Басы » Баяндамалар » Бастауыш сыныпта оқушының зерттеушілік қабілетін дамыта отырып,шығармашылыққа баулу

Бастауыш сыныпта оқушының зерттеушілік қабілетін дамыта отырып,шығармашылыққа баулу

Қостанай облысы
Арқалық қаласы
М.Әуезов атындағы №5 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Жумакул Мекебай

Бастауыш сыныпта оқушының зерттеушілік қабілетін дамыта отырып,шығармашылыққа баулу

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: « XXI ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары, Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады», — деген ұлағатты қағидалы сөздері мектеп ұстаздарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз — шәкірттерінің өн бойына қан жүгіртетін мектептің жүрегі. Ұстазына қарап, шәкіртін таны, дейді халқымыз. Ұстаздың рухы мөлдір, ойы биік, талғампаз оқушыға жаны жақын, адамгершілік пен мәдениеттің мол қазынасынан сусындаған болуы тиіс.

Қазіргі заман талабына сай білім берудің шығармашылық жолдарын айқындау барысында адамның шығармашылыққа деген жанданысы оның өз жекелігін, өз қабілетін іске асыруға деген жолын ашады. Кез келген әрекет шығармашылықты туғызып, оны нақты болмысқа айналдырса, ал шығармашылық әрекетті реттейді,оның амалдарын, тиімділігін анықтайды. Шығармашылық әрекет арқылы қабілет қалыптасады, әр қарай дамиды. Зерттеу-ізденушілік қабілет әр баланың бойында болады. Баланы ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеті болып саналады. Егер әр оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуын қамтамасыз ету қажет болса, онда баланың қабілетін түрлі әрекетте көрсету үшін зерттеуге дайындау қажет. Зерттеу-дарынды балаларды оқытудың негізі. Онсыз баланың потенциалын ашу, оны әрі қарай дамыту мүмкін емес. « Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік туғызған сайын ол одан әрі жақсы оқи түседі» деген екен Питер Клайн. Ұстаз бен ата-анаға да керегі сол емес пе? Оқушы, ұстаз, ата-ана — үштік одақ бірлесе отырып жұмыс істеу арқылы ата-ана бұл зерттеу жұмысының баласына пайдасы бар екенін түсініп, өзі де көмек көрсете отырып, өзінің мектеппен тығыз қарым-қатынас жасау қажеттілігін сезінеді. Зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушыда танымдық қабілет, тіршіліктің қыр-сырын меңгеруге талпыныс, білуге деген құштарлық туындайды. Зерттеу жұмысы негізінде «үштік одақтың» арасында жағымды көңіл-күй, тығыз қарым-қатынас, аянбай еңбек ету, сол еңбектің нәтижесін көруге ұмтылу әрекеттері орныға түседі. Сабақ барысында да тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушылардың  зерттеу-ізденушілік  әрекеттерін ұйымдастыруға, әр түрлі сипаттағы  жұмыстарды жүргізуге болады.
Бастауыш сыныптан бастап ізденушілікке баулыса, бала кішкентай кезінен өздігінен ой түйіп, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренеді, оны зерттеу негіздері, логика сабақтарындағы оқушылардың белсенділігінен байқауға болады.

Мен  өзімнің педагогикалық қызметімде «Бастауыш сыныпта оқушының зерттеушілік қабілетін дамыта отырып,шығармашылыққа баулу» тақырыбын басшылыққа аламын.

Мақсатым:

Оқушының білімді шығармашылықпен меңгеру дағдыларына тәрбиелеу және ғылыми дүниетаным қалыптастыру

Міндетім:

  • Оқушының бойына басқалар елемейтін проблемаларды көру ерекшелігін дамыту.
  • Керекті ақпаратты қажет кезінде таба білуге үйрету.
  • Зерттеушілік сипаттағы тапсырмаларды орындауға баулу.

 

Өзім жетекшілік ететін сыныбымда дарынды 5 оқушы бар. Бұл

оқушылардың дара ерекшеліктерін  зерттеу, бақылау нәтижесінде анықтадым.       Бұл мақсатқа жету үшін оқушыларға білім негіздері мен дағдыларын дұрыс берудің маңызы зор екенін ескеріп, 1-ші сыныптағы оқудың әсерлілігін арттыру арқылы, білімінің терең де тиянақты болу жағын қарастырамын.
Шығармашылыққа бейім, дарынды оқушымен жұмыс жасау үшін, баспасөздерде жарияланып жүрген педагогикалық озат тәжірибелерді үнемі оқып, зерделеп, күнделікті сабақтарда пайдаланып отырамын. Оқушылардың қандай пәндерді қызығып оқитынын  үнемі назарда ұстаймын
Сонымен қатар әр түрлі интеллектуалдық  ойындарға : облыстық «Атамекен»,  Республикалық  «Пони», халықаралық « Инфоурок» жобасы бойынша өткізілетін қашықтық олимпиадасына қатысып жүлделі 1,2,3-орындарды иеленді.Сонымен қатар,сынып ішінде «Зерде», «Озаттар сайысы», «Ойлы болсаң,озып көр!» зияткерлік-танымдық ойындарын өткізіп отырамын. Кәзір менің алдымдағы оқушылар  әлі  2-сынып болғандықтан,  қабілетті оқушылармен «Әр елдің амандасу салты», «Көбелектер тіршілігі», «Ұлттық ойындар тарихы» тақырыбындағы зерттеу жұмыстарын бастап,тапсырмалар берудемін.

Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік ерекшеліктерін зерттей отырып, олардың қызығушылықтары не нәрсеге басым, не нәрсені білуге жаны құмар «негештер» екенін аңғару қиын емес. Бірақ оларда тәжірибе жоқтығы , күрделі тақырыптарды меңгере алмайтыны, ақпарат материалдарымен жұмыс істеуге дағдыланбағаны анықталды. Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, жетелеу қажет. Жұмыстарды жүргізу барысында оқушыларды өз бетімен көп ізденуге,шығармашылық  қабілеттерін арттыруға,зерттеуді  үйретуге  тырысамын. Кез келген тақырып бойынша ең алдымен сол тақырыптың тарихына  көп көңіл бөлуді  қадағалаймын. Себебі , шығу тарихын зерттеп алмай  кез келген дүниенің сырын түсіну мүмкін емес. Осыдан кейін  тақырып бойынша  жан-жақта зерттеулер жүргіземіз,барлық қыр-сырын ұғынуға тырысамыз.Сонымен қоса тақырыпқа сай қызықты деректер жинақтаймыз. Осы жұмыстардың  барлығын орындау кезінде  дарынды, шығармашыл,«зерттеуші» оқушылардың  ата-аналарымен  тығыз байланыс  жасаймын.Бұл да өте қажет,себебі ата-ананың қолдауы  баланы  «қанаттандырады».
Осындай жұмыстардың арқасында сыныбымдағы шығармашыл- дарынды оқушылар мынадай дәрежеге жетті:
— Оқушының оқуға деген құштарлығы артты.
— Оқушылардың танымдық қабілеттері танылды. .
— Өз бетімен бімегенін үйренуді мақсат етеді.
— Кітапханамен, сынып жетекшісімен тығыз байланыста болды.
— Ойларын ашық, еркін жеткізуге үйренді.
— Жаны таза, мейірімді, тәрбиелі оқушы атанды.
— Білімге деген қажеттілікті ұғынды.

Бала-табиғатынан зерттеуші, зерттеушілік ізденіс – табиғатпен берілетін қасиеттің ажырамас бөлшегі. Жаңа әсер алу, көп білуге құштарлық, үнемі қадағалауға және эксперимент жасауға ұмтылу, әлем туралы жаңа мәліметтерді өз бетінше іздеу бала мінезінің маңызды белгілері ретінде қарастырылады. Зерттеушілік, ізденушілік белсенділік – баланың табиғи жағдайы; ол әлемді танығысы, білгісі келеді. Баланың бұл табиғи белсенділігі зерттеушілік мінез-құлықтың мәні.

Балаларды оқытуда зерттеушілік әдісті қолдану қажеттілігі балалардың табиғатынан көп білгісі келетіндігімен, қоршаған ортаны түсіну қызығушылығымен түсіндіріледі. Оқушылардың өзіндік зерттеулері олардың жеке-дара қажеттіліктері мен сұраныстарын қанағаттандыруға ықпал етеді. Бұдан басқа, өзіндік зерттеулер интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерді, ойлау және зерттеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.Өз бетінше зерттеудің көмегімен оқушылар қоршаған әлемді тани отырып, өздеріне жаңа білімді дайын күйде алмай, оны еңбектену арқылы алу қажеттігін ұғынады.

Зерттеушілік әдісін қолдану қажеттігі оқушының білім алу процесінде қоршаған ортасына қызығушылығымен, сүйіспеншілікпен қарауымен түсіндіріледі. Оқушының өз бетінше зерттеу жүргізуі оның жеке талабын қанағаттандырумен көкейінде жүрген сұрақтарға жауап табуға үлкен ықпал етеді. Одан басқа, өз бетінше зерттеу жүргізу интеллектуалдық және шығармашылық қабілеті мен ойлау, зерттеу білігінің дамуына мүмкіндік туғызады.

Зерттеу жұмысын  жүргізу, бастауыш сынып  оқушыларына  төмендегідей іс-әрекеттерді жасауға мүмкіндік туғызады :

  •  өзін  қызықтырған сұрақтарға  жауап  іздеу;
  • іздену барысында түрлі тәсілдер қолдану;
  • өз пікірін, ойын ашық айту;
  • өз  бетімен қорытынды жасау;
  •  өзі үшін жаңалық ашу.
  • қызығушылығын  қанағаттандыру.

Демек, оқушы  өз бетінше жұмыс жасауды үйреніп  ,зерттеушілік  ,шығармашылық қабілеттерін дамыта түседі.

Дарынды-шығармашыл оқушыларымның болашағынан көп үміт күтемін және олардың осы зерттеушілік ,ізденушілік қабілеттері одан әрі шыңдалатынына  сенемін.

 

 Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Тұрғанбаева.Б.А., Шабденов.Б.Ш.  Шығармашылық баспалдақтары.  Алматы,2003
  2. Бекова.Г. Шығармашылық ізденістер    Бастауыш мектеп   1998 ж. № 2  24-28 бет
  3. Алпысова.Г.Т.  Оқушыларды шығармашылыққа баулу. Бастауыш сынып   2012ж. №3 4-5 бет

 

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *