Басы » Қазақ тілі мен әдебиеті » ӘЛІ ТАЛАЙ ЖЫР БОЛЫП ЖАЗЫЛАРСЫҢ

ӘЛІ ТАЛАЙ ЖЫР БОЛЫП ЖАЗЫЛАРСЫҢ

aiaiАбдрашова Айнұр

№5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы(түзету)

мектеп-интернатының тәлімгері

Қызылорда қаласы

 ӘЛІ ТАЛАЙ ЖЫР БОЛЫП ЖАЗЫЛАРСЫҢ

9 ақпан Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған әдеби кеш

Мақсаты:

Білімділік – Оқушыларды М. Мақатаевтың өмір жолы, шығармашылығымен

таныстыру,  ақындық талантымен  таныстыру.
Дамытушылық – Мұқағали жырларын оқыту арқылы поэзия әлеміне, сөз

өнеріне  сүйіспеншілігін арттыру, көркем оқуға дағдыландыру.
Тәрбиелік — М.Мақатаев өлеңдерін оқи отырып Отанын, туған жерін, табиғатты

сүюге  тәрбиелеу.

Барысы:
І. Ұйымдастыру.
   Қайырлы күн, құрметті ұстаздар және оқушылар!
Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай,

Мына жұрттар неғып жатыр тойламай.

Банкет жасап бере едім өзім-ақ,

Тәңірімнің жарытпай-ақ  қойғаны-ай,- деп жырлаған қазақтың Мұқағалиының 9 ақпан- туған күні.

Қайтейін, айыптымын алдарыңда,
Айта алмаған сөзім бар, арманым бар.
Достарым, жаман ақын жазған жырдың
Тым құрыса, бір парағын аударыңдар.
-деп, өлеңін аманат етіп кеткен мақтанышымыз ақиық ақынымыз  Мұқағали  Мақатаев 84 жасқа келер еді. Бүгінгі әдеби кешімізді артына өшпес мұра қалдырған ғасырымыздың ғаламат ақыны М. Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастыруды жөн көрдік.
  І-бөлім:  «Ақын өмірі жайлы не білеміз?» Ақын өмірі жайында  фотолар  слайдтан көрсетіледі.
Жүргізуші:

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-нда тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші ту­ған күніне байланысты мынадай сөз айта­ды: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпан­да дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен». Азан шақырып қойылған аты – Мұхаммедқали. Кейіннен жеңгелері, ауыл әйелдері тілге жеңіл болсын деп Мұқағали атап кеткен Әкесі Сүлеймен- қарапайым шаруа- колхозда сушы, шалғышы болып істеген, анасының есімі  – Нағиман. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері — Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды.

Мұқағалиды сөзге, жырға үйреткен әжесі Тиын еді. Зеңгір көк тіреген шыңдар, Шалкөденің баурайы Мұқағалидың шабытына қанат бітірген, алтын бесігі. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады.

 Қуанышбеков Сағилат 7 «А»сынып оқушысы: «Неңді сенің аңсаймын бала шағым?»
 Мұқағалидің әкесі Сүлеймен 1941ж Калиниград майданында қаза табады Бұл уақыт жөннде

Мұқағалидың әжесі Тиын  «Әкесін ұрысқа аттандырып келгеннен кейін Мұқағали төрге жайылып жатқан көрпеше үстінде жер бауырлап, ұзақ уақыт жылап жатты деп еске алады.
Ержан7 «а» сынып оқушысы: Қалай сені жұбатам, аңыра Ана,
Сау қайт деп тәңіріңе жалын Ана.
Мына отырған иеміз құласа егер,
Саған жар, бізге әке табыла ма?!
… Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған,
Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.
Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,
Себебі ол үйімізден тірі аттанған.
Шешесі Нағиман қаршадай Мұқағалиға жете қабыл үш ұлымен жесірлік тауқыметін тартып қалды. Сол кездері Мұқағали жас та болса анасының бір жағына шығып, еңбекке ерте араласты.

ІІ  бөлім:  Шығармалары мен аудармалары. Ақын кітаптары слайдтан және арнайы ұйымдастырылған көрмеден оқушыларға таныстырылады.

 

Ақынның тұңғыш шығармалары  “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай”,  “Інімнің ойы”, “Шебер”атты өлеңдер болды.

Мұқағалидің “Ильич”, “Ақ қайың әні”, “Ару-ана”, “Мавр”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Қырандастар, қош болыңдар”, “Чили-шуағым менің”, “Шекарада”, “Большевиктер”, “Өмірдастан”, “Арман”, “Шолпан”, “Досыма хат”, “Алтай-Атырау”, “Отаным, саған айтам”, “Райымбек! Райымбек!”, “Қашқын”, “Жер үстінен репортаж”, “Моцарт. Жан азасы” атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған.

Мұқағалидің шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе терең жеткізуінде. Имандылық,ислам діні турасында “Я, Жаратушы Аллам”, “Сатқан емен”, “Дін-ғылымның анасы”, “Я, Алла”, “Бүкіл дүние мұсылмандарына хат”, “Адам қайдан жаралған”, “Жүрек арызы”, “Күн батты, міне, кеш кірді”, “Не керек, осы, адамға”, т.б. өлеңдер жазды. “Сатқан емен, сатпайтын дінімді мен”, “Мұхаммедтің үмбеті-мұсылманмын”, “Сайтанның да, күнәсіз періштенің, Бал мен уын талғамай неге ішкенмін. Періштенің қайғысын бөліспедім, Сайтанменен болса да келіспедім” секілді жыр жолдарында адам табиғатына сай тартыс, пенденің жан тылсымындағы жұмбақ қақтығыстар көрініс тапқан. Ол әсіресе тауды, қазақ ауылын көп жырлайды (“Тауда өстім”, “Тау бір аңыз”, т.б.). “Өлмесін деп берген ғой тауды маған, Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған”. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті. “Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген” дейді ақын. Мұқағали —  дәстүршіл ақын, ол өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағалидің поэзиясы ұлттық характерімен, мінезімен ерекшеленеді: “Су сұрасам, сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем”.”. Мұқағали адам жанының диалектикасына терең бойлап, оның болмысын шынайы бедерлейді (“Жапырақ жүрек-жас қайың”). Ол “Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы қажет. Поэзияда философ болу өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін “адам жанының инженері болып қалу” дегенді ұстанды

Ақынның шеберлігі өмірден өзін, өзінен өмірді көре білуінде. “Бүкіл менің жазғаным — бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма” дейді ақын. Мұқағалидің адамзат ғұмыры мен әлем сырын жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне қомақты мұра боп енді.

. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” деген бөлімін (1971 ж.), Шекспирдің “Сонеттерін” (1970 ж.), Уолт Уитменнің (1969 ж.) Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің бірнеше өлеңдерін аудардықазақ тіліне аударды.

Ақынның көзі тірісінде осы  аудармалары,сондай-ақ, “Ильич”, “Армысыңдар, достар”, “Қарлығашым, келдің бе?”, “Мавр”, “Дариға-жүрек”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Чили-Шуағым менің”, “Өмірдастан”  атты 8 жыр жинағы жарық көрді.. Ал Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері “Зов души” деген атпен орыс тілінде басылып шықты

Дүниеден өтер алдын “Реквием” атты толғау-өлеңін жазды.

Шығармалары өзбек, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған

ІІІ  бөлім:   «Жырлап өсем  Мұқағали  жырларын». Ақын қайтыс болғаннан кейінгі елімізде атқарылған жұмыстар туралы суреттерді слайдтан көрсетіп,түсіндіріледі.

Мұқағали Мақатаев 1976 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.Ақын қайтыс болғаннан кейін ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындады (1985), оған ҚР Мемлекеттік сыйлық (1999), “Ғасыр ақыны” атағы берілді. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражайы ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш бар. 1985 жылы Қазақстан Жазушылары Одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына М. Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды. Ал 2008 жылы М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды.

1999 жылы Мұқағалидың «Аманат» атты кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

 «Мен білетін Мұқағали». Замандас ақын аға-апаларының Мұқағали туралы пікірлері көрсетіледі.

Аламан бәйгеде оза шауып, өлең – жырда шашасына шаң жұқтырмайтын, талантты тұлға – Мұқағали ақынның өмір жолы әр – алуан, оны біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Мұқағали өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов, т.б. сазгерлер ән жазды. Сондықтан біздің парызымыз бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын поэзия да ғана емес өмірде де, күресте де, үлкен азаматтықпен қорғай білген М. Мақатаев мұраларын жаттап өту біздің парызымыз.
Феризат  8 «А» сынып оқушысы:
«Үш бақытым»

Қуандық 7«А» сынып оқушысы: «Мен таулықпын»
Ән: «Туған өлке». Дүрдона 8«А»сынып оқушысы

Бекзатхан  8 «А»сынып оқушысы: «Қара өлең».

Ән: «Қайран Жеңгем». Бекзатхан  8 «А»сынып оқушысы
Аружан 8«А»:сынып оқушысы: «Бесік басында»                                                                                                                                                                                                                                        
Ән: «Құттықтаймын мама, туған күніңмен!» Лаура 3 «А»сынып оқушысы

 Қорыту.
Батар күн, келер күн.

Атар таң, шығар күн.

Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын,

Осы мен осылай мәңгілік тұрармын,

Өлмеймін, сірә да, өлмейтін шығармын!,-деп, ақын өзі жырлағандай, артына өлместей етіп қаншама құнды мұра қалдырған кезде, ол мәңгі тірі боп қала бермек. Ал ол жайлы естеліктер жырлар толастамайды да.

Сондықтан «Әлі талай жыр болып жазыларсың» деп бүгінгі Мұқағали ақынға арнаған әдеби кешімізді аяқтаймыз. Жүрегімізден Мұқағали өлеңдері жойылмайды, ал көңілдеріңізге  ақынның «Наурыз-думанындай» көктемгі  көңіл-күй тілей отырып, әсем әннің толқуымен өздеріңізге келесі жүздескенше дейміз.
Келіп тыңдағандарыңыз үшін рахмет!

Ән: «Наурыз-думан!» Динара 9 «А»сынып оқушысы.

 

Соңы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *