Жаңақала ауданы
Жаңақала ауылы
№3 ЖОББҚМ
Тасқалиева Гүлбар Кенжеғалиқызы
Ұзартылған күн тобының тәрбиешісі
ХХІ ғасыр көшбасшысы
Интеллектуалдық ойын.
Тақырыбы: «Ана тілі – сөздің пірі»
Мақсаты: қазақ тіліне деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру, ақыл-ойын, сөздік қорын байыту, дүниетанымын кеңейту.
Көрнекілігі: ақын-жазушылардың тіл туралы айтқан қанатты сөздері, интерактивті тақта, слайдпен жұмыс.
Барысы:
Ұйымдастыру.
І жүргізуші: Сүйемін туған тілім-анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнін.
ІІ жүргізуші:Туған тілім-тірлігімнің айғағы.
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім менде бірге өсемін.
Өшсе тілім мен де бірге өшемін.
І жүргізуші: Республикамыздың мемлекеттік тілі – қазақ тілі құрметіне арналған
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасы негізінде «Ана тілі – сөздің пірі» атты сайысымызды бастаймыз.(Сайысқа 6 оқушы қатысады.Сайыс алты кезеңнен тұрады)
ІІ жүргізуші: Қазылар орнықтырар әділдікті,
Кімдердің жауаптары кәміл шықты.
Білім мен тапқырлықтың сайысында
Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты.
( Қазылар алқасымен таныстыру)
І жүргізуші: Әрқашан да білім көптік етпеген,
Талапсыз жан мұратына жетпеген.
Сәлем бердік ұландарға талапкер.
Дос көңілден, адал, аппақ ниеттен.
(Сайысқа қатысушылар ортаға шақырылады)
І кезең: «Бәйге»
Жауап нақты, тез болуы керек. Бағалануы 10 ұпай.
Сұрақтар
- Сәкен Сейфуллин қай жылы дүниеге келді? (1894ж)
- «Абай жолы» романын кім жазды? (М.Әуезов)
- 2011 жыл қай ақынның туғанына 100 жыл? (Қ.Аманжолов)
- Тіл туралы заң қашан қабылданды? (1989ж. 22 қыркүйек)
- Батыр сөзінің антонимі? (Қорқақ)
- Абайдың немере ақын інісі кім? (Шәкәрім Құдайбердіұлы)
- Әз Жәнібек ханның «Дүниеде не өлмейді»? деген сұрағына «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деп жауап берген шешен кім? (Жиренше шешен)
- Ең алғаш қазақ мектебін кім ашты? (Ыбырай Алтынсарин)
- Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім, — деп айтқан қай ақын? (Махамбет Өтемісұлы)
- «Қамбар батыр» жырындағы Қамбардың сүйген жарының аты кім? (Назым)
- Дауысты дыбыс нешеу? (12)
- Зат есімнің сұрақтары? (Кім? Не?)
- Абайдың ақын ұлы кім? (Мағауия)
- Абайдың неше қара сөзі бар? (45)
- 1904 жылы Абаймен бірге отбасынан кімдер қайтыс болды? (Мағауия, Ақылбай)
- «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесін кім жазды? (Ыбырай Алтынсарин)
- «Қазақ солдаты» романын кім жазды? (Ғабит Мүсірепов)
- «Менің атым Қожа» хикаятын кім жазды? (Бердібек Соқпақбаев)
ІІ жүргізуші: Қазақ халқы бар тарихын көшіп жүріп өткізсе де, Ғабит Мүсірепов айтқандай «Батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртына қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық жинаған сөз байлығын бізге жеткізуде»
І жүргізуші:
Тілім менің!
Осы тілде шежірем, жырым менің!
Асан қайғы арманы,
Қорқыт күйі –
Тағдырыммен тамырлас мұңым менің!
Тілім менің!
Жауға айбарым, ұраным, туым менің!
Найзасымен тең ұстап осы тілді,
Намысымды қорғады Сырым менің!
Жарқылдап асыл сөздің алдаспаны,
Қызыл тіл жол бастады, қол бастады.
Даланың өз дауысы деп түсінем.
Шалкиіз, Асан қайғы, Марқасқаны.
Қолыңды отты толқын тулататын,
Ғасырлар қатпарынан үн қататын,
Қазақтың ар намысы, жан дауысы-
Қазтуған, Махамбет пен Дулат ақын.
ІІ жүргізуші: Қазақ тілі — шексіз бай, өте көркем тіл. Халықтың сақталуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Ендеше, сайысымыздың екінші кезеңін бастаймыз.
ІІ кезең: «Жалғастыру»
Бұл кезеңде мақал-мәтелдер берілген.Сол мақал-мәтелдердің екінші жалғасын табу керек. Жауапқа 10 ұпай беріледі.
1) Адамдықтың белгісі — …………………………………………… (Иіліп сәлем бергені)
Шын достықтың белгісі — …………………………………….. (Көп кешікпей келгені)
2) Талап — ………………………………………………………………….. (талмас қанат)
3) Жау төнгенде ………………………………………………………… (Батыл бол)
Дау төнгенде …………………………………………………………. (Ақыл бол)
4) Ер дәулеті — ……………………………………………………………. (Еңбек)
5) Өнерлі жігіт …………………………………………………………… (Өрде озар)
Өнерсіз жігіт ………………………………………………………….. (Жер соғар)
6) Ұста пышаққа ………………………………………………………… (жарымас)
Етікші етікке …………………………………………………………. (жарымас)
- Жүректің жолы — …………………………………………………….. (ыстық)
Білектің жолы — ……………………………………………………… (суық)
Адамдықтан үлкен — ……………………………………………….. (ат жоқ)
Наннан үлкен — ……………………………………………………….. (ас жоқ)
8) Ақылың болса ………………………………………………………… (арыңды сақта)
Ар – ұят керек …………………………………………………………. (әр уақытта)
9) Әдептілік ………………………………………………………………… (ар – ұят)
Адамдықтың ……………………………………………………………. (белгісі)
Тұрпайы мінез, тағы, жат-
Надандықтың …………………………………………………………… (белгісі)
- Қызыл тіл ……………………………………………………………….. (Жанның мияты)
Абырой ………………………………………………………………….. (Ердің қуаты)
- Бал тамған тілден ……………………………………………………. (У тамар)
- Тау мен тасты …………………………………………………………. (Су бұзар)
Адамзатты ………………………………………………………………. (сөз бұзар)
Орынсыз сөз …………………………………………………………… (өзіңе тиер)
І жүргізуші: Тіл қай ұлтта болса да, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамның бойында ана сүтімен бірге еніп қалыптасады.Тіл байлығы — әр елдің мақтанышы. Сондықтан да әр адам ана тілін қадірлеуге міндетті.
ІІІ кезең: «Тіл өнері»
Бұл кезеңде жұмбақты шешіп, оның орысша аудармасын айту керек.Толық жауапқа
20 ұпай беріледі.
- Көк жиекті шай табақта,
Алтын алма тербеледі.
Кейде бүркер алма жүзін,
Ұлпа мақта перделер. (Күн — Солнце)
- Бір жансыз мойнында бар екі құлақ,
Ойнайды дәл үстінде оншақты лақ.
Белінде сегіз белбеу, қолда екі арқан.
Қояды әркім оны бұрап – бұрап.
Бар екен маңдайында жалғыз көзі,
Болады тоқсан түрлі айтқан сөзі. (Домбыра)
- Бір кісі бар дүниеде,
Шемішке шағып тұрады.
Бұл кісіден әр уақыт,
Әркім мезгіл сұрады. (Сағат — Часы)
- Жаны жоқ болса да,
Ақылды адам ісін істейді. (Кітап — Книга)
- Ұзын ұзын ұзын жіп,
Ұшы қайдан табылар. (Жол — Дорога)
- Қара атым қалтырауық,
Қабырғасы жалтырауық. (Су — Вода)
- Қуып едім мойын бұрмады,
Ұстайын деп едім қолға тұрмады. (Боран)
8) Отқа жанбас, суға батпас. (Мұз — Лед)
9) Мұрты бар, сақалы жоқ,
Тоны бар, шапаны жоқ. (Мысық — Кот)
10) Зер – зер кілем, зер кілем.
Көтерейін десем зор кілем. (Жер — Земля)
11) Апан – апан,
Ескі шапан.
Иір қобыз,
Жарық жұлдыз. (Түйе — Верблюдь)
12) Көтеріліп теңізден
Аспанға биік барамын.
Биіктен қайта түскенде
Өңі кірер даланың. (Жаңбыр – дождь)
Осы кезеңнен кейін екі ойыншы шығады, төртеуі қалады.
ІҮ кезең: « Жеті жұмбақ»
20 | 20 | 20 |
30 | 30 | 30 |
40 | 40 | 40 |
20 оң жағындағы – Қазақ тілі пәнінен.
Ауызекі стиль түрлерін көрсетіңдер.
А) Публицистикалық, ресми.
Ә) Көркем әдебиет, ғылыми.
Б) Ешқайсысы емес.
20 сол жағындағы — Әдебиет пәнінен.
Төмендегі өлең жолдары тұрмыс – салт жырларының қай түріне жатады?
Қаз баса ғой, қарағым.
Құтты болсын қадамың.
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
А) Тойбастар.
Ә) бесік жыры.
Б) Тұсаукесер жыры.
В) Бесік жыры.
20 ортасындағы – Әдебиет пәнінен.
С.Торайғыровтың білім іздеп барған алғашқы каласы?
А) Семей.
Ә) Троицк.
Б) Томск.
30 оң жағындағы – Қазақ тілі пәнінен.
Қазақ көркем әдебиетін қалыптастыруда үлес қосқан ақын — жазушылар.
А) Абай, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, т.б.
Ә) Асан қайғы, Ғ.Мұратбаев, Абай.
Б) А.Ишанов, Б.Әшекеев, Жамбыл.
30 сол жағындағы – Әдебиет пәнінен.
ХҮІІІ ғасырда Абылай ханның өмірін жырлаған қай жырау?
А) Ақтамберді жырау
Ә)Үмбетей жырау
Б)Бұқар жырау
В)Шалкиіз жырау
30 ортасындағы – Қазақ тілі пәнінен.
Біріккен сөзді табыңыз?
А) ЖШС.
Ә) Арқа сүйеу.
Б) Білімпаздық.
В) Жанталасу.
Г) Ағайын – туыс.
40 оң жағындағы — Әдебиет пәнінен.
XVIII ғасырда өмір сүрген би – шешендерді табыңыз?
А) Абай, Ыбырай.
Ә) Асан Қайғы, Жиренше шешен.
Б) Төле, Әйтеке, Қазыбек билер.
В) Аяз би, Майқы би.
Г) Сырым, Есет.
40 сол жағындағы — Қазақ тілі пәнінен.
Тұрақты тіркесі бар сөйлемді табыңыз?
А) Кешкі бағдарлама сағат жетіде басталады.
Ә) Іздеген заты таяқ тастам жерде жатты.
Б) Сабақ оқу – үлкен жауапты іс.
В) Ас – адамның арқауы.
Г) Ауылды сағынған ағайынның айтары көп.
40 ортасындағы — Әдебиет пәнінен
С.Торайғыров еңбек жолын бастаған қазақ баспасөзі?
А) «Таң» журналы.
Ә) «Қазақ» газеті.
Б) «Айқап» журналы.
Ү кезең: «Егер де мен»
Тақырыбы: «Жаңақаланың 40 жылдығына» қосар үлесің?…………………(жоғары ұпай 30)
«Қазақстанның болашағын қалай елестетер едің»?
ҮІ кезең: «Жорға»
Екі оқушы 1минуттың ішінде сұрақтарға жауап беруі тиіс. (Әр жауапқа 10 ұпайдан беріледі)
І нұсқа.1) Сөздердің дұрыс жазылуын қарастыратын ереже. (орфография)
2)Күн сайын бес рет не оқылады? (намаз)
3) Үш арыс (Сәкен,Ілияс,Бейімбет)
4)Бақтығұл мен Тектіғұл есімдерін қай шығармадан кездестірдің. ( «Қараш – қараш оқиғасы»)
5) Қазақ тілінде қанша жалғау бар? (4)
6) «Сарыарқа» күйінің авторы кім? (Құрманғазы)
7) 100 жыл (ғасыр)
8) Оңтүстік Астана (Алматы)
9) Ұлттық аспап. (домбыра)
10) Мұсылман діні. (ислам)
11) Жылқы пірі. (Қамбар ата)
12) Жаңа әдебиеттің негізін қалаушы (Абай)
13) Синус, компьютер қандай сөздер? (термин)
14) Дауыссыз дыбыстар нешеу? (26)
15) Киіз үйдің қабырғасын не деп атайды? (кереге)
16) Басы бар, аяғы жоқ түзу. (сәуле)
ІІ нұсқа.1) Сөздердің дұрыс айтылуын қарастыратын ереже (орфоэпия)
2)Мұсылманның қанша парызы бар? (5)
3) Үш биді ата. (Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би)
4)Костя, Бораш, Шеген қай шығарманың кейіпкерлері? («Жаңа достар»)
5) Қазақ тілінде неше септік бар? (7)
6) «Күйдің атасы» атанған қобызшы? (Қорқыт)
7) Бір ғасырда қанша жыл бар? (100)
8) Астананың бұрынғы атауллары? (Қараөткел, Целинград, Ақмола)
9) Адам үндес музыкалық аспап. (қобыз)
10) Түйенің пірі. (Ойсыл қара)
11) Тұңғыш қазақ ғарышкері? (Тоқтар Әубәкіров)
12) Кереует, самаурын қандай сөздер? (кірме)
13) Қасиетті кітап. (Құран)
14) Киіз үйдің төбесі қалай аталады? (шаңырақ)
15) Қыс мезгілінің екінші айы. (қаңтар)
16) Қиылыспайтын екі түзу. (параллель)
(Ойын соңында қазылар алқасы ұпай саны жоғары жеңімпаз оқушыны анықтап, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атағын береді, марапаттайды.)