Басы » Баяндамалар » ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП

ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП

ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП
Қайырбек Напталұлы Ілімбаевтың Жамбыл атындағы №7 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың тізгінін қолға алысымен, мектепішілік жұмысты ардагерлер кеңесін құрудан бастауы жаңашылдыққа ұмтылыстың белгісі деп қабылдадық. Өйткені мектепте ғұмырының жартысынан көбін, немесе соған жуығын оқу мен тәрбие жұмысына арнаған, әлі де үлгі-өнеге көрсетіп жүрген, белсенді, беделді, қазынасы мол тәжірибелі ұстаздар жеткілікті болатын. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей ол өзінің ойын ардагерлер кеңесіне салып, қолдау тауып, толайым істердің жобаларын іске асыра бастады. Бұл бір ешкім ескере бермейтін(ескерсе де елемейтін) қадам болатын. Пайғамбар жасына келіп қалған, асып кеткен зейнеткер ұстаздар жаңа басшының бұл қадамын жақсылыққа жорыды. Мектептегі бар материалдық-техникалық базаны тиімді пайдалану, келгендерін кабинеттерге бөлу, компьютерлік және оргтехникаларды оқу процесіне оңтайландыру, оларды пайдалану жөнінде мұғалімдерге көмек беру, мектептің ішкі-сыртқы жұмыстарына, мектептің күнделікті ұсақ-түйек шаруашылық мұқтажына керекті жарақтарды алуға қор ұйымдастыру сияқты іс-шаралардың барлығына ұжымның орта, жоғары буын өкілдері ат салысып, уақытпен санаспай ортақ іске қолдау көрсетіп отырды.
Мектеп мәртебесінің аса маңызды сапалы көрсеткіші — оқушылардың білім деңгейімен, мұғалімдердің білім-біліктілігімен, мектептің материалдық-техникалық базасымен, ішкі-сыртқы бейнесімен және ұжым ішіндегі психологиялық климатпен анықталатындығы белгілі, яғни осы көрсеткіштер арқылы тұлға қалыптастыру болып табылады. Қайырбек Напталұлы жұмысқа кірісуінің алғашқы күндерінен-ақ мектептің жетістіктері мен олқылықтарын ажырата отырып, мектептің тәжірибелі мұғалімдерімен және орынбасарларымен бірлесе ортақ шешімге келіп, ұжым жұмысын басқаруды жетілдірудің оңтайлы жолдарын таба білді.
Мектеп басқарушысына қажетті шеберлік, біліктілік, білімділік, мәдениеттілік, ұйымдастырушылық қабілеттері сияқты қасиеттердің Қайырбек Напталұлының бойынан табылатындығы көрініп тұрды. Өркөкіректігі жоқ. Өзіміз білетін жас директорлардың ішіндегі алдын болжай және оның нәтижесін сезе білетін ілкімді, талантты, ұтқыр ойлы, ұжым басшысы бола алатын азаматтардың бірі екендігіне көзіміз жетті. Жұмыс барысында жігерлі, іскер, талапшыл басшы екендігін дәлелдей білді.
Ол алдымен ауылдық жерлерден, аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасынан мектепке келетін шәкірттерге бұрынғы қарапайым қалпымен жұмыс істеп тұрған интернат ғимаратын заман талабына, жас ұрпақтың өскелең талғамына сай етіп қайта күрделі жөндеуден өткізу мәселесін қойды. Ата-аналардың, мектеп ұжымының аманатын арқалап, жоғарғы басшылардың алдына бара жүріп, бұл істі «Жол картасы» бағдарламасына енгізіп, 2009 жылы аяқтап шықты. Интернат ғимаратының іші-сырты, есік-терезелері сәнді үлгімен бедерленіп, қайта өңделді. Жатын бөлмелердің ішкі конструкцияларына да өзгерістер енгізілді. Кереует, төсек-орындар жаңартылды. Әрбір бөлме-шағын үй. Жоғары сыныптағылар үшін үш бөлмелі үйдің ортаңғысы сабаққа дайындалуға арналған, екі жағындағысы ұйықтайтын-демалатын бөлмелер боп жасалынды. Әр бөлмеде ұсақ-түйек қоятын тумбочкалар, киім-кешек үшін шкафтар қойылған. Едендері жылы төсенішпен(коврикпен) қапталған. Әр қабатта телевизор бар. Интернат, ондағы тәрбиеленушілер, тәрбиешілер, ішкі тәртіп ережесі, тәрбиеленушілерге қойылатын гигиеналық талаптар, сабақ, қосымша сабақ, үйірме жұмыстарының кестелері туралы толық ақпарат бірінші қабатта орналасқан. Сонымен қатар мұнда жақсы жабдықталған тренажерлік зал, кітапхана оқу залымен қоса, дәрігерлік бөлме, би үйірмесі, күрес залы, сабаққа дайындалу бөлмелері, тәрбиешілердің барлық керек-жарақтарымен қамтамасыз етілген әдістемелік бөлмелері орналасқан. Бес мезгіл тамақтанатын асхана, шебер, мәдениетті аспаздармен қамтамасыз етілген. Ата-аналардың да, оқушылардың да көңілдері орнында, алаңдаушылық жоқ. Тәрбиеленушілерге жағдайдың барлығы жасалынған.
Оқу корпусының да ішкі бейнесін өзгерту, тынысын кеңейту жұмыстары қолға алынды. Пластикалық терезелер орнатылып, заманауи перделер ілінді. Едендер, есіктер жаңартылды. Әр қабатта жоғары эстетикалық талғаммен баннерлер, стендтер, қабырға газеттері орналастырылды. Кейбір оқу кабинеттері де оңтайлы етіліп, жаңаша өзгертілді. Барлық кабинеттер пән мазмұнына сай ұлттық талғаммен қайта құрылды. Бірінші қабаттың кіре берісі адам танымастай өзгертілді. Мемлекет бейнесін көрсететін шағын зал десе де болғандай. Қол өнер, технология кабинеттері мүлдем жаңаша мазмұнға ие болды. Жаңадан буфет ашылды. Мектеп ұжымының басым көпшілігі әйелдер. Кейбір кабинеттерге қол күші керек, ер азаматтарсыз бітпейтін жұмыстар бар. Осы бағыттағы жұмыстардың басы-қасында өзі жүріп, тікелей араласып, бұл жұмыстардың бітуіне ер азаматтарды тартып, ұйымдастыра білді. Олар да өз үйінің жұмысын істегендей жауапкершілік танытты. Қайырбек Напталұлы өзі де шебер, кірпіш қалаушы, электрмен, газбен дәнекерлеуші, электрші, сылақшы-бәрінде жоғары талғаммен орындай алатын азамат екендігін көрсетіп жүрді.
Мектеп ұжымының ұйымшылдығын қалыптастыруда мектеп директорының өнерге, спортқа көзқарасы да көп әсер ететіні даусыз. Мектептегі барлық үйірмелерге жағдай жасап қана қоймай, өзі бірге қатысып жүрді. Спорт, өнер жарыстарына «Жұлдыздар» мен «Жігіт сұлтаны» сайыстарына қатысып, өзінің де өнерін көрсете жүріп, мектептің бұқаралық іс-шараларының дәл ортасынан көрінуі оқушылардың да жан-жақты дамуына үлкен ықпал етті.
Мектеп оқушыларының биылғы жетістіктері мен оларды баптаған ұстаздардың еңбегі мектеп мерейін көтеріп тастады. Алдыңғы үш үздік мектептердің ішінде болды. Бітірушілердің көп бөлігі ҰБТ-ны жоғары көрсеткішпен тапсырып, «Алтын белгіні», «Айрықша аттестатты» ақтап шықты. Ұстаздар марапатталды. Бұл туралы «Орталық Қазақстанда» жарияланды.
Барлық істелген, орындалған іс-шаралар жеткілікті. Барлығын қамту мүмкін емес. «Қозғалған керуеннің арты тоқтамас болар» демекші, жалғасып келе жатқан берекелі істерде іркіліс бола қоймас. Бұл мақалада оқу-тәрбие процесіне тоқталмай, тек Қайырбек Напталұлының табыстарға жетелейтін сыртқы факторларды іске асырудағы ұйымдастырушылық қабілетін көрсетуді ғана көздедік.
Ошақбай СУХАНБЕРЛИН
Қарағанды қаласы

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *