Басы » Блог » Бастауыш сынып оқушыларына білім беруде жаңа инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жеке тұлғаны дамыту

Бастауыш сынып оқушыларына білім беруде жаңа инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жеке тұлғаны дамыту

педагогиБастауыш сынып оқушыларына білім беруде жаңа инновациялық технологияларды пайдалану  арқылы жеке тұлғаны дамыту
Білім беру сапасы – қоғамдағы білім беру үрдісінің жағдайын, нәтижесін, сондай-ақ жеке тұлғаның кәсіптілігінің қалыптасуы және даму болашағының қажеттілігін анықтайтын әлеуметтік категория. Білім беру сапасы білім беру мекемелеріндегі жастарды оқыту мен тәрбиелеу қызметтерінің әртүрлі көрсеткіштерінің жиынтығы, яғни білім беру мазмұны, оқыту формасы мен әдістері бойынша анықталады. Сондықтан педагогика ғылымының ерекшелігі де – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруы болып отыр.

Бүгінгі таңда республикадағы және аймақтағы экономикалық нарықтық қатынастардың қалыптасу жағдайында еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуы қоғам өмірінің барлық саласында, оның ішінде мектепте оқыту мазмұны мен оқытудың қазіргі технологияларын жетілдіру өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Дәстүрлі оқыту технологиясының білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде толық меңгеруіне кепілдік бермей отырғандығы оқушылардың білім жетістіктерінің нәтижелерінен көрініс табуда. Осыған орай оқу-тәрбие үрдісін жетілдірудің қазіргі технологияларын жетілдіріп, мектепте сабақ беруде қолдану арқылы білім сапасын жақсартуға болатындығына басым бағыт берілуде.
Қазіргі кезде мектептің оқу-тәрбие үрдісінде 50-ден астам педагогикалық технологиялардың қолданылып жүргені мәлім. Бұл технологиялардың бәрін бір сабақта қамту мүмкін емес. Сондықтан, мектептегі әрбір пәнді оқыту технологиясын таңдап, іріктеу және оны іс-әрекеттік тұрғыда жетілдіру арқылы оқушының білім жетістіктерін арттыруға болады. Мұнда оқушының әрекеті – технологияны қабылдауы, ынтасы, құштарлығына көңіл бөлінуі тиіс.
Бастауыш сатыда әрбір пән бойынша оқушылардың оқу жетістіктерінің өлшеуіштер тәсілдері ретіндегі деңгейлік тапсырмалар жүйесін дайындауға болады. Оқушының дайындық деңгейін саралау оқушының жеке танымдық мүмкіндігін ескерудің басты тәсілі ретінде қарастырылуы тиіс.

Жаңа ақпараттық технологияның ерекшелігі – мұғалімдер мен оқушыларға өз бетімен бірлесіп, шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіншілік береді.
Мектептердің оқу үрдісіне жаңа ақпараттық технологияны енгізу арқылы оқу сапасы жақсарып, дамыта оқыту жүзеге асырылып, сабақ қарқыны жеделдетіліп, жеке тұлғамен жұмыс істей отырып, саралап, даралап оқытуға мүмкіндік туады. Жаңа ақпараттық технологияны шағын жинақталған мектептерде де пайдалануға болады. Онда сабақты тиімді өткізуге, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, әрбір оқушының өз беттерінше ізденіп білім алуларына көмектесуге болады. Жаңа технология оқушының өзіндік жұмыс атқаруына және ең бастысы – оқушының білім жетістіктерін жақсартуға ықпал етеді.

Оқу-тәрбие үрдісін ізгілендіру – жеке тұлғаның еркін дамуы үшін оның бойында жалпы азаматтық құндылықтардың қалыптасуын қамтамасыз ететін дидактикалық ұстаным ретінде басшылыққа алынуы тиіс.
Мектептің бастауыш сатысында оқу-тәрбие үрдісін оқушылардың өзара іс-әрекетімен мұғалім мен оқушының өзара қарым-қатынасын дұрыс ұйымдастыру арқылы оқушының ойлау белсенділігін арттыруға, сабақта интерактивтік әдісті тиімді пайдалануға болады. Мұнда негізгі және жетекші үрдіс – іс-әрекетті оқытуды ұйымдастыру. Бұл технологияның ерекшелігі оқушылардың өздері ақпараттар жинап, өздері жаңалық ашуға ұмтылып, ізденіп жауабын тауып, өзінің көзқарасын логикалық түрде дәлелдейді. Ол өз пікірін бір-біріне, топта, сынып алдында айта алады. Мұнда жеке тұлғаның рухын тәрбиелеуге, адамның адамгершілік болмысын қалыптастыруға басты назар аударылуы тиіс. Білім мазмұнын меңгеруде оқушылардың жаңа процессуальдық біліктілігіне, ақпаратты алдын ала болжау қабілеттерін және қойылған міндетті шығармашылықпен дамытуға көңіл бөлінеді. Әрбір сабақта оқушылардың оқу біліктілігімен қатар ойлауы, іс-әрекеті, өзара қарым-қатынасы және өзінің сана-сезімі дамып, қарапайым ойлау операциялары (анализ, синтез, салыстыру, сұрыптау) және шығармашылық іс-әрекеті қалыптасады.
Қай салада болмасын, ондағы жұмыстың нәтижесі сапасымен өлшенеді. Мектептегі сан-саналы жұмыстың құйылатын арнасы да білімнің сапасында болатыны даусыз. Білім қоғамды тұрақтандыратын, рухани мұраны сақтайтын, ұрпақты ұрпаққа сабақтастыратын құрал. Сондықтан алға басқан сайын біз халқымыздың тарихи құндылықтар, ұлттық тіл қазынасын, яғни халық қазынасының бағалы жақтарын келешекке өзімізбен бірге индустриясы дамыған, толық техникаланған болашаққа ала баруымыз керек, сонда ғана біздің ұрпақ өз тілегін,өз тілін, сабаққа деген қызығушылығын, қабілетін дамытады.
Біздің басты мақсатымыз – білім сапасы. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Мұғалім – тікелей оқыту мен тәрбиелеу үрдісіне жаңалықты енгізуші, оқушымен бірлесе жұмыс істейтін белсенді әрекет иесі. Сондықтан да, ол мектепке жаңалық енгізуде шешуші рөл атқарады.
Мектептегі оқу жұмысының сапасы мұғалімнің оқушылардың оқу әрекеті дұрыс ұйымдастыра білуіне, оның тиімділігін мейлінше жетілдіре білуіне байланысты болады. Оқушылар әрекетінің ең басты және жетекші түрі – оқу.
Ғалым педагог Л.В.Занков: «Оқыту – оқушының рухани дамуын қамтамасыз етуі қажет», — дейді.

Көрнекті психолог Л.С.Выготский: «Жақсы оқыту деп, ол баланың дамуына ілгері жүретін, оны жетекке алатын оқытуды айтады», — деп тұжырымдайды.
Оқушының жұмысты шығармашылықпен ойлауы, қабілетінің дамуы, білуі мен танымдық белсенділігін арттыру – қазіргі кезде барлық мұғалімдер қауымын толғандырып жүрген мәселелердің бірі. Бұл сабаққа оқыту жүйесіне жоғары талап қоюды қажет етеді.
Әр алуан оқыту әдіс-тәсілдерінің тиімді қолданылуы сабақта оқу-тәрбие мәселелерін барынша дұрыс шешуге себі тиетіндерін, оқушылардың белсенділігі мен өздігінен іс-әрекет жасауын талап ететіндерін іріктеп алуға байланысты.
Оқушыларға терең білім беру үшін жаңа технологияларды қолдана отырып төмендегідей қағидаларды есте сақтаған жөн:

  1. мұғалім пәнді өзі жетік терең біліп, оны балаларға жай, қарапайым тілмен, өмірмен байланыстыра отырып беруі қажет.
  2. мұғалім оқушылардың жеке басының психологиясын (жан дүниесін) жете біліп, әр оқушының жүрегіне жол таба білуі қажет.
  3. мұғалім әр оқушыға, бүкіл сыныпқа талап қоя білуі керек.
  4. мұғалім әр сабақта ғылым мен техника жаңалықтарын дұрыс қолдана білуі.
  5. мүмкіндігінше, кейбір үлкен тақырыптарды топтап, жеке блоктар түрінде топтай білуі.
  6. балалардың есте сақтау қабілеттерін арттыру үшін жаңа сабақты тірек конспектілері мен жеке тірек белгілері бойынша беру.
  7. сабақта балалардың пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі қызықты элементтерді пайдалану.
  8. әрбір сабақ өз дәрежесінде өтуі қажет.

Білім беру саласында атқарылып жатқан игі істермен қатар түбегейлі
шешімін күтіп жатқан проблемалар да көп. Оның бірсыпырасы алда шешімін табар деп үміттенеміз

Қазіргі нарықтық экономиканың сұраныстарын қанағаттандыруға және экономиканың, өндіріс салаларының дамуына сай жастарға компетентті тұлға ретінде қалыптастыру үшін мұғалімдер оқытудың қазіргі технологияларын пайдаланып, оны одан әрі заман талабына сай жетілдіруі қажет. Осылай оқушылардың білім жетістіктерінің деңгейін көтеруге болады.
Оқушының шығармашылық қабілеті практикалық әрекеттері, ізденімпаздығы арқылы дамиды. Шығармашылыққа үйрететін сабақтар – жаңа технологияларды қолдану болып табылады. Мұндай сабақтарда оқушыға ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасында ынтымақтастық қатынас қалыптасады. Мұғалім бұл жағдайда білімді түсіндіріп қоюшы, бақылаушы емес, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетін ұйымдастыратын ұжымдық шығармашылық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана оқушы интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.

Баяндаманы дайындаған:       Айымбетова Р.Ж.

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *