Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы,
Торғай селосы,
Ш.Уалиханов атындағы Торғай орта мектебі,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Зарыпбай Динара Ғалымбекқызы
Баяндама
Кәсіптік білім – мәңгілік ел тірегі.
«Туған елге пайдалы іске қолдан келгенше
үлес қосу – әрқайсымыздың міндетіміз.»
Ы.Алтынсарин
Торғай өзені — Торғай жерінің күре тамыры. Сол тіршілігімізге нәр берген Торғай өзені өзінің бастауын жылға түрінде Сарыарқаның кіндігі Ұлытаудан алады. Сол секілді біздің дана ойшылдарымыз, ақын- жазушыларымыз ұлтымыздың ұлы ағартушысы, жерлесіміз Ыбырай Алтынсариннен нәр алды. Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи даму жолында өшпес жұлдыздай болып есімі ерекше аталатын ірі тұлғаларының болуы заңдылық. Соның бірі — қазақ сахарасында өмір сүрген, халықтың данышпан перзенті, даланың дара ұстазы- Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай — өз заманының ірі қоғам қайраткері, тұңғыш педагогі. Қазақ балаларына білімнің кілтін ұстатып, тұңғыш мектеп жүрегі болған алғаш мектеп ашушы. Халықты қараңғылық бұғауынан құтқарып, көңілдеріне көрікті ой, көздеріне нұрлы сәуле тастап, көкіректерін оятуды көздеген халық қамқоршысы. Қазақтың жан сезімін, ішкі дертін тап басып тани білген тамыршысы. Оқудың мұратқа жеткізетіндігін тұңғыш рет қазақ даласына паш еткен дара ұстаз. Ыбырай Алтынсарин ізгілік отын адал жүрегінде мәңгілік орнатқан, жарық жұлдызды алаулаған отқа айналдырған, жазушылық қызметінің түп қазығын оқумен сабақтастырған, ақындық шабытына дем беріп, қиялына қанат бітіретін зор нысанасын қараңғы қазақ халқының көзін ашып, көкірегін оятуға арнаған даланың дара да данышпан ұстазы деп білемін. Ыбырайдың мектеп ашу жолындағы қоғамдық қызметі ерекше ескерерлік. Ол – алпысыншы жылдардан бастап, өле – өлгенше оқу ағарту ісімен үздіксіз шұғылданған жалынды педагог. Бұрын жұқанасы жоқ жерден жаңа үлгіде мектеп ашу , оның барлық ісін жолға қою оп – оңай іс емес. Оның үстіне кертартпа феодалдық күш те , халық арасындағы тым төмендігі де, діни түсініктердің өріс алуы да прогресстік идеяның кең қанат жаюына кесірін тигізді. Өкімет , дін иелерінің өршітіп жатқан ұлт наразылықтары да екі халықтың мәдени араласуына кедергі жасады. Ыбырайдың халқына деген ізгі ниеттерінің іске асуы осындай қатал қарсылықтарға килікті. Балалар тәрбиесін өз қолдарында қалдырмақ болған елдегі молдалар Ыбырай ісінің қауіпті жауы еді. Бұлар халық қараңғылығын пайдаланып, Ыбырайдың ісін теріс түсіндіріп, дін жолымен «айыптай » түсті. Бірақ қалың көпшілік дін иелерінің зорлық — зардабын ғасырлар бойына шегіп , олардың жақсылыққа бастамайтынын бірте – бірте түсіне берді. Сондықтан олар Ыбырайға қарсы қаншама әрекет жаса5анымен , бұқара халықты Ыбырайдан үркіте алмады. Ыбырайды жақтаушылар тобы еңбекші елдің ішінде көбейе түсті. Олардың көкейіне Ыбырайдың сөздері берік ұялады. Мектептер арқылы қазақ балаларын оқуға тартып, олардың білімді, мәдениетті болып шығуына және солар арқылы қараңғы қазақ еліне әсер етуді негізгі мақсаты санады. Сондықтан, сол ашылатын жаңа мектептердің қандай негізде, қай жерде , қандай мақсатта ашылуы керек деген сұрақтарға жауап береді.
« Мектеп — қазақтарға білім берудің басты құралы. Олар қазақ даласынаң кез -келген жеріне ретсіз орната салынатын болса ешбір пайда келтіре алмайды. Ал біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы , тек қана осы мектептерде. Сондықтан мектептерде жақсы білім беретін болсын, артта қалған халықты мектепте қызықтырып тарту үшін мектеп бітіргендерге қай жөнінен болса да бір артықшылық берілетін болсын, сонда ғана оқушылардың саны ешбір күмәнсіз өте тез өседі. Осылай еткенде ғылыммен қаруланған , әр нәрсеге дұрыс көзқарасы бар адамдар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа әсер ете алады, сонда татар фанатизмінің де күллі көкке ұшады » деп жазады. 1860 жылы Орынбор өлкесінің басқару орыны Орынбор бекінісінен «Торғай қаласы» қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуға рұқсат алған Ыбырай Алтынсарин Торғай қаласына барады. Мақсаты мектеп ашу еді. Ыбырай халық ағарту жұмысына беріліп, жаңа мектеп ашу ісімен қанша шұғылданса да, жергілікті органдардың жәрдемі жеткіліксіз болып, мектеп ашу ісі ұзаққа созылды. Ыбырай Алтынсариннің армандаған мектебі 1864 жылы 8 қаңтарда бекіністің барша адамдармен 200-ден астам сыйлы қазақтардың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Мектептің ашылып, іске кірісуі Ыбырай өміріндегі ең бір бақытты кезең еді. Ұлы ағартушы туған халқының тамаша болашағына сенді. Ыбырай Алтынсарин ер балалармен қатар қазақ қыздарын да білімге тарту, оларға түрлі кәсіптік мамандық беру жөніндегі жұмыстарды алғаш ұйымдастырушы болғанын білеміз. Ер балалардың өзін оқытуға қырын қараған қытымыр заманда оның қыз балаларды оқыту, оларға арнап мектеп, интернаттар ашу қажеттігі туралы мәселе көтеріп, бұл ойын айтыса – тартыса жүріп дәлелдеуі, біртіндеп іске асыруы шын мәніндегі азаматтық ерліктің үлгісі болды. 1881 жылы қараша айында Бөрте болысында бір класстық орыс –қазақ училищесі ашылды. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты. 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі. 1887 жылы 15 қарашада Ыбырай Алтынсарин Ырғыз қыздар училищесін ашты. 1888 жылы 28 қазанда қазақ қыздарына арналған 12 орындық мектеп интернат ашылды. Тамыздың 21-ші жұлдызында Қостанайда 1-ші кластық ер балалар үшін орыс мектеп ашылды.Мұндай мектептердің ашылуындағы мақсат, көшпеліліктен отырықшылыққа ауыса бастаған кезде, қыздар мен ер балаларды біліммен бірге белгілі бір кәсіпке баулу еді. Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды.
Білімге деген құштарлық, халқына қалтқысыз қызмет ету Ыбырай Алтынсариннің негізгі ұстанымы болды.Қазіргі өркениетті қазақ халқы не бәрі 48 жасында өмірден өткен Ыбырай атамызды ұлы ұстаз, педагог, ғалым, ірі қоғам қайраткер деп бағалап құрмет тұтады. Ыбырай Алтынсарин- нағыз халықшыл жазушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер,аса қажырлы қоғам қайраткері,заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат. Ыбырай Алтынсарин салған сара жолды бүгінгі таңда елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап, жалғастыруда. Білімді кеңейту, кәсіптік білімді жандандыру мәселесін алға қойып, халыққа жолдаған жолдауында осы мәселеге көңіл бөлді. Жастарды білімге, еңбекке, белгілі бір кәсіпке бейімдеу мектептен басталады. Ыбырай Алтынсарин адамды адам ететін білім мен еңбек екенін өз заманында дәлелдеген және соған жеткізуді мақсатым деп білген. Ұлы ұстаз бұл мақсатына жетті деп ойлаймын. Мен осы баяндамамды Ы.Алтынсарин атындағы мектептің түлегі, ақын Шаяхмет Ақылбек ағамыздың өлең шумақтарымен аяқтағым келеді:
Алтынсарин-қазақтың жарық шамы,
Ойлағаны аяулы халық қамы.
Жап-жасыл жайқалатын жапырағы,
Алтынсарин – елімнің алтын бағы.
Алтынсарин – мазмұнды өмір әні,
Үлгі болып алдыңнан жолығады.
Шырт ұйқыдан оятқан бабамызды
Алтынсарин – даланың қоңырауы.
Алтынсарин – ел үшін соққан жүрек,
Сезіп оның дүрсілін шаттанды көп.
Қалың қардың жібіткен мұз денесін
Алтынсарин – аңқылдақ алтын күрек.
Денесі оның Тобылдың жағасында,
Мүсіні тұр Қостанай қаласында.
Ыбырай бұлағының мөлдір суы
Шүпілдейді білімінің шарасында.
[bws_related_posts]