Сейдакова Айнұр,
Жаңаөзен политехникалық колледжі,
Қазақ тілі мен әдебиет пән оқытушысы.
«Тіл – ұлт қазынасы»
Мақсаты: Жас жеткіншектер бойына халқының қадыр –қасиетін
сіңіріп, өз ана тілін жетік меңгеріп, ұшқыр да шешен сөйлеуге баулу, қасиетті ана тілін қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу;
Көрнекілік құралдар: Танымал ғалымдардың тіл туралы айтқан ойлары жазылған плакаттар, тіл туралы слайд, Қазақстан туралы бейнероликтер.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
1. Жүргізуші: Жұрттан бөлек жұмсақ қол құндақталған
Тал бесікте тербеліп кім жатпаған
Ана әлдинін тыңдамай сол бесікте
Таң атпаған, күн шығып, күн батпаған
Сүтімен әз ананың сінген тілім
Ғұмырлық серігім боп енген тілім,
Ана тілім арқылы ғұмыр сүріп
Әмірін орындаймын жүрегімнің
Болса да қанша тілдер жер бетінде,
Жол таппас ешбірі де жүрегіме
Мен барда,қазақ барда қазақ тілі
Мәңгілік жасай берер жер бетінде
Мәңгілік ел – атанған қазақ елі
Сөйлейді,ғұмыр кешіп өз тілінде- дей тұра ардақты көрермендер «Тіл-ұлт қазынасы» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер.
- Жүргізуші: Арайланып атқан Алтын күзбен бірге мерейлі мерекелер қоса келді.30тамыз Қазақстан Республикасының Ата Заңының қабылданғанына 20жылдық мерекесі,Қазақ хандығының 550жылдығы қоса мерекеленіп мерейленуде.Қазақтың Алтын Ордасында Керей хан мен Әз-Жәнібек хан,Қасым хан, Хақ-Назар хан,Тәуекел хан, Есім хан, Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан,Абылай хан, ең соңғы хан Кенесары хан хандар көшінің сарқылған соңғы көші еді.Өздеріңе ұсынғалы отырған «Ханның әділ төрелігі» атты сахналық көрініс,қазақ хандарының халқына деген туған жеріне деген сүйіспеншілігін дәлелдейді.
2 Жүргізуші: Бұл оқиға сонау ықылым замандарда Мөде ханның тұсында болған екен. Монғол шапқыншылығы халықтың берекетін алып ел іргесін сөгіп, қан төгіспен аяқталған шапқыншылық кезінде Мөде хан « көршіммен тату болсаң, қан төгілмесе екен – деген ұстанымда ел билейді екен…
Мөде хан хан тағында отырады. Төңірегінде әскерлері мен уәзірлері қоршап тұрады.
Сырттан дауыс: Хан ием – көрші Қалмақ елінен елші келді.!
Хан: Елдестірмен елшіден
Жауластырмаң жаушыдан
Келсін! Кіргізіңдер!
(Елшілер / Қалмақ киімінде/ басын иіп керіп келеді)
Елшілер: Біздің ханымыз бізді сізге өз бұйымтайын сұратуға жіберді – хан ием!
Хан: Айтыңдар! Ханыңның бұйымтайы не болды екен?
Елшілер: О, қасиетті қазақ ханы! Сізде шапса құспен таласатын, аттаса алты қырдан асатын қуғанға жеткізбейтін бір тұлпарыңыз бар екен. Соның даңқты хабары біздің ханға жетіп, соны берсін деп қолқа салды, — депті.
Уәзірлер: Хан ием! Хан ием бермеңіз! Ондай тұлпар, мың жылда бір –ақ туылар бермеңіз хан ием!
Хан: (Сәл ойланып тұрып ) беріп жіберіңдер « Желқанатымды»-
Уәзірлер: Әттең – ай, қайран желқанат- ай 2-3 рет айтады.
(Арадан жыл өтеді)
Сахна төрінде Хан. Оң жағын да жақында үйленген сұлу ханшайым, сол жағында уәзірлері
Сырттан уәзірлер: (Хан ием көрші қалмақ ) елінен елші келді!
Хан: келсін, маған жіберіңдер!
Елшілер: О, о қазақ Ханы! Бізді Ханымыз сізге жіберді « Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», бұйымтайды айтқалы тұрмыз.
Хан: Айтсын! Айтсын!
Елшілер: Сіздің даңқыңыз біздің елге жеткенді. Сіз елде жоқ ай сипатты бір сұлуға үйленіпсіз. Сол сұлудың сұлулығын естіген ханымыз, — бізге сол қалыңдығыңызды сыйға тартуды ұсынды, қабыл етіңіз хан ием!
Хан іштей сөйлейді. Ашуланып теріс қарап тұрып, іштей күбірлейді: қайтсем екен, сені қимағанмен, елімде қан төгілгенін, жазықсыз жандардың қыршын кеткенін қаламаймын, елім үшін жаным да арым да садаға…
Алып кетіңдер, алып кетіңдер…
Ханшайым : Хан ием, мен сізді, сіз мені жүрек әмірмен сүйген едік қой! Мені аяшы, көз жасыма қарашы,мен сен үшін жаралған жанмын деуші едім ғой. Хан ием, мені жібермеші, мені жібермеші (жылап еңіреп кетеді елшілер екі қолынан ұстап алып шығып кетеді.) Қыз жылап, еңіреп кетеді.
Уәзірлер: Бермеңіз хан ием, ел күледі ғой, бермеңіз хан ием»
Арадан тағы бір жыл өтеді…. (Сырттан айтылады)
Хан тағында , уәзірлері қасында маслихат құрып отырады.
Сырттан уәзірі: (Хан ием, көрші елден елші келді! Сырттан естіледі)
Хан: Жіберіңдер келсін!
Елшілер: Ханымыз сізге тағы бір бұйымтайын айтып, бізді жіберді, хан ием!
Хан: Айтыңдар!
Елшілер: Біздің елмен шекаралас жеріңізде Ақсу мен Көксу атты жайылымдарыңыз бос жатыр екен сол жайылымдарыңызды ханымыз сұратып жіберді.
Уәзірлер: Хан ием! Ол жерлер ексе егін шықпайтын елсіз дала ғой, « жүйрік тұлпарың Желқанатың» мен сүйген әйеліңіз Назым ханшайымнан артық болып па? Құлазыған қу даланы қайтесіз, берінің, хан ием!
Хан (орнынан атып тұрып ашулы)
Доғарыңдар! ақымақтар!
Елшілер! Хандарыңа айта барыңдар!
Тұрысатын жерін, күнін айтсын! Соғысуға мен дайын! —
(елшілер шығып кетеді)
Хан (монологы) Халқымның қаны төгілмесін деп, « Желқанатым» мен Назымханымды жауға бергендегі мақсатым, халқым сені сүйгендіктен еді!
Жалпақ жерде өріп жүрген жылқыларым сау болса тағы бір жылқы
« Жылқанатымдай» жүйрік жылқы туып берер деп едім!
Өкініші жүрегімді өртеген Назым ханымды жауға беріп жібергендегі мақсатым тағы да халқымның тыныштығы еді.
Халқым аман болса тағы бір сұлуды маған сыйлар – дегенім еді!
Үшінші бұйымтайыңыз Жер беру еді! Жерді бергенім,елді сатқаным, Ата бабаларымыздың батыр бабаларымыздың ерік жігерімен , қайрат күшімен
« ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғаған бізге мұра етіп кеткен қасиетті Ана жерді ешкімге таттаппаймын!
Ана жерімізде, еркіндігімізді « иығымнан басым, кеудемнен жаным кетпей», ана жерді сатпаймын! Туған жердің « бір қарысын» да жауға таптатпаймын!
Жауға аттануға дайындалыңдар, қасық қаным қалғанша жерімізді қорғайық!!!
Біз – қазақ деген мал бал баққан елміз!
Ешкімге соқтықпай жай жатқан еліміз
Елімізден құт-береке қашпасын» -деп
Жеріміздің шетін жау баспасын деп
Найзаға үкі таққан елміз!
Ешбір дұшпанды басындырмаған елміз
Басымыздан сөз асырмаған елміз
Досымызды сақтай білген елміз
Дәм-тұзды ақтай білген елміз
Асқақтаған хан болса
Хан ордасын таптай білген елміз
Атадан ұл туса құл боламын- деп тумайды
Ұл мен қызды ардақтаған елміз
Сен – Темір болсаң, біз – көмір
Ерткелі келгенбіз!
Табысқалы келгенбіз
Табысқанға көнбесең
Шабысқалы келгенбіз
Тұрысатын жеріңді айт!
(Сахна ашылып қазіргі заман киімде)
Біз қазақ – әлемге танылған елміз!
Еркіндіктің ақ шамы жағылған елміз
Тілі мен діні еркін боп,
Білімнен бұлақ ағылған елміз
Кендері « Қара алтын» боп
Еліме ырыс бақ – табылған елміз
Арман қала Астанамен
Әлемге танылған елміз!
Көшбасшы Елбасымызбен!
Жарқын болашаққа – бағытталған елміз
Ел бірлігі – ел бақыты – деп
Ұрпаққа ұғындырған елміз
Мәңгілік ел ұрпақтарымыз!
Елімізді мәңгі сүйіп өтеміз!
1 Жүргізуші: «Туған жер» әнін орындайтын 3 Құқық Еламан Ғалия
2-Жүргізуші:
Тіл деген – алып мұхит түбі терең,
Піспегі толқын шашқан күбі ерен.
Қадірін тілдің сұра сақаулардан,
Көзіне жас алып бір күбірлеген.
Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,
Арманның қиял жетпес баспалдағы.
Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,
Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.
Тіл деген – адастырмас темірқазық,
Өрісі магнитінің өмірге азық.
Қадірін тілдің сұра кереңдерден,
Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып.
Кешіміздің тізгінін көсемсөз шеберлеріне берейік!
1 Ақпарат тобы Қалабаев Қуаныш Расул Гамзатов « Ана тілі»
1 Ақпарат тобы Айдарбекова Гаухар «Қазақ тілі», Мағжан Жұмабаев
2 Құқық тобы: Дауылбаева Мейіргүл «Ана тілі» Мұзафар Әлімбай
2 Құқық тобының студентті Жалғасбаева Ләззат
«Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы»
Мұхтар Шаханов
1 жүргізуші: Қазақпын мен, қазақтың бөлшегімін,
Қажеті не басқаның өлшемінің?
Қазақ деген жалғыз ұлт мен боламын,
Енді міне жетеді көпке үнім.
2 жүргізуші: Жөргегімнен жыр боп енген қазақ тілін айналдым,
Қазақтардың нұр боп өрген азат күнін айналдым.
Кең далада кер жусанның жұпар иісін айналдым
Кербез қыздың бұлан қаққан ғажап биін айналдым- биші қыздарымыздың
«Шат думан» биін тамашалайық!
1 Жүргізуші: Тілім менің –жан жүректің айнасы
Тілім менің- бар болмыстың айласы
Тілім менің –бар қалпымның өзі боп
Асқар биік асуларды шарлатты
Осы тілде Абай айтқан талай сыр
Осы тілде қатты Мағжан талай үн
Осы тілде бар қазақтың ақыны
Шертті тарих беттерінен, қанша мұң!
4 Бастауыш Нағымжан Жазира « Ана тілім»
3 Тігін Гүлдана «Үйрен ана тіліңді» Оразақын Асқар
2 Ақпарат Жақсылықова Әдемі « Үш бақыттым» М.Мақатаев
1 Шаштараз « Мен қазақ» Сахиева Гүлдана
1 Әлеумет Қалмырзаева Рабиға «Анам тілі»
2 Жүргізуші: Ана тілім – қазақ тілім, туған тіл,
Қасиетті тіліміздің мәнін біл.
Ана тілді құрметтеңдер адамдар.
Заманға сай өзге тілдің бәрін біл.
1 Жүргізуші: « Туған жер» әні Умирзакова Ақмарал
2 жүргізуші: Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.Дүниежүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.
1 жүргізуші: Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің қатарына кіргеніне қуаныштымыз.
2 жүргізуші: Көрермен қауымға тіл туралы қызықты деректерімізді бөлісе кеткеніміз жөн сияқты.
Бейне баян тамашалаңыздар
1. Бейне баяннан алған әсеріңіз?
2.Шала қазақ дегенді қалай түсінесіз?
3.Шала қазақты болдырмау үшін қандай іс – шаралар өткізуге болады.
1 жүргізуші: Ендеше, адамзат тарихындағы көп тілді меңгерген полиглот ғалымдар мен басқа да тіл туралы қызықты фактілерімізді естеріңізге сала жүріңіздер
Қуаныш : Шығыс ғұламасы Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген.Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.
Жазира : А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген.
Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген екен.
Шаттық : Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген.Кибернетика “атасы” деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеген.
Қонай : Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.
Гаухар : Дүниедегі барлық аударма шығармалардың 33% ағылшын тілінен аударылса, 15 % – француз тілінен, ал 1% неміс тілінен аударылады.
2 Жүргізуші: Қазақ халқының дархандығы, қонақжайлылығы, кеңдігі мен жомарттығы жырланған өлең-жырлар қаншама.
Уәкілова Жадыра ән «Кәнекейі, тілім сөйлеші»
1 Жүргізуші: Тіл -халықтың жаны.Тілі құрыған халық та жер бетінен жоғалады.Тіл – халықтың тұтас кескін келбеті, болмысы.Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп қалыптасады.Тіл байлығы – әрбір елдің мақтанышы
2 Жүргізуші: Иса Байзақов айтқандай:
«Таңдамалы тәтті тіл-Абай тілі,
Ақынға дос, жанына тиеді жылы
Шымырлатып денеңді, сүйсіндіріп,
Шертіледі жүректің нәзік қылы.»
1 Жүргізуші: Ана тілімізде таза сөйлеп, бүкіл құнары мен нәрін бойымызға сіңіре білейік.
Енді кезекті сөзді Колледж әдіскері : Жанаргүл Жаңбырбайқызына,
Жалпы пәндер цикл жетекшісі: Айша Бақытжанқызына береміз.
1 Жүргізуші: Олай болса, құрметті оқушылар, тілді үйрену ешқашан кеш емес. Ол үшін тек ниет пен еңбектену ғана қажет.
2 Жүргізуші: Бүгінгі кеш көңілдеріңізді біраз серпілтіп, тың мағлұматтар берді деген үміттеміз.
1 Жүргізуші: Уақыт бөліп, көңіл қойып тыңдағандарыңыз үшін көп рақмет!
Кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен салтанатты түрде жабылады.