Басы » Ғылыми жобалар » Киіз басудың ерекшеліктері

Киіз басудың ерекшеліктері

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

№ 26 мектеп – гимназиясы

№ 26 мектеп – гимназиясының

3 «В» сынып оқушысы

Турегельдиева Жанар

 

Тақырыбы:  «Киіз басудың ерекшеліктері»

Ғылыми бағыты: киіз басу дәстүрін жетік меңгеру арқылы ұлттық өнерді заманауи тұрғыда дамыту жолдары

Секция: этномәдениеттану

 

                                                                                                   Ғылыми жетекшісі:

бастауыш сынып мұғалімі

Сахан Мешимхан

 

Екібастұз қаласы 2013 жыл

Мазмұны

Кіріспе………………………………………………………………………………….

І. Киіз басу дәстүрінің қыр – сыры.

    І.1.Киіз басу дәстүрі қашан қалыптасқан?

І.2.Киіз басу барысы және  киіз басуға қажетті бұйымдар.

І.3.Киізден жасалатын тұрмыстық бұйымдар.

ІІ. «Шебердің қолы ,  шешеннің сөзі ортақ».

    ІІ.1.Жаңғыру, жандану үстіндегі ұлттық өнер.

ІІ.2.Жүннен жасалған бұйымдар денсаулыққа пайдалы…

ІІ.3.Ұлттық қол өнер мен  ұлттық салт дәстүрдің  үйлесім табуы…

 

Қорытынды

Қосымша: Киізден  жасалған  бұйымдар  бүгінгі  күннің  сән  әлемінде қаншалықты  орын  алады?

 

Кіріспе

    

      Қазақ қол өнерінің көркемдік ерекшелігінің негізі болып киіз басу өнері саналады. Қазір заман ағымына қарай тұрмыс тіршіліктің өзгеруіне байланысты  киіз басу өнері кенже қалып барады. Киізден тұрмысқа қажетті әртүрлі бұйымдар жасаумен қатар оған оюлап, өрнек салудың табиғи ыңғайлылығын пайдалана отырып,  сәндік бұйымдар жасау,  сурет салу, т.б. түрін меңгерудің  заманауи  құндылығын ашу арқылы бұл өнерді дамыту жолдарын қарастыру.

 

Осы қажеттілік тұрғысында бұл зерттеу жұмысында мен алдыма келесі мақсатты көздедім:

 

Атадан балаға мирас болып қалған киіз басу өнерін балаларға үйретудің қарапайым жолдарын  қарастыру;  киізден, жүннен жасалатын күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаудың ыңғайлы жолдарын іздестіру.

 

Зерттеу мақсатына қарай мынадай міндеттер анықталды:

 

  • Тақырып бойынша керекті мәліметтерді іздеп, оқу;
  • Киіз басудың қыр – сырын меңгеру;
  • Бұл өнерге қанық үлкен адамдармен сұхбаттасу;
  • Қол өнер шеберлерінің туындыларымен танысу;
  • Киіздің адамның денсаулығына тигізетін пайдасы барын да ойластыру.

 

Зерттеудің жаңалығы:  практикалық жиынтық пен тәжірибені байланыстыру. Болашақта менің және мен құрылыптас жастардың қол өнер туындыларының жиынтығын болжау.

 

Зерттеудің практикалық құндылығы: киізден жасалған бұйымдарды тұтынған кезде киімге жүн, қылшық жұғып қалып, ыңғайсыздық тудырады. Осындай жайсыздықты болдырмау жолдарын іздестіру. Киізден жасалған бұйымдардың адам денсаулығына жағымды жақтарын зерттеу. Киіз басу- өнер саласы болғандықтан ұлттық қол өнерді дамытудың  экономикалық, мәдениеттілік жағынан тиімді тұстарын анықтау.

 

Зерттеудің методологиялық негізі: Зерттеудің нақты міндеттерін шешу үшін материалдарды жинақтау, практикалық тұрғыда зерттеу және  мамандармен, шеберлермен кездесу әдістерін қолдандым.

Зерттеудің тұжырымдары:

 1.Киіз неден, қалай жасалатынын білу.

2.Күнделікті тұрмыста қолдануға ыңғайлы,  денсаулыққа зиянсыз әрі экономикалық тұрғыдан алғанда пайдалы  заттар жасауды көздеу.

3.Қазақтың ұлттық қол өнеріне өз үлесімді қосу.

 

 

 

Зерттеудің даму болашағы: Осы зерттеудің нәтижелерін халқымыздың этномәдениетін дамыту, ұлттық өнерді дамыту жолдарын насихаттау үшін пайдалануға болады.

 

Болжанған нәтиже: ұлттық қол өнердің бір саласы болып саналатын  киіз басу өнерін, заман ағымына қарай ұлттық нақышта жасалған әр түрлі әшекей бұйымдар мен тұрмыстық заттар жасауда қолдану  дағдысы  қалыптасты.

 

 

І.  Киіз басу дәстүрінің қыр – сыры.

 

І. 1. Киіз басу дәстүрі қашан қалыптасқан?

 

Киіз басу өнері көне заманнан бүгінге дейін жетіп отыр. Киіз басу да киіз үйдің тұрмысқа пайдалануға келуімен тұтас. Тіпті одан бұрынырақ келген деуге де болады. Оған дәлел киіз үй біздің заманымыздан бұрынғы 3000 –жылдықта пайда болды деген деректер бар. Ал, Шыңжаң өңірінде киіздің қай замандардан бастап пайдаланғанын мөлшерлеуге болатын тарихи қазба деректер де табылған екен. Шыңжаң өлкесінің шығысындағы  бұрыңғы үйсіндердің мекені – Құмыл өңіріндегі қара төбе қабірыстанына зерттеу жүргізілгенде бұдан  3000 — 3600 жыл бұрын астына киіз төселіп, тері киімдермен оралып көмілген  әйелдің мүрдесі табылған. Тіпті таңғаларлығы сол қабірлерден қазір де  әжелеріміз істейтін ызылған құрлар, жіптер, ақ, қара, жолақты ұсақ шақпақты жүн кездеме, шұғалар табылған. Міне осы деректерге қарап халқымыздың жүнді пайдаланып киіз басу,  арқан,  жіп есу,  құр ызу сияқты қолөнерінің тарихының әріден басталғанын көреміз. Демек, киіз басу өнері Орта Азияны қоныстанған көшпенді ұлттардың шаруашылығының тұрмыс мәдениетінің туындысы.

Бұл халқымыздың атадан балаға  ертеден бүгінге дейін жалғасқан тарихи тума мамандығы.

Киізді халқымыз көшпенді тұрмысының барлық қажетіне жаратты. Мәселен,  баспанасына жабынды,  басына сая,  еденіне төсеніш, үстіне киім, өлісін арулайтын,  тірісіне сән – салтанат бағыштайтын аса қажетті тұтыну материалы болды. Халқымыз тарихтағы хандарын да ақ киізге көтеріп тағына отырғызған.

 

 І.2.Киіз басу барысы және  киіз басуға қажетті бұйымдар.

       Дегенмен, киіз басу деген оңай орындала салатын іс емес. Машақаты көп. Күш пен шыдамдылықты талап  ететін жұмыс. Әуелі киіз басуға кіріспес бұрын үлкен дайындық  жүргізіледі. Негізінен  қойдың  күзем жүні таңдап алынады және уақыты келгенде қойды суға тоғытып  алып, жүні тазарған соң қырқады. Қырқылған жүн іріктеліп алынып, сабауға жіберіледі. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау дайындап алу керек. Жүнді сабау тек  ұру дегенді білдірмейді. Оның да әдісі бар. Сабаумен жүнді қопсыта ұрғанда, шаң – тозаңнан айырып,  ұйысқан жері жазылып, желкілдеп шыға келеді. Міне, сол  кезде ол жүн  киіз басуға дайын болмақ.

      

 Киіз басуға қажетті дайындық:

  • Киіз басуға желсіз ашық түн таңдалады;
  • Малдың күзем жүні қажет;
  • 4-6 қанат ақ ши дайындалады. Ерекше жағдайда 9-10 қанат ши қажет;
  • Шабақтайтын сабау;
  • Қайнаған су;
  • Жүн шабақтайтын, жүн тартатын 5-6 әйел, шиге орап ыспалайтын, білектейтін 5-6 адам;
  • Буатын арқан және тізгін жіп, немесе бір дана бақан не сырық.

Осы дайындықтар біткен соң жүн басатын отбасы тегіс әрі таза жер таңдап, қанат шиелерді екіден қатарлап  төрт немесе алты шиге дейін екі-үш шиден жұптап біріне бірін жалғап көктейді.  Шилердің ұзыны мен көлденең басылатын киізге жетерліктей етіп құрап алады. Сонан соң жасалатын бұйымның түрлеріне қарай қажет жүн таңдалып алынады.

Жүн шабақтау.  Туырлық үшін шиге алдымен кер қызыл жүн шабақталады. Сабалған жүнді киіз басатын шидің үстіне сабаумен көпіртіп бір тегіс жайып шығу жүн шабақтау делінеді. Жүн шабақтауға  2-3 әйел қатар отырып, жайылған шидің бір басынан  2-басына дейін жүнді шабақтап жайып шығады. Жүн шабақталып біткен соң бір басынан бастап осы қызыл жүннің үстінен 2-рет ақ  жүн тартылады.

Жүн тарту.  Шабақталған жүннің үстіне ақ жүн шүйгесін бір тегіс қатарлап үзіп жатқызып шығуды «жүн тарту»  дейді. Ақ жүннің бір бөлігін алып, жұмырлап, шидегі шабақталған жүннің бір басынан бастап үстіне тартады, оң қолдың қырымен басып, сол қолмен шүйгіні үзіп алып, үзілген шүйкені қайта әлгі үзіліп тасталған жүннің қатарына салып, тағы да әлгіндегідей үзіп алу қимылын қайталаймыз. Осылай көлденең қатарды толтырып онан соң алдыңғы үзіліп қалдырылған шүйкенің, шетін бастыра тағы шүйке салып, үзіп, жүн тартылады. Бұл жүн тарту қимылы шабақталған жүннің үсті толғанша жүргізіледі. Жүн бір жері жұқа бір жері қалың болмай тегіс тартылуы керек. Сондықтан жүн тартатын адам ысылған адам болуы қажет. Жүн тартуды екі не үш әйел қатар отырып істейді. Өйткені жүн шабақтау, жүн тарту ісін бірнеше адам жабылып істеп тез бітірмесе, «үп» еткен желде бұл жұмысқа кедергі болады. Жел ұшырмау үшін тартылған жүн үстіне сабау, жіңішке ағаштар бастырылады.  Жүн шабақтап, жүн  тартушылар басылатын киіздің шамасына қарай жүнді қалың, не жұқа етіп тегістеп отырады. Туырлық үзікке 6-7 см қалыңдықта жүн тартылады. Сырмақ киіздеріне 4см қалыңдықта жүн салынады. Ал үзік және сырмақ киізге асты-үстіне бірдей ақ жүн салынады. Сырмақ киізі жұқалау басылады. Астарлық киіздерге де кер қызыл жүн жұқалап қосылып басылады.

Су себу.  Жүндер тартылып болған соң 80 градустан  жағары ыстық су себіліп, жүн бастырылады. Суды әдетте төңкерілген шөміштің үстінен құю арқылы шашыратып себу керек. Немесе шүмегіне темір тесіктер орнатылған су бүріккіш құмандармен сепсе де тегіс себіледі. Су жүнге біркелкі сіңуі шарт.

Тазартқыш ұнтақ салу.  Су себу барысында тағы бір адам су себушінің артынан ілесе, екі шиік көлемдегі жүнге бір қалта есебіндегі, төрт шилікке екі, алты шилікке үш қалта, тоғыз шилікке төрт-бес қалта тазартқыш ұнтақты жүннің үстіне тегіс шашып шығады.

Тізгін жіп салу.  Су шашып, тазартқыш ұнтақ салумен қоса, жүн тартылған шидің басына жүнге тигізбей, шиге орап екі ұшын шидің екі басына шығарып ұзын жіп салынады. Бұны «тізгін жіп» дейді.

Ши шиыршықтау.  Су себіліп, тізгін жіп салынған соң ши дереу шиыршықталады. Бұл жұмыс барысында да ыстық суды үзбей тегі шашып тұру қажет.

Ши бұзу.  Ши шиыршықталып болған соң екі басындағы тізгін жіптің ұшын бірін-біріне қосып мықтап байлап, одан басқа жіптермен де шидің белінен 3-4 жерден мықтап буылады.  «Тізгін жіп»  шиді ары-бері домалатқан кезде ішкі қабатының сыртқа шығып кетпеуінің алдын алады.

Шиге  ыспа арқан салу.  Шиді ары бері домалатуды арқанмен ғана істеуге болады. Арқанмен ары-бері тартып домалату-ыспалау делінеді. Бір шиге екі, немесе үш арқан белінен бір орап салынады да, бір арқанның екі ұшынан екі адам, үш арқан болса алты адам екі жаққа бөлініп, қарама-қарсы тұрып, шиді ортаға алып кезек-кезек өздеріне қарай тартады. Осылай кезек-кезек тартқанда ши ары бері домалап, жүннің бірігу барысын тездетеді.

Тебу. Егер бір шилік жүн болса онда бір адам шидің белінен бір арқанды тұйықтап салып өзіне қарай домалатып отырады да, артынан 2-3 адам қатарласып шиді аяқтарынан теуіп шигерілейді. Бұл жүнді біріктіру үшін істеледі.

І.3.Киізден жасалатын тұрмыстық бұйымдар.

Дайын киізден туырлық, үзік, түндік, текемет, сырмақ жасауға болады.  Киізден жасалған бұйымдардың арасында өзінің қанық , ашық түсіті оюымен текеметтер бірден көз тартады.  Мұражайлар мен ауыл үйдегі  көздің жауын алатын текеметтерден қазақ халқының киіз бен текемет басудан мол іс-тәжірибе жинақтағанын байқауға болады. Киіз дайын болғаннан кейін, оның бетіне түрлі боялған жүндермен қошқар мүйіз оюлардың неше түрі өрнектеледі. Киіз басу тәсілі бір болғанымен текемет бетіне ою салу әр жерде әртүрлі болған. Текеметке ою қойғанда сары түс пен қоңырқай түстің үндестік табуына ерекше мән беріледі. Жиекке түскен иірлер ортадағы  негізгі ою-өрнекпен астасып, үйлесім табуы тиіс. Ою салынғаннан кейін киізді қайтадан шиге орап, киіз бен оның бетіне салынған ою-өрнектер бір-біріне қабысқанша, тағы да пісіріп алады.  Текемет дайын болғаннан кейін оны күн көзіне жайып, жақсылап кептіріп алады. Осылайша текеметті бір күн ішінде басып шығаруға болады. Текемет басу барысында ауыл әйелдерінің басы қосылып, әңгіме-дүкен құрады, сөз алмасып, қазан көтереді, көңіл шалқып, соңы той-думанға айналады. Көне заманнан келе жатқан әр ұлттың өз ғұрпына мән-мағына беріп, өмірдің әр күніне сән бере білген заңдылығы осы жерде айқын көрініс береді.

Киізден текеметтен басқа сырмақ сыруға болатынын жоғарыда айттық. Сырмақ жасауда ақ пен қара  киізді ойып, қиюластырып жасаумен қатар біртұтас киіз бетіне помбарқыт, барқыт, мақпал, мауыты, сәтен сияқты маталардан немесе иірілген әр түсті жіптерден де өрнек салып, сыру сияқты тәсілдерді кеңінен пайдаланған. Сырмаққа ою салу жергілікті жердің ерекшеліктеріне байланысты үш түрге бөлінеді – сырмақ бетіне орталық бөлікті қоршай жиек оюын түсіру және жалпы біртұтас ірі ою құрылымын орналастыру немесе екі-үш деңгейге бөлінген ою жолдарын түсіру. Сырмақ оюларының негізін көне заманнан байлықты, барлықты білдіретін мүйіз текті оюлардың барлық түрлері кеңінен қолданған.   Орталық бөлікті жиек оюларымен қоршауда – отбасын, өзі өмір сүрген ортаны сыртқы жаман күштерден, күйреуден сақтау, оны қоршау мағыналары сақталған.

Сырмақ сырудың, яғни сырып тігудің негізгі үш тәсілі кеңінен тараған. Олар – қайып сыру, тепшіп сыру, қабып сыру.

 

 

ІІ. «Шебердің қолы ,  шешеннің сөзі ортақ».

 

ІІ.1.Жаңғыру, жандану үстіндегі ұлттық өнер.

 

Азияның төл туындысы — киіз бұйымдары қазір Еуропада да кеңінен танымал. Мәселен, Германияда Халықаралық киіз академиясы бар. Бұның бір филиалы мал шаруашылығымен айналысатын  Голландияда көрінеді. Академия Түркия,  Қырғызстан және басқа да киіз басу дәстүрін жетік меңгерген елдерге танымдық мақсатта семинарлар ұйымдастырып, оқытумен айналысады.

Біздің қазақ халқының ұлттық технологиясын өзгелер үйреніп, қазір әлем нарығында  киіз  басуға  арналған  машиналар да шығып жатыр. Қорқыныштысы сол, жаһандану процесі қазақтың дәстүрлі технологиясын  жалмап кету қаупі бар. Ал қолөнерге қызығушылықты арттыру — мәдени мұрамызды сақтап, қайта түлету мүмкіндігі. Ендеше бұл саланы дамыту үшін қолөнер шеберлерінің тыныс-тіршілігіне назар аударып, қолдауымыз қажет.

Қоғамның дамуы адамдардың ой-санасының, мінез-құлқынын өзгеруімен қоса сыртқы сымбат, келбетінің де жаңаруына ыкпал етуде. Қазір киім, бұйымдарда ою-өрнектерді шығармашылықпен қолдану заман талаптарынан туындап отырған мәселелердің бірі деуге болады

-Енді сіздерді Бапановтар отбасымен таныстырғым  келеді.

Әлібай және Сәуле Бапановтардың жұмыстары елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал .Бапановтардың шығармаларындағы негізгі тақырып – жер-жаһандағы тіршілік.

Өнер иелері текемет пен гобелен техникасының көмегімен поэтикалық пейзаждар мен жанрлық композициялар, реалистік және фантастикалық натюрморттар жасаған. Олардың жұмыстарының бір ерекшелігі ежелгі текемет басу және жүннен гобелен жасау техникасын пайдалана отырып, заманауи киім үлгілерін жасауы. Шеберлер өз еңбектерінде қосылмайтын, үйлеспейтін заттарды: жүн мен жібекті қатар қолдануды жақсы көреді. Және олардың тер төгіп еңбектенуінің нәтижесінде бір-біріне ұқсамайтын, көз тартарлық бейнелер пайда болады. Жүн сияқты икемді материалмен көп жылғы шығармашылық жұмыс жасаған суретшілер оны жетік игерген соң, одан киім жасауға кіріседі. Жүн өңдеу техникасына оралу арқылы Бапановтар жүннен жасалған керемет киімдерді өмірге әкеле отырып, жүннің адам өміріндегі бұрынғы маңызын көрсете білді. Түрлі-түсті бояуларды пайдалана отырып киізден, ине-жіпсіз жасалынған киімдер арқылы Сәуле Бапанова қазіргі заманғы сән әлеміне өзіндік үлес қосуда.

Сондай –ақ,   киіз ежелден бері Сібірдің, Орталық және Орта Азияның көптеген халықтары тұрмысының құрамдас бөлігі болып қызмет етті. Таулы Алтайда киізден бұйымдар жасайтын кәсіпшілік дүниеге келіп, міне жиырма жыл бойы осы жерде жұмыс істеуде.Алтайлықтар киізді тұрмыста талай ғасырлар бойы үздіксіз қолданып келеді. Дегенмен қазіргі кезде бұл материал жаңа ғұмырды бастан кешуде. Киізден жасалған экологиялық таза, жылы да әдемі заттар барған сайын көпшілік көңілінен шығуда. Киіз отбасына бақыт қана емес, сонымен қатар әулетке құт-береке сыйлайды деп есептеледі, сондықтан үйлену тойы күні қалыңдыққа киізден жасалған кілем немесе басқа да бұйымдар сыйланады. Киіз бұйымдар сондай-ақ отбасы ошағының тұмары ретінде қызмет етеді. Әйелдердің ұлттық  мәнерде орындалған киімі көрмеде назарға ұсынылған. Осы жерде жүн мен жібек қолданылған заманауи үлгілер де бар.

Тадыкина А.               Тадыкина

Укок ханшасының киімі        Азияны алып қашу (киіз)      Панно «Мульта көлдері» (киіз)

 

Жас ісмер Айсұлу Такина түрлі бұйымдар: костюмдер, бас киімдер, шарфтар, жилеттер, пималар, пинеткалар, сондай-ақ «Укок ханшасының» костюмін,   сонымен қатар киізден жасалған әртүрлі бұйымдарын ұсынған – бұлар «Азияны алып қашу» картинасы , «Пазырық» атты әйел сөмкесі, бас киім мен сөмкеден тұратын жиынтық.

 

                                    Қолданылған әдебиеттер:

 

1.«Сырмақ өнері»  Алматыкітап, 2007 жыл

 

2.Энциклопедия  «Қазақтың ою өрнектері»  Алматыкітап, 2005 жыл

 

3.«Өнердегі алтын көпір» -Екібастұз, 2011 жыл. Зылиха Төлегенова.

 

4.«Қазақ халқының салт — дәстүрлері»  Алматы, 2006 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *