Астана қаласы, «Медициналық колледж» МКҚК, психология пәні мұғалімі Қожахметова Айгерім Нұрланқызы.
Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу мәдениетін қалыптастыру
Балаларды сөйлеу мәдениетіне төселдіруде, әсіресе, мектеп жағдайында қолға алу үшін мұғалімге төмендегідей жұмыстарды жүргізуге болады:
- Оқушылардың жеке дыбыстарды, буындарды, сөздерді, фонетикалық, лексикалық жағынан дұрыс жаза, айта алуына, ана тілінің грамматикасын саналы меңгерумен қатар практика жүзінде қолдана білуіне қамқорлық жасау қажет. Сабақтың үстінде де, сабақтан тыс кездерде де оқушылардың ауызша және жазбаша сөйлеуінің дұрыстығын қадағалап отыру, жаңа сөздердің мағынасын түсіндіріп, сөздік дәптеріне жазғызу, әрбір сөйлемді тиянақты ой білдретіндей етіп құра алуға үйрету – бастауыш мектеп мұғалімдерінің күнделікті оқу-тәрбие процесіндегі ең абыройлы міндетінің бірі.
- Оқушының тілінде байқалатын кемшіліктерді (мәселен, кекеш, тұтықпа, кей дыбыстарды дұрыс айтпау т.б.) жою мәселесі де мұғалімге қатысты мәселе. Осы мәселе жөнінде ол логопедтермен (тіл кемістігін түзейтін мамандар) тығыз байланыс жасап, профессор М.Е.Хватцевтің мұғалімдерге арнап жазған «Недостатки речи у школьников» (М.,1958.) атты кітабында көрсетілген қағидаларды басшылыққа алуы тиіс.
- Мұғалімдер өз сыныбындағы оқушылардың ана тілімен қатар, орыс тіліндегі белсенді сөздік қорының шамасын біліп, олардың екі тілде дұрыс сөйлей алуына көңіл бөлуі тиіс.
- Оқушылардың сөйлеу мәдениетін тәрбиелеу – оқу-тәрбие процесінде көзделетін негізгі міндеттердің бірі. Өйткені сөйлеу мәдениеті – мәдениеттіліктің басты белгісі. Оқушыларды сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу түрлі әдістер арқылы жүзеге асып отырады.
Оқытушы ойынның жүру барысында окушылардың түгел қатысуын қадағалаумен қатар, оларды ойын үстінде дұрыс шешім қабылдай білуге жетелеуі маңызды болып табылады.
Ойынды сабақтың барлық кезеңдерінде жүргізуге болады. Бірақ деңгейлер ерекшелігіне байланысты берілетін материалдың мазмұны мен тапсырмаларының түрі тіл материалын жай қабылдауға емес, білім дамытуға, ойландыруға, сәйкестендіруге, фактілерді және жағдайларды салыстыруға, ойша бөлшектеп талдау жасауға, біріктіруге, қорытындылауға қызмет етуіне көңіл аудару керек.
Ойынның негізгі мақсаты – сөздерді, сөйлемдерді ана тілінде дұрыс айтуға оқушылардың тілдерін жаттықтыру. Жалпы кез-келген сабақтарда көбінесе тілдік ойындар қолданылады және оның келесідей құрылысы бар:
Тілдік ойындар. Оқушыларға лексикалық, грамматикалық білім беруге көмектеседі. Тілдік ойындарды бірнеше топқа бөлуеге болады:
- Фонетикалық ойындар
Олар фонетикалық есту дағдыларын қалыптастырады. Мысалы, «Естимін- естімеймін» ойыны. Ойын барысында оқушылар топшаларға бөлінеді. Оқытушы сөздерді оқып тұрады. Олар сөздердегі дауысты және дауыссз дыбыстардың кездесуіне орай қателерін түзеуге тырысады. Қатесі аз топ жеңімпаз.
- Орфографиялық ойындар
Әріптің сөздегі орнын есте сақтауды қалыптастырады. Мысалы, «Кезекші әріп» ойынын алып қарастырар болсақ. Қатысушыларға карточкалар таратылып, оған берілген әріп көрсетілген орнында тұруы ережесіне сәйкес неғұрлым көп сөз жазу ұсынылады. Тапсырманы орындауға 2-3 минут беріледі.
- Алфавитпен жұмыс істеуге арналған ойындар
Мұндай ойын дыбыс пен әріп қатынасын қалыптастырады. Мысалы, тақтаға бірнеше сөздер жазылып, соның ішінде берілген әріптердің қайсысы басқаша оқылады деп тапсырма беріледі.
- Лексикалық ойындар
Қатысушылардың лексикалық дағдыларын қалыптастырады. Мысалы, «Сандар» ойынын алар болсақ, бұл ойын сонымен қатар «Сан есім» тақырыбын тексеруге бағытталған ойын түрі.
5.Тілді жаттықтыруға арналған ойын – жаттығулар
Бұл ойын –жаттығулар, көбінесе, адамның сырт бейнесін суреттеуді, мінездеме беруді, сол адам туралы негізгі фактілерді ана тілінде айтуды үйретеді. Мысалға «Төлқұжат» ойыны. Ойыншылар жұптарға бөлініп, әрқайсысы төлқұжат бланкілерін алып толтырады. Толтырып болған соң ойыншылар достарын топқа таныстырады.
- Ойлануға арналған ойындар
Монолог пен диолог түріндегі хабарландыруларды, сөздерді мағыналық тұрғыдан қабылдауды қалыптастырады. Мысалы, «Чемодан» ойыны. Ойыншылардың екеуі сыныптан шығады, қалғандары кімге чемодан әзірлегенін шешеді. Содан кейін шығып кеткен ойыншылар кіріп, қандай киімдерді чемоданға салғысы келетіндерін хабарлайды, содан соң чемодан иесінің кім екендігі табылады.
- Диолог, монолог жүйесіндегі ойындар
Бұл ойындар айтылатын сөзді алдын ала жоспарлау, сұрақ – жауап түріндегі жұмыстарды белсендіреді. Мысалы, «Топтық сұхбат» ойыны. Барлық ойыншылар бір ойыншыдан сұхбат алады. Соңынан сұхбат туралы әңгіме, яғни талдау жүргізіледі.
- Рөлдік ойындар
Рөлдік ойындар көбінесе өз ойын толық жеткізе білуді үйретеді. Мысалға, «Егіздер» ойыны. Барлық ойыншылар суреттер алады, бірақ бір – біріне көрсетпейді. Өз суреттерін суреттей отырып, және бір – біріне сұрақтар қоя отырып, бірдей сурет жұптарын табулары керек. Кейде суреттерін ауыстыруға рұқсат беріледі.
Жоғарыдағыдай жаттығу түрлерін орындау барысында оқушылар мынадай білім машықтарына ие болады:
— оқыған мәтіннен мағыналары жагынан бір-біріне жақын сөздерді тауып, олардың мағыналары мен реңктерін түсіндіре алу;
— берілген сөздерге мағынасы жақын сөздерді табу, олардың мағыналық айырмашылықтарын ажырата білу;
— синонимдерді өз сөйлеу тілінде қолдана білу.
Балалардың сөздік қорындағы мәндес сөздер қатары өз беттерімен орындаған жұмыстарында орынсыз қайталаулардан арылтады. Сонымен қатар ұқсас мағыналы сөздердің қайсысын қай жерде қоддануға болатыны туралы алғашқы стильдік дағдылар қалыптаса бастайды.