Басы » Эссе » Қазіргі заман мұғалімі

Қазіргі заман мұғалімі

Жамбыл облысы
Меркі ауданы
№4 Тілеміс батыр орта мектебі
Алимкулова Дамира Көктеубаевна

Эссе

Қазіргі заман мұғалімі

                     Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

                              Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.

                              Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

                             Ұстаз болу – адамның асылдығы , —  деген

Ғафу Кайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Киелі әрі өте көне мамандық. Адам Ата Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені ойландырып,толғандырып келе жатқан, қоғам өзгерсе де қажеттігін жоймайтын үлкен мәселе – шыр етіп дүниеге келген нәрестені өмір сүруге дайындау. Бұл – қиынның қиыны. Себебі әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі — өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді шар-тарапқа жетелеуші. Ұстаз — бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі.

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.

Ал ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл — әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет.

Сондай-ақ ұстаз күнбе күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс.Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.

«Ұстаз» сөзінің 2 түрлі сипаты бар. Бірі – белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі – жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойндағы  талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін  ұстазым деп атайды. Осы тұста Абайдың:

Ақырын жүріп, анық бас,

                       Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

                 Үйретуден балаға,- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе ?!

Педагог әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, әсіресе, оқушылармен қарым-қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін әрі уағыздаушы, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі негізінде оқушыларға үлгі болуы керек.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр» деген болатын. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болуы емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологикалық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады деп ойлаймын.

Қазіргі кезде ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір адамға сапалы және терең білімнің, іскерліктің болуын қамтиды. Шебер ұстаз дегенді шығармашыл ұстаз деп те атар едім. Шығармашыл ұстаз күнделікті әрбір сабағын түрлендіріп өткізуге тырысады. Оқушының білімін көтерудің ең басты шарты-оның пәнге деген қызығушылығын арттыру. Пәнге деген қызығушылығы болса ғана, бала оған көңіл қойып тыңдап, тереңдете оқып үйрене бастайды. Пәнге қызыққан оқушының білім сапасының жоғары болатыны белгілі. Шебер мұғалім үнемі оқушының ойлау белсенділігін арттырып, білімге қызығушылығын тудырғанда ғана ұстаз мақсатына жетеді.

Сабақты тартымды, қызықты етіп өткізу — мұғалімнің шеберлігі, білімділігі, таланты. Егер, мұғалім сабақта бір тақырыпты оқытуда оқушыларды ойландыруға, ізденуге, тәжірибе жасап, істеген жұмысын қортындылай білуге, сөйлеу мәдениетін дамытуға, ғылыми тілде сөйлей білуге назар аударса, келесі бір сабақтың тұрмыс, салт- сана көрінісіне, қазіргі жеткіншек жете білмейтін ұғым- түсінігін бүгінгі өмір салтына жинастыра көңіл аударса, сол арқылы танымдық мақсат қояды. Сөйте отырып, ұлттық дәстүрді қадірлей білуге, адамгершілікке, ізгіліктілікке, ұлттық тәлім- тәрбие беруге назар аударылады. Сабақ үрдісінде оқушылар өзіне- өзі баға беруге, әлсіз жақтарын сын көзбен қарауға өзінің жетістігін жете білуге, өз бетімен іздене білуге дағдылары қалыптасады. Оқушылар арасында ынтымақтастық, сенім ахуалы қалыптасып, өзара сыйластық орнайды. Міне, осыларды педагогикалық шеберлікті аша түсудің тағы бір қыры деп есептейміз.

Мұғалімге қойылатын талап – жауапкершілік, жүктелген үлкен міндет, абыройлы істің сан қырлылығы одан жан – жақты терең біліктілікті, аса педагогикалық шеберлікті, өте нәзік психологиялық қабілеттілікті талап етеді.

Бұдан нені байқауға болады? Мұғалімнен жан – жақты терең білім-біліктілікті, сегіз қырлы, бір сырлылықты талап етіп тұрған жоқ па?   Мұғалімнің бір ғана сыры – оның мамандығы. бұл дүниеде теңдесі жоқ мамандық тек мұғалімге ғана лайық. Сондықтан ұстаз адам – кәсіби мамандығына құштар, оны жан – тәнімен сүйетін, барлық өмірін соған арнауы тиіс

Шебер педагог көзі қарақты, құлағы сергек, көкірегі ояу, білім беру саласында атқарылып жатқан игі істердің куәсі болуы керек. Сонымен бірге жаныңды шуаққа бөлеп, үлкен үмітке жетелеуші- білім беру саласы мұғалімдік мамандықтың сыры мен қырын шебер меңгерген, сол кәсіптің ыстығы мен суығын өзі де басынан кешірген адам нағыз ұстаздар, шынайы бапкерлер осындай қасиеті бар жандардан шығады. Сыпайы әдебімен, тұнық мінезімен, терең білімділігімен көпке жақын адам.

Мұғалім шеберлігі – бұл өте жоғары білімді сапалар жиынтығы, әрі ұдайы жетіліп отыратын тәрбиелеу мен оқыту өнері. Жеке тұлға мәдениеті, білім мен өрісті дүниетаным, педагогикалық техника мен озат тәжірибе, осы педагогикалық шеберліктің негізі деп ойлаймыз. Қазіргі заман мұғалімнің тұлғалық белгісі – ой өрісінің кеңдігі мен оның ауқымды дүниетанымы. Заман ағымымен теңдей қадам басамын деген әрбір адам өте көп ақпараттан хабардар болуы қажет. Қазіргі заман оқу әдістерін жеке меңгеру де осы шеберліктің бір қыры. Енді бір қыры – шәкіртпен қарым – қатынастың, шәкірттің іс-әрекетін қуаттау немесе тежеу болып табылады. Ұстаз өмір бойы бала тәрбиесіне ықпал етумен яғни дәлелдеп сендіру, шәкірттің қызығушылығын дамыту, талап ете білу. Осы ықпал түрлерін іске асыруда ұстаз нағыз шебер болуы керек.

Педагогтік  шеберлік – дайын қағида емес, үйрену, ізденудің нәрижесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ , болуы мүмкін емес.Біздер,мұғалімдер, күнделікті өмірдің жай адамы  емес,болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ,мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын. Осыған байланысты ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады:

  • Дүниетанымдық көзқарасы,сенімі
  • Қызметке бейімділігі
  • Кәсіптік білімі мен біліктілігі
  • Қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім
  • Ұйымдастырушылық қабілет
  • Заманға сай жаңашылдық

Осындай даралық қасиеттер ұзтаздық бақытқа жеткізеді.Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы.жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *