Басы » Баяндамалар » Неліктен маған және менің мектебіме өзгеріс қажет?

Неліктен маған және менің мектебіме өзгеріс қажет?

danirovaОңтүстік Қазақстан облысы
Шардара ауданы
Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясы
Даниярова Салтанат Қарсыбайқызы ағылшын тілі мұғалімі, директордың бейінді оқыту жөніндегі орнбасары

Неліктен маған және менің мектебіме өзгеріс қажет?

Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер еліміздің білім беру жүйесін қайта қарау керек екендігін көрсетіп отыр. Яғни, ақпараттың шамадан тыс көп болуы, экономиканың жедел дамуы, жаһандану үрдісі, ақпараттық коммуникациялардың жаңа формалары, қоғамда тұлға ролінің өсуі тағы сол сияқты мәселелер. Сонымен қатар адам қоғамының қызмет көрсету қоғамына айналуы. Бұл дегеніміз біздің оқушыларымызға қандай білім, білік, дағды, құзырлылықтар қажет екендігін айқындайды. Әрине, олар қарым-қатынас құзырлылықтары, кез-келген адаммен тіл табыса білуі, кез-келген жағдаяттарда өз орнын табуы. (Әлімов,2013).

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсетілген.

Біз Қазақстанды білім көкжиегінде өз орны бар, экономикасы дамыған және жоғары білікті мамандары бар мемлекет ретінде көргіміз келсе, онда  еліміздің  білім  беру  жүйесіне өзгеріс енгізу ең бірінші мәселе деп ойлаймын. Білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми техникалық прогрестің бастау көзі ретінде  мемлекет пен қоғамның табысты дамуына кепілдік береді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында  «экономика көрсеткіштерімен қатар қоғамның мәдени және білім деңгейін арттыруға, жаңа қазақстандық интелектуалды ұлтты қалыптастыруға көңіл бөлінеді» деп атап көрсетті.

Білім саласы дамыған елдердің Финляндия, Сингапур, Жапония білім беру тәжірибелерін Қазақстан жағдайына бейімдеп, енгізудің маңызы зор болады деп  білемін. Себебі бұл елдердің білім беру жүйелерінің озық тәжірибелерін еліміздің білім беру жүйесіне кіріктіру арқылы өзгеріс енгізуге болады деп білемін. Ал, енді осы елдердің бірнешеуінің білім беру жүйесіндегі жүргізілген реформаларына тоқталсам деймін.

Финляндияда білім беру жүйесіндегі реформалар  XX ғасырдың 80-ші жылдары басталған екен. Осы жылдар аралығында білім беру жүйесі көптеген жетістіктерге қол жеткізіпті. Оның дәлелін Финляндияның зерттеулер нәтижесі бойынша 50 елдің ішінде бірінші орынға шыққанынан білдім. Бұл елдің мектептерінде міндетті оқу 9 жыл және барлық бала бірдей білім алады екен. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі (әртүрлі жетіспеушілігі немесе мүкістері) бар балалар да бірге білім алады екен. Олардың өздерін басқаша сезінуіне  жол берілмейтіндігі маған ұнады. Мұғалімдер мен оқушылардың қарым-қатынасы достастыққа құрылыпты. Ата-аналар мен оқушылардың арасында мұғалім беделі ылғи да жоғары тұрады екен. Сондай-ақ қабілетті  оқушылар сабақ үлгерімі төмен оқушыларға көмектеседі және ол әрқашан қолдау табады екен.

Мектепті бітіруші түлектер түгелдей аттестат алады екен. Оқушылардың 96 пайызы 9-сыныптан соң гимназияларға немесе кәсіптік училищелерге түседі және оқу орындарына түсуге арналған арнайы емтихандар алынбайды екен. Кәсіптік училищелер мен гимназияларды бітірген соң бітіру емтиханын тапсырып жоғары оқу орындарына түсулеріне болады екен.

Финляндияда сауаттылық деңгейі өте жоғары, кітапхана қоры өте мол, кітапханалар мен оқу орындары арасында байланыс жоғары деңгейде дамығанын байқадым.

Тағы да айтайын дегенім бастауыш мектептерде әрбір төртінші педагог ер кісі екендігі, орта мектептерде ер мұғалімдер 45 пайызды құрайтындығы, тіпті мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде де ер кісілер қызмет атқаратындығы болып отыр. Мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілері үшін бұл  өте қуанышты жағдай болып саналады екен.

Сонымен бірге  Финляндиядадарынды оқушыларға көп көңіл бөлуді және гуманитарлық бағыттағы пәндерді көбірек оқытуды қажет деп санайды екен.  [http://da.fi/718.html]

Сингапурда жақында енгізілген ұлттық білім беру бағдарламасы ұлттық бірлікті арттыруға, өмір сүру мен болашаққа деген сенімді нығайтуға негізделгендігіне куә болдым. Сондай-ақ Сингапурдың білім беру жүйесі икемі және қабілеті, қызығушылығы әр түрлібалалар сұранысын қанағаттандырады, адамгершілікке  тәрбиелейді екен.

Сингапурда қабылданған оқу бағдарламасы ағылшын тілі, ана тілі, математика, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, адамгершілік тәрбие деген сияқты пәндердің ауқымды қатарын қамтиды екен. Себебі өз елінің мәдени мұрасын оқушыларға түсіндіру үшін ана тілін оқытудың маңызы зор екені анық. Бірақта оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі. Тәуелсіз мектептерді арнайы бағдарлама қадағалайды. Бұл мектептердің бағдарламалары екі тілді оқыту сияқты мемлекеттік талаптарға сәйкес келеді және мемлекеттік деңгейде экзамен тапсыруға қажетті дайындық береді. Тағы бір ерекшелігі бұл мектептерде оқу бағдарламасын оқушы таңдауына  еркіндік берілген.

Сингапурда әрбір бала орта білім алу барысында кем дегенде 10 жыл оқуға міндетті екен. Сингапурдың білім беру жүйесінде басты назар оқу, санау, екі тілді меңгеру, физикалық және адамгершілік тәрбиеге, сондай-ақ шығармашылық және еркін ойлау деңгейіне бөлінетіндігі мен үшін жаңалық болмаса да ерекшелік болып көрінді.

Сондай-ақ екі тілділік саясаты әрбір баланың тек өз тілін ғана емес, ағылшын тілін де білуін талап етеді. Яғни, бұл балаларға туған тілді де, ағылшын тілін де жетік білуге мүмкіндік береді деген сөз. Мектептерде сондай-ақ компьютерлік бағдарламалар енгізіліп жатыр екен.

Білім беруге көп көңіл бөлінетіндігінің тағы бір айғағы әлеуметтік жағдайы нашар оқушылар үшін арнайы жеңілдіктер көрсету туралы бұйрық та шыққан. Әрбір 6 мен 16 жас аралығындағы оқушы үшін Edusave бағдарламасы жасалған. Әр баланың білім алуы үшін ашылған Edusave шотына белгілі көлемде ақша бөлінеді. Ал, ұсталмаған қаражат Орталық қамсыздандыру қорына аударылады. Оны кәмелетке толған кезде пайдалануға болады. Бағдарлама сондай-ақ жеке меншік мектептер оқушыларының шығындарының төрттен бірін жабу үшін стипендия төлеуді де қарастырған. Сонымен қатар бұл бағдарлама басқару органдарының қолдауына ие және мемлекеттік мектептер оқушылары да Edusave стипендиясын алады. Осылайша қабілетібар оқушыларды ынталандыру жүйесі жұмыс істейді. Негізінен Үкімет техникалық дайындық пен жоғарғы білімге көп стипендия бөледі екен.

Көптеген реформалардан кейін Сингапурдың білім беру жүйесі келесідей сипаттамаларға ие болған:

—                    Екітілділік;

—                    оқушылардықабілеттеріне қарай оқыту;

—                    ағылшын тіліне;

—                    жаратылыстану ғылымдарына және математикаға  назар

—                    аудару;

—                    техникалық білім берудің мықты жүйесі;

—                    тәуелсіз мектептер;

—                    автономды мектептер;

—                    Және биліктің орталықсыздандырылуы;

—                    оқытушыларды көтермелеу және қызметте өсу мүмкіндігі;

—                    ұлттық тәрбие бағдарламасы негізінде Сингапурдың

—                    тарихы мен адамгершілік құндылықтарын оқыту;

—                    ақпараттық технологияларды пайдалану;

—                    дарынды балаларға арналған білім беру жүйесі;

—                    сыни ойлау қабілетін дамыту;

—                    Edusave бағдарламасы;

—                    білім беру жүйелерінің ең жақсы жақтарын қабылдау;

—                    мұқият жоспарлау және мықты басқару

[http://po.singapu.ru/system_of_education]

Жапонияда 1984 жылы XXI ғасырға арналған халыққа білім беру реформасының алғашқы дайындығы басталыпты. Жапондықтар оны реформа эпохасының басталуы деп сипаттаған және жекелеген жақтары ғана емес білім беру жүйесінің негізі реформалануы тиіс деп есептейді.

Жаңа реформаның негізгі міндеттері:

-Әрбір адамға өмір бойы әсер ететін, үздіксіз білім беру

жүйесін қалыптастыру.

-Балалар мен жасөспірімдердің білім алу кезеңінде

оқытудың құрамы мен әдісін қайта жасау.

    —Компьютерлендіру мен ақпараттандырудың  жоғарғы деңгейі, сондай-ақ жаңа өмірдің интернализациясы сияқты процесстер мен құбылыстарға сәйкес тәрбиелеу және білім берудің құрамы мен әдісінің құрылымын жасау болып отыр.

Білім беру жүйесіндегі жапон елінің негізгі саяси көзқарастары әртүрлі  қоғамдық және мемлекеттік структураларда қызмет ете алатын шығармашыл, ерекше ойлай алатын, жан дүниесі бай тұлғаны қалыптастыру болып табылады.

Барлық білім беру жүйелері тығыз байланысты және бір мақсатқа – өсіп келе жатқан ұрпаққа дамыған жапон қоғамының ұлттық мәдени құндылықтарын беру мақсатында жұмылдырылған. Міне сондықтан да негізінде американдық модель жатқан жапонияның білім беру жүйесі еуропалық мәдениеттің әсеріне ұшырамай ұлттық құндылықтарын сақтап қалған.

Жапонияда мектепке дейінгі білім беруге үлкен көңіл бөлінген. Себебі психологтардың дәлелдеуі бойынша адам 7 жасқа дейін бүкіл өмір бойы алатын білімінің 70% — ын, ал одан кейін 30% -ын ғана алады екен. Балалық шақта баланың өзге адамдармен сөйлесу мәнері қалыптасады, ал, ұжым құндылықтарына негізделген жапон қоғамы үшін бұл маңызды сипатқа ие екендігі даусыз.

Мектепке дейінгі білім жанұяда басталады. Өзге адамдармен қарым – қатынас жасауды балалар ата – аналарын бақылау арқылы үйренеді, дегенмен тәжірибе жүзінде топтық қатынасқа үйрену балабақшаларда, мектептерде жүзеге асады екен. Жапон тәрбиешілері балаларды қарым – қатынасқа үйрете отырып, оларды жекелеген кішкене топтарға бөледі. Бұл мектепке дейінгі тәрбиенің негізгі айырмашылығы болып табылады. Бұл топтардың өз үстелдері, және балалардың топ болып ақылдасып, яғни топтың әр бір мүшесінің ойын ескеріп таңдаған аттары болады. Бұл әрекеттер балаларды бірлесіп шешім қабылдауға үйрететіндігі сөзсіз деп ойлаймын. Топтар балалардың икемділігіне қарай емес, олардың әрекеттері тиімді болатындай құрылады. Балалар сұхбаттасушыны тыңдау, өз ойын жеткізе алу  және қатарластарының ойларымен санасу сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Жапон балалары бастауыш мектепте де, орта мектепте де топ болып білім алуды жалғастырады. Менің пайымдауым бойынша бұл жүйе оқушылардың денсаулығын сақтауға көмектеседі. Себебі топта оқушылардың өзін жайсыз сезінуі, соның салдарынан пайда болатын стресске ұшырау болмайды.

Әсіресе, балалар сыныпты басқаруға қызығады. Оқушылар өз араларынан өздеріне басшы (тобан) сайлайды және олар күн сайын ауысып, барлық оқушы басшы бола алады.

Балалардың шығармашылық қабілеттерінің жетілуіне соробан (жапондық санау) әсер етеді. Мұндағы негізгі мақсат ойша есептей алу, сол арқылы мидың қабілетін жоғарылату болып табылады. Сондықтан соробан бастауыш мектептердің 3,4 сыныптары үшін міндетті болып саналады екен.

Жапонияның бастауыш мектеп ұстаздарының әлеуметтендіру стратегиясының тағы бір аспектісі баланы жеке тұлға етіп қалыптастыру болып табылады.

Ой тұжырымдау мен өзін сынауға арналған сабақтарда балалар мектепте өздеріне не ұнайтынын не ұнамайтынын, өзінің жаман әрекеттерін, тапсырмалардың орындалу сапаларын талқылайды. Яғни, сыни тұрғыдан ойлана алады және кері байланыс бере алады.

Осыдан байқалғандай мұғалім көптеген рөлдерді атқарады:

-балалардың білім алуы;

-тәртібі;

-бос уақытын оқушыларға арнау;

сияқты, басқа мәдениеттерде ата – аналардың немесе басқа структуралардың міндеттері болып табылатын қызметтерді де атқарады.

Басқа мемлекеттерден ерекшелігі жапон азаматы мемелекеттік мектеп мұғалімі болуы үшін мұғалім дипломын алумен қатар арнайы емтиханнан өтуі қажет екен.

Орта білім беру жүйесінің тағы бір ерекшелігі оқу жоспарында  химия, физика, биология, география, тарих сияқты пәндердің болмауы болып табылады. Олардың орнына дүниетану және қоғамтану курстары өткізіледі екен.

Жапония бастауыш және орта білім беру жүйесінің маңызды ерекшелігі «кокоро» ұғымы болып табылады. Әр бір жапондық үшін «кокоро»  сөзі тек білім алу ғана емес, адамның мінез – құлқының қалыптасуы деген мағынаны білдіреді. Жапондықтар «кокороны» білім берудің негізі деп есептейді. Кокоро сөзін қазақ тіліне жүрек, сана, менталитет, гуманизм деп аударуға болады.«Кокоро» ұғымының мазмұны келесілерден тұрады:

— адам мен жануарларға құрмет;

— шындықты іздеу;

— өз – өзін бақылай алу;

— табиғатты сақтау;

— қоғамның дамуына өз үлесін қосу.

Бұл принцип барлық пәндердің, бағдарламалар мен күнделікті өмірдің негізін сипаттайды.

Жапонияда мектеп курсы 12 жылдық, және оның жартысы ана тілін үйренудің қиындығына байланысты бастауыш мектепте өтеді.  Өз елінің тарихын үйрену де көп еңбекті қажет етеді.

Әр күні оқуларын аяқтағаннан соң балалар тағы да мектепке барады. Бірақ ол міндетті емес, алайда университетке түсу үшін қажетті болып саналады. Бұл мектептерді «дзюку» деп атайды, — аударғанда «шеберлік мектебі», дұрысырақ «репетиторлық мектеп» деп аударуға болады. Онда арнайы жалданған мұғалімдер балаларға мектепте күндіз өткендерін  қайта түсіндіреді, соған қосымша жаңа білімдерді де береді.

Бұрын дзюку мектебінде оқу тек алдыңғы қатарлы университеттер мен мектептерге түсу үшін ғана керек болса, қазір қатардағы мектепке түсу үшін де дзюку мектебінде оқу керек. Дзюкуда 3 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар білім алады. Бастауыш мектептің 1/6 бөлігі, орта мектептің жартысы және жоғары мектептің барлығына жуығы білім алады. Барлық дзюку мектептерінің жылдық табысы елдің қорғаныс саласына жұмсалатын қаржы көлемімен салыстыруға келеді. Себебі Жапонияда білім алуға қаржы жұмсау ең дұрыс каритал болып саналады.

Жапон мектебінде мұғалім құрметті орынға ие. Мұның негізінде конфуцияндық тәрбие жатыр. Жапон мұғалімі тек білім беруші ғана емес, тәрбиелеуші, жасөспірімдердің өмір жолындағы алғашқы қадамдарын жасауға көмектесуші ақылшысы. Сондықтан да ұстаздардың ер адам болуы кездейсоқтық емес. Қазіргі уақытта бастауыш мектеп мұғалімдерінің 40%-ы, жартылай орта мектептің 65%-ы, орта мектеп мұғалімдерінің 80% -ы ер мұғалімдер.

Мұғалім мамандығының жоғары деңгейін ұстап тұру мен сабақ беру сапасын арттыру үшін Жапонияда мұғалімдерді ынталандырудың бірнеше формалары іске асырылады. Мұғалімдік колледж бітірген ұстаз алғаш жұмысқа кіргенде 165000 иен (75 АҚШ доллары) жалақы алады, ал университет бітірген мұғалім 190000 иен жалақы алады. Бұл бастапқыдағы сумма әр түрлі жәрдемақылардың төленуімен артады. Еңбек өтілі кезінде орта есеппен мұғалім жалақысы 2,5 есе өседі.

Жапон мектептеріндегі міндетті білімін жетілдіру жүйесіне қарамастан, өз еркімен білімін жетілдіретін ұстаздар ынталандырылады. Өз еркімен кешкі мектептерге баратын немесе сырттай оқитын мұғалімдер ай сайын жалақысының 1/10 бөлігіндей жәрдемақы алады. Оқыту мен оқуда басты назар білім алушыға бағытталғандықтан,  бұл үрдістің мазмұны жеке тұлғаны дамытуға негізделеді. [http://referat.resurs.kz/ref/sistema-obrazovaniya-v-yaponii]

Әлемдегі білім саласы бойынша озық тәжірибелі Финляндия, Сингапур, Жапония  сияқты елдердің білім беру жүйесінде жүргізілген  реформаларға талдау жасай отырып, бұл елдердің жетістікке жетуіне ықпал еткен әдістері мен тәсілдерін Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіне қалай ендіруге болады және несімен тиімді деген сұрақтардың туындауы заңдылық. Талдау көрсеткендей  бұл елдердің білім беру реформаларында икемі және қабілеті, қызығушылығы әр түрлі  немесе мүмкіндігі шектеулі балалардың сұранысын қанағаттандыру, адамгершілікке  тәрбиелеу, ақпараттық технологияларды пайдалану, дарынды балаларға арналған білім беру жүйесі, сыни ойлау қабілетін дамыту, шығармашыл, ерекше ойлай алатын, жан дүниесі бай тұлғанықалыптастыру сияқты міндеттердің қойылуы өте орынды және еліміздің білім беру жүйесіне енгізуге тиімді деп санаймын. Сонымен бірге бастауыш мектеп ұстаздарының әлеуметтендіру стратегиясын яғни, баланы толық тұлға етіп қалыптастыруы мен ұстаздардың өз еркімен білімін жетілдіруінің  ынталандырылуы секілді тәжірибеге ендіруге болатын озық үлгілерін ендіруге болады деп ойлаймын. Ал,  жоғарыда аталған елдердің реформасының міндеттері мен әдістері сындарлы оқыту теориясына негізделгені даусыз екені анық. Сонымен бірге Жапонияда оқушылардың топпен оқытылуы да оның бір айғағы. Өйткені сындарлы оқыту теориясына негізделген оқытудың Кембридж тәсілін бірінші бетпе-бет кезеңінде теориялық тұрғыдан оқып білсем, мектептегі тәжірибе кезеңінде іс-тәжірибеден өткізіп, тиімділігін өз тәжірибемнен байқадым.  Сындарлы оқыту теориясын еліміздің білім беру жүйесіне ендіру бүгінгі күннің талабы және  ол қолдау тауып отыр.

Ал, өз мектебіңнің тәжірибесіне қалай енгізер едің деген сұраққа келер болсам, деңгейлі бағдарламаның бірінші деңгей тыңдаушысы ретінде көшбасшылық жасау арқылы, коучинг және тәлімгерлік үдерісі арқылы, желілік қоғамдастық арқылы енгіземін деп нық сеніммен айтамын.

Ал, қандай өзгеріс ендіремін? Оқушылар қалай  оқу керектігін үйреніп,соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе біліп, ынтасы, сенімі, сыни көзқарастары жүйелі дамып, сандық технологияларда құзырлылық танытып және өмірден өз орындарын тауып, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын болады. (Мұғалімге арналған нұсқаулық. Бірінші деңгей. 7-бет). Ал, мұғалімдер кәсіби жетіліп, мұғалім-зерттеуші болады. Осы мақсатты іске асыру үшін нақты төменде берілген Жапония, Сингапур, Финляндия елдерінің реформаларының нәтиже берген аспектілерін ендіремін. Атап айтар болсам, олар:

—                    ақпараттық технологияларды пайдалану;

—                    дарынды балаларға арналған білім беру жүйесі;

—                    сыни ойлау қабілетін дамыту;

—                    оқушыларды қабілеттеріне қарай оқыту;

—                    мұқият жоспарлау және мықты басқару;

—                    жеке тұлға қалыптастыру;

—                    ұстаздардың өз бетімен білімін жетілдіруі және

—                    ынталандырылуы. т.б.

Мен жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, мемлекетіміздің білім беру жүйесін дамыту үшін жүргізіп отырған сындарлы саясаты осы елдердің реформаларына сүйеніп жүргізіліп отырылғанын аңғардым.

Сонымен бірге сындарлы оқыту теориясына негізделген жаңаша оқыту (Кембридж) бағдарламасының Қазақстан мектептеріне енгізілуі де осының айғағы деп ойлаймын.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы.- Астана,2007.

2.Назарбаев Н. Ә.  Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан

дамуының басты бағыты./ Қазақстан халқына жолдау.-Егемен Қазақстан,

27 қаңтар 2012

3.Әлімов А.Х. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері.

Оқу құралы .-Алматы,2013.-448 б.

4.Құсайынов А.Қ. Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы.-

Алматы,2013.-196 б.

5.Мұғалімге арналған нұсқаулық Бірінші (ілгері) деңгей. «НЗМ» ДББҰ, 2012

6.Интернет материалдары:

http://referat.resurs.kz/ref/sistema-obrazovaniya-v-yaponii/

http://po.singapu.ru/system_of_education/

 http://da.fi/718.html

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *