Мамандық таңдау- болашақты таңдау
Мамандық таңдау – жауапкершілікті қажет ететін маңызды іс. Жастарымыз бүгінгі күні бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижесіне сүйеніп, оқу орындарына оқуға түсіп жатады. Диплом алғаннан кейін , өзі қызықпайтын мамандықтарына қанағаттанбаушылық сезімі пайда болып, алдарына мақсат қойғысы келмейді. Осы орайда Е. Айшуақұлы атындағы орта мектебінде 11-сынып оқушыларына арналған «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан» атты мамандық таңдау кеші өтті. Кешке ауыл әкімі, дәрігер, тоқ жүйесі және өрт қауіпсіздігі қызметкерлері, ағылшын, география пәні мұғалімдері мен жоғары оқу орындарында оқитын студенттер қатысты. Қатысушылар топқа бөлініп, берілген әріптерден басталатын мамандық атауларын тізіп, олардың қыр – сырына тоқталды. Бұдан соң маман иелері өздерінің мамандықты таңдауына не себеп болғандығын және бүгінгі күні өз кәсіптерінің маңызы қандай екендігін айтып өтті. Күннен – күнге заманауи технологиялардың сан түрі шығарылып жатыр. Адамзат жеті қат көкті де, жерді де зерттеп – зерделеді. Ғарышқа да табан тіреді. Төрткүл әлем техникаға қараған заман болды. Осыған орай елімізде ақпараттық технолог, өнеркәсіп, ғарыш, энергетика мамандарына сұраныс жоғары екені айтылды. Кеше ғана алтын ұясынан түлеп ұшқан Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті Күмісбай Мират пен Т. Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінің студенті Сейдалы Ақылбек бірі бірқалыпты сұранысын жоймаған кең тараған құрылысшы мамандығын таңдағанын айтса, екіншісі өзекті мамандықтар қатарына жататын экономиканы басқару мамандығын қалағанын әңгімеледі. 11- сынып оқушылары ішінде энергетика, мұғалімдік, дәрігерлік, мұнай – газ салаларына байланысты мамандық таңдағаны кездессе, енді бір тігіншілік, азпазшы кәсіптерін қалайтынын жеткізді. Мектеп директоры А. Саудабаева кеш қонақтарына алғысын білдіріп, оқушыларға мамандық таңдауда сәттілік тіледі. Кеш соңы Жылқыайдар Тілестің орындауындағы « Әке» әнімен қорытындыланды.
Епенова Бақтыгүл
11-сынып жетекшісі
Е.Айшуақұлы атындағы орта мектебі
Маңғыстау ауданы