Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласы «Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сағымбаева Әсел Серікқызы
«Бүгін менің туған күнім» (Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық кеш).
Кештің жүргізілу барысы:
Интербелсенді тақтадан слайдты көрсете отырып, ақынның «Арыз жазып кетейін» әнін тыңдату.
Сахнаға 10-сынып оқушысы Әкімбеков Елдос шығып «Арыз жазып кетейін» өлеңін мәнерлеп оқиды.
1-жүргізуші:
Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін,
Ермек үшін немесе өлмеу үшін.
Жазсам, жазам жырды мен жасырмаймын,
Жаралы жүректерді емдеу үшін.
2-жүргізуші:
Өлмеу үшін, құлқыңды жемдеу үшін,
Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.
«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»,
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін.
1-жүргізуші:
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден,-деп Абайша жырлаған ақиық ақын М.Мақатаев небәрі
45-ақ жыл өмір сүрді. Өртке тиген дауыллдай өжет өлеңдерінен артына өшпес із қалдырды. Тірі болса, биыл ақпанның тоғызында 84 жасқа жеткен болар еді… Әттең, қамшының сабындай қысқа ғұмыр-ай…
Ақынның өмірі мен шығармашылығынан мәлімет беретін мына бір бейнебаянға назар аударуларыңызды сұраймыз.
2-жүргізуші:
Армысыздар, құрметті өнер сүйер қауым! Мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен өткізгелі отырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Бүгін менің туған күнім» атты әдеби-музыкалық кешке қош келдіңіздер.
1-жүргізуші:
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар және қонақтар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали атамыздың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.
2-жүргізуші:
Мұқағали атамыз-ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.
1-жүргізуші:
Мұқағали Мақатаев поэзиясы-өзінің табиғи, қазақы болмысымен, кіршіксіз сезімталдығымен, нәзік мөлдірлігімен ерекшеленетін қазақ поэзиясының сәулелі құбылысы.
«Қазақстан», «Қазағым-ай» өлеңдерімен 4-сынып оқушылары Базархан Талшыбық пен Сейітбекова Аяулымды қошеметтеп қарсы алыңыздар!
2-жүргізуші:
Қақпақ жауырынды, иықты да бойшаң денелі ақынның нәзік жүрегін қинаған сәттер көп. Перзенттің қазасы, достың азасы, тіршілік назасы…
1-жүргізуші:
«Мұғалима бізге бақыт туралы шығарма жаздырды. «Бақыт» дегеннің не екенін мен қайдан білейін».
Мұқағали атамыздың сөзіне жазылған «Бақыт деген не?» әнімен 8-сынып оқушылары
Алина мен Жанияны қошеметпен қарсы алыңыздар.
1-жүргізуші:
Ең бірінші бақытым — халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ия, осынау қарапайым қара өлеңде қанша құндылық, қанша ұлылық жатыр десеңізші! Сірә, Мұқағали ағамыз «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп өмір сүрген сияқты.
«Үш бақытым» өлеңімен 4-сынып оқушысы Әкімбекова Жаннаны қарсы алыңыздар
2-жүргізуші:
«Сүйікті балаларым менің,- дейді ақын өз күнделігінде. Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды…
Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашан да өз қалыптарыңда қалыңдар! Әрдайым сақ болып, әрдайым өздеріңді қорғай біліңдер! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені».
1-жүргізуші:
50 жылдардың аяғы болса керек. Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында тұратын ағалы-інілі талантты ақындар Мұқағали мен Еркін Ібітановтың жаңадан көріне бастаған кезі екен. Бірде екеуі ауыл шетінде тоқайласып, сусын-сырасын ішіп дегендей бой жазып отырады. Біріне-бірі жаңадан жазған өлеңдерін оқиды. Бір сәт тау тұлғалы Мұқаң Еркін інісіне қарап: -Әй, бала! Осы ел екеуіміздің үлкен ақын болатынымызды білмейді-ау. Мен өлеңіме сенемін. Ол мені көкке көтереді. Күндердің күнінде осы Қарасаз менің атыммен аталатын болады. Ал сен жаман ақын емессің. Сәл жалқаусың. Саған қайсы ауылдың атын берсем екен?-дейді ғой балаша аңқылдап. Сонда Еркін орнынан сүйретіле тұрып әзілдеген екен.
-Мұқа, сізге Қарасаз лайық болса, маған ауданның аты да жетіп жатыр ғой.
Ақын інісінің тапқыр әзіліне риза болған Мұқағали оның арқасынан қағып, сусынын ішіп қоюға рұқсат етіпті.
2-жүргізуші:
« Жыр басы Қарасаздан басталған Мұқағали бүгінде ән болып аспанда қалықтап, жыр болып жұлдыздармен сырласып, сонау аспан әлемінде шырқап барады . Мұқағали жырларының тақырыбы әр алуан. Әр өлеңінің өзі – жаңа дүние. Ал табиғат аясында туып — өскен әрбір ақынның бұл тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жердің, оның табиғатын жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Мұқағалидың да өзі туған жері мен еліне арналған өлеңдері қаншама.
« Туған өлке » әнімен 8б сынып оқушысы Бақыт Мадинаны қарсы алыңыздар!
1-жүргізуші:
Бірде ақын Мұқағали Мақатаевты Жазушылар Одағына шақырып алып, секретариатта тәртібін талқылап, жан-жақты жабыла жамандап, Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарып жібереді. Қатты ренжулі Мұқағали жоғары қабаттан төмен түсіп келе жатса, алдынан Бауыржан Момышұлы кездесіп қалады. Сонда Мұқаң:
-Аға-ай, Москваны немістерден қорғағанда, жалғыз ініңді жазушылардан қорғауға жарамадың-ау!- деген екен.
2-жүргізуші:
Мұқағали Мақатаевты Нұрғиса Тілендиев былай деп еске алады: «Сол барғанымызда Баукең өзінің соңғы кезде жалғызсырап жүргенін, әсіресе майдандастарының азайып бара жатқандарын айтып, көп әңгіменің басын қайырды. Батыр ағаның ақтарыла сыр айтатын кезі аз болатын. Бір қызығы, әншейінде, әңгімешіл, кім-кіммен де тіл табысып сөйлесе беретін Мұқағалидың Баукең үйіне барғаннан кетер-кеткенше амандықтан өзге бір ауыз сөз айтпай, үн-түнсіз отырғаны болды. Содан Баукең үйінен кештеу қайтты. Жол бойы да әңгімелесуге зауқы соқпады. Келген соң мен бірден демалуға жатып қалдым. Таңертең тұрсам, Мұқағали мүлдем ұйықтамаған. Үстел басында отыр. Көзінде жас, қолында қалам.
-Нұреке, тыңдашы,-дейді. Тыңдадым. Бұл Бауыржан Момышұлына арналған өлеңі еді».
«Бауыржан Момышұлына» өлеңімен 8-сынып оқушысы Нұрсұлтанов Санжарды
қарсы алыңыздар.
1-жүргізуші:
Адамзат пен табиғаттың
Таусылмайтын қорегі.
Қайырымсыз қара тас та
Өз жемісін береді.
Құл болмаспыз, құндақтайық,
Әлдилейік бәріміз,
Тыныштық деп аталатын
Сәби өсіп келеді.
«Сәби болғым келеді» әнін қабыл алыңыздар. Орындайтын мектептің даярлық сыныбының оқушысы- Сейітбек Бекжан.
2-жүргізуші:
Алғашқы жыр жинағы жарыққа шыққанда 33 жаста болған Мұқағалидың небәрі
12 жылдық өмірі қалған-ды. Соны сезіп білгендей ақын жүрегі алабөтен асығады.
Қай күні менің тәмамдалады дастаным?
Бітпесе екен, жаңада ғана бастадым… – деп жанұшыра үн қатады.
Үлкен қалада үйсіздік пен күйсіздіктің қиыншылығын тартуына, қызметінің жиі ауысуына қарамастан, Мұқағали «алауыртқан таңдардан, қарауытқан таулардан, бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан, шырақтардан, оттардан, жалаулардан, тіпті жоғалған замандардан да» өзі тағат таппай іздеген поэзияға деген, шексіз махаббатына деген адалдығына тұрақтылығын сақтап қалды.
«Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені, сезесің бе, неге іздедім?» деп поэзиямен егіз жаратылған ақын кие жырдың шапағатына бөлене білді, сол жырларымен бүкіл қазақтың жүрегінің түкпірінен орын алды, жыр сүйер қауымның піріне айналды.
«Поэзия». Орындайтын- 8-сынып оқушысы Әбілқан Ілияс.
1-жүргізуші:
Ақынның туған жеріне арналған өлеңдерінің бірі «Мен таулықпын». Орындайтын
4а-сынып оқушысы Мұхтар Ерданды қарсы алыңыздар!
2-жүргізуші:
Сәбиге деген мейірім, әкелік махаббат, оның қайғы – мұңсыз өсуі, ұйқысы бұзылмауы үшін қам — қарекет. Есті баланың ата ақылын тыңдайтындығы, ақылды, парасатты болып өсетіндігі, үлкен алдындағы инабатты, ізет пен құрметті сақтайтындығы келесі тыңдайтын әннен көрінеді.
«Ұлыма» әні. Орындайтын 6а сынып оқушысы Ақжанды қошеметпен қарсы алыңыздар!
1-жүргізуші:
Ақынның жұбайы Лашын апайдың естелігінен:
«Өзі көзі тірісінде жеті жинағы жарық көрді. 1976 жылы март айының ортасында таңдамалысы- «Өмірдастан» жарық көрді. Оның өзіне тиісті он данасын үйге алып келіп қуанғанын көрсеңіз. Кітапты алақанына салып, аялап риза болып отыр. Ішін ашып қарауға былғанып кететіндей мәпелеп, қолына сынап ұстағандай, тек сыртына, оформлениясына қарап бірашама сөйледі. Бала сықылды қуанғанын бірінші рет көріп қатты таңқалдым.
Қазір ойласам, өзім көзіммен көретін, қолыммен ұстайтын ің ақырғы асылым, аяулым, өлеңім-өмірім деп өбектеп отырған сияқты. Осы таңдамасынан өз қолымен жақсы көретін адамдарына автограф жазып қойды. Сонда бәріне 27 наурыз 1976 жыл деп жазыпты. Сол тура қайтқан күні болды. «Өмірдастанды» алған соң екі күннен кейін қатты приступ болып, ауруханаға түсті де соңғы күндері қиналып жатып қайтыс болды».
Нұрғиса Тілендиев былай деп еске алады:
«Бір күні Мұқағали маған ойлы көзімен қадалып тұрып:
-Аға, мен үйге кетем. Енді босатыңыз. Осы дүниелер елімнің кәдесіне жараса, онда бақыттымын. Бауырымның дерті қозғалып қалыпты,-деді. Сонда мен оны бұл жалған дүниенің жарығында соңғы рет көріп тұрғанымды білсемші?!Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп, екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң жұмысқа киетін бешпеттің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы:
«Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін? Мынаған назар аударып көрерсіз» депті.
Емханада қатты ауырып жатқанда маған жіберген сол өлеңі «Есіңе мені алғайсың» екен.
Ендеше, «Есіңе мені алғайсың» әнін 10 -сынып оқушысы Әкімбеков Елдостың орындауында қабыл алыңыздар!
1- жүргізуші: Құрметті көрермендер, өткен аптада ғана аудан мектептері аралығында өткен Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған жыр мүшайрасынан Бас жүлдені иеленген мектебіміздің 10-сынып оқушысы Қадырсыз Көркемді жеңісімен құттықтай отырып қонақ кәде сұраймыз.
2-жүргізуші:
Өзендерім, көлдерім!
Қайырлы таң, кермиықты кең далам,
Құба жонды белдерім!
Орманым да шуламай,
Суларым да туламай,
Ақ басты ала тауларым да жыламай
Ұйқысынан оянды,
Бәрісі де таң нұрына бояулы.
Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді қойылым. Орындайтын 10-сынып оқушылары.
1-жүргізуші:
Күнделіктерінен үзінді:
Тәңірім-ай, бізде ақын мен жазушы қаншама? Бәрі де атақты болғысы келеді. Бәрінің де халыққа танымал болғылары бар. Алайда сол әрекеттеріне халықтың қалай қарайтынына бұрылып бір өздері көз салмайды-ау.
Қайран әдебиетіміз қазір не болып кетті? Ол бәрін асыраушы, таланттыны да, талантсызды да , пенсионерлерді де, тағы-тағылар. Екі-үш өлеңін алып жаңа жаза бастаған жас келеді, бірер жерге көрсетеді де, бұл істен ештеңе өнбейтінін , өніп кетудің мүмкін еместігіне көзі жетеді. Сонан соң өз күшін проза жазып байқайды. Ол да алдына алынбас қамалдай тұрып алады.Ашынған, жаңа жаза бастаған жас сонан сынға жармасады.Поэзия мен прозадағы беделділердің біріне болмаса, біріне жағымпазданудың оңай еместігін біліп, ал сын саласын ыңғайлы әрі тиімді санайды. Сонымен өз әрекетін бастап кеп жібереді. Кейде тіпті біреуді, яғни қызметі жоқты қорқытып та тастайды, сөйтіп күндердің күнінде біздің әдебиетіміздің «білгіші» болып шыға келеді. Және әдебиетімізге пікір жаза бастайды. Мен кейде дүмбілездердің әдебиетке қандай жолмен келгенін, кімнің бақшасында өскенін, кімнің қанаты астында қатайғанын, оның қамқоры кім екенін, бүкіл кезген жолын зерттегім келеді, әттең, уақытым жоқ.
2-жүргізуші:
Өзіме бір жаңа костюм алып кимей-ақ өліп кету (құдай оның бетін ары қылсын) қандай аянышты. Егер бала, бозбала кезімді есіме алсам, сұмдық үрейленем, қатты жәбірленем. Бүкіл жастық шағым менің өзіме соқпай өтіп кеткен. Санамды титімдей бір қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса бір күнімді есіме түсіре алмаймын. Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен, бар өмірімнің қор, жиіркенішті болып кететіні соншалықты, кейде бәрін өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді…
Шындығын айтқанда, мен бұрын денсаулық дегеннің, ауру дегеннің не екенін білмеуші ем. Тағдырым мені одан тыс қалдырмапты. Бұрын білмесем, енді бір сырқаттың сырын түсінуге тура келді. Мен өлімнен қорқам ба? Қорқам. Қорқатын себебім, өмірдің қуанышын татып көргем жоқ, шығармашылықтың қуанышына жолыққам жоқ. Бар өмірімді жоқшылықта, жоқшылықтан үнемі үрейленуде өткіздім. Қысқасы, туғанда да, өмір сүргенде де, өлгенде де біркелкі болу, ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу-қашанда қорлық қой…
1-жүргізуші:
Керегі жоқ,
Керегі жоқ,
Керегі жоқ бәрінің.
Иненің де керегі жоқ,
Керегі жоқ дәрінің!
«Жоқ дәрігер» өлеңін 8-сынып оқушысы Қасымхан Жанботаның орындауында қарсы алыңыздар.
2-жүргізуші:
«Ана» тақырыбы әрбір ақынның қаламын ұштаған негізгі тақырыптардың бірі. Мұқағали да анаға деген зор құрметін өз шығармаларына арқау еткен. Ендеше, «Шеше, сен бақыттысың» өлеңімен 4-сынып оқушысы Нұрмолда Ақботаны қарсы алыңыздар!
1-жүргізуші:
Оқушылардың көктемгі демалысында «Бабалар кітабының апталығы» Бакуде өткізіледі. Соған сен барып қайтсаң дұрыс болар еді,- деді.
Жолға дайындала бастадым. Билет алып, редакциядағы шаруаларды жігіттерге тапсырдым. Ертеңінде жүруім керек еді. Редакцияның хат бөлімінің қызметкері Айнаш Шынықұлова 5-6 хат әкеліп берді.
-Сізге арналып жазылған хаттар,- деді. Арасында біреуі қалыңдау екен. Балалардың, ата-аналардың әдеттегі хаттарына ұқсамайды. Сыртына мекен-жайы қазақша жазылыпты. Соңғы жағына мекен-жайы көрсетілмеген-шиырып қол қойыпты. Ашып қарасам, қолмен жазылған өлең.
«Фариза, Фаризажан, Фариза қыз!»-деп басталатын ағыл-тегіл шумақтар екен.
«Фаризаға» өлеңімен 7-сынып оқушысы Мұса Серікті қарсы алыңыздар!
қарсы алыңыздар.
2-жүргізуші:
Мына күн де, мына аспан да, дала анау.
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!
Өмір дейтін тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін-өлемін деп қарамау.
Мұқағали Мақатаев 1962 жылы Алматыға көшеді. Осы жылы қазақ радиосында диктор болып жұмыс істеген. Радио мұрағатында ақынның өз даусымен айтылған өлеңдері сақталған. Ендігі кезекті сол өлеңдеріне берейік.
«Пай, пай, өмір» өлеңімен (Аружан 9-сынып)
«Қарлығашым келдің бе?» өлеңімен (Жасмина 8-сынып)
«Қаздар қайтып барады» өлеңімен (Айбол 6-сынып)
(Оқушылар кезегімен шақыртусыз келіп өлеңдерін оқиды.)
Ән «Аңса, жаным». Орындайтын 10-сынып оқушысы Әкімбеков Елдос.
1-жүргізуші:
«Қазақ халқының бір ғана Абайы болса, Мұқағалиы да жалғыз. Құдіретті ақынға көзі тірісінде көрсетілмеген құрметтің, берілмеген сый-сияпаттың орнын толтырудың бір жолы, бір жөні бар: ол ақынның қисапсыз рухани қазынасын ұлт игілігіне асыруға асығу» деген болатын Қуанышбай Құрманғалиев. Олай болса, Мұқаңның рухани қазынасын ұлт игілігіне асыратын ХХІ ғасырдың жастары сендерсіңдер.
«Ғасыр ақыны» аталатын Мұқағали Мақатаев жырлары жылдан жылға, ғасырдан ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали- мәңгілік өмір.
2-жүргізуші:
Мұқағали поэзиясына бас имейтін адам жоқ. Қазақ жырын, қазақ өлеңін оқитын халқы барда Мұқағали ақынның да халқымен бірге, ұлы Тауларымен бірге, ұлы Даласымен бірге өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын-деп Абай атамыз айтқандай, осымен жыр музасы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Бүгін менің туған күнім» атты әдеби-музыкалық кешімізді аяқтаймыз.
1-жүргізуші:
Назар салып тыңдаған ұстаздар мен осы кешімізді өткізуге атсалысқан барлық оқушыларға, сондай-ақ, мектептегі «Көркемөнерпаздар» ұйымының жетекшілері
Әлім ағай, Қуандық ағайларға үлкен алғысымызды жариялаймыз.
2-жүргізуші: Сөз кезегін өзінің ыстық лебізін білдіру үшін мектебіміздің директоры Тазабекова Раушан Қадырқызына береміз.