Бозтаева Шынар Айдарханқызы
Еспембет сахналық қойылым
Кіріспе
Дулат Бабатайұлы шығармаларының ішінде шоқтығы биік туындылары қатарында «Еспембет» дастаны ерекше орын алады. Зерттеуші Х.Сүйіншәлиев: «Дулаттың «Еспембет» дастаны –халық аузында жүрген Еспембет батыр туралы аңыз сюжетіне жазылған ерлік поэма. Ол халықтың батырлық эпосы дәстүріндегі дастан», -деп бағаласа, дастандағы негізгі идея жөнінде ғалым М.Жармұхамедов: «Мұнда Дулат кешегі елім деп еңіреп өткен Еспембеттей ердің халқының тәуелсіздігі үшін қанқұйлы жау қалмақтармен соғыста көрсеткен көзсіз ерлігін еске алып, оны еліне қалтқысыз еңбек етудің үлгісі ретінде ұсынбақ болады. Осының бәрі бүгінгі бодандық бұғаудың, отаршылдық қыпақтан құтылу талабымен ұштасып жатыр», деп түйіндейді. Жыр үлгісіндегі бұл дастан, елін қорғап, ел үшін жауына оқ ататын батыр ұл, елді әділ басқарушылар болса деген арман, тілектерінің сәулесі ретінде жазылған. Қазақ даласындағы қанқұйлы соғыстың, ерлікке толы күрестің бір үзік шежіресі деп білеміз.
Еспембет – халық арасында аңызға айналған Абылай ханның батырларының бірі. Асқан мерген, садақшы болып, ханның барлау тобын басқарған, бар өмірін ат үстінде өткізген ержүрек адам. Кезінде тапқырлығымен, өжеттілігі үшін, Абылай мен Қазыбек би оған «Адақ» деген ат берген. Сондықтан да болар ХІХ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, Еспембетке бір табан жақын ақын Дулат Бабатайұлы «Еспембет» атты ұзақ дастан жазып кеткен.
Ер Еспембет кешегі,
Ерекше ер деседі.
Тіл біткеннің шешені,
Үлгі айтса кешелі,
Жауға шапса көсемі, -деп басталса,
Өле-өлгенше ел болды,
Еспембеттің арманы.
Еспембеттей ер қайда,
Ер күтетін ел қайда, -деп аяқталатын бұл ұзақ жырда басынан аяғына дейін батыр Еспембет ерлігі асқан, шабытпен келісті кестеленеді.
Дулаттың Еспембетке бір табан жақын деуіміздің де салмақты себебі бар. Өйткені дастанның бас кейіпкері Еспембет те, оны жырға қосушы Дулат та Ақшатау өңірінің төл тумалары . Егер мұны тереңдете таратсақ, екеуі де сыбан әулетінің Жарасқұл деген ұлының ұрпақтары. Еспембет Жарасқұлға
немере, ал Дулат шөбере болады. Еспембет осы әулеттің ХҮІІ ғасырдағы тұлғалы тумасы болса, Дулат ХІХ ғасырдағы парасатты перзенті. Өзінен 60-70 жылдай ғана бұрын туып, бар саналы өмірін ел қорғауға арнаған Еспембеттей сол өмірін Дулат өтімді өлең өрнегіне арқау етеді. Еспембет ұзақ жасамаған деседі. Анығы ұрыста қаза тапқан. Зираты Ташкент жақта деген аңыз бар. Еспембеттің кейбір ұрпақтары бүгінгі Аягөз өңірінің Ақшатау, Мыңбұлақ жерлерінен кездесіп жатады.
Еспембет туралы тағы бір әдеби дерек – С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы Адақ батыр –осы Еспембет.
С.Сейфуллин Еспембетті Абылайханның батырларының ішіндегі ең мергені, ақ берені, -деп мадақтап жырға қосып:
Күресте қалың қолды адақтаған,
Майданда бетіне жау қаратпаған.
Сондықтан «Адақ» деген есім алып,
Ер еді атына кір жанатпаған, -деп жырлайды.
Өйткені, осы поэмадағы Абылай ханның қасындағы барлық батырлардың ішіндегі анық аталып, тұтқына түскен қалмақ қызының шартымен Оқжетпестің басына ілінген ақ орамалға «оқ жеткізіп», оны атып түсірген де, қыз жұмбақтарының бәрін дерлік дұрыс шешіп, оған азаттық бергізіп, астына ат мінгізіп еліне қайтарылуына да жалғыз осы Адақ –Еспембет.
Дулат Бабатайұлының «Еспембет» дастанынан және С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасынан біріктірілген көріністе Еспембеттің батырлығын, бейнесін мектеп оқушыларына тәрбиелік сахналық көрініс ретінде ұсынып отырмын.
«А.Көшкімбаева атындағы жалпы білім беретін
орта мектеп» КММ мұғалімі
Бозтаева Шынар Айдарханқызы
Еспембет
/Сахналық қойылым/
Мақсаты: Оқушылардың актерлік шеберліктерін шыңдау, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, елжандылыққа тәрбиелеу.
Сахнада қырдың көрінісі.Сары дала, жайлау, «Оқжетпес» тауының көрінісі.
Рольдерде:
Ер Қосай-Еспембеттің нағашы атасы
Еспембет – 14 жаста
Еспембет –батыр
Абылай хан
Қабанбай батыр
Қалмақ қызы Маржан
Қазақ батырлары
Қалмақ батырлары
І перде.
Ер Қосай сахнаға келіп отырады. Қасына 14 жаста Еспембет келіп отырады.
Еспембет:
— Ассалаумағалейкум, ата /жабырқау күйде/
Ер Қосай:
— Шөберем, неге мұңайып жүрсің? Сенің тілеуіңді тілеп жүруші едім. Топ алдына сөз сөйлер шешендік, топ бастар көсемдік, батырлық сенің бойыңнан табылса деп тілеуші едім. Өзіңді мазалап жүрген қандай ой. Атаңды қинамай айт.
Еспембет:
— Жан ата, өз қолыңда еркін өсіп, ержеттім. Сыртымнан «сыбан бала» деп елдің айтқандарын естіп жүрмін. Өз туған ел, туған жеріме барсам деп армандаймын. Ел мен жерді ойласам, шерім артады. Жігерлі болсам, еліме ұл болармын, жігерсіз болсам, малын бағып күң болармын. Іргеде елім тұрғанда, жат жерде жүргенім намысымды өртейді. Батаңызды беріңіз, ата.
/Ер Қосай қолын жайып «Иллаһи» деп батасын береді/
Ер Қосай:
-Аумин. Батамды берсем берейін. Бірақ балам саған айтарым:
Еліңе де барарсың
Тірі болсаң еліңнің
Керегіне жарарсың
Дос та елден, жау да елден
Алды-артыңа қарарсың
Бақыт та елден қонады
Дәулет те елден болады
Елменен ер ержетіп
Емендей өсіп толады
Елсізде өскен демесін
Елден таңдап сұлу ал
Ақ отау тігіп басыңа
Төрт түлік малдан еншіңді ал
Топтан таңдап тұлпар мін
Күлтелі құйрық сұйық жал
Жолын қыл деп баламның
Қарт атаң жасын төкпей ме
Қарт тілеуі қабыл боп
Қаңына ұрық екпей ме
Сопайып барсаң қу басың
Ақтамберді, Қабанбай
Өкпелеп мені сөкпей ме?
Еспембет:
— Айтқаныңызды ұқтым ата. Маған ештеңенің де керегі жоқ. Бар өмірім алдымда ғой, басқа жазғанын көрермін. Ата, менің қалауым қару сайман алсам және де ат емес, тайды мінейін. Қош ата, ақ батаңызға рахмет.
/Еспембет сахнадан шығып кетеді/
Ер Қосай:
— Қош бол балам, құдай жолыңды оңдасын.
/сахнадан шығып кетеді/
/Музыка әуені ойналады. Күй/
ІІ перде
Батырлар сахнаға шығады. Арасында Қабанбай батыр болады.
Қабанбай елге жар салады.
Қабанбай:
— Уа, халайық, қазақтың намысын бермеу үшін, елдің кегін қайтару үшін қалмаққа қарсы соғысқа аттанайық. Найза ұстап, садақ атар барлық қазақ жиналыңдар.
Батырлар:
— Қабанбай батыр қол баста, Аттанайық соғысқа.
/Жан-жақтан батырлар жиналады. Қалың қолдың бірі болып Еспембет те қалмаққа қарсы соғысқа аттанады.
/үнтаспадан аттың топырлап шапқан дүбірлері, батырлардың аттандатқан дауыстары естіледі/
Қазақ пен қалмақ арасында үлкен соғыс болады.
/Сахнада қазақ батырлары, қалмақтар болып киінген, қолдарына қылыш пен қалқан ұстаған оқушылар бір-бірімен қылыштасып, көрініс көрсетеді.
Қазақтың біреуін тұтқынға алып, қалмақ батыры жекпе -жекке бір батырды шақырады/
Қалмақ батыры:
— Қазақтың батыры, шық жекпе- жекке, күштілігіңді көрейік. Жекпе-жек,-
деп қалмақ батыры дауыстайды.
Сонда Еспембет көп батырдың ішінен атып шығып, Қабанбайдың алдына барып:
— Тақсыр, мен барайын. Жас санама, бас сана, қайратымды көр, кезегіңді маған бер,- дейді.
Қабанбай жолын беріп бата береді:
— Жанарыңнан от ұшқындап тұр екен. Сен қай баласың?
Еспембет:
— Мен қазақтың ұлымын,
Көп Найманның бірімін.
Жұлғызбасам деп едім
Қарындастың тұлымын.
Жау баспаса деп едім,
Туған жердің миығын.
Сыбаннан жауға бермеспін
Кеудемде тұрса «шыбыным»
Қабанбай:
— Олай болса, жай қолыңды
Әуелі алла қолдасын
Қайратың болсын жолдасың.
Күшіңе ақыл сай келіп,
Сол екеуі қорғасын.
Жортқанда жолың болып,
Жауыңды жеңіп қайт,
Әумин.
Қалмақ батыры:
/Еспембетті баласынып, менсінбей/
— Ей, бала бұл қазақта маған қарсы келер батыр қалмай сен келгенсің бе? Жекпе-жек сенің не теңің? Жас екенсің шикі өкпе, басыңды кесермін. Аман тұрғаныңда қайт. Бұғанақ қатып, күшің толғанда келерсің.
Еспембет қалмақ батырына:
— Сен қалмақтың қабаны,
Қарсыңа қалай жіберді
Қазақ саған баланы
Қазақ сені қорлады.
Баладан төмен санады.
Жігерің болса, қайраттан,
Баланы саған балады.
Ағаштан жұлып алмадай
Басыңды бала алады.
/Бұл сөзге қалмақ батыры қатты ашуланады/
Қалмақ батыры:
— Олай болса, өз обалың өзіңе. Басыңды кесіп, қанжығама байлармын.
Еспембет пен қалмақ батыры арасында жекпе-жек болып, Еспембет жеңіп шығады.
Қалмақ батыры:
-Қазаққа қайыспай қарсы тұрыңдар. Қырыңдар бәрін.
/Қазақ батырлары мен қалмақтар арасында үлкен соғыс болып, қылыштар жарқылдап, қазақтар қалмақтарды тұтқынға алады/
ІІІ перде:
Қазақ батырлары бұл соғыста жеңіп шығып, қалмақтың бір топ тұтқынын қолға түсіріп, алып келеді. Тұтқындардың арасында қалмақтың қызы, қолаң шашы беліне оралған асқан сұлу болады.
Батырлардың көзі түсіп, олар дауласып, өзара таласып қырқыса бастайды.
Батырлар:
— Әй, жігіттер, мына қалмақ қызы асқан сұлу екен. Маған бұйырып тұрған болар.
— Жоқ, мен алам.
— Мен алам.
/Батырлар арасында тартыс басталады/
Абылай хан:
— Уа, қас батырлар бері жиналыңдар. Сендердің келісе алмай жатқан дауларыңды шешіп беруге тырысайын. Сендердің әрқайсыларыңның ерен ерліктеріңді көре отырып, барлықтарыңды риза қылғым келеді. Бірақ бұл жөніндегі шешімді қалмақтың ару қызының өзіне берейін.
Қызды алдыма алып келіңдер. Батырлардың біреуін өзі таңдау қылар. Таңдауын өзі айтсын.
Батырлар:
— Хан ием, шешіміңіз дұрыс.
/Қызды ханның алдына алып келеді/
Абылай:
— Жарқыным, мына тұрған өңкей батыр, қара да өзің таңдап, біріне ти.
Батырлар қыздың сөзін күтіп тұрып қалады.
Қыз біраз үндемей тұрып:
— Құлдық, тақсыр төреңізге,
Тағдырдың салғанын көреміз де
Адамды жете байқап сынамасақ
Бір көріп тура баға береміз бе?
Я, тақсыр, менен таңдау сұратсаңыз, батырларға берер үш шартым бар. Осы үш шартты орындаған адамға тағдырымды байлайын.
Бірінші шартым, мына шыңның басына орамалымды тігемін. Сол орамалды атып түсірген ұшқыр мергендеріңе жар болайын.
Абылай:
— Орамалды алып, шыңның басына тігіңдер.
/қыз беліндегі орамалын шешіп, жігіттердің бірі орамалды шың басына тігеді/
Батырлар бірінен соң бірі садақ атып,атқан оқтары тасқа тиіп ешқайсысы жеткізе алмайды.
Батырлар әлі жетпегені кейін шегініп, қарқындай бастайды.
Абылай:
— Мына шың асқан биік, оқ жетпейтін шың екен. Ендеше бұл шыңды «Оқжетпес» деп атайық.
Батырлар:
— «Оқжетпес, Оқжетпес»,- деп дауыстайды.
Қыз:
-Я, тақсыр, өзіңіз көріп тұрсыз, бірінші сыннан ешкім өте алмады. Қалған екі шартымнан өткен адамға жар болайын. Екінші шартымды айтайын.
/Абылай хан батырларына намыстанып төмен қарап отырып күрсінеді/
Абылай:
— Мақұл, мақұл жарқыным. Ендігі бәйгең қолдан келмес іс болып жүрмесін. Екінші шартыңды айта ғой.
Қыз:
— Я, тақсыр, біздікі тек мойын сұнбақ қой, екінші бәйге оп-оңай, күш сынасу. Әр батыр 4 адамды арқалап, мың қадам жер жүгіріп жарысқа түссін. Бірінші болып келгеніне жар болайын.
/Алты батыр бір-бір адамнан арқалап, жүгіре жөнеледі. Сахнаны екінші рет айналғанда жартысы құлап, жартысы артта қалып, қалған үшеуі мәреге бірдей болып жетеді/
Батырлар өзара дауласады:
— Мен шықтым.
— Бұрынырақ мен шықтым.
Абылай қарқылдап күледі де:
— Үшеуің тең түстіңдер, күштерің бір-біріңнен артылмайды. Бұл сында да дара шыққан ешкім жоқ. Үшінші сайыста біреуің дара көрінерсіңдер.
Қыз:
— Я, тақсыр, бұл сайыста да дара озып шыққан ешкім жоқ. Сондықтан, үшінші шартымды қояйын. Бұл –жұмбақ. Соны шешкен адамға жар болайын.
Абылай:
— Мақұл. Айта бер жұмбағыңды.
Қыз:
— Тынымсыз кептер 4 балапанына құрт-құмырсқа әкеп, асырап жүреді. Бір күні қарақұс, кептер ұясына келгенде аңдып тұрып, ұстап алады. Мұны көрген 4 балапан шырылдасып, «Бізді же, анамызды қоя бер» деп жалынады. Қарақұс «Тоймасам, сендерді де жеймін» деп қарқылдап күледі. Сол кезде аспаннан оқтай ұшып лашын құс ұшып келіп, қарақұсты өлтіреді. Құтылған кептер лашынға ризашылығын білдіріп, «бұл жақсылығыңды қалай өтермін» дейді. Сонда лашын балапандарға шарт қойып, үлкенімен сөз байласып кетеді. Бала кептерлер қанаты өсіп, жетіліп, лашынға берер
сертін орындар мезгіл жетеді.
Сонда үлкені лашынды іздеуге өзі бармақшы болады. Кептерге бір ақ сұңқардың көзі түсіп жүреді екен. Кептер сұңқарға өзінің лашынға берген серті жөнінде айтады. Сұңқар лашынның ерлігіне сүйсініп, кептерге сертін орындауға ерік береді. Содан кептер түн қараңғысымен лашынды іздеп ұшып кетеді. Кептер түнде жемтік іздеп жүрген үш жапалаққа тап болады. Жапалақтар жемтігіне тарпа бас салады. Кептер жапалақтарға өз мұңын шағып, барлық бастан өткен оқиғасын айтып, жылап, жалына бастайды. Кептердің оқиғасы жапалақтарды елжіреп, аяныш сезімін оята
ды. Жапалақтар кептерді лашын құстың мекеніне әкеп тастайды. Кептер лашынға берген сертін орындауға келгенін айтады. Сонымен бірге өзінің басынан өткен оқиғасын да баяндайды. Сұңқардың, үш жапалақтың жомарттылығын, мырзалығын жақсыларын айтады.
Лашын кептердің сөзін тыңдай отырып, бәрінің ерлігіне сүйсінеді. Олардың жомарттылығының менен артық болғаны ма? деп өзіне күмәнданады. Лашын кептерге: «Саған тиісе алмаймын, басқалар жомарттылық көрсетсе мен неге олай істей алмаймын. Мен ризамын, қайта бер еліңе» деп рұқсат береді. Кептер еліне қарай ұшып кетеді. Жолда ормандағы аң-құстарға маза бермей тамам құзғындарды қасына ертіп, бір бүркіт ойран салатын. Кептер де сол орманнан шыға алмай бүркіттің тырнағына ілінеді. Бүркіт кептерді өз мекеніне қарай алып ұша жөнеледі. Содан не болғ
аны белгісіз, көрінбей кетеді. Осымен әңгімемді доғарайын. Осы әңгімеде қай құстың әділ екенін өздеріңіз шешіңіздер. Түсінбегендерге бұл жұмбақ, ал түсінгендерге шын болған оқиға.
Бұл сөзді төрелікке жыр ғып тарттым,
Сын тілеп, бәріңізге тұрмын артып.
Тау бүркіт, сұңқар, лашын, үш жапалақ,
Осылардың қайсысының ерлігі артық
Осы жұмбақты шешіңіздер,-деп қыз құздың басына барып тұрады.
/Батырлар көп ойланып, күдерін үзгендер кейін шегінісіп, кете бастайды/
Сол кезде арасынан Еспембет қолын созып, алдыға шығады.
Еспембет:
— Мен шешемін,-дейді.
Барлық тұрғандар жалт бұрылып, не айтар екен деп дабырласып қалады.
Еспембет:
— Я, тақсыр, қабыл алсаң жұмбақты шешпей тұрып, тілегім бар.
Абылай:
— Айтқаның болсын, айт тілегіңді.
Абылай:
— Айтқаның болсын, айт тілегіңді.
Еспембет:
— Тақсыр, мен жұмбақты шешіп көрейін, егер қызға бостандық беріп, кешіріп ,еліне босатсаңыз.
Абылай:
— Кешірем,-деп қарқылдап күледі.
Осы кезде қаңқылдаған аққулардың даусы естіледі.
Батырлардың даусы:
— Қараңдар, бүркіт аққудың балапанын биік шыңға қарай әкетіп барады.
деп жоғарыны нұсқайды.
Осы кезде Еспембет садағымен оқ атып, дәл бүркітке тигізіп құлатады.
Қалың әскер Еспембеттің бұл ісіне таң қалып, «Еспембет озды, Еспембет асты» деп шуласады.
Абылай:
— Бағана неге атпадың, бәйгеге жарысқа түсіп пе ең?-деп сұрайды.
Еспембет:
— Тақсыр бәйгеге бәске қатыспадым, батырлармен бұл қыз үшін сынаспадым. Әйтсе де бұл қыздың барлық шартын орындауға мен дайынмын.
/Еспембет садағымен Оқжетпестің басындағы орамалды екі дегенде дәл атып түсіреді/
Қыз:
— Қас батырға мен тиермін, егер ол жырымның да шешуін баяндап берсе.
Абылай:
— Мақұл. Ортаға кел батырым, жұмбақтың шешуін айт.
Көпшілік «шешсін, айтсын» деп шуласады.
Еспембет:
— Бұл жұмбақтың шешуі қыздың өз өмірін баяндауы. Тыныш жатқан еліне жау шапқан екен. Бір батыр келіп, елін жаудан қорғайды. Сөйтіп, қызбен серттесіп кетеді. Бірақ қыздың өз елінде сүйгені бар екен. Елін жаудан құтқарған ер жігітке берген сертін орындауға тиіс екенін айтады. Сонда жолдасы «шыншылдық адамшылдық қасиетің, жалғаншы атанба, халқың бас иетіндей сертіңе адал бол» деп қызды жібереді. Түнде келе жатып, үш ұрыға ұшырасқан екен. Түндегі үш жапалақты үш ұрыға теңеген. Қыздың басынан өткен барлық оқиғасын тыңдап алып, олар қызға жаны ашы
п, серттескен ер жігітке әкеп береді. Ер жігітке өзінің басынан өткен барлық оқиғаны әңгімелеп айтып береді. Батыр да қызды еліне қоя береді.
Еліне қайтып келген бетте еліне шапқыншылық жасаған жаудың қолына түседі. Ол жау бізбіз. Бүркітке тақсыр Сізді теңеген екен. Елді намыс, қоянды қамыс өлтіреді демекші, қызды олжаласақ, жат ел не демек. Біздің елден де бір қыз осылай зарлап қалса қайтер едік.
Қыз жырын төрелікке Сізге арнаған тақсыр. Естіген ел жерге түкірмесін әділ билік берейік. Біздің қолымыздан талай қалмақ қырылды. Енді лағынет айтып отыратын бұл қызды қалай әйелдікке аламыз. Бұл сұлу менің үлесіме тиді. Мен қызға рұқсат бердім, еліне қайтсын. Өзінің жомарт ерін тауып, қосылсын,-деп Еспембет сөзін аяқтады.
Абылай:
— Еспембет батырдың ерлігі мен ақылдығы үшін «Адақ» деп атақ берілсін.
Батырлар: «Адақ, Адақ» деп дауыстайды.
Ерік алған қыз қуанып, ханға былай дейді.
Қыз:
— Жұмбақтап сырымды айтып едім. Егер ерік бермесе, құздан құламаққа бел буып едім. Рахмет,зарымды шешкен кемеңгерге.
Абылай:
— Е,Е жарқыным, өзің ақылды, қылығың көркіңе сай жан екенсің. Саған «Маржан» деп есім тағайын.
Батырлар: «Маржан, Маржан» деп дауыстайды.
Қыз:
— Тағы бір рақымшылық жасап, тұтқындарды босатсаңыз.
Абылай:
— Жоқ. Тұтқындарды босата алмаймын. Мына батырдың шартын орындамасқа болмады. Өзің бір ат таңда, жолыңа қажетті азық алып, еліңе жет, жол көрсетер боп қасыңа батырдың өзі барсын.
Қыз:
— Тақсыр, жомарттылығыңызға ризамын. Хош болыңыз.
Еспембетпен қыз сахнадан шығып кетеді.
/Үнтаспадан аттың шапқан даусы естіледі де күй орындалады/
Қатысқан барлық кейіпкерлер ортаға шығып бастарын иеді.
Соңы.