Басы » Баяндамалар » Балабақшада ойын арқылы балалардың сөздік қорларын дамыту жолы

Балабақшада ойын арқылы балалардың сөздік қорларын дамыту жолы

21-09-1 «Риддер қаласы білім бөлімі» ММ «№38 «Ласточка» бөбекжай-балабақшасы» КМҚК қазақ тілі пәні мұғалімі Мухамадиева Алия Кабылгазыновна

«Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып,
оның шығармашылық қабілетін дамытады
ойынсыз ақыл — ойдың қалыптасуы мүмкін
емес».
В.А.Сухомлинский

«Балабақшада ойын арқылы балалардың сөздік қорларын дамыту жолы »

Ойын дегеніміз-жас ерекшелікке қарамайтын, адамның көңіл-күйін көтеретін, ойландыратын үрдіс. Ойын-төзімділікті, алғырттықты, тапқырлықты, ұқыптылықты, ізденімпаздықты, іскерлікті, дүниетаным өрісінің көлемділігінің, көп білуді, сондай-ақ, басқа да толып жатқан сапалылық қасиеттердің қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар педагогикалық, тиімді әдістерінің бipi. Сондықтан ойынды сабақтан тыс уақытты пайдалану — үлкен нәтиже бepepi анық. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, содан үлкен мәнді де мағыналы істер туындап өрбитінін байқаймыз. Себебі, бар өнердің бастауы деп білеміз. Ойын-тек жас адамның дене күш қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке т.б ғана тәрбиелеп қоймайды, оның ақыл-ойының толысуына, жан дүниесінің қалыптасуына, eceйіп өcyiнe де пайдасын тигізеді. Ойын баланың алдынан өмірдің eciгiн ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, танымдық қасиеттерін дамытады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ана тіліне қамқорлық ең алдымен сол тілде сөйлейтін халыққа жүктеледі» демекші, менің парызым — балабақшадағы өзге ұлт балаларына мемлекеттік тілді меңгерту.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен оқыту барысында бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің білім-деңгейі нақты бағдарламамен берілген. Қазақ тілін оқыту «Біз мектепке барамыз», «Зерек бала» бағдарламаларында жүзеге асырылады.

Егеменді еліміздің талабына сай мемлекеттік тілді меңгеру, оқыту, қазіргі заманға сай білімді де, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу педагогтар еншісінде.
Мектепке дейінгі балаларға тәрбие мен білім беру жұмыстарын ұйымдастыруда олардың сөйлеу, тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, құрастыра сөйлеуге, сөздік қорының молаюына баса көңіл бөлген жөн. Сәбилердің дүниетанымын кеңейтіп, ойын өрістетіп, тіл байлығын жетілдіруде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Балабақшада балаларды дұрыс сөйлей білу мәдениетіне айнала қоршаған ортамен, сондай-ақ көркем әдебиетпен теңестіру арқылы жүзеге асыруға болады. Әрбір ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде дидактикалық ойындарды қолдану арқылы балалардың қиялын шарықтатып, ойлау қабілетін ұштауға болады.
Балабақшадағы тәрбиелеу-оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.
Біз балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсі және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретеміз.
Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде мұғалімнің:
— балалардың сөздік қорларын дамыту;
— жаңа сөздерді меңгерту;
— үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байытып отыру басты міндет саналады.
Осы аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың сөздік қорын дамытуда ойын, тапсырма, жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде ойын – баланың шын тіршілігі.

Тіл үйрету барысында әрбір сабақта ойын түрлерін және өзара сөйлесу үлгілерін қолданамыз. Ойын арқылы баланың бойына адамгершілік қасиеттерін, өмірге құштарлығын қалыптастырамыз.
Алғашқы тіл сабақтарынан бастап, баланы өзге тілде сөйлеуге құлшындыратын айналасындағы зат, құбылыстардың қазақша атауларын үйрету үшін қолданылатын ыңғайлы әдістердің бірі – дидактикалық ойындар. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Әр түрлі топтағы балалардың шамасына қарай берілетін бағдарлама материалдарын меңгертуді, үйренген білім дағдыларын бекіту жұмыстарын дидактикалық ойындар арқылы жүзеге асырдық. Ойынның пайдасы – баланың ой-өрісін қалыптастырып, дамытады. Ойынның міндеті баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттырады.
Дидактикалық ойындарды сәбилер тобынан бастап, жеңіл түрлерін қолданамыз. Баланың ауызекі тілде сөйлеуін, тілдің дыбысталу мәдениетін, байланыстырып сөйлеу мен сөздік қорын дамыту үшін сабақта және үйде ойналатын ойындардың маңызы зор. Ойындардың ішінде қазақ тілі сабақтарында жиі қолдануға болатын дидактикалық ойындар: «Енесін тап», «Жеміс-көкөніс жинау», «Ненің дәмі?», «Сиқырлы қоржын», «Бұл ненің дауысы?», «Бұл қашан болады?», «Не жақсы, не жаман», «Не артық?», «Дұрыс па, бұрыс па?», «Доппен ойын», «Дұрыс көрсет», «Дұрыс ата», «Кім көп сөз біледі?», «Телефон» т.б. ойындар. Қазақ тілі сабақтарында аталмыш ойындарды қолдану барысында балалардың тілдерін дамытумен қатар, ойлау, есте сақтау, шығармашылық қабілеттерін, зейіні дамиды.

Осындай ойын түрлері әсіресе қорытынды бөлімде қолдану сабақ барысында берілген жаңа сөздерді бекіту үшін қолданылады. Балаларға тілді ойынның көмегімен меңгерту, балалардың тілге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Арнаулы қазақ тілі құралдарының қатарында ерекше орын берілетін ойын түрлері – қазақ тіліне тән ә,ү,ұ,қ,ң,ғ,і,һ дыбыстардың дұрыс айтуға арналған дидактикалық ойындар болуы керек, яғни дыбыстық жаттығулар, аударма сөздіктер, жұмбақ, жаңылтпаштар, санамақтар қамтылған ойындар.

Ал сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуге үйренеді. Мысалы: «Сөз ойла», «Сөз құра», «Жұмбақ ойла», «Жақсы-жаман», «Жалғастыр», «Үш сөз ата». «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?», «Қай сурет тығылды?», «Бір сөзбен ата», «Кім байқағыш», «Қиылған суреттер», «Ұқсасын тап», «4-ші не артық?», «Есіңде сақта», «Қоржын»,т.б

Қазақ тілін оқытуда пайдаланылатын дидактикалық ойындар: балалардың сабақ үстінде алған білімдерін бекітуге, бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуге, қазақша сөйлеу үлгілерін еркін қолдануына бағыт береді, ұйымшылдыққа үйретеді. Дидактикалық ойындар мектеп жасына дейінгі ұлт балаларының да, жергілікті халықтың балаларының да тілдерін дамытуда өте маңызды роль атқарады. Әр сабақта ойынды тиімді пайдалану арқылы сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтіп отырдық. Дидактикалық ойын барысында балалардың зейінін, жылдамдықтарын, тапқырлықтарын, байқағыштық қасиеттерін дамыта отырып, дыбыстарды ажырата білу мен сөздік қорын молайтуды жүзеге асырдық. Дидактикалық ойын арқылы тіл үйрету тиімді әрі нәтижелі болары сөзсіз.

Тіліміздің мәртебесі өсіп, мерейі биіктей түссін!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *