шыға алады. Еліміздің көп бөлігі жазық, үстіртті болып келеді. Ол алуан түрлі шаруашылық жұмыстарын дамытуға мүмкіндік береді

Шекарасы
Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 13394 км, теңізбен (Каспий) 2000км-ден астам. Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте 7591 км Ресеймен шектеседі. Республиканың Алтайдан Тянь-Шаньға (Хантәңірі массивіне) дейінгі 1782км-ге созылып жатқан шығыс шекарасы Қытай Халық Республикасымен арадағы мемлекеттік шекараға сай келеді. Ал оңтүстігінде тәуелсіз дос мемлекеттер: Түрікменстанмен — 426 км, Өзбекстанмен — 2354 км және Қырғызстанмен — 1241 км шектеседі. Республиканың шекарасы батысында — Каспий маңы ойпаты мен Жалпы Сырт қыратының біраз жерін, солтүстігінде Батыс Сібір жазығының оңтүстігін; оңтүстігінде Тұран ойпатын, ал шығысы мен оңтүстік-шығысында Алтайдың батыс бөлігінің, Сауыр, Тарбағатай жоталарының, Жетісу (Жоңғар) Алатауының негізгі бөлігін және Тянь-Шаньнның солтүстік жоталарын басып өтеді.

Үйге тапсырма .§3 оқуға. Қазақстанның әкімшілік — территориялық құрылымын кескін картаға толтыру
[bws_related_posts]

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *