Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі
Алматы облысы, Ақсу ауданы
Т.Тоқтаров атындағы орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығы
Орындаған: 5-сынып оқушысы Мұратқажы Ақерке
Тақырыбы: «Қазақ тіліндегі халықтық өлшем бірліктер»
Бағыты: Қазақ әдебиеті
Секция: «Этнопедагогика»
Ғылыми жетекшісі: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің доценті, филология
ғалымдарының кандидатыРысгул Адилхамитқызы
Жетекшісі: Бастауыш сынып мұғалімі Г.С.Түбекбаева
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ХАЛЫҚТЫҚ ӨЛШЕМ БІРЛІКТЕР
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі таңда әрбір халық үшін оның өткен өмірі, тарихы, болмыс-бітімі, салт-дәстүрі өте маңызды болып табылады. Сонымен қатар өткен заманда халық қолданысына енген тілдік ерекшеліктер де жан-жақты дамуымызға, мәдениетімізге, әдет-ғұрпымызға айтарлықтай әсер етті. Тумысынан қызығушылығы зор ата-бабамыз еш жазудың, кітаптың көмегінсіз-ақ өлшем бірліктерді ойлап таба білді. Неліктен біз өлшем бірліктерді халықтық өлшем бірліктер деп атаймыз? Өйткені дарындылығы басым халқымыз ұзындықты, салмақ-көлемді, мезгілді, ара қашықтықты, санды табиғат сыры, адамның дене мүшелері, төрт түлік мал, әдет-ғұрыпқа байланысты өлшеудің өзіндік ұтымды тәсілін ұсынды. Аршын, құлаш, түйе көш жер, ат шаптырым жер, сүт пісірім уақыт, бір қора қой, бір үйір жылқы, бір айдам жер, бір мая шөп, бір қарын май, түн ортасында, таң аппақ атқанда, бір құшақ, қол созым жер, бір табан жақын, сала құлаш жіп, таяқ тастам жер, бір елі, үш елі, аспан мен жердей, бір үзім нан, бір асым ет. Шындығында, қазіргі математикалық өлшемдердің астарында қазақ халқының ойлап тапқан өлшемдік атаулары жатыр. Бұл халықтық өлшем атаулары қазіргі таңға қалай жетті? Халық ауыз әдебиеті тәрізді ауызша, халықтан-халыққа, ұрпақтан-ұрпаққа тарады. Өткен өмірімізді, салт-дәстүрімізді бүгінгі ұрпаққа насихаттайтын өлшем атауларында төрт түлік малдың кездесуі тегіннен-тегін емес. Мәселен, түйе көш жер, ат шаптырым жер, қозы көш жер деп аталатын ара қашықтықты білдіретін өлшем атауларынан ата-бабамыздың төрт түлік малды қастерлеп, жауға шапқанда-көлік, жесе-тамақ, кисе-киім ретінде қолданып,өз пайдасына жаратқанын түсінеміз. Қазақ халықтық өлшем атауларының ұлттық-мәдени ерекшеліктеріне көңіл бөліп, олардың ортақ айшықтарын тауып, қазақ халқының рухани мұрасы болған халықтық өлшемдердегі құнды деректер мен мәліметтерді ғылыми түрде зерттеуге деген қажеттілік осы жұмыстың өзектілігін айқындайды. Бүгінгі таңда әрбір ұлт, әрбір халық етек-жеңін жинап, өз дүниесін өзі түгендеп жатқанда түрлі өлшем атауларын қалыптасқан математикалық қасаң атауларға сүйеніп қолдана бермей, халықтық қолданыстағы атаулармен атасақ нұр үстіне нұр болар еді.
Аннотация
Жұмыстың мақсат — міндеттері. Қазақ тіліндегі халықтық өлшемдердің ерекшеліктерін анықтап, мән-мағынасын айқындау; танымдық тұрғыдан зерттей отырып, олардың ұлттық сипатын ашып, халықтың ұлттық санасына, наным-сеніміне, тілдік табиғатына тереңірек үңіліп, жан-жақты зерттеуді жұмысымыздың басты мақсаты етіп белгіледік. Осы мақсаттың мүддесінен шығу үшін төмендегі міндеттерді шешу көзделді:
— құрамында ұлттық-мәдени компонеттері бар, қазақ тіліндегі халықтық өлшемдерді жинақтау;
— анықталған топтардан қазақ тіліндегі халықтық өлшем атауларының қолданыс аясын қарастыру;
— қазақ тіліндегі халықтық өлшем атауларының шығу тарихының дерек көздерін, мағыналық қалыптасуы мен даму заңдылықтарын зерттеу;
— қазақ тіліндегі халықтық өлшем атауларының қолданылу аясын айқындау.
Жұмыстың зерттеу нысаны. Тіліміздегі салмақ-көлем, ұзындық, және сандық өлшем бірлігіне жататын байырғы өлшем атауларының тақырыптық және қолданылу ерекшеліктерін анықтау.
Жұмыстың дереккөздері. Халықтық өлшем атауларына байланысты қазақ тіл біліміндегі тақырыпқа сай зерттелген түрлі материалдар мен сөздіктер, мәдени-танымдық ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалар және ғылыми зерттеу еңбектерінен қажетті мәліметтер алынды. Сондай-ақ, лексикографиялық деректер: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 1-10 т., 1974-1986; Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 2006; І. Кеңесбаев. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі,1977; Лингвистикалық сөздіктер: А.Салқынбай.,Е.Абақан. Лингвистикалық түсіндірме сөздік, 1998; Сүлейменова Э.Д. Тіл білімі сөздігі, 1998. Сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетінің нұсқалары, көркем әдебиет туындылары мен баспасөз материалдары негізінде жинақталған картотека.
Жұмыстың әдістері. Жұмыста сипаттау, жүйелеу, тақырыптық, талдау әдістері қолданылды.
Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден ,екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
1 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ХАЛЫҚТЫҚ ӨЛШЕМ БІРЛІКТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ СИПАТЫ
1.2. Қазақ тіліндегі халықтық өлшем бірліктер
Өлшем – бір нәрсенің көлемін,салмағын анықтайтын өлшеу бірлігі. «Халық айтса қалып айтпайды» дегендей халық өлшемі анық өлшем десек қателеспейміз. Өйткені оны ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы қолданып және сол арқылы өлшем негіздерін жасаған. Енді халық өлшемдерінің негізгі түрлеріне жеке –жеке тоқталайық. Мұны халықтың өзі белгілегеніндей, «салмақ өлшемдері, көлем өлшемі мен мөлшері, ұзындық өлшемі, қашықтық өлшемі, уақыт және мезгіл өлшемдері деп бөлуге болады [1, 56 б.].
Халықтық өлшемдер тым ерте кездерден қолданыла бастаса да, күні бүгінге дейін тіл қолданысынан шықпай өлшем мағынасындағы ұғымды бейнелеп, баяндаудың бір тәсілі болып саналады. Халықтық өлшемдерге байланысты Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Б.Қиянатұлы, Е.Аққошқаров және басқа көптеген ғалымдардың танымдық мақсаттағы зерттеулері мен ғылыми мақалалары жарық көрді.
Біз осы жұмысымызда қазақ тіліндегі халықтық өлшем атауларын төмендегіше топтарға бөліп қарастырдық:
- Салмақ өлшем атаулары
- Көлем өлшемдері
- Ұзындықты білдіретін өлшем атаулары
- Қашықтық пен жақындықты білдіретін өлшем атаулары
Ендігі ретте халықтық өлшем атауларының мағыналық топтарына жеке –жеке тоқталамыз.
- Салмақ өлшем атаулары Шығыс халықтарының көбісінде ең кіші салмақ өлшеміне арпаның дәні алынған. Түрік жазба әдебиеттерінде және соңғы жылдардағы зерттеулер нәтижесінде «арпа» дәні алтын мен асыл тастардың салмағын бағалауға арналған қазыналық өлшем ретінде қолданған.
Бір зат, нәрсе немесе құбылысты басқа бір зат, нәрсе, құбылыс арқылы тану, ажырату үшін алғашқы заттың түрлі белгілері, қасиеттері адам санасында бейнеленіп, жаңа туынды мағына жасалып, екінші бір заттың атауы пайда болады. Көлем өлшемдерін білдіретін бір қарын май, бір мес қымыз, бір саба қымыз, астау көже, бір табақ ет, бір түйір дән, бір қап астық, бір қап бидай, бір асым ет, бір үйір жылқы, бір қайнатым шай, бір ұрттам су, бір тілім нан, бір үзім нан, бір қап, ат төбеліндей сияқты құрылымдық үлгісі ұқсас тұрақты сөз тіркестері қолданыстық образында ата-бабаларымыздың дүниетануы мен қабылдауының тілдік үлгісіндегі тұрмыстық заттық мәдениетімен байланысты халықтың білім жүйесіне сүйенген ой-тұжырымдары мен мәдени мәнділіктері жатқаны айғақ. Әрине, көптеген халықтарда ерте кезеңдерде бүгінгідей метр, километр, килограмм, грамм, центнер, тонна сияқты нақты көрсетілетін салмақ-көлем өлшем бірліктері болмағандықтан, оның шамасын ыдыс-аяқтар мен салынатын заттардың шамасымен орай соның атауымен атап тілдік бірлік ретінде қолданылған. Адамның танымдық санасының тармақталуына сәйкес ыдыс-аяқтардың түрлі сұйықтық, ұсақ, шашылып-төгілетін заттарды сақтау, тасу, өлшеу сияқты қызметтерін атқаруда қолданылуына орай семантикалық белгілері ашылғаны белгілі. Осы жағынан алғанда өлшеу мағынасын білдіретін бір саба қымыз, бір қарын май, бір табақ ет сияқты өлшем мәнді тіркестердің нақты өлшемін білдіруден гөрі, шартты түрде көрсетуі басым. Қазақ халқының мәдени өзіндік ерекшелігіне орай, салмақ-көлем өлшемдерінің тілдік табиғатынан мағыналық қатынастарды аңғаруымызға болады. Салмақ-көлем өлшемдерінің дерлік көпшілігі өздері тұрған ыдыспен тікелей байланыста болғандықтан ыдысты микроконцептей отырып, ол құрайтын тілдік өріс аясына бір саба қымыз, бір табақ ет, бір қарын май, бір тегене сорпа, бір торсық айран, астау-астау көже, қап-қап бидай сияқты өлшем бірліктерін жатқызуымызға болады.
Халықтық өлшем атаулары халықтың күнделікті өмірімен, күн көрісімен, шаруашылығымен байланысты пайда болады. Олардың көпшілігі көшпенді халық үшін зор маңызы бар – жылқы шаруашылығымен байланысты. Жылқының дене мүшелері қатысқан өлшем бірліктері де баршылық. Мысалы, қазақтар ертеде қыстыгүні жауған қардың қалыңдығын: шашадан қар кешу, аттың қара тұяғынан келу, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан, аттың қабырғалығынан келу (биіктік, қалыңдық өлшемі) деген сөз орамдарымен жеткізсе, су тереңдігін ат бойымен өлшеген. Мәселен, аттың шашасынан, толарсақтан, тілерсектен, үзеңгіден, қабырғалықтан, ат кекілінен (құлағынан, бауырынан, бойынан) асады (келеді) деп мөлшерлеген. Кебіс басы қар — халықтық өлшем. Жұлықтан аса жауған, тобыққа таяу, кебіс басы батарлық қар.
Халқымыздың танымында шамадан тыс, азғантай көлем мөлшерді білдіргенде -дай, -дей, -тай,- тей,- жұрнақтарының жалғануы арқылы да болжам мәнді өлшемдік ұғымдар жасалынған. Мәселен, пұшпақтай, ұлпадай, алақандай. Салмақ өлшемдерін халық былайша жіктеген:
- Мысқал (1 гр);
- Қадақ (750 гр);
- Келі (1к);
- Пұт (16 кг);
- Батпан (100 кг).
Бұл өлшемдермен бірге халық салмағынан жер ойылғандай, түйеге жүк болғандай деген сияқты бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөз өрнектерін қолданып ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады.
Қадақ. Қадақ кей әдебиеттерде екі жүз граммға тең салмақ өлшемі. Мысалы: Әйелдердің жол-жорасын Ұлпан оң қолынан үлестірді: кілем, текемет, көрпе, киіз, бір-бір қадақ қашаннан жатқан қағаз шай …- бәрібір таусылар емес. Батпан. Бір батпанда 100 кг ауырлық болады. Мысалы: Бұт болдым деп мақтанба, онан да ауыр батпан бар. Бүкіл аяғым тұтасып, зіл батпан болып ауырлай түседі [2,383 б]. Мысқал. Мысқал- Шығыс елдеріне көп тараған салмақ белгісі. Мысқал бүкіл араб елдерінде, Индияда және Шығыс Африкада, Орталық Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Б.з. басында 780ж. жасалған шыны сауыттар табылған.
Табақ. Табақ – шамамен 12 орыс фунтына тең салмақ бірлігі. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аудандарында жиі қолданылған. Ол үлкен табақ 12-17 кг шамасында, кіші табақ 3,9-4 кг шамасында болып екіге бөлінеді. Қап. Қап – негізінен астық мөлшерін өлшеуге арналған салмақ бірлігі. Кейбір әдебиеттерде қаптың мынадай түрлері де кездеседі: тоқты қап-3 пұт немесе 48 кг, қой қап -6 пұт немесе 96 кг, торпақ қап -9 пұт немесе 144 кг. Пұт. Пұт – Салмағы 16 кг тең ауырлық өлшемі.[3, 21 б.]. Кірген бетте –ақ сиыр қорадағы ақырдың ішінен шөптің астына тыққан екі пұттай бидайды тауып алыпты [2,344 б.].
Тілімізде төмендегідей салмақ өлшемдері ұшырасады:
Титімдей, титтей
Тинақтай, тырнақтай
Оймақтай
Шүйкедей – ұршыққа ыңғай-ланып шиыршықталған жүн-дей
Бір жапырақ – бір жұлым
Бір жұтым – ауыз толтырып бір ішерлік (су, сүт, т.б.).
Бір шайнам – ауызға бір салар (тағам)
Бір тілім, үзім — өте жұқа, жарты бөлшек
Бір тартым – 1. Бір рет шегуге жетер шылым
- Көлге, өзенге бір рет ау салып тартқанда торға ілінетін балық мөлшері
Бір шөкім, бір шымшым, бір атым (насыбай) үш саусақтың ұшымен, бір қайнатым (шай) шымшып аларлық өлшем, бір мысқал (мысқал – 5 гр.)
Қадақ – 200 грамм (кейбір әдебиетте 400 гр.)
Бір шелек (су, сүт) – 10 литр
Бір торсық (айран) – 6-7 литр
Бір саба (қымыз) – 10-15 литр
Бір қап (ұн, қант) – 50-60 кг
Бір арқа (жүк) – 45-50 кг
Найза қап, қанар – 70-80 кг
Пұт – 16 кг, жуық
Бір құлақ су – 3- 4- текше метр
Батпан — әр елдің өлшемі әртүрлі.
Көлем өлшемдері . Ине жасуындай. Түйіршік. Түйір. Алақандай. Жапырақтай. Ат төбеліндей. Уыс – қол саусақтарын жымдастыра бүккенде шұң-қырайған алақан аясының іші, алақанға сиярлық мөлшер. Құшақ – қауышқан екі қолдың ішкі жағын қамтитын адамның алдыңғы иіні, қойын. Табақтай – жалпақ. Тулақтай – мал терісінің көлемі. Үй орнындай – киіз үйдің ішкі көлеміндей. Бір танап жер – гектардың алтыдан бір бөлігі. Бір мойын жер – жарты гектар. Бір айдам жер – бір гектар. Көлдей – өте көлемді, кең. . Ұлтарақтай – адам табанының көлемі.
Көлем өлшемдері бір заттың немесе малдың саны, көлемі мен мөлшерін, аумағын шамамен белгілейді. Мысалы: бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс, бір тілім (нан), бір түйір, бір қолтық, бір шүйке, бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ (үкі, тал), бір топ (адам), бір қарын, бір сандық, бір қалта тағы сол сияқты. Мал саны мен көлемін де осылай шамамен ажыратады. Яғни бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, оншақты, жиырма шақты… заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шынашақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген теңеу сөздер де қолданыла береді. Сұйық заттарға мөлшер сөзі қолданылып, оны мөлшерлеп есептейді.Халық қалыңдық өлшемін де ұмытпаған. Мұны олар көбіне жылқы қазысының жұқа, қалыңына қарай айтқан. Айталық бұлт, пышақ сырты, қылыш сырты (бұлар 3 – 5 мм шамасы), шынашақ елі, бармақ елі (бұлар 1–2,5 см), екі елі…, сере, табан (7–10 см) т.с.с. Табан елі. Халықтық өлшем Табан қалыңдығындай; көбіне жылқы қазысының өлшемі ретінде қолданалады.Басқа заттардың қалыңдығы да көбінесе елімен яғни саусақ қырымен өлшенеді. Оны елі дейді.
Кейбір көне салмақ-көлем өлшемдеріне мысал келтірейік:
1 көнек сүт – шамамен 6 –7 литр
1 шелек шамамен – 12 литр
1 қап шамамен 4 пұт – 50 – 60 кг
1 мысқал – шамамен 4,46 г
1 қадақ бидай – шамамен 19,47 кг
1 жамбы күміс – шамамен 6 кг
1 кез – шамамен 62 см
1 пітір бидай – шамамен 3 кг
1 ширек шай – шамамен 250 г
1 әшімөңке шай – шамамен 50 г
1 таймөңке шай – шамамен 25 г
1 қайнатым шай – шамамен 6,5 г
1 шөкім тұз – шамамен 12,5 г
1 қазық бойы – шамамен 3 метрдей
1 көген – шамамен 25,5 м
1 бұршақ – шамамен 3 – 4 сүйем
1 сүйем – шамамен 18 см
Қалыңдық мағыналы сөздер: пышақ сырты, қылыш сырты. Бұлар жұқа, бір еліден аз деген мағынада, шамамен 3-5мм. Осы тәрізді сере, қазы, екі елі, үш елі, бес елі 7-10 см, сондай-ақ шынашақ, елі, бармақ 1-2.5 см –ге тең қалыңдық мағыналы сөздер бар. Мысалы: Жаясының майы тап бір елі шықпаса, мұрнымды кесіп берейін [4,365 б.]. Қазақ тіліндегі көлемдік өлшемдерді білдіретін тұрақты сөз тіркестері негізінен бір деген сан есімнің көмегі арқылы жасалатындығын аңғарамыз. Мұндағы бір сөзі әрі сандық, әрі мөлшерлік ұғымды екі жақтап бейнелейді. Мысалы, бір қора жан, бір қора қой,- дегеннен бір сөзін алып тастаса, қора жан, қора қой,- болып, мүлдем түсініксіз болып қалар еді. Бір сөзі арқылы жасалған тұрақты сөз тіркестері негізінен, бір ғана ұғымға телінді болып, белгілі бір ғана сөзбен жұпталып қолданады.Егер бір сөзінің көмегінен жасалған тұрақты сөз тіркестерінен көптік ұғым жасағымыз келсе, онда бір сөзін алып тастап, тіркескен алдындағы сөзінен қайталама қос сөз жасасақ, көптік ұғым пайда болады. Мысал: қазан-қазан ет, қарын-қарын май, қап-қап, үзік-үзік, шелек-шелек, өрім-өрім, — деп көптік ұғым туындата аламыз. Ал қалғандарынан мұндай жолмен көптік ұғым жасай алмаймыз. Мысалы, қора-қора жан, ілім-ілім май деп қолдан алмаймыз. Мұның өзі аталған сөз тіркестерінің ешбір бұлжымай тұрақты сөз тіркестері екендігін дәлелдейді. Тілімізде өлшемдік ұғымды білдіретін өзге де тұрақты тіркестердің мол қоры бар. Мысалы,сыңсыған қалың орман, мыңғырған мал, қара құрттай қаптаған жұрт, жер қайысқан қол, самсаған сары қол, алалы жылқы, ақтылы қой, айдын-шалқар көл, кең байтақ дала, көл-көсір дүние, ағыл-тегіл молшылық, шаш етектен, жапан дала, құла дүз, он сан ноғай, тоғыз жолдың торабы, қыран топан күлкі, ду күлкі, т.б. Бұлардың бәрі де көптік ұғымды білдіре отырып, бейнелі образ жасай алады. Сонымен, салмақ-көлем өлшемдері туралы қорытындылай айтқанда, шашылып төгілетін және сұйық заттардың салмақ-көлем мөлшерлерін анықтауда халқымыздың өзіндік ментальдық дүниетанымына сәйкес килограмм, грамм, милиграмм, литр сияқты нақты өлшем бірліктері қалыптаспаған кездің өзінде-ақ, солардың көлем мөлшерлерін өздері күнделікті тұрмыс тіршілігінде қолданған ыдыс-аяқтары мен түрлі зат, нәрселерінің пішіндік, сыйымдылық қасиеттерінен-ақ таба білген. Қанша ғасырлар өтсе де бұл танымдық дүниелер атадан балаға мұра болып, тілдегі сөздер мен тіркестер арқылы бізге жетіп, халқымыздың өз заманындағы ойлау жүйесі мен дүниетанымынан мәлімет береді.
- Ұзындықты білдіретін өлшем атаулары
Халық өлшемі ғасырлар бойы қалыптасқан қажеттіліктен пайда болған тілдің көмегімен,бейнелі тәсілмен дүниеге келген, реалды өмір құбылысы іс-әрекетпен тікелей жалғасты,олардың күнделікті істерінде, қатынастарында болды, оларды атау сөздермен бекітті.
Қазақтың өткен өміріндегі мәдениетінен мол мәлімет беретін арқан, құрық, қамшы, найза, оқ сияқты құрал-саймандарды ата-бабаларымыз өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде негізгі қызметімен қатар, өлшеу қызметінде де кеңінен пайдаланған. Бұл тек қазақ халқы үшін емес, сонымен қатар, түрік халқының тілінде де, көрініс тапқан. Осыған орай, қазақ және түрік халықтарының тілдерінде арқан бойы, найза бойы сияқты өлшемдік мәнге ие болған номинативтік тіркестер қалыптасқан. Мұнымен бірге, халқымыз дене мүшелерін де ұзындық өлшемі ретінде қолдана білген. Соның негізінде тұтам, қарыс, кере қарыс, сүйем, сере қарыс, қары, құлаш, адым, қадам-қарыс, уыс, аяқ, табан, кез, аршын дегендер өлшем құралы ретінде жұмсалған
Қазақ тілінде де ұзындық, биіктік, қалыңдық өлшем атаулары осы дене мүше атауларының негізінде дамып қалыптасқан. Олар: қар, қарыс, қарыс сүйем, сере қарыс, кере қарыс, жырта қарыс, ат шаптырым, бір шақырым, аспан мен жердей, бір құшақ, елі, аршын, шынтақ, табан, бармақ, құлаш, сүйем сияқты өлшемдік мағынадағы сөздер бар.
Қарыс – бас бармақ пен ортаңғы саусақтың аралығымен өлшенетін ұзындық өлшемі .
Ұзындық өлшемін білдіретін қарыс атауын өлшемнің құрамдас бөлшегі ретінде тануымызға болады. Бұған негіз ретінде қарыс атауын құрайтын өлшем бірліктері өзара парадигмалық қатынаста жырта қарыс, кере қарыс, сере қарыс, қарыс сүйем, қарыс-қарыс, сүйем-сүйем, қарыс жер, аузы алты қарыс, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс сияқты сөздер кездеседі.
Бас бармақ пен ортаңғы саусақтың жай ғана созылуын — қарыс, ал бұл екеуінің барынша керіле созылуын кере қарыс дейді. Ал, сере қарыс – бас бармақ пен шынашақтың арасы. Мысалы, Қартайғандықтың белгісі болар, қарыс жер мұң болып, баламның үйіне жете алмай отырмын [ 5, 204 б.].
Қысқасы, қарыс атауы – ежелгі өлшемдік бірліктер ішінен ең кең тараған аса танымал өлшем бірлігінің бірі. Қарыс этнос танымында өте танымал өлшем бірлігі болуымен қатар, басқа тіл бірліктерімен тіркесу қабілетінің ерекшеліктерін және мағына өрісінің дами отырып, сыбайластық байланысқа кең көлемде түскені белгілі болды. Қазақ арасында кең тараған өлшемнің бірі – елі. Бір елі ауызға екі елі қақпақ. Тіліміздегі елі атауынан тараған бір елі, екі елі, үш елі, төрт елі, қыл елі, шынашақ елі, пышақ сырты, бармақ елі, жарты елі, ала бұлт қазы, табан елі сияқты тіл бірліктерінің мазмұнынан ұлт танымындағы өлшем жүйесін ешкімге ұқсамайтын тілдік ерекшелігі деп қарай аламыз.
Елі – сұқ қолдың еніне тең ұзындық бірлігі (шамамен 2 см) [3;324 б.].Мұнда өлшенетін заттың үстіне қолды салып, оған сұқ қолдан бастап шынашаққа дейін қанша саусақ орналасқанын анықтайды, қатар орналасқан 4 саусақтың ені төрт елі деп аталады (шамамен 7-8 см).
Яғни «Елі – саусақтың жалпақтығындай, екі елі – екі саусақтың жалпақтығындай қалыңдық».Елі – сөзін көбінесе халықтық өлшемі ретінде жылқы малының қазысының қалыңдығын нақтылауда қолданылған. Сол арқылы қазының арық не семіз екендігін білдірген. Сондай-ақ, қазақ тілінде төбесі көкке екі елі жетпеу тұрақты сөз тіркесі «қуану» мағынасын аңғартса, ал көзінен бір елі таса қылмады тұрақты сөз тіркесінде «қасынан қалдырмай, қарап жүрді» деген мағынаны ғана аңғартып қана қоймайды, басқа да ауыспалы мағынаны аңғартады. Бұл атаулар қазақ танымында соғымға сойылатын жылқы малының қазысының қалыңдығын өлшеумен байланысты қолданылады. Сондай-ақ, тілінген тақтай қалындығын өлшегенде де еліні жиі пайдаланады. Мысалы, екі елілік тақтай, үш елілік тақтай, т.б.
«Еліні қолданғанда өлшенетін дененің үстіне қолды салып, оған сұқ қолдан бастап, шынашаққа дейін қанша саусақ орналасқанын анықтайды, қатар орналасқан төрт саусақтың ені төрт елі деп аталады (шамамен 7-8 см). Мәселен, кейбір жерлерде бас бармақтың енін қатар қойылған алты арпа дәнінің еніне сәйкес алып отырған»,-деп жазады Е. Аққошқаров. Мәселен, ойластырып барып сөйлеу керектігін, өз аузына ие болу мағынасында «бір елі ауызға екі елі қақпақ» сияқты астарлы оймен бейнелеп жеткізетін тұрақты тіркестерді дүниеге әкелген. Тілімізде «қуану, абырой, беделге ие болу» мағынасын білдіру де елі атауының қатынасымен жасалған төбесі көкке екі елі жетпеу тұрақты сөз тіркестері бар екен. Ұзындық өлшемін білдіруде бірден-бір көп қолданылатын сөз – құлаш. Құлаш – иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының арасы[3;455 б.]. Құлаштың адамзат өмірінің өткен кезеңдерінде басқа елдермен сауда-саттық жасауда, өзінің тұрмыс-тіршілігінде, бір нәрсенің ұзындығын өлшеуде өте қолайлы, ыңғайлы, көп қолданылатын өлшем бірлігі екенін байқауға болады. Қазақ тілі танымында ара қашықтық шамасын анықтауда салыстырмалы түрде құлаш созым жер деп тиіп тұрған жақын жерді бейнелеп көрсетеді.
Ұзындық өлшемін білдіретін атаулардың тағы бірі – аршын. Сөздікте аршынға – «метрге тең өлшем, кез» деп түсіндірме берілген. Жалпы, бұл атау парсы тілінен түркі және славян тілдеріне енген. Ғалым Е. Аққошқаровтың айтуынша: «Парсы тілдерінен енген бұл өлшемнің дәл мағынасы – «шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі аралық»,- деп көрсетеді екен. Тілімізде аршын атауымен қолданылған аршынтөс сөз тіркесі бар. Оның білдіретін мағынасы – «төсі жазық, кеудесі кең». Бұл тіркес көбіне көркем шығарма тілінде әдемілікті, сымбаттылықты, сұлулықты сипаттау мәнінде көп қолданылады.
Тілімізде ұзындық, қашықтық өлшемін білдіретін бірден-бір атау – адым. Адым – жүру кезіндегі екі аяқтың аралық қашықтығы, қадам. Мәселен, орнатылған ағаштардың аралық қашықтығын ол қадамдап өлшеп берді. Адым атауы ерте кездердің өзінде-ақ көптеген түркі тілдерінде «жүру, қозғалу, аяқ басу» мағынасымен қатар ұзындық өлшемі ретінде жұмсалатыны туралы зерттеу еңбектерінде көрсетілген. Тілімізде адым сөзінің екінші бір варианты ретінде қадам атауы да қолданылады. Жалпы, бұл екі сөздің білдіретін мағынасы бірдей. Мәселен, адым, қадам атаулары ауыспалы мағынада «бірнәрсенің бағыты, бағдары, бет алысы» деген мәнде қолданылып, соған орай халық ұғымында қадамдары құтты болсын, қадамыңа гүл бітсін, қадамдарына нұр жаусын деген ақ тілектер мен ниет-көңіл мәніндегі тіркесімдерді қалыптастыруға септігін тигізеді екен. Өлшем мәнді адым атауымен қалыптасқан тіркесімдердің бірі – қарға адым жер. Бұл тіркесімдердің барлық зерттеулер мен сөздіктердегі білдіретін мағынасы – жақын жер. Бұл тілдік бірлік ауыстыру тәсілі арқылы жасалған. Қадам, адым атаулары туралы қорытындылайтын болсақ, бұл атаулар ежелден түркі, қазақ тұрмыс-тіршілігінде ұзындықты, қашықтықты өлшеуде белсенді қолданылып, өлшеу құралы қызметін атқаруына байланысты белгілі болған. Тіліміздегі ұзындық өлшемін білдіретін қар, қарыс, кере қарыс, сере қарыс, табан елі, адым, қадам, құлаш атаулары алғашында дене мүшесінің қызметін атқарса, қоғамның даму сатысында қажеттілік қызметі артып, адам қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында өлшеу қызметінде жұмсалады.
Саржын-арасы үш кезге немесе 2 метр 13 сантимерге тең ұзындық өлшемі. Танап-арабша жер өлшейтін ұзын арқан.
Тепе — жер өлшеу кезінде қолданылған көне аудан бірлігі. ол шамамен екі шаршы шақырымға тең. Тұтам – алақанның, таяқ немесе арқанды ұстап жұмылған жұдырық өлшемі
[3; 786 б.] Тұтам – зат. Бес саусақпен тұтқандағы көлемге шамалас, яғни 4-5 еліге тең ұзындық өлшемі. Қазақ тілінің сөздігінде: «Тұтам – бүгілген саусақтар мен алақан арасындағы жұдырық бойы қуыс кеңістік, уыс». Тұтам тобылғы, тұтамдай сары мүйіз, тұтамдай кестіріп, тұтам күміс тіркестерінде мөлшер мағынасында қолданылса, кей өлеңдерінде сан есімдермен тіркесіп, бір тұтамын, бір-ақ тұтам жер түрінде қолданылып, нақтылықты білдірген.
Сүйем – зат. Ұзындық өлшеуі, бармақ пен сұқ қол аралығы [3, 899 б.] . Ғалым А.Қ. Тұрышев бұл сөздің мынадай варианттары бар екенін көрсетеді: «қарыс сүйем – бас бармақ пен сұқ арасы, кере сүйем – үлкен және сұқ саусақтың бүгілу арақашықтығы, сынық сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақтың бүгілу ара қашықтығы».
Қадам – адам адымына тең ұзындық бірлігі. Яғни адамның жүру кезіндегі екі аяғының аралық қашықтығын танытатын өлшем. Кейбір мәліметтерге қарағанда, қадам 60-70 см шамасында болғанға ұқсайды. Араб-парсы тілінде қадам – адым, аттам, бір адым алшақтығы. Қадам — бір адым деген мағынаны береді. Екі жүз сексен құлаш, сексен құлаш, жетпіс құлаш, қырық бір құлаш, қырық құлаш, он құлаш, бес қадам, бір қадам, қырық қадам, жүз жетпіс қадам, жалғыз қадам т.б. Шақырым – ұзындық өлшемі ретінде ертеден бері қолданылып келе жатқан атау. Бұл түркі және қазақ халықының таным түсінігі бойынша бірдей қалыптасқан, мағыналық жағынан да бірдей болып келетін арақашықтық өлшем мәнінде қолданылатын этнографизмдік атаудың бірі -шақырым. Сан ғасырлар бойы шақырым ұзақ жол қашықтығының тұрақты лексика-семантикалық атауы ретінде қолданыста болды. Қазір де көбіне осы қашықтық атауын сан есімдермен тіркестіріп, үнемі қолданамыз.
Әудем жер– көшпелі өмірдің қажеттілігінен туындаған қашықтық өлшемінің ішіндегі сирек қолданылатын түрі. «Әу» деп айқайлағанда дауыс жететін, естілетін жер, яғни жақын жер деген мағынаны аңғартатын тіркес. Сонымен қатар, қазақтың өткен өміріндегі мәдениетінен мол мәлімет беретін арқан, құрық, қамшы, найза, оқ сияқты құрал-саймандарды ата-бабаларымыз өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде негізгі қызметімен қатар, өлшеу қызметінде де кеңінен пайдаланған. Қысқаша айтқанда,
Ұзындық өлшемдері:
Елі — 1,5 сантиметр
Тұтам, сынық сүйем — 14–15 сантиметр
Сүйем — 17–18 сантиметр
Қарыс — 20–22 сантиметр
Қазақ халқы үшін «үш» саны «құпиялы, киелі» деп есептелген. Соның негізінде, халық түсінігі бойынша, дуа оқып, дем салғанда үш күн оқыған. Киелі ораза айт күндері де «үш» күннен тұрады. Халық аз ғұмырды «үш күндік дүние (өмір)» деп білген. Сондай-ақ қамшының сабындай келте ғұмыр деген де қолданыс бар.
ҚОРЫТЫНДЫ
Кез-келген халықтың ойлау ерекшелігі оның ұлттық тілінде көрініс табады. Қазақ тіліндегі өлшем атаулары танымдық тұрғыдан зерттеліп, халықтың рухани мәдениеті, наным-сенімі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің бейнесі айқындалды. Сондай-ақ, қазақ тілінде жазылған көркем шығармалардың бәрінде де метрикалық өлшемдерден гөрі, халықтық өлшемдерді қолдану дәстүрі үстем болғандығы белгілі. Өркениет табиғатының алғашқы қадамының бірі – халықтық өлшем. Халықтық өлшем адамның айналадағы құбылыс пен заттардың алыс-жақындығын, ауқымын, көлемін, мөлшерін, жылдамдығын, уақыт мөлшерін, аласа-биіктігін, кең-тарлығын т.б. жағдайын шартты түрде болса да анықтауға арналған, оларды ғасырлар бойы қолданған. Одан кейін барып адам санасының бірте-бірте дамуының арқасында бір жүйеге келтірілген, дәл өлшемді беретін метрикалық өлшем дүниеге келді. Бұл адам баласы санасының жемісі десек қателеспейміз. Жалпы алғанда, ұзындық, қашықтық, салмақ-көлем, уақыт, сандық өлшем бірліктеріне талдау жасай отырып, математикалық ойлау жүйесі мықты дамыған қазақ халқының сахарада жүріп-ақ күн мен жер, ай мен жер, шексіз де шетсіз алыс елдердің ара қашықтығын көзбен көріп, түйсікпен-ақ өлшегендігі көрінеді. Халықтық өлшем атаулары тым ерте кездерден, ғасырлар бойы қолданыла бастаса да, күні бүгінге дейін қазақ және түрік тілдерінде, тіл қолданысынан шықпай, өлшем мағынасындағы ұғымды бейнелеп баяндаудың бір тәсілі болып саналады.
Тілдегі халықтық өлшем атауларында әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы, әдет-ғұрыптары жатыр. Бұған дейін өткен заманнан халқымыздың өзі танып білген ұғым, түсініктерге таққан атауының негізсіз емес екендігі туралы жалпы пайымдаулар кездескенімен, осы зерттеу барысында нақты өлшем атауларының тікелей халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрімен байланысты екенін ұқтық. Қазақ таным-түсінігінде уақыт пен кеңістіктегі нысандардың ұзындығын, ара қашықтығын, салмақ, көлем, өлшемдерін қарастырдық. Алдағы уақытта сандық, уақыт арақатынасын бейнелейтін сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін зерттеп, қарастыратын боламыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Кенжеахметұлы С. Жетi қазына.1кітап,2 кітап. — Алма-Ата: Ана тiлi, 2003.-136 б.
- Мұратбеков, С. Жабайы алма. Повесть/Сайын Мұратбеков.- Алматы:Атамұра, 2002.- 400 б.
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.Алматы:Ғылым,1974–1986жж.1-10 том
- Мүсірепов Ғ. Таңдамалы,Үш томдық. — Алматы: Жазушы, 1980.- 584 б.
- Жансүгіров І. Бес томдық шығармалар жинағы. 3 –том. — Алматы: Жазушы, 1987.- 344б.
- Ақтаева Г. С. Қазақ және түрік тілдеріндегі халықтық өлшем атауларының этнолингвистикалық сипаты ф.ғ.к… дисс. – Алматы, 2009-126
- Қайдар Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ана тілі. – 1998. – 304 б.
- Күркебаев К.Қ. Қазақ тіліндегі өлшемдік атаулардың этнолингвистикалық сипаты.ф.ғ.к…дисс. – Алматы, 2003. -126 бет.
- Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. –800б.
- «Қазақстан» ұлттық энциклопедия. Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы, 2004. – 696 б. 6-т. б.