Тәжіқараева Маржан
Түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын
дарынды балаларға арналған облыстық мектеп интернаты
Сабақтың тақырыбы: «Күй құдіреті, күйші тағдыры» (Ә. Кекілбаевтың «Аш бөрі» әңгімесі бойынша)
Сабақтың мақсаты: Ә. Кекілбаев -75 жаста. Жазушының өмірі өмірі мен шығармашылығын білу, оқып білу, ой түю, тәрбиелік жағын ұғыну. Шығарманы оқи отырып, адамгершілікке, ұлттық болмысты ұғынуға, өнерді құрметтеуге, өнер адамының шығармаларын дәріптеу. Көркем шығарманы оқытуға деген қызығушылығын ояту.
Білімділік: Қазақстан Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері Ә. Кекілбаевтың «Аш бөрі» әңгімесіндегі «Күй атасы –Құрманғазының» жан тебіренісін, күй шығару тарихын оқыта отырып, күйдің құдіретін, өнердің қасиетін ұғындыру;
Дамытушылық: Оқушылардың сөйлеу тілін дамыту, өз ойларын еркін әрі жатық жеткізе білуге дағдыландыру;
Тәрбиелік: Құрманғазы тағдырының кейбір тұсын аша отырып, күйдің шығу тарихын ұғынуға, ұлт мақтанышына айналған аңыз тұлғаның шығармашылығын түсінуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, талдау
Пәнаралық байланыс: тарих, өнер
Сабақтың көрнекілігі: слайд, видеоролик, жазушы портреті, суретті буклет, күйші портреті
Сабақтың жабдығы: әңгімедегі мәтіннің үзінділері, дәптер, интербелсенді тақта, бағалау қиықшалары, домбыра.
Сабақтың жүрісі:
І. Ой қозғау «Біз Әбіш жөнінде не білеміз?»
(Оқушылар осы өлеңдегі шығарма атауларының кімдікі екендігін тауып, оның өміріне, шығармашылығына қысқаша тоқталады.)
Армысың, асылым, көгімде Үркерім!
Өзіңмен дария –көңілім, күй –төрім.
Бас ием алдыңда, шыңырау -тереңім ,
Әр сөзің –шежіре, сөзіндей Күлтегін!
ІІ. Интерактивті тақтадан видеоролик көрсетіледі. Бұл видеороликте «Аш бөрі» күйінің ырғағында бөрінің қасиеттері мен болмысы көрсетіледі. Сол бойынша видеороликтің күй+күйші+бөрі тіркестеріне сәйкес келетіндігін табуы қажет.
ІІІ. Мәтінмен жұмыс (мәтінді оқу, талдау, жоспар құру)
1. Жолаушы атынан түсіп ауыздығын алды. Ерінің артындағы қара домбыраны шешіп, былайырақ апарып шөп үстіне тастады. Күн көзі қазір мейірлі. Қазір бар дүниені бауырына әкеп тыққан алдамшы сағым жоқ. Көкжиек көл-көсір шалқып, қашықтап кеткен. Тар қамаудан мынандай бостанға шыққан кісінің көңілі өсіп шыға келеді екен. Сібірге айдаларда қоштасуға келген ағайын-туманың ішінен шекелігі шығыңқы, бадырақ көз қара баланы көргенде өзінің Қазиы екенін таныды.
2. Жапан түзде жел өтінде қалған шіліктің суылы. Қапталдағы қабақ астынан шыққан аш қасқырдың ұлығаны… Кіжіне тиген сойылдың дік-дік дыбысы… Жылқы шұрқыры… Ию-қию көп дыбыс. Бұл соның бәрін құныға тыңдайды.
3. Жаңағы күйдің аты не?— деген ақ сүр шалдың сауалына:
Алатау,— деп асыға жауап берді, домбырасының құлағын қайта бұрап жатып.
Есіне елде жүргенде бір қызға тартқан күйі түсті. О да тап мына келіншектей ақсары еді, о да бұған шай ұсынып жатып, шәйі көйлектің жеңі сусып, жұмыр білегі жалаңаш қалғанда, жүзі ду ете қалған. Соңына сөз еріп, шетқақпай жүргенде түскен бейтаныс үйдің сұлу қызы құйған шайға көңілі өсіп, күй шығарып еді. Адал көңіл, тәтті шайға шыққан күй де тәтті болсын деп атын «Балқаймаң» қойған. Мына келіншек елден кеткелі жадына түспей, ұмыт бола жаздаған сол күйді есіне сап еткізді. Көрікті келіншекке көз жүгірте беруге именіп, мойнын төрге қарай бұрып алды. Балқаймақ десе балқаймақ дейтіндей тағы бір тәтті әуез төгіле жөнелді.
Есіміңіз кім?— деп сұрады ақ сұр шал.
Құрманғазы. Қара мұрт ондай да күйші бар ма еді дегендей, ақ сұр шалдың ауызына елеңдей қарады.
4. «Әттең осындайда бөрі де жолықпайды-ау»,—деп ойлады күйші. Есіне елде жүргенде жігіттерге қосылып бөрі қуғаны түстіКөмейі үнге тұншығып, кеу-кеулеген көп сойылдың алдына шығып, езінін «Аш бөрісін» бастайтын.
Аш бөрі, жүрген жерім қанды майдан,
Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.
Қазақта талай қатын ұл туғанмен,
Дәл мендей ұл табатын қатын қайдан!
5. Күйші көзі боталап көкжиекке қарап еді, даланы қан-жоса қып батып бара жатқан күнді көрді. Орнынан тұрып, қолына домбырасын алып, атына барды. Қоңырлыққа құныға тиіскен қара ат басын керенау көтерді.
Күйшінің көкірегінде тағы бір тосын саз қордаланып келеді.
ІV. Көрнекіліктермен жұмыс.
Әбіш Кекілбаевтың «Аш бөрі» әңгімесін осы үш суреттің көмегімен қысқаша баяндауға болады. Олай болса, әңгіме барысын негізге ала отырып, сұрақтар әзірлеңдер.
V. «Болжау» стратегиясы. «Ары қарай не болды?»
VІ. Қорыту, түйіндеу.
«Аш бөрі» әңгімесі – Құрманғазының Алатау баурайында домбырасын бөктеріп бір жортқаны, жолай кезіккен қоңыр үйге бір қонып, домбыраны бір шерткені. Жазушы бұл шығармасында Құрманғазының түрмеден құты¬лып еліне жол тартып келе жатқан көңіл-күйін суреттеген. Олай болса, бүгінгі сабақтан алған әсерін ашық әңгімелесу.
1. Шығарма несімен ұнады?
2. Автор не айтқысы келді?
3. Тағдыр+ күйші + күй деген тіркестерді қалай байланыстырар едіңдер?
4. «Өнер мен өмір –егіз ұғым» дегенді қалай түсінесіңдер?