Шығыс Қазақстан облысы
Өскемен қаласы
Оралхан Бөкей атындағы № 44 мектеп-лицейі
Темірханова Шынар Темірханқызы
Тақырыбы: Сабырлылық пен ұстамдылық
Ұстамдылық — әдептің ұстазы,
Ұстамсыздық — әлектің нұсқасы.
Халық мақалы
Мақсаты:
Білімділігі: “Сабырлылық”, “ұстамдылық” және мінез-құлық мәдениеті туралы түсінік беру;
Дамытушылығы: Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу қабілеттерін дамыту;
Тәрбиелілігі: Өз сезімдері мен көңіл-күйлерін басқара білуге тәрбиелеу.
Түрі: Жаңа сабақ
Әдісі: Түсіндіру, сұрақ-жауап, топпен жұмыс.
Көрнекілігі: Дәйексөздер жазылған плакаттар, слайд.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру.
- Оқушылармен амандасу;
- Оқушыларды түгендеу;
Шаттық шеңбері.
Оқушылардың сабаққа қызығушылығы мен көңіл-күйлерін көтеру және оларға сабырлылық пен ұстамдылық жөнінде бастапқы мағлұмат беру мақсатында
Ш. Құдайбердиевтің өлеңін оқып шығуды ұсынамын.
Ш. Құдайбердиев.
Сабыр деген әр іске шыдамдылық,
Өте керек адамға бұл бір қылық.
Қолы жетпей талай жан ізденеді,
Осыдан кеп шығады адамшылық.
Сақтық деген әрқашан байқап жүрмек,
Пайда ма не залал ма – ескерілмек.
Көргенін, естігенін есепке алса,
Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.
Әңгімелесу.
Әңгімелесудің мақсаты – оқушылардың сабырлылық, ұстамдылық ұғымдары туралы ойларын тыңдап, адам өміріндегі мәнін түсіндіру.
Әңгімелесуді мұғалім тақтаға «Сабырлылық», «ұстамдылық» сөздерін іліп, олардың өз тұжырымдарын айтып, құндылықтық мәнін аша түсуден бастайды. Бұл арнайы тапсырма оқушылардың қойылған сұрақтарына тез жауап берулеріне, сабырлылық және ұстамдылық ұғымын терең түсінуіне көмегін тигізеді.
- Сабырлылық дегенді қалай түсінесіздер?
- Адамға қандай жағдайларда ұстамдылық керек деп ойлайсыздар?
- Өздеріңнің күнделікті жағдайларда сабырлылық танытпай , ұстамсыздыққа бой алдырған кездерің болды ма? Мысал келтіріңдер.
Ал ендеше балалар, сендердің сабырлылық пен ұстамдылық ұғымдарын дұрыс түсіне алып жүрсіңдер ме, сол жайында келесі анықтамалардан біле аламыз.
Әр нәрсенің байыбына барып, ақылға салып, өзін-өзі ұстай білу – САБЫРЛЫЛЫҚТЫҢ белгісі.
Қандай жағдайда болмасын қызбалыққа салынбай, шыдамдылық танытып, өз ісіне байсалдылықпен қарау – ұстамдылықтың белгісі.
Мәтінмен жұмыс.
Төменде берілген мәтін баланың жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп, сабақ алуына көмектеседі. Оқушылар мәтін мазмұнымен таныса отырып, сабырлылықтың ақылдылықпен ұштасып жататындықтан, әр нәрсені ойлап істеу керектігіне көз жеткізеді.
Жан жарасы жазылмайды.
Аңыз әңгіме.
Ертеде бір қарияның ашушаң, ұстамсыз баласы болыпты. Бір күні қария баласына бір қапшық шеге беріп:
-Өзіңді ашу қысқан сайын ағаш бағанға шеге қағып, ашуың басылған кезде суырып аларсың, дейді.
Бала бірінші күннен-ақ бағанға он шақты шеге қағылғанын байқап, өзін-өзі ұстауға, ашуға бой бермеуге тырысты. Қағылған шегенің саны күнбе-күн азая бастады. Бала бағанға шеге қақаннан гөрі ашуын басқан жеңіл екенін түсінді.
Ақырында бағанға бір шеге қақпаған күнге де жетті. Сонда әкесі баласын бағанға жетелеп келіп:
- Жарайсың, балам! Бірақ бағанның шұрық-шұрық болып қалғанын көріп тұрған шығарсың? Ол ешқашан да бастапқы қалпына келе алмайды. Адамға ғайбат сөз айтсаң, оның көңіліне жара салсаң, оның жан дүниесі осы баған сияқты шұрық-шұрық болады. Одан кейін қанша кешірім сұрасаң да, жан жарасы жазылмайды. Ашуыңды ақылға жеңгізе біл, балам дейді.
- Әкесі баласын ұстамдылыққа қалай үйретті?
- «Ашуыңды ақылға жеңгізе біл» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
Тапсырма. Мағыналы мақалдар.
І топ. Ж. Баласағұнның сабыр туралы нақыл сөзін оқып, ондағы негізгі ойды пайымдаңдар, мысалмен дәлелдеңдер.
Сабыр – ақыл парасаттың белгісі,
Сабырсыздық сені ұятқа қалдырар.
Бастарда істі байыбына барып ал,
Асыққандар күйінер де жаңылар.
Ж. Баласағұн
ІІ топ. “Ұстамдылық — әдептің ұстазы, ұстамсыздық — әлектің нұсқасы” деген халық нақылындағы негізгі ойды пайымдаңдар, мысалмен дәлеледеңдер.
ІІІ топ. “Сабыр – ақылдың серігі” деген Майлықожа Сұлтанқожаның нақылын пайымдаңдар,
ІҮ топ. “Ауыр күн де өтеді – оған сабыр – шыдам қыл” деген Махмұд Қашқаридың нақылын пайымдаңдар, мысалмен дәлеледеңдер.
Ойын. «Ойна да ойла» атты ойынын оқушыларды сергіту мақсатында пайдаланамын. Оқушыларды бой жазғызып, орындарынан тұрғызып мынандай нұсқау беремін: Балалар, қазір мен сендерге дене мүшелерін атаймын, ал сендер мен атаған денеміздің мүшесін ұстаймыз, бірақ мен ұстаған дене мүшесін ұстамаймыз. Егер де кімде-кім мен ұстаған дене мүшесін ұстап қоятын болса, ойынна шығып, орнына отырады. Ендеше ең зейінді баланы байқап көрелік! Бас, аяқ, ауыз, қол, мұрын, арқа, иық, көз, сегізкөз, құлақ, қас, саусақ, т.б. Ойын соңында жеңіске жеткен оқушыларды қолпаштау арқылы марапаттаймын.
Мәтінмен жұмыс. Оқушылардың ұстамдылыққа үйренуге жол сілтеу үшін және сабыр сақтаудың маңыздылығын аша түсу мақсатында келесі тапсырмалар орындалады.
І топ. “Ұстамдылыққа үйрету жолы” аңызындағы негізгі мәнді түсіндір. Қорытынды жаса.
Бір ақылгөй дана өзіне тәрбиелеуге ұстамсыз, ашушаң шәкірттерді тәрбиелеуге алады. Осы шәкірттер ұстазының байсалдылығы мен сабырлылығына қызығады. Шәкірттер ұстазына өзі сияқты сабырлы болуға үйретуін өтінеді. Ұстазы келісіп, балаларға картоп пен түссіз дорба алып келулерін тапсырады.
– Егер де сендер біреуге ашуланып, оның көңіліне қаяу салар болсаңдар картопты дорбаларыңа салып алыңдар,-дейді. – “Бар болғаны сол ғана ма?”, -деп оқушылар таңданысады. «Және де сендер бұл дорбаны үнемі өздеріңмен тасып жүресіңдер, егер тағы да бір ұстамсыз іс-әрекет жасасаңдар, картопты үстіне қосып отырасыңдар» — дейді. Балалар бұл уәжбен келіседі. Біраз уақыт өтеді. Оқушылардың дорбасына бірталай картоп салынып, ауыр тарта бастайды да, балаларға бұл дорбаны тасу қиынға соғады. Сонымен бірге алғаш салған картоптар бұзылып шіри бастайды. Оқушылар ұстаздарына қайтадан келіп былай дейді. – Мына дорбаны тасу мүмкін емес болып барады, біріншіден дорбамыз тым ауыр, екіншіден, картоптар бұзылып барады. Бұл қылығыңызды қалай түсінуге болады?
Сонда ұстаз мынандай жауап қатады: — Сендердің жүректеріңде де осындай құбылыс байқалады, сендер бір ағаттық жасасаңдар, біреуді ренжітсеңдер, оның да, сенің де көңіліңде ауыр тас пайда болады. Бірақ сен оны бірден байқамайсың. Содан соң тастар көбее береді. Сол сияқты әрекеттер жинала әдетке, ал әдет мінезге ұласады. Оны өзіңмен үнемі тасып жүру де оңай емес. Мен сендерге біреуді ренжітер алдында ойланып ал демекпін. Өз жан-дүниеңе де шіріген картоптың пайдасы аз екенін ұмытпа.
ІІ топ. “Сабыр түбі – сары алтын” аңызындағы негізгі мәнді түсіндір. Сұрақтарға жауап бере отырып,қорытынды жаса.
Ертеде бір хан өзінің шабарманын көрші патшалыққа жібереді. Шабарман көрші патшаға шауып келіп ентігін баса алмай:
— Менің әміршім…. Сізге «Қылаң сәйгүлік беріп жіберсін» дейді… Егер ондай сәйгүлік болмаса….
-Әрі қарай тыңдағым да келмейді, — дейді патша шабарманның сөзін бөліп. – Патшаңа айта бар, менде ондай сәйгүлік жоқ, егер болса…
Осы жерге келгенде ол кідіріп қалады. Шабарман осы уақытқа дейін өз әміршісімен тату – тәтті қарым-қатынастағы көршісінен мұндай сөз естігеніне сасқалақтап қалады. Сарайдан қалай атып шыққанын да байқамай, жауабын тезірек жеткізбек болып, кері шабады.
Патша көршісінің сәлемін естіп, қаны басына шығып, көрші патшалыққа соғыс жариялайды. Соғыс ұзаққа созылады да, екі жақ та әбден шаршайды. Ақыры ұзақ соғыс титықтарына жеткен екі жақ келіссөз жүргізбекші болады.
Келіссөз кезінде екінші патша:
— «Қылаң сәйгүлік беріп жіберсін, болмаса….» дегенде не айтқың келді? – деп сұрайды.
— «… басқа түсті ат берсең болады » дегім келген, бар болғаны сол қана. Ал сенің «менде ондай сәйгүлік жоқ, егер болса…» деген жауабыңды қалай түсінуге болады?
— «Тату отырған көршіме міндетті түрде сыйлар едім дегенім ғой.»
Екі патша неліктен келіспей қалды?
Сабыр түбі сары алтын дегенді қалай түсінесіңдер?
ІІІ топ.“Ұстамдылыққа үйрету жолы” аңызындағы негізгі ойды есепке ала отырып , “Ұстамдылық” сөзін өз ойыңмен аяқта.
ІҮ топ. “Сабыр түбі – сары алтын” аңызындағы негізгі ойды есепке ала отырып, “сабырлылық” сөзін өз ойыңмен аяқта.
Түйіндеме. Оқулықтағы назар аударыңыз айдарымен берілген сабырлы және ұстамды адам туралы түйінді ойлар оқушылардың осы сабақты қорытындылап, тұжырым жасауына көмектеседі.
Сабырлы және ұстамды адам:
- Басқаның сөзін байыппен тыңдайды.
- Өз ашуын тежей біледі;
- Әр ісін ойлап , ақылмен шешеді.
Рефлексия.
Берілген термометрлерге топ мүшелерімен ақылдаса отырып сабақтың маңыздылығын, алған әсерлеріңді білдіріңдер.
+50 0 — Өте ыстық. Сабақ өте ұнады. Өзіме ой түйдім. Міндетті түрде осы айтылғандарды пайдаланамын.
+30 0 – Жылы, сабақ орташа деңгейде өтті. Айтылған ойларды өз өмірімде пайдаланармын.
0-50 0 – Суық. Сабақтан түйгенім аз болды.
Бағалау. Оқушылардың белсенділігін топ мүшелері арқылы анықтап, белсенді қатысқан оқушыларға қошемет көрсетіп, барлық оқушыларға сабаққа қатысқандарына рахмет айтып, қол соғамыз.
Үйге тапсырма:
Сабырлылыққа, ұстамдылыққа апаратын жолды мұқият қара. Онымен өзіңнің қаншалықты келісетіндігіңді баяндап, өзің де сабырлы болудың жолдарын жасап көрсет:
- Ойлан! Ақылға сал!
- Байыбына барып, себебін табуға тырыс!
- Шыдамсыздық танытпа, ұстамды бол!
- Іс-әрекетіңді мақсатыңа бағындыр!
- Мойыма, өзіңді-өзің жігерлендір!
- Бәрекелді!