Маңғыстау облысы
Маңғыстау ауданы
Е.Айшуақұлы атындағы орта мектеп
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Махамбетова Б
Дулат Бабатайұлының өлеңдер жинағы
Дулат Бабатайұлы (1802 – 1871)
Қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі – Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Семей облысының Аягөз ауданында туады. Кедей ортадан шыққан.Руы Найман: Төлегетай – Қаракерей; Байыс – Сыбан. Сыбанның ішінде Жарасқұл әулетінен шыққан. Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашады. Алайда, ақындық өнерді ерекше қастерлеген аймақта өмір сүрген, көне ақын, жыраулар мұрасынан, ескі тарихи аңыздар мен эпикалық жырлардан нәр алып өскен Дулат өз заманындағы ең білімді адамдардың бірі болды. Өнер жолына ерте түскен Дулат XIX ғасырдың орта шенінде Сарыарқадағы ең атақты ақындардың санатына қосылады. Өмірінің соңғы күндеріне дейін үлкен құрметке, даңққа бөленіп өткен ақын 1871 жылы өз елінде қайтыс болады.
Бұқар және Ақтамберді жырауларды ұстаз тұтқан, көне түркі поэзиясынан тағлым алған, бірақ ақындық дәстүр арасында еңбек еткен, өлеңді ауызша да, жазбаша да шығарған Дулат қазақ поэзиясын мазмұн, тақырып жағынан байыта түсті, түр, көркемдік тәсілдер тұрғысынан жаңа сатыға көтерді.
Ақжайлау мен Сандықтас
Атамның қонған қонысы.
Түн асса, тұтам түгі өскен
Басылмайтын сонысы.
Аққан бұлақ сай-салаң,
Шытырман тоғай айналаң,
Жоның жайлау кең алаң,
Атам қонған кең далам,
Мендей сені қызғанар
Бауырыңда өскен бай балаң?
Көл қорыған қызғыштай
Сен десе, салам байбалам.
Жайлауыңды көргенде
Жадыраймын, жайланам.
Өксігіңді ойласам,
Ұйқы беріп, қайғы алам.
Қилы-қилы заман-ды,
Заманға сай адамды
Салғастырып қарасам,
Су мүйіз болған танадай
Шыр көбелек айналам.
Кешегі бір заманда,
Қайран қазақ қайтейін,
Мынау азған заманда
Қарасы – антқор, ханы – арам,
Батыры көксер басы аман,
Бәйбіше – тантық, бай – сараң,
Бозбаласы – бошалаң,
Қырсығы туды қыз балаң.
Нары – жалқау кер табан,
Құсы – күйшіл, ат – шабан,
Жырғалаң жоқ, жобалаң.
Ебі кеткен ел болды,
Енді қайда мен барам?
Сүлейменге
Айбарлы ақ ордада
Әшекейлі дөдеге
Шаншулы найза ілулі
Алтын сапты селебе.
Айқара қамқа жабылған
Алдында күміс тегене.
Ардақты туған атадан
Әуелі сәлем берейін
Сүлеймен сынды төреме.
Төреліктің белгісі,
Елін жауға бере ме?
Еліне қорған болмаса,
Ел төрені көре ме?
Әркімнен өлең жаттаса?
Сөз- жібек жіп, жыр- кесте,
Айшығы айқын көрінбес,
Өрнексіз тігіп баттаса.
Шешеннің аты шешен бе,
Тамңдайға дәмәі үйіріліп,
Даугердің тауын шақпаса?
Дулатты Дулат демеңіз,
Тас ағызып ағыны
Төре алдында ақпаса.
Сүлейменге төре, құлақ сал,
Дулаттың төккен жырына.
Үңілсең көзің жетер ме
Теңізден терең сырыма?
Тырнақтай меңі болған соң
Тырнақтай меңі болған соң,
Тарлан тартып оңған соң,
Түгіне кір қонған соң,
Мінсіз, меңгіз, кіршіксіз,
Шаңқан болмай, қылаң ба?
Ту ұстап, тұлпар жаратпай,
Алдынан топ таратпай,
Елді аузына қаратпай,
Жай отындай оқ атпай,
Анадан тудым дегенмен,
Бастамаса ел, ұлан ба?
Ақсақ Темір көреген,
Азуын айға білеген,
Дұшпанын саздай таптаған,
Досын майдай сақтаған,
Алтын діңгек секілді,
Патша өткен Тұранда.
Азғын тартып шойылып,
Қасиеті жойылып,
Онан соңғы хан мен бек,
Аталыдан азғын тек,
Суалып қалды қараңға.
Елді судай сапырған,
Белшесінен батырған,
Шілдеде мұзды қатырған,
Толыны төгіп шайқаған,
Берілді тізгін ылаңға.
О, Барақ жас, Барақ жас
О, Барақ жас, Барақ жас,
Жегенге тоқ, ішсең мас.
Жақсы болса ұлығы,
Өз елін жаудай таламас.
Қасқыр тартып қан шықса,
Жаман ит жұлып жей берер,
Алды-артына қарамас.
Жақсы иттің белгісі,
Жұлмақ түгіл, жоламас,
Азғын елдің бектері
Қан шықса елін жұлмалар
Қасқырменен аралас.
Қазіргі қазақ ұлығы,
Жаман иттен несі кем.
Жемтік көрсе, қан көрсе,
Айрылар мүлде есінен.
Сендер атқа мінген соң,
Таңдыр болып суалды
Шалқар көлдей несібем.
Әбілпеіз арғы атаң
Алтын тұғыр сұңқар-ды,
Еріктіріп батырын
Қуантып еді тұлпарды.
Тұсындай сенің, хан Барақ,
Азулы бейне аң Барақ,
Содырлы, сойқан төлеңгіт
Елге қарап анталап,
Ашылғанда таппады
Ел етегіне қымтарды.
Тегімді менің сұрасаң
Тегімді менің сұрасаң,
Қалың найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей
Жырын тыңда Дулаттың.
Тасқын судай ағызып,
Шәрбат балдай тамызып,
Торқалы топыр тойында,
Топ бас қосқан ойында,
Қасқа, жайсаң алдында
Топ жиынды дулаттым.
Айдасаң алыс жерімді,
Алсаң ащы терімді,
Өзіне –өзі сенімді,
Тоят төс, салпы ерінді,
Топтан торай бермейтін
Тұлпар аттай қунақпын
Сана құйып ойыңа,
Қуат беріп бойыңа,
Аққан жасы сел болған,
Етегі толып көл болған,
Беріш боп шері байланған,
Ұйқы беріп, қайғы алған,
Қайғылыны уаттым.
О, Ақтан жас, Ақтан жас
О, Ақтан жас, Ақтан жас,
Сен де жетер ме екесің?
Жетімдіктің белінен
Асып өтер ме екенсің?
Жарық сәуле көре алмай,
Ел шаңына ере алмай,
Сол бойы кетер ме екенсің?
Жапанға біткен жапырақ
Жамылсаң тоңар ма екенсің?
Жазғы шыққан бүлдірген
Сұғынсаң тояр ма екенсің?
Күрек тісін қасқайтып
Сұлу сүйер ме екенсің?
Бадана көз, тоғыз тор
Сауыт киер ме екенсің?
Білтеліні тұтатып,
Түтінін үзбей оқ атып,
Жау қашырара ма екенсің?
Тұлпар атты жаратып,
Құйрық-жалын таратып,
Бежін ерді ерлетіп,
Жорыққа жортып терлетіп,
Сырты қырлы, жүзі алмас,
Салған дағы жоғалмас
Сапы асынар ма екенсің?
Босағасын борлатқан,
Керегесін торлатқан,
Тегерші манаттан,
Жібектен ызып бау таққан
Үйге кірер ме екенсің?
Тұнық тұма
Орыс деген атынан,
Теріс жазған хатынан,
Әуелі құдай біледі
Шығыс, Батыс кәпірді.
Бірігіп атқа мінеді,
Байтақта жатқан қайран ел
Астын-үстін бөледі.
Ашар шайдай ұйқыңды!
Атаны бала алдады
Атаны бала алдады,
Шешеге назар салмады,
Теңгерер жақсы қалмады
Қысқа менен ұзынды.
Қой зор болып түйеден,
Құлын зор боп биеден,
Сөз оралмай жүйеден,
Бұзақы би боп тізілді.
Лашын өрлеп ұша алмай,
Ер майданға түске алмай,
Үлкенің тілін кіші алмай
Елдегі жақсы бұзылды.
Мәстек озып, бәйге алды,
Тайынша бұл боп, тай қалды,
Бағасыз қыран жай қалды,
Достықтың қылы үзілді.
Ұста соққан темірден
Ұста соққан темірден
Әр түрлі аспап, сайман бар.
Темірсіз теңдік алмайды,
Керектісін сайлаңдар.
Ақтаруға жер қойнын
Арнап соққан кетпен бар.
Кетпен алып қолына
Мұратына жеткен бар.
Ағаш кессең арнаулы
Балта менен ара бар.
Түрлі сайман ағаштан
Балта арқылы таралар.
Тетігін тауып темір соқ,
Қысқаш пенен балға бар.
Өнеріңе үйлесіп,
Темірсіз болмас, таңдап ал.
Бір қылыштан басқасы –
Күн көрудің құралы.
Ағаш кес, мейлі жер қаз,
Дайын болып тұрады.
Орындалар қылышпен
Патшалардың ғана мұрады.
Қылыш алсаң қолыңа
Біреуге зорлық істеуге,
Біреудікін тартып ап,
Өзіңдікін күштеуге,-
Қайда барсаң оңбайсың,
Ұшырарсың қарғысқа.
Алдың бар да, артың жоқ,
Шырақ жанбас жарғышқа.
Аягөз
Тауды екіге жарасың,
Тастың қашап арасын.
Кесіп өтіп кезеңді,
Аягөз қайда барасың?
Жағаңдағы сұлу тал,
Саясының шөбі бал,
Ерекше семіз ішкен мал.
Сумаң қағып сүйріктей,
Шалқып шапқан жүйріктей
Екіге бөліп ерке су
Қас пенен көздің арасын!
Тарбағатай тауынан
Тоқсан сала қосылып,
Тоғыз өзен түйісіп,
Ақтың төмен жосылып.
Ағының тасты ағызып,
Арнаң қалды осылып.
Күркіреген үніңнен
Аңдар қашты шошынып.
Қырға суың тарады,
Ойға суың барады
Тоғанменен тосылып.
Аягөз сенің бойыңда
Несібе, ырыс тегіс қой,
Сай-салаң толған жеміс қой.
Қырың – малдың кіндігі,
Ойың – өнім егіс қой.
Айтуға ауыз келе ме,
Аягөз кімнің жері еді?
өзім бар да, көзім жоқ
Сөзімбар да, көзім жоқ,
Көзім жоқ деп датпадым.
Би мен бекті жақтадым,
Бай, мырзаны мақтадым.
Бәйбішенің мойына
Жырдан алқа таққаным,
Өсек болды баққаным,
Момынға құрған қақпаным.
Өсекші-тәңірі дұшпаны,
Күнәмді қалай ақтадым?
Аз нәрсеге ант ішіп,
Аруақты аттадым.
Қылмыстыны қызықөтап,
Маңдайынан сипадым,
Қабағына қақпадым.
Бәріне менкіріптар,
Қайсы менің тапқаным?
Біреудің отын үрледім,
Өз отымды жақпадым.
Сонда дағы оңбадым:
Көн шалбар түспей бұтымнан,
Қыс болса тапшы қызылдан,
Жаз болса шала жұтымнан.
Адал сопы мен емес
Пірдің сөзін тұтынған.
Саудагер сарттай тұтынған.
Саудагер сарттай қайтты өмір
Құмар ойнап ұтылған.
Мөңіреп жұртқа ой қатты
Бұзауы өлген сиырдай.
Ләпсі –төбет қабаған,
Жемтік көрсе тұра ма
Ырылдап, танау жиырмай?
Айтпасымды айтқыздың
Айтпасымды айтқыздың,
Аузыңды бақпай, келіншек!
Шару десе шалдуар,
Салақ, олақ, еріншек.
Бой түзеген, боркемік,
Күлкігөй, күйшіл, көңілшек!
Керт басқанның белгісі –
Жексұрын саған көрінсек.
Аларманың алтау-ақ,
Алпысқа болдың берімсек.
Шақырып алып алдына
Ел мақтаған ұстаны,
«Қышқашсыз ұстап темірді,
Балғасыз соқ!» — деп қысқаны.
Ұстаны қысқан падыша,
Айтшы, кімнің дұшпаны?
Құтың болса құйып ал,
Құтысыз болсаң төге сал,
Сөйлейін біраз нұсқаны.
Тыста отырған байғыздың
Жанына тауыс келеді:
«Неткен құс, — депменсінбей, —
Бармақтай-ақденелі?!.»
Әсем жүнін таранып,
Өн бойына қаранып,
Бастайтұғын бастанып
Үлгілі сөздің келелі:
-Бармақтай-ақ қаралдың,
Қортиып қалай жаралдың,
Түріңнен қалай ұялмай,
Тасқа шығып тарандың?
Қазаққа
Қазақ деген ғаріп жұрт,
Миығыңды көрсетпей,
Ұстарасыз түсті мұрт.
Ұйқы басып, сезбедің
Шырмағанын жаудың сырт.
Емін- еркін ен ен жайлап,
Өсіп едің Бұхарда.
Елің сонда жүргенде,
Қызық дәурен сүргенде,
Бәйшешек шығып бүргенде,
Ерлерін сыртқа таратпай,
Тартушы еді тұлпарға.
Бір ауызды күніңде
Үш жүздің ұлы қараған,
Алдынын соның тараған,
Әбілпейіз, Абылай –
Екі сұлтан сұңқарға.
Еркінше өске қайран ел,
Дәулеттің бейнешалқар көл,
Айдынның бейне асқар бел,
Ботадай бұла өскен тел,
Енді келіп қамалдың
Орыс салған қу тамға…
Сен Бұхарда кезіңде,
Бәтуа бар сөзіңде,
Келелі биің сенімді,
Қара бір халқың көнімді,
Тыныш еді еліңіз.
Ата қоныс Арқадан
Ата қоныс Арқадан
Басында қазақ ауғанда,
Күздікүнгі нөсердей
Көзінің жасы жауғанда,
Ақтабан боп шұбырып,
Асып асқар таудан да,
Алқакөлді айналып,
Ақ қайыңды сауғанда, —
Арысын белден омырып,
Қалмақ тартып барды алды.
Ұйқысы түссіз қанбаған,
Ел қалап, ер таңдаған,
Берген серттен танбаған
Аққұба ару жарды алды.
Тең арқаны қиылып,
Артқан жүгі үйіліп,
Өрде шөгіп нар қалды.
Күз тоқсан, қыстың маусымы,
Үдере тартсаң азбайтын,
Айсыз түнде адассаң,
Ауылыңнан жазбайтын
Аударып алды тарланды.
Аш күзендей бүгілтті
Алдтын қарғы арланды.
Аталықтай ақсақал
Алласына сыйынып,
Тілегі мүлде қиылып,
Шаждада жатып зарланды.
Аналықтай бәйбіше
Көкірегін кернеген,
Күндіз күлкі көрмеген,
Түнде ұйқы бермеген
Көзінен төкті арманды.
Мазмұны
Беті
1.Дулат Бабатайұлы…………………………………………………….1
2.Ақжайлау мен Сандықтас…………………………………………2
3.Сүлейменге……………………………………………………………….3
4.Тырнақтай меңі болған соң………………………………………4
5.О,Барақ жас, Барақ жас…………………………………………….5
6.Тегімді менің сұрасаң………………………………………………6
7.О,Ақтан жас,Ақтан жас……………………………………………..7
8.Тұнық тұма.Атаны бала алдады……………………………..8
9.Ұста соққан темірден……………………………………………….9
10.Аягөз……………………………………………………………………..10
11.Сөзім бар да, көзім жоқ…………………………………………11
12.Айтпасымды айтқыздың………………………………………..12
13.Қазаққа…………………………………………………………………..13
14.Ата қоныс арқадан………………………………………………..14
[bws_related_posts]