Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы
№ 29 «Балауса» МдҰ ағылшын тілі мұғалімі
Есенаманова Жұлдыз Темірқызы
Баяндама
Тақырыбы: Ағылшын тілін ерте жастан оқыту
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге ерекше көңіл бөлінген, басты мақсат мектепке дейінгі білім беруді ұлғайту жолымен балалардың білім алуына бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету болып табылады.
14 желтоқсан 2012жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында: «Біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілдік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек.» деп айтылғандай, қазіргі қоғам мәселелерінің бірі тек қана экономикалық жағдайға бейімделген тұлғаны тәрбиелеу емес, сонымен бірге нақты заманға лайық белсенді жеке тұлғаны қалыптастыру.
Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес елдегі беделді тілдің бірі – халықаралық қатынастағы ағылшын тілі болып саналады. Ағылшын тілі – XXI ғасырдың тілі.
Ағылшын тілі біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Қазақстан Республикасының тәуелсіз елге айналып, әлемдік өркениеттің даму жолына түсуі, ағылшын тілін жетік меңгертуді талап етеді.
Ал ғалымдардың зерттеуінше, бала жас кезінде тілді қиналмай әрі еркін меңгереді екен.
Ағылшын тілін ерте жастан оқытудың мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың ағылшын тілінде қарым-қатынас жасай алу негіздерін меңгеруі болып табылады. Ерте жастан ағылшын тілін оқыту сәбилердің коммуникативті даму біліктілігін арттырады, қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді, бірден көп тілдерде сөйлеуге мүмкіндік алады. Ал, әлемдік тіл ретінде бейресми түрде орныққан ағылшын тілін меңгеру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түседі. Ағылшын тілінде қатынас жасау мақсатқа сай болуы тиіс. Баланың шет тіліндегі сөздерді қабылдауының оң ыңғайын жасау керек. Сол оң жағдай жасаудың бірден-бір тәсілі ойын болып табылады. Ойын- баланың білім-білік дағдысын қалыптастыратын тәрбие құралы. Мектепке дейінгі жаста ойын әрекеті жетекші әрекет екенін ескере отырып, балалар өзінің жеткен нәтижесін ертерек көру үшін ұйымдастырылған оқу-іс әрекеттерімді көбіне сөйлеу қабілетін дамытуға бағытталған ойын формасында өткіземін. Ойын тілді әр жаста тез меңгеруге өте жақсы жағдай жасайды әрі көмектеседі.
Балалармен жұмыс тәжірибесінде ағылшын тілін оқытуға бағытталған әртүрлі ойындарды кеңінен қолданамын: ережеге негізделген ойындар, рөлдік, білім тереңдету ойындары, лингвистикалық ойындардың әртүрлі нұсқалары. Ұйымдастырылған оқу-іс әрекеттерін ойын атмосферасының басынан бастап аяғына дейін сақталып қалуына бағыттап құрамын.
Ойын негізінен әртүрлі мақсаттармен қолданылады: кіріспе бөлімінде және сөздік қор мен шет тілінің модельдерін бекіткенде, сөйлеу қабілетін қалыптастырғанда; шет тілінде еркін қарым-қатынас жасау формасы ретінде. ҰОІӘ барысында ойынды қиындата отырып, міндетті түрде балаларға жетімді болуын қадағалау керектігін ескере отырамын.
Ағылшын тілін оқытуда ең негізгі орын фонетика екенін ескере отырып, фонетикалық әдісті белсенді қолдану маңызды екендігін ескере отыру қажет.Балаларды дұрыс айту жаттығулары шаршатпауы үшін және де ҰОІӘ көңілді әрі қызықты өтуі үшін фонетикалық жаттығулар ойын түрінде қолданылғаны жөн деп ойлаймын.
Жаңа сөздер енгізгенде 4-5 жастағы балалардың психофизиологиялық ерекшеліктеріне аса зор мән беріледі. Бұл жаста балалардың сөйлеуі сезім мүшелерінің заңдылықтарына бағынады. Ашық, түрлі-түсті көрнекілік кіші жастағы балаларды оқытудағы таптырмас көмекші болып есептеледі. Жаңа сөзді суретпен, немесе әсем көрнекіліктермен байланыстыра отырып түсіндірсе, оны белгілі бір іс-әрекетте қолданылып көрсетілсе бала өте тез меңгеріп кетеді. Ағылшын тілінің білім мен тәрбие беру үрдісіне енуі ең қарапайым ойын формаларында жүзеге асырылады: дидактикалық ойындар, драматизациялық ойындар, әуен және қозғалысқа негізделген ойындар. Әлемдік тәжірибе драматизациялық ойындардың дайындалмаған сөйлеу қабілетінің дамуына тигізетін әсерінің зор екендігін көрсетіп отыр. Драматизациялық ойындар мектепке дейінгі балалардың тілдік компетенттілігін жоғарылауына септігін тигізеді, тілді тезірек «сезінуге» көмектеседі, меңгеріп жатқан тілдің әдебиетімен , ағылшын тілінде сөйлейтін елдердің мәдениетімен танысуға өз үлесін қосады.
Ағылшын тілін оқытуды мектепке дейінгі мекемелерден басқа, отбасы ортасында да жүзеге асыруға болады. Бұл үшін педагогикалық білімнің болуы міндетті емес, жай ғана үй жағдайында балалармен дидактикалық ойындарды ұйымдастырып өткізу ғана жеткілікті, мысалы ас дайындау, немесе серуен кезінде белгілі бір заттарды ағылшын тілінде атауын қайталату. Мектепке дейінгі ұйымымызда ата-аналармен байланыста ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттеріне, ертеңгіліктерге, пікір алмасу мақсатында дөңгелек үстелге шақырылады, сауалнамалар жүргізіледі, ақыл-кеңестер және үйге жеке тапсырмалар беріледі.
Балаларды кәзіргі замандағы оқыту барысында , әсіресе шетел тілін меңгеру мәселелерінің бірі болып табылады. Шетел тілі қоғамдық өмірдегі қамтамасыз етудің құралы болуға, ол тек жоғары оқу орындарында, мектептерде ғана емес, сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балаларды оқытатын және тәрбиелейтін мекемелерде білім берудің негізгі міндетті компонентіне айналуда.
Шетел тілін ерте оқыту бүкіл әлемдік көп деңгейлі тілде және мәдениетке деген қызығушылықты туғызу үшін тамаша мүмкіндіктер жасайды, коммуникативтік тіл ерекшелігін дамытуға ықпал етеді, баланың ойлауына, танымына және есте сақтауына әсерін тигізеді. Бірақ мектеп жасына дейінгі балаларға тән шыдамсыздық, назар аударудағы тұрақсыздық, тез қажу сияқты теріс қылықтарын ескере отырып, ағылшын тілін ойын түрде өткізу керек деп есептеймін.
Қазіргі кезде алдында туған өзекті мәселе бұл жанжақты дамыған, көп тілді меңгерген шығармашылық тұлға қалыптастыру. Сондықтан да бүгінгі өскелен уақыт талабына сай білім беруді одан әрі жетілдіру мәселесі толассыз, үздіксіз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге жүрері анық. Мектепке дейінгі ұйымда берілген білім- барлық білімнің бастамасы, әрі жан-жақты дамыту түпкі негізінен қалайтын орын. Ағылшын тілін игертуде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады.