Қостанай облысы Арқалық қаласы, Родина ауылы Родина жалпы орта білім беретін мектебінің Бастауыш сынып мұғалімі
Мырзағалиева Жүзікжамал Бекенқызы
Пәні: Өзін – өзі тану
Сабақтың тақырыбы: Ұл бала мен қыз бала
Сабақтың мақсаты: ұл бала мен қыз бала арасындағы сыйластық туралы түсінік қалыптастыру.Оқушылардың өзара сыйластық қарым — қатынастарын арттыру.
Міндеттері:
— оқушыларды қыздың нәзіктігін, ұлдың батылдығын ажырата білуге үйрету;
-оқушыларды сыртқы сұлулықты дұрыс түсіне білуге баулу;
-нәзік, батыл болуға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта,оқулық, дәптер, слайдтар, кесте.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдіс – тәсілдері: әңгімелеу, түсіндіру, сұрақ – жауап,талдау, топтастыру.
Пәнаралық байланыс: әдебиет, музыка
Сабақтың өтілу барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңі
2.Шаттық шеңбері
3.Үй тапсырмасы
4.Жаңа сабақ.Әңгімелесу
5.Жағдаяттарды талдау
6.Сергіту сәті
7. Мәтінмен жұмыс
8.Ойланайық,пікірлесейік
9.Дәйексөз
10. «Жалғастыр» ойыны
11.Топтастыру
12.Дәптермен жұмыс
13.Қорытынды
14.Үйге тапсырма
15.Жүректен жүрекке
Шаттық шеңбері
Мұғалім:
Орнымыздан тұрайық жылы жүзбен,
Бізге келсін қуаныш нұр іздеген.
Шуақ толған жанымыз, жүрегіміз,
Үлгі алсын көрген жан мына бізден.
Балалар,мен осындай мейірімді, ақылды, өмірге, білімге құштар оқушыларымды көргеніме өте қуаныштымын.Бүгінгі сабағымыз көңілді әрі жарасымды өтуі үшін өзімізге және келген қонақтарға жақсылық, көтеріңкі көңіл – күй тілейік. Осындай жылы тілектерге толы шеңбер аясында бәріміз бірге қуанышпен ән салайық.
Ұл бала мен қыз бала
Е. Өтетілеуов
Ұл бала мен қыз бала
Бір мектепте оқиды.
Ұлға да ортақ, қызға да
Білімді ойға тоқиды.
Ұл бала мен қыз бала
Үйге бірге қайтады.
Бар сырларын аз ғана
Бір – біріне айтады.
Ұл бала мен қыз бала
Түсіністі, достасты.
Мұғалім: Ал енді балалар сабақтың ережесін еске түсірейік.
Ереже:
1.Уақытты тиімді пайдалану.
2.Тыныштық сақтау.
3.Сөзді бөлмеу,кезектесіп сөйлеу.
4.Өз ойыңды анық жеткізу.
Үй тапсырмасы
«Ойнай білу де өнер» тақырыбында берілген әңгімелерді оқып, талдап, сұрақтарға жауап беру.
1.Сендердің ойларыңша ойынды қалай аяқтауға болады?
2.Ерден мен Еркебұланның әрекеттері туралы не айтасыңдар?
3.Сендердің Асыланның әрекетіне деген көзқарастарың қандай?
4.Назым мен Шынар неге ренжісіп қалды?
5.Достар ойын кезінде өздерін қалай ұстау керек деп ойлайсыңдар?
6.Апасы Назымға қандай ақыл айтты?
7.Сендерде сондай жағдай кездесті ме? Естеріңе түсіріп айтып беріңдер.
Жаңа сабақ. Әңгімелесу.
1.Ұл бала мен қыз баланың бойында қандай қасиеттер болуы керек?
2.Ұл бала мен қыз баланың арасындағы достық дегенді қалай түсінесіңдер?
Жағдаяттарды талдау
Мұғалім оқушыларға сабақ тақырыбын кеңінен түсіндіру үшін жағдаяттарға құрылған суреттерді талдап, шешімін айтады.
1.Санжар мен Самал сыныпта қатар отырады.Сөзге таласып қалған Санжар Самалға дөрекі сөз айтты.Самал жылап жіберді.
-Санжардың әрекеті туралы өз пікірлеріңді білдіріңдер.
2.Сынып жетекшісі оқушыларға сынып бөлмесін жуып, тазалау керектігін айтып, тапсырма берді.Сұлтан: -Бөлмені жуу қыздардың жұмысы емес пе?!Мен бұл тапсырманы орындай алмаймын. – деді.
-Сұлтанның орнында болсаңдар , сендер не істеген болар едіңдер?
3.Әлияны жүгіріп келе жатқан Ғалым байқамай қағып, тоқтамай өте берді.Ыза болған Алия Ғалымды итеріп жіберді де, отыра қалып жылап жіберді.
-Әлия мен Ғалымның орнында болсаңдар, қандай шешім қабылдар едіңдер?
4.Жәния ауыр орындығын әрең дегенде көтеріп келе жатты.Сәкен оған жәрдемдесті.Жәния үндемеген күйі сыныптан шығып кетті.
-Жәнияның орнында болсаңдар, сендер не істер едіңдер?
Мұғалім: Балалар, мен сендердің өз ойларыңды еркін жеткізе алғандарыңа өте қуаныштымын. Сыныптас досыңа, ол ұл болсын, не қыз болсын дөрекі сөз айту, мынау қыздың жұмысы, ұлдың жұмысы деп бөлу, ол қыз ғой немесе ұл ғой деп кешірім сұрамау әдептілікке жатпайды.
Сергіту сәті
Музыка әуеніне қарай қимылдар жасап, билейді.
Мәтінмен жұмыс
Т.Дәуренбеков
«Кімнің жұмысы?»
Оқушылар кезектесе отырып мәтінді оқиды.Бір оқушы мәтіннің мазмұнын өз түсінгені бойынша әңгімелейді. Мұғалім сұрақтар қою арқылы оқушылардың білімін байқайды.
— Қыз бала мен ұл бала өзара сыйластыққа қалай қол жеткізді?
-Осы әңгімеден қандай қорытынды шығаруға болады?
Мұғалім:
-Дұрыс айтасыңдар. Мектепте қыздар да, ұлдар да бірдей білім, тәрбие алады, «оқушы» мәртебесі бәріңе ортақ. Сыныпта тату – тәтті болып, сыйластықта қарым – қатынас жасай білу – әдептіліктің бір белгісі. Тек мектепте ғана емес, аулада да көршілеріңмен ұл, қыз болып сыйласып, дос бола білген жөн.
Ойланайық, пікірлесейік
Ұлдарға сұрақ:
1.Қыздың көркі не?
2.Қыз баланы неге өмір гүлі дейді?
3.Қызға қандай қылық жараспайды?
4.Қыздарға арнап мақал айт.
5.Өзіңе қыздардың қандай мінезі ұнайды?
Қыздарға сұрақ:
1.Ұлдарға қандай қылық жараспайды?
2.Ұлдарға арнап мақал айт.
3.Саған ұлдардың қандай мінезі ұнайды?
4. «Атадан жақсы ұл туса, еленің туы болады» дегенді қалай тұсінесің?
5.Ұл бала үшін қасиетті борыш деп нені айтар едің?
Дәйексөз
«Ел ұлымен берік, қызымен көрік» Халық нақылы
Осы халық нақылын қалай түсінесіңдер?
Мұғалім:
Яғни, қазақ халқы ұл дүниеге келгенде ел қорғайтын азамат туды деп мақтанып,масаттанады.Сондықтан да ұл баланы асқар тауға, алынбас қамалға,алмас қылышқа, қайратты бүркітке теңейді.Ал қыз бала дүниеге келгенде елге, өмірге көрік берер қыз туды деп мәз –мәйрам болады.Өйткені, қыз бала тән сұлулығымен ғана емес, жан сұлулығының байлығымен өмірді мәнді де, сәнді етеді. Оларды гүлге, күнге, айға теңейді.
«Жалғастыр» ойыны
Не істеуге болмайды? Не істеу керек? Не істер едім?
Үлкеннің алдын кесіп өтуге Үлкенді сыйлап,амандасып жүру керек. Адамдарға қамқор болар едім.
Сабақтан кешігуге Кішіге қамқор болу керек. Туған жерімді көркейтер едім.
Мектепте жүгіруге Үлгілі болу керек. Өз елімнің мақтанышы болар едім
Үлкен кісілердің сөзін бөлуге Тәртіпті болу керек. Иманды ұл, инабатты қыз болар едім.
Тәртіпсіз болуға болмайды. Әдептілікті сақтау керек. Әдепті болуға бар күшімді салар едім.
Тренинг
Топтастыру стратегиясы
Мұғалім: ал енді балалар алдарыңдағы параққа адам бойындағы жаман қасиеттерді жазыңыздар.Болғасын жазған қағаздарыңызды бүктеп партаның бір шетіне қойып қойыңыздар.Ал енді тақтаға адамның бойындағы жақсы қасиеттерді кезектесіп жазып шығайық.
Балалар, қазақта мынадай тілек бар екен.Қызың ибалы, инабатты болсын, ұлың иманды,жүректі болсын, адамгершілігі мол болсын, қайырымды болсын!Адам бойында жақсылық пен жамандық, имандылық пен имансыздық қатар жүреді.Енді осы жаман қасиеттерден мүлде аулақ болу үшін манағы жаман қасиеттерді жазған парақты жыртып тастайық.
Дәптермен жұмыс
«Мен қандаймын?» деген сұраққа жауап жазыңдар және суретті бояңдар.
Қорытынды «Егер де мен …»
Ұлдардың қыздар туралы, қыздардың ұлдар туралы жақсы ойларын білу мақстында ойын ұйымдастырылады.
Күтілетін жауаптар:
Егер мен ұл болсам: елімді қорғаймын, қыздарға көмектесемін,ренжітпеймін, ауыр, дөрекі сөздер айтпаймын т.б.
Егер мен қыз болсам: өте таза жүремін, дөрекі сөз айтпаймын,адамдардың бәріне қуаныш сыйлаймын,ұлдарға көмектесемін және сыйлаймын т.б.
Мұғалім: Балалар, біз бүгін ұл бала мен қыз баланың сыйластығы жөнінде әңгіме қозғадық.Сіздер үнемі әдепті, тәртіпті, ақылды болып, жамандықты жақсылыққа баурап жүрулеріңіз керек.Өмір сіздерден осыны талап етеді.Қыз балаларға табиғатынан нәзіктік пен ұяңдық, ер балаларға батылдық пен ұстамдылық тән.Осыны түсіне білсеңдер, күнделікті өмірде бір – біріңе көмектесуге дайын тұратын боласыңдар.Ұл бала мен қыз бала арасындағы достық өзара түсіністік, келісім және сыйластықтан басталады.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?!- деген Абай атамыздың өлең жолдарын қыздарымызға,
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің туы болады.
Атадан жаман ұл туса,
Елінің соры болады- деген Қазбек бидің нақыл сөздерін ұл балаларға арнай отырып, сіздерге адамгершілігі мол, еліміздің иманды да инабатты ұл – қызы болып өсіңіздер деп тілек айтамын.
Үйге тапсырма
Ұлдар: «Қыздар сұлу көрінер…»,
Қыздар: «Ер жігітке жарасар…»тақырыбына шағын әңгіме жазу, мақал – мәтел жинақтау.
Жүректен жүрекке
Мұғалім балаларды шеңберге жинап, қолдарына гүлдерді таратып,оның нәзіктігіне, әдемілігіне назарларын аудартады.Мұғалім өз гүлін тілек айтып, жанындағы балаға береді,ол гүлді өз гүлімен қосып, тілегін айтып келесі оқушыға ұсынады.Гүлдер бірте – бірте үлкейіп, гүл шоғына «Тілек шоғына» айналып, мұғалімнің өзіне оралады.
-Көп рақмет сендерге балалар.Егер өздеріңе, бір – біріңе жақсылық жасасаңдар, тілесеңдер,ол – өз отбастарыңа, ауылдарыңа жасаған, тілеген жақсылықтарың. Әрбір жақсы ой, ізгі істерің осы гүл шоғы сияқты үлкейіп, өзіңе одан үлкен жақсылық болып оралады.Сондықтан ұлдар қыздарды, қыздар ұлдарды үнемі сыйлап,құрметтеп жүрулерің керек.