Ақтөбе облысы
Шалқар ауданы
Жылтыр ауылы
Т.Шанов атындағы орта мектеп
Қожабергенова Игілік Рыскелдіқызы
Сабақтың тақырыбы: Сын есімнің сөйлемдегі қызметі.
Сабақтың мақсаты:
1.Білімділік: Оқушыларға сын есімнің қызметі туралы білім беру, жаттығу жұмыстары арқылы бекіту.
2.Тәрбиелік: Оқушыларды әдептілікке, ізгілікке тәрбиелеу.
3.Дамытушылық: Оқушылардың синтаксистік талдау жасау дағдыларын дамыту.
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың әдіс-тәсілі: түсіндіру, сұрақ-жауап, жаттығу
Пәнаралық байланыс: қазақ әдебиеті
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі: 1.Оқушылармен сәлемдесу
2.Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру
3.Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару
II. Үй тапсырмасын тексеру: Сын есім ережелерін сұрау
61- жаттығу
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру:
Сын есімнің сөйлемдегі қызметі
1. Сын есім әдетте сөйлемде анықтауыш болып тұрады. Мысалы: Сұр бұлт түсі суық, қаптайды аспан (А) деген сөйлемде сұр және (түсі) суық деген сын есімдер (кандай?) бұлт деген зат есімді анықтап тұр. Сөйлемде анықтауыш болу — сын есімнің негізгі қызметі. Өйткені сын есім заттың әр түрлі сыр-сипатын, сапалық, қатыстық белгілерін білдіреді.
Сын есім ілік септікте тұрып заттанып келіп, те анықтауыш болады. Мысалы: жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын (мақал) дегенде жақсының (яғни жақсы адамның) кімнің? (жақсылығын) деген сұраққа жауап беріп анықтауыш болып тұр.
2. Сын есім жіктік тұлғада тұрып сөйлемнін баяндауышы да болады. Мысалы: Сен бір артық көркемсің (Ж). Әлсіз адам сүріншек (мақал). Бұл сөйлемдерде көркемсің (II жақ), сүріншек (ІІІжақ) сөздері жіктік тұлғада баяндауыш қызметін атқарып тұр.
3. Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынын білдіріп, қалай? деген сұраққа жауап беріп пысықтауыш та болады. Мысалы: Өлеңмен сөзді желдей құйындатқан (Ж). Гүлнар бөлмесін таза ұстайды деген сөйлемдерде желдей, (қалай құйындатқан?) таза (калай ұстайды?) деген сын есімдер пысықтауыш қызметін атқарып тұр.
4. Сын есім әдетте көптелмейді, тәуелденбейді, септелмейді. Егер сын есімге көптік, я тәуелдік, я септік жалғауы жалғанса, онда сын есім зат есімнің орнына жүреді. Осындай сын есімнің сөйлемде зат есімнің орнына жұмсалып, зат есімнің қызметін атқаруын сын есімнің заттануы дейді. Мысалы: Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат (мақал) деген сөйлемде жақсыдан, жаманнан деген сын есімдер шығыс септік жалғауында тұрып, зат есімнің орнына яғни адамнан дегеннін орнына (жақсы адамнан, жаман адамнан) заттанып қолданылған. Заттанған сын есім атау септік тұлғасында тұрып бастауыш болады. Мысалы: Ұялшак, сы-бағасынан құр қалар (мәтел). Баланың жақсысы — кызық, жаманы — күйік (А.) деген сөйлемдерде ұялшак, (адам кім?), жақсысы (бала кімі?), жаманы (бала кімі?) атау септікте тұрып, заттанып, бастауыш қызметін атқарып тұр.
5. Сын есім табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінде келіп, заттанып, толықтауыш та болады. Мысалы: Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез (А.) деген сөйлемде білімдіден (кімнен шыққан?), талаптыға (кім болсын кез?) деген сын есімдер заттанып келіп (адамға деген мәнде) толықтаауыш қызметін атқарып тұр.
- IV. Жаңа сабақты бекіту.
1-тест. Сын есімі бар сөйлемді тап.
а/ Жақсыдан шарапат, жаманнан кесепат.
ә/Сен дәрігерсің.
б/ Ауылдың шетінде өзен ағып жатыр.
2-тест. Сын есім пысықтауыш болып тұрған сөйлемді тап.
а/ Жақсыдан шарапат, жаманнан кесепат.
ә/ Ол баяу басып келеді.
б/ Әлсіз адам ашушаң.
3-тест. Сын есім толықтауыш болып тұрған сөйлемді тап.
а/ Жақсыдан шарапат, жаманнан кесепат.
ә/ Ол баяу басып келеді.
б/ Әлсіз адам ашушаң.
4-тест. Сын есім баяндауыш болып тұрған сөйлемді тап.
а/ Жақсыдан шарапат, жаманнан кесепат.
ә/ Ол баяу басып келеді.
б/ Әлсіз адам ашушаң.
5-тест. Сын есім анықтауыш болып тұрған сөйлемді тап.
а/ Жақсыдан шарапат, жаманнан кесепат.
ә/ Ол баяу басып келеді.
б/ Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын.
Дұрыс жауабы:
1-тест — а
2-тест — ә
3-тест — а
4-тест — б
5-тест — б
V .Үйге тапсырма беру: 65- жаттығу
Сын есімнің сөйлемдегі қызметі
VI. Оқушылардың жауаптарын бағалау.
[bws_related_posts]