Қайта жаңарған балалар музыка мектебі
Алматы облысы Талғар қалалық
балалар музыка мектебінің
директоры АсқарбековаГүлбағила Мұсабекқызы
Мемлекеттік білім беру стандарты белгілі бір білім деңгейін оқытса, баланы шығармашылыққа баулып, оның дамуына жан-жақты жағдай жасау, жасөспірімнің өзін үздіксіз жетілдіріп, қосымша білім алуын қамтамасыз ету мектептен тыс мекемелердің тікелей міндеті.
Алайда жасыратыны жоқ, еліміздің Тәуелсіздік алған алғашқы қиын- қыстау жылдарындағы оңтайландыру ісінің теріс ықпал-салдарынан мектептен тыс ұйымдардың көпшілігі жабылып, қысқарып кеткен. Сондай кезеңде оқытушылардың табандылығының арқасында жабылмай қалған музыкалық білім ошақтарының бірі Талғар қалалық балалар музыка мектебі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан тәрбиелік мәні зор мектептен тыс мекемелерге деген көзқарас жақсарып, жандануына байланысты біздің мектебімізге де мемлекеттен қаражат бөлініп мектептің жағдайы жақсарып келеді. 2011 жылдан Талғар қалалық балалар музыка мектебінің оқушылар саны 2.5 есеге артып, бөлімдер саны 8-ге жетіп отыр. Мектепте балалар бұрыннан фортепиано, скрипка, баян, гитара, домбыра кластарында оқып білім алған болса, соңғы жылдары қобыз, дәстүрлі ән, аккордеон, вокал кластары ашылып ата-аналар мен балалардың сұраныстарын қанағаттандырудамыз. Педагогтар саны да 5 оқытушыдан 18 оқытушыға артты. Осылайша оңтайландыру жылдарында мемлекеттік бюджеттен шығып қалған мекемені 2013 жылдың қыркүйек айынан мемлекеттік бюджетке 50% қайта алынуы, мектеп жұмысының қайта жандануына жол ашты.
Мектебіміздің оқу – жұмыс жоспары, оқу бағдарламалары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен арнаулы үлгілік құжаттармалар негізінде ұйымдастырылып жүргізіледі. Әр аспаптың өз оқу бағдарламасы бекітілген. Академиялық концерт, техникалық тыңдау, емтихан барлығы талапқа сай. Домбыра, қобыз, скрипка ансамбльдері құрылған, кіші және ересектер хоры бар.Мектептің тәрбие жұмыс жоспары бойынша мектепішілік конкурстар, тақырыптық музыкалық кештер, ата – аналар алдында есеп беру концерттері өтіп тұрады. Мектепішілік конкурстарға оқушылардың өз аспаптары бойынша толық қатысуын қамтамасыз етеміз. Үздік шыққан оқушылар аудандық, облыстық, Республикалық байқауларға жіберіледі. Биылғы жылғы күйші – композитор Н. Тілендиевтің 90 жылдығына арналған арнайы іс – шаралар жоспары жасалынып, 2015 жылдың 28 ақпан күні мектебіміздің халық аспаптар бөлімі оқушылары арасында мектепішілік конкурс өткізілді. Алдағы уақытқа да жоспар бойынша бірнеше іс – шара жоспарланып отыр. Оқушыларымыз облыстық, Республикалық, халықаралық байқауларға жыл сайын қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. 2014 жылы Республикалық әр түрлі конкурстарға 9 оқушы қатысып барлығы жүлделі орындарға иеленді. Атап айтсақ Х Республикалық «Балалар өнері» конкурсында Асилбекова Д. 2 кл. вокалдан ІІ орын алса, Дәуренұлы Т. 1 кл. дәстүрлі әннен дипломмен марапатталды. Володина Е. 7 кл. Республикалық «Күншуақ» фестиваль – конкурсында фортепианодан ІІ орын, Республикалық «Рауан» фестиваль – конкурсында Заитова Я. 3 кл. фортепиано І орын, Ертіс Д. 7 кл. фортепиано ІІ орын, Х Өңірлік ұлттық Жастар дельфийлік ойындар конкурсында Амиров И. 5 кл. домбыра ІІ орын, Егембердиев А. 4 кл. домбыра ІІ орын иеленді. Сонымен қатар, «Ұлар» домбырашылар ансамблі 2014 жылдың қараша айында өткен Х Республикалық «Ақ көгершін» конкурсында ІІ орын және Астана қаласында өткен халықаралық «Ақ көгершін» конкурсында ІІ орынға ие болды. Жетекшісі «Еңбектегі тиімділігі үшін» медалінің иегері , тәжірибелі ұстаз Омарова Б.Т. 2015 жылы Алматы қаласында қаңтар айында өткен «Күншуақ» «Зимняя сказка в Алматы 2015» конкурсына 5 оқушымыз қатысып Джуманазар Ж. ІІ орын скрипка, Мәдениет А. ІІІ орын скрипка, Ступин М. І орын фо-но, Отарбаева С. І орын фо-но, Мықтыбек А. І орын фо-но жүлделі орындарға ие болды.Мектебімізде фортепиано және домбыра аспаптарында мүмкіндігі шектеулі оқушылар бар. Оларға тәжірибелі ұстаздар дәріс береді және оқушылар тегін оқытылады. Ата – аналарымыз мектеппен тығыз байланыс ұстайды.
Биылғы оқу жылында мектебімізде облыстық білім департаментінің әдістемелік кабинетінің жоспары бойынша «Қосымша білім беру ұйымдарында оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту» және «Жеке тұлғаның функционалдық сауаттылығын қалыптастырудағы қосымша білім беру жүйесінің ролі» тақырыптарында музыка мектептерінің педагогтарына арналған 2 рет аймақтық семинар өтті. Оқытушыларымыз семинарға қатысушылар алдында ашық сабақтар, шеберлік сыныптар көрсетіп іс – тәжірибелерін бөлісті. Шығармашыл оқушыларымыздың күшімен концерттер көрсетілді. Мектебіміз Қазақстан, Ресей, Украина, Белорусия мемлекеттерінің арасында өткізілген халықаралық мәдениет саласы рейтингісі қорытындысында Алматы облысы бойынша «2014 жылдың Сала көшбасшысы» ұлттық сертификатына ие болып, медальмен марапатталды.
Білім берудің мемлекеттік бағдарламаларының міндеттеріне сәйкес, келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім берудегі оқытушылардың инновациялық іс-әрекеттердің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі-маңызды мәселердің бірі.Мектептегі оқу –тәрбие үрдісін жаңа дамыту, оның нәтижесінің көңіл толарлықтай болуын іске асыру жаңашыл педагогтардың қолында. Білім сапасы оқытушылардың жұмысының нәтижесі және келешекте Қазақстаның қарыштап дамуына өз үлесін қосатын бүгінгі оқушы ертеңгі азамат болғандықтан, оқу – тәрбие үрдісін жаңартып білім сапасын арттыру ұстаздарымыздың басты мақсаты мен міндеті.
Белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтың «Өнерлі бала өмірге ғашық болып өседі» деген тамаша қағидасын ескере отырып, Қазақстанның болашағы-ертеңгі бүгінгі жас ұрпақтың жан-жақты болып өсуі мен өмірді сүйе білуге тәрбиеленуіне үлес қосып отырған мектептен тыс ұйымдар оның ішінде музыка мектептерінің маңызы зор екендігін айта кеткім келеді.