Басы » Тарих » Бала билер

Бала билер

gulsaraОңтүстік  Қазақстан  облысы

Мақтарал   ауданы, Асықата  кенті

«Жеңіс» мектеп – гимназия»

коммуналдық  мемлекеттік  мекемесі

Салимова  Гүлсара Оразқызы

тарих  пәнінің  мұғалімі

 

Бала   билер

Ертеде   балалардың   ата-аналары, жақын   туыстары   оларды   саналы   азамат   етіп   өсіруге   айрықша   көңіл   бөлген.

Тілші   шығып, есі  кіріп, сөйлегеннен   бастап  балаларға   жаңылтпаш   жаттатып, тілін   ширатқан, жұмбақ   шештіріп, ойы  мен  ойлауын   дамытқан, үлкенді   сыйлауға   үйреткен. Еңбекке, ерлікке  баулып, өздігінше  өмір  сүруге  әзірленген. Осындай   жағдайдағы  бала  тәрбиесінде                     өлең -жырлардың, шешендік, даналық  сөздердің  маңызы  зор   болған.

Ол  кездегі  балалардың   бірінші  тәрбиешісі, әрі  ұстазы  әжесі  мен   атасы. Есейе   келе  үлгі-өнеге   болатын, әрі   сабақ   алатын   ұстазы  ауылдас, рулас, көпті  көрген, көп   жасаған   қариялар  болған.

Мәселен, қазақ   халқының   атақты   билерінің   қайсысын  алсақ  та, олардың   шешендік   өнерге, билік   айтуға  тым  жас   кезінен — ақ  араласқанын  байқаймыз. Сондықтан   да  олардың  біразы   жас  кезінде — ақ  Бала  би  атанған.

19 — ғасырда    өмір   сүрген, Баянауыл   өңірінің   атақты   билерінің   бірі, Шоқан  Уәлихановтың   нағашысы   Шорман   да  тым   жастайынан   бала   би   атанған.  Қыс   ызғары  әлі   қайта   қоймаған   наурыз   айының   ысқаяқ   күндерінің   бірі. Күшіктің   ауылына   орақ  тілді, от  ауызды   әйгілі   би  ат  басын   тіреген  еді. Атам   қазақ   мұндай  сыйлы   қонақ   келгенде    барын   с(алады. Тай, ең   болмағанда   семіз   қой  сойып, құрметтейді   ғой. Күшік   өліп, жесір   әйел, жетім   бала   болып   қалған   бұл   үйде    қыстың   сүрі   де  қалмаған   еді.  Ене,  келін, немере  болып   қолда  бары – ыстық   сүт   пен   құрт, ірімшіктерін  алдыға   алып, жүрек   жалғамақ  болып  жатқан   бұлар   қатты   қысылды. Үйдегі   жалғыз   еркек  кіндікті   кішкентай   Шорманның    төрт  жасқа   енді   келіп   қалған   кезі. Әжесі   мен   анасының  аса   ыңғайсызданып   дағдарып    тұрғанын   біліп, ол  мейман   алдына   таза   дастарқан   жайып   жіберіп, үстіне   бір   шара   ыстық   сүт   қойды   да: «Қаптың   түбі   қағылды, бетке   күйе   жағылды, мынау   ыстық   сүт, суытпай    жұт», — деп   бидің  бетіне   қарады. Өзі   бидің    қарсысына   жайғасып   отырды. Ауылдың   тұрмыс-жағдайын   үлкендерше   асықпай    айта   бастады. Өз  үйінің, ауылдағы   әрбір   үйдің   қатал   қыстан   кейінгі    тұрмыс   тіршілігін, шаруа   жайын   ересек   адамдай   баяндап    берді.

— Биылғы   қыстың  ұйтқыған   бораны   мен   ақырған   аязы, би   аға, елді   қатты    жұтатып   кетті. Жұтқа   ұшыраған   мал  қатты   қырылды, — деп  шаруа   жайын   қынжыла   әңгімеледі   жас   бала.  Әр   үйден, әр  түліктен   қанша   мал  өлгенін   қолмен   қойғандай   санамалап   шықты.  Өз  ауылы  мен   жалпы   Баянауыл   өлкесінің  өткені   мен   бүгінгісін  сындарлылықпен   сипаттайды. Бидің   әр  сұрағына   ойлы,  жан-жақты   жауап   береді.

Бала   әңгімесін   асықпай    тыңдаған   би  кішкентай   Шорманның   жасынан   ерен   зеректігіне, ойлылығына   қайран   қалды.

«Ерді   кебенек   ішінде   танитын»   сыншыл   би   аттанарда    Шорманның   әжесіне   қолқа   салды:

-Балаңыз   болайын — ақ    деп   тұр  екен. Басы   бүтін  демейін, уақытша   болса  да, маған   беріңіз. Маған  еріп, ел  көріп, жер  көрсін. «Көре – көре  көсем, жүре-жүре   шешен»   болатыны   көрініп  тұр. Жас   талап  жетілсін, тәрбиелейін.

Әжесі   дуалы   ауызды   бидің    айтқанын   құп   көргенімен, Шорманды  бұғанасы  бекіп, қабырғасы   қатып, сәл   болса   да   есейген  сорң   бермек   болды.  Сол   уағдамен   би  араға   үш  жыл  салып, қайта  келді.

Сөйтіп, Шорман   жеті  жасында   балалықпен   қоштасып, қайнаған   өмірге   араласып   кетті.

Шорман   он   бір   жасқа   келген-ді. Ел  арасын   бүлдірген   үлкен   дауды   шешуге   көп  адам   жиналды.  Осы  жиында   билік   айтқан   Шорманның    ұстазы  әділдіктен   тайып, өз  туыстарына   бұрады. Бұған  шыдамаған    Шорман: «Енді   сіздің  қасыңызда  бір  күн  де                      қалмаймын»,  —  деп  өз  еліне  аттанып  кетеді.

Ауылына  келе  ол  бірден  шаруа  қамына  кірісті.  Ағаштан  кең  үй  салып,  тынбай  еңбектенеді.  Шорманның  үлгісімен  көрші — қолаңдары  да  дәл  сондай  үй  сала  бастайды. Оларға  Шорман  ақыл- кеңесін  айтып,  қолдан  келген  көмегін  жасайды.  Сөйтіп,  бұл  өңірге  жаңа  леп  келгендей  болып,  елдің  тұрмысы  жаңара  түсті.  Жұт  жылдары  малы  қырылып  қалатын  ел  Шорманнан   көріп,  қысқа  жетерлік  шөп  шауып  алатын  болды.

Осы  кездерде  Баянауыл  өңірінің  биі  қартайып,  орнына  адам  іздестіріліп  жатқан.  Би  болғысы  келгендер  көп  болғанымен,  Едігеұлы   Шоң  би  олардың  ешқайсысын  лайық  көрмеді.  Бұл  маңның  халқы  түгелдей  жиналғанда  Шоң  би:  «Менің  орныма  тек  Шорман  ғана  лайық.  Шорман  бала,  бала да болса дана.  Еңбекшіл, ақылды, әділ, ел  жайын  жақсы  біледі, қайырымды»,- деп  өз орнына  Шорманды  ұсынады.  Шорманның  адалдығына,  өткірлігіне,  шешендігіне  қанық  жұрт  бір  ауыздан  оны  би  сайлады.  Сөйтіп,  Шорман  13  жасында  би  атанады.

Шорман  халық  сенімін  ақтауға  тырысты.  Дамылсыз  ел  аралап,  жұрттың  тұрмыс  жағдайын  көзімен  көрді.  Ауыл — ауылдың,  ру — рудың  салт- дәстүрімен  танысып, әр  адамның  жақсы – жаманға  бейімділігін  білуге  ұмтылды.  Мұның  бәрі  әділ  билік  айтуға,  тура жол  табуға  көмектесетін.  Әлсіздерге  тізе  батыратын  бай  шонжарларға  бүйрегі  бұрмай,  нашарларға  қамқор  болған  Шорман  әр  кез:  «Малым  жанымның  садағасы,  жаным  арымның садағасы»  деп  отыратын.  Еліне  шын  жаны  ашитын  би  надандықты,  жатып  ішер жалқаулықты,  ел  ішін  індеттей  жайлаған  жаман  әдеттерді  жоюға  күш  салады. Әр  ауылда,  Баянауылдың  өзінде  мектептер  салғызып,  мұғалімдікке  сауатты  адамдарды  іздестіреді.  Түркі  тілдермен  қатар  орыс,  араб,  парсы  тілдерін  оқытатын  адамдарды  да  осы  іске  тартады.

Шорманның  игі  істері,  көрсеткен  үлгі- өнегесі  Баянауыл  еліне  көп  тәрбие  берді.  Сол  кезден –ақ  ел  ішінде  өнер- білімге  құштарлық оянды,  көпшілік  адалдыққа,  адамгершілікке  ұмтылысты.

Шорманды  Баянауыл  жұрты  әлі  күнге  дейін  халық  игілігі  үшін  аянбай  еңбек  еткен,  жоғары  мәдениет  пен  адамгершілік  туын  биік  ұстаған  қайраткер, асыл  сөз  қадірін  білген  шешен,  әділдікті  мұрат  тұтқан  ардақты  азамат  ретінде  еске  алады.

 

Мағмұра  Асфандиярованың  «Қазақ  әдебиеті»  газетінде

1991  жылы  қазанның  4-інде  жарияланған  «Бала  би»

мақаласының  ізімен.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *