Жамбыл облысы
Меркі ауданы
№44 орта мектеп
қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі
Байымбетов Берік
Сабақтың тақырыбы: М.Әуезов «Көксерек-түз тағысы»
Сабақтың мақсаты:
а) әңгіме мазмұны арқылы кейіпкерлер іс-әрекетіне,автор көзқарасына бойлау;
ә) оқушылардың тақырыпқа қызығушылығын ояту,мағынаны танып білуге, ажыратуға,ой толғауға іскерлік дағдысын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту;
б) табиғатты қорғауға,адамгершілікке,жылдамдыққа,жинақылыққа тәрбиелеу;
Сабақтың түрі: қорытынды сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап,талдау,топтастыру,суретті болжау,кубизм,семантикалық карта,ойтолғау.
Сабақтың көрнекілігі: сызбалар, үлестірмелі қағаздар, плакат т.б
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу,түгелдеу.
2. Психологиялық ахуалды қалыптастыру.
3. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
Үй тапсырмасын сұрау:
1.М.Әуезовтың өміріне тоқтала отырып,тұжырымдамалық картамен жұмыс.
Бағалау критерилері: 1.Тақырып қоя білуі;
2.Суреттің көркемдігі;
3.Әңгімедегі эпизоттық суреттің суреттелуі.
-Балалар, өзіміз оқып жүрген сүйікті пәніміз әдебиеттің адам өмірі үшін қандай маңызы бар?
(Иә, әдебиет өміртану құралы.Көркем шығарма арқылы өмірді таныта отырып,адамды тәрбиелейді.).
«Суретті болжау » әдісі арқылы қызығушылықтарын ояту.
Ой қозғау. Қай жазушының шығармасын алып қарасақта табиғат назардан тыс қалған емес.Ендеше мына сөйлемге назар аударамыз.
Табиғат-күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя,талбесігі.
Осы сөйлемді естігенде ойларыңа не келеді?
«Топтастыру» әдісі
1-топ «Адам»
2-топ «Қасқыр»
3-топ «Табиғат»
Ал табиғатқа шабуыл жасау,оның тылсым тыныштығын бұзу мәселесіне қалай қарайсыздар?
Жаңа сабақтың тақырыбымен таныстыру.
«Көксерек- түз тағысы»
Бүгінгі әңгімеміз кеше ғана оқып танысқан ,бәріміз көркем фильм арқылы да жақсы білетін Көксерек және оның иесі,олардың іс-әрекеті турасында өрбімек. Шығарманың оқиғалық желісі,яғни сюжеті Көксерек іс-әрекетіне байланысты өрбіп дамиды. Сондықтан біз алдымен осы әңгіменің композициялық құрылысына талдау жасап көрсек.
1. Оқиғаның басталуы—Қасқыр мекені.Бөлтіріктер тағдыры.
2. Байланысы-Көксеректің ұяластарымен табысуы.
3. Дамуы-Қарадыр еліндегі мазасыздық
4. Шарықтау шегі-Құрмаштың қазасы
5. Шешімі- Көксеректің жазасын тартуы.
Міне, әңгіменің негізгі оқиғасы да есімізге түсті. Басты кейіпкерлер кімдер? (қасқырлар мен адамдар.)
Олай болса, қазір топпен жұмыс жасаймыз.
Кубизм. Кубизм әдісі бойынша мына кубикті үш топқа кезек-кезек иіремін. Қай қырының сұрағы түссе соған жауап бересіздер.
Дайынбыз ба?
1.Суретте. Көксеректің портретін суреттеңіз.
2. Салыстыр. Дала қасқыры мен кКөксеректі салыстырыңыз.
3. Зертте. Қасқыр туралы тағы қандай шығарма білесіз?
4.Қолдан. Көксерек туралы ел адамдары не дейді?
5. Дәлелде. Көксеректі жауыздыққа итермелеген де, Құрмашқа ауыз салдырған да қандай жағдай?
6.Талда. Көксеректің қатігездігін қай тұстарда байқадыңыз?
Семантикалық картамен жұмыс
Әрі қарай сабағымызды семантикалық картамен жалғастырамыз.
(Экраннан көрсетіледі)
Кейіпкерлер сөзі кімдікі?
Кейіпкер сөзі Ауыл адамдары Жұмаш Құрмаштың
әжесі Бейсембай
Қуарған-ай, неңді алып ем?
Не жазып ем ? +
Кәпір қырыс, неме , кеудесін бермейді, жасымайды. +
Мына кәпірдің екі көзі жап-жасыл болып кетіпті, тұқымын сезген екен, мұны өлтіріп,терісін алайық . +
Қасқырың болса қайтейін, менің қара ала
төбетім бір-ақ
соғады.Арашалай алмасаң,әлдеқашан өлтіріп тастар еді. +
Іздегендеріңнің өзі-сол,бәрін істеп жүрген сол.
Енді соны бір қолға берсе-ау! +
Ойтолғау. Егер жазушы болсаңыз оқиғаны қалай аяқтаған болар едің? Қорытынды:
Ата-бабамыз қасқырды «Көк бөрі» деп атап қадір-қасиет тұтқан,оның атын атамай, «ұлыма», «итқұс», «жаманауыз» деп атаған.Оны орман санитары деп те атайды, ол-түз тағысы , ол еш уақытта цирк ареналарына шықпайды, қолға үйренбейді.
Әңгімедегі бейкүнә бала Құрмаштың өлімі – табиғаттың адамға берген жауабы секілді, екі аяқты пенделер, біздер, табиғат заңдылығын бұзуға хақымыз жоқ . Себебі, адам мен табиғат арасында тығыз байланыс бар. Ендеше, балалар, табиғатты зорлықпен, күшпен бағындыру мүмкін емес!
Білімді бағалау: Оқушылырдың жауаптарына ,сабаққа белсене қатысып отырғандарына қарай білімдері бағаланады.
Үйге тапсырма: «Адамның ең асыл қасиеті-жақсылық» эссе жазу