Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
№10 орта мектебі
Арқалық қаласы
Патриоттық тәрбие – тәрбие негізі
Ұрпағымызды кеудесінде намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін өнегелі ұрпақ етіп өсіргіміз келсе, бар назарды келешек ұрпақ тәрбиесіне аударуымыз қажет. Қазіргі білімнің болашағы мол факторларының бірі – патриоттық тәрбие.
Заманауи ұлттық идеямызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға кеңінен жеткізу үшін бар күшті салған артықтық етпейді. Әр оқушының санасына, өмір салтына сіңген құндылық пен сенім «Мәңгілік Ел» орнатудың қозғаушы күші болары күмәнсіз.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік білім құжаттарында маңызды орынды патриотизм, патриоттық тәрбиеге береді. Патриоттық тәрбиенің мазмұны мынадай қасиетті қалыптастыруды көздейді: Отанын сүю және азаматтығын мақтан тұту; өз отанының болашағы үшін, мамандығы үшін қызмет ету, ана тілін жетік меңгеріп сүйе білу халқының салт – дәстүрін, ерекшеліктерін білу, дінге, тарихи мұраларға құрметпен қарау, өз отандастарына, сондай – ақ басқа ұлт өкілдеріне адамгершілік көзқарас білдіру.
Мектебімізде оқушылардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында патриотизм онкүндігі болып өтті. Сынып жетекшілер түрлі тақырыптарда ашық тәрбие сабақтарын, іс-шараларын көрсетті. Сабақ құрылымдары мен өзектілігінде «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Ұлы Отан соғысына 70 жыл», «Ассамблеяға 20 жыл», «Конституцияға 20 жыл» сынды мемлекетіміздің айшықты мерекелік даталары қамтылды.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған жолдауларының бірінде , «оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажеттілігін» ерекше ескерткен және олардың ең бастыларының қатарында «патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық» аталып өткен, сонымен қатар, «бұл құндылықтар меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс». Ендеше, патриотизм идеясы жастарға білім мен тәрбие берудің барлық бағдарламаларынан көрініс табуы керек, жалпы көпшіліктің де одан хабардар болғаны жөн.