Басы » Баяндамалар » Оқушылардың логикалық ойын дамыту жолдары

Оқушылардың логикалық ойын дамыту жолдары

«Оқушылардың логикалық ойын дамыту жолдары»

Жанабаева Гульзат Казихановна

Қарғалы ауданы  Кемпірсай бастауыш мектебі

 

 «Логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі,

ал мұны – логикалық сөйлеуді

ұстаз дамытуға тиіс» К.Д.Ушинский.

 

Қазіргі    уақыттың негізгі талаптарының бірі – білімді әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, логикалық ойлауы дамыған жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын шығармашыл адамға айналдыру.                                                                                                                                                                                       Мектептегі оқыту үрдісінің негізгі мақсаттары – баланың білімді игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным әрекетін белсендіріп, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеу.                                                                                                                                                     Оқытудың мақсаты оқушыларға білім беру ғана емес, сонымен бірге олардың ойлау қабілетін дамыту және белсендіру оқушылардың білімді, дағдыны меңгеру үшін, болашақта танымдық және тәжірибелік іс-әрекетке оқушыларды дайындау қажетті шарт болып табылады.

Балалардың ойлауын дамыту туралы М.Жұмабаевтың сөзімен алсақ: «Ойлау жанның өте бір қиын, терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр, сондықтан басқыштап іс істеу керек. Оқулықтағы берілген тапсырмалар, суреттер баланың жанына дұрыс әсер ететіндей, оқушының оқуға, білімге деген ынта – ықыласы, құштарлығы болуы керек».

Оқу материалын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады. Сондықтан да мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады. Дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым « логика» деп, ал ой қорытындыларының обьектив пікірлерге негізделетін процесі «логикалық ойлау» деп аталады. Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдарлары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Бұл байланыстар мен қатынастардың дұрыстығын теріске шығаруға болмайтыны пікірлерде көрсетіледі.                                                                                                                 Бастауыш сынып баланың логикалық ойлауын дамытудың негізгі кезеңі деп есептеледі. Өйткені логикалық ойлау кейінірек бейнелік ойлаудың негізінде қалыптасады, ауқымы кеңірек мәселелерді шешуге ғылыми білімдерді меңгеруге мүмкіндік береді.Әйтседе бұл баланы қайткенде де, неғұрлым ертерек логикалық «жолға» шығару дегенді көрсетпейді. Біріншіден, ойлаудың логикалық формаларын игерудің өзі ойлаудың логикалық жетілген бейнені формалары ретінде игерілмейінше, толық құнсыз күйде қалып отырады. Дамыған көрнекі схемалық ойлау баланы логика табалдырығына жеткізеді. Екіншіден, логикалық ойлауды игеріп болғаннан кейін, бейнелік ойлау өзінің мәнін ешбір жоғалтпайды   Тәжірибе барысында жасөспірімдерде ой тұтастығының сақталмауы байқалады. Мұндай қателерді болдырмау үшін оқушының ой жүйелігінің қажеттігін сезінуіне көз жеткізудің амал – тәсілдерін тауып, орнықты ой түйіндеуге жетелеу қажет.

Логикалық ой кез-келген кедергілерді дұрыс қабылдап қана қоймай,оның шешу жолдарын таба білуге ықпалын тигізеді

Қарапайым жұмбақтар,ситуациялық жағдайлар,логикалық ойындар: ребустар,бас қатырғылар баланың логикалық ойын дамытады,жаңаша ойлау дағдысын қалыптастырады.

Тапсырма күрделенген сайын оны шешу уақыты  аз болады да,  логикалық ойлаудың дамуына көмегін тигізеді.

Шығыс елдерінде шахмат ойындарына, жапон сөзжұмбағына көп көңіл бөлінген. Бұл ойындар жылдам әрі терең ойлауға көмегін тигізеді. Қазіргі компьютерлік ойындардың арасында да логикалық тапсырмаларды да кездестіруге болады.

Білімнің беріктігін қамтамасыз ету үшін, баланың шығармашылық қабілетін дамыта түсу үшін, оқушының дарындылығын тану үшін қазақ тілі пәнінен логикалық тапсырмаларға баса назар аударамын.
Берілген тапсырмаларды орындауда оқушылар өз беттерімен ізденеді, оқушының ой өрісі кеңейіп есте сақтауы дамиды, байқағыштығы қалыптасып, эвристикалық қабілеті шыңдалады. Сабақта оқушының өзіндік пікір айтып оны қорғай білуіне мүмкіндік жасаймын.
Бастауыш сыныптарда тіл өнерін меңгертудің алғашқы баспалдағы ретінде оқушының сөздік қорын, байланыстырып сөйлеу машықтары мен дамыту бағытындағы жұмыстарға негізделеді.
Мысалы сауат ашу кезеңінде әріп үйретумен қатар әр әріпке байланысты ертегілер оқып, түрлі тақпақтар жаттатып сол әріптен басталатын көптеген заттардың суреттерін көрсету арқылы сөйлемдер құратуға болады.
Осылайша әр әріппен танысқан кезде балалар әр түрлі ертегілер тыңдап, олардың мазмұнына тоқталып, әртүрлі тақпақтар жаттап, көптеген заттардың атауын біліп оларға сөз тіркестерін, сөйлем құрау арқылы балалардың сөздік қорын көбейтіп, тілін дамытуға болады.

Шығармашылық тапсырмалар оқушылардың жаңа бір нәрсені ашуы, яғни оқушы өзін белгілі бір жаңалықтардың авторы ретінде сезінеді. Бұл оған белгілі бір пән төңірегіндегі қызығушылығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни, оқушыны өзіне тарта, баули түседі.

Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған стандартты емес тапсырмаларды шығармашылық жаттығулар деп атаймыз. Сондықтан шығармашылық жаттығуды ұдайы жүргізе отырып, біз оқушылардың тек пәнге деген қызығушылығын ғана емес, логикалық ойлауын да дамыта аламыз.

Мектеп тәжірибесінде шығармашылық жаттығулар үздіксіз орындалмай жатқандығы белгілі. Кейбір мұғалімдер шығармашылық жаттығу міндетті деңгейге жатпайтындықтан оны орындамайды, орындағанымен сабақ соңында асығыс шешуін оқушыларға жалпылама айтқыза салады, яғни талдау жүргізілмейді. Балаларда ой операиялары толық жүргізілмегендіктен логикалық ойлаудың даму деңгейі төмен болады. Ал оқушылардың логикалық ойлауын дамытудың бір жолы — шығармашылық жаттығуды жүйелі орындату.

Сыныптағы оқушыларымның  білім деңгейі бірдей емес. Олардың ішінде математиканы сүйіп оқитын, оған деген ынтасы зор оқушылар да бар. Оларды жеңіл, бірыңғай жаттығулар орындау жалықтырады. Сондықтан  оқушыларға міндетті емес тапсырмаларды үнемі орындатып отыруға тырысамын.

Бастауыш класс оқушылары берілген материалды толығымен меңгеруі үшін логикалық талдау жасай  білу дағдысы болуы керек. Бірақ, 4 класс оқушыларының барлығы дерлік қорытындылау, салыстыру,талдау әдістерін біле бермейді. Бірақ көбіне мұғалімдер оқулықта берілген тапсырмаларды жай орындап қоюмен ғана шектеліп жатады. Салыстырып, талдау жасап, қорытынды шығармайды.

Оқушының логикалық ойын дамыту жолдарын оқып үйрене келе математика сабағыма баланың логикалық ойын дамытатын жаттығуларды қолдана бастадым. Қазір оқушылар есептер мен жаттығуларды бір-бірімен салыстырып, талдап, қорытынды жасайды.

Дидактикалық ойындардың да баланың логикасын дамытуға зор үлесі бар. Бала заттарды бір-бірімен салыстырады, топтастырады, белгілеріне қарай ажыратып, қорытынды шығарады. Ойын арқылы мұғалім баланы өз бетімен ойлауға, алған білімін әртүрлі жағдайда қолдана білуге үйретеді.

Логикалық ой элементін дамытудың тағы біржолы-сурет салу. Сурет салу арқылы баланың танымдық  процесі дамиды. Түстерді танып, кеңістіктерді, көлемді ажыратады. Содан кейін талдау жасап салыстыруға үйренеді. Заттың қасиеттеріне көңіл бөледі.

Логикалық ойын дамытатын тапсырмалар түрлері:

— логикалық қатар (қатарда тұрған заттардан ерекшеленіп тұрған затты табу немесе суреттерден логикалық қатар құрастыру);

— лабиринттер (әртүрлі лабиринттен өту);

— логикалық байланысты табу (мысалы,ұқсас заттарды тап, жануар және оның тамағы  т.б);

— қателерді тап (қате құрастырылған затты не түсін табу);

— заттарды белгісіне қарап ажырату (мысалы: жеміс пен жидек, сандар мен цифрлар т.б.);

— затты табу(мысалы:адамдар,жануарлар)

— логикалық поезд т.б

Баланың логикалық ойын дамытатын жұмыс түрлерін даярлық тобынан бастау керек.

Бұл тапсырмаларды сабақта және кластан тыс шараларда да қолдану арқылы оқушыларымның логикалық деңгейі өскендігін, білім сапасы көтерілгендігін байқадым.

Оқушылардың логикалық ойлауын дамыту үшін:

-есепті, жаттығуларды талдай білу іскерліктерін қалыптастыру;
-пәнге деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру;
-сыныпқа дұрыс психологиялық жағдай орнатуға мүмкіндік туғызу.
Оқу процесіндегі осындай іс-әрекеттердің арқасында қоғам талап етіп отырған шығармашылық қабілеті жоғары, өз ойын жүйелі де ашық айта алатын, қоғамға еркін сіңетін, өндіріске белсене араласатын азамат қалыптасады.
 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Сейдахметова А. Даярлық сынып оқушыларының логикалық ойларын дамыту жолдары. // Бастауыш мектеп, 2000. №8,9.
2.Қосанов Б.М. Математика курсындағы шығармашылық жаттығулар: орындау технологиясы. – Алматы, 2005. — 72 бет. .
3.К.Ж.Бұзаубақова «Мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастыру»,Алматы, 2002ж
4.Т.Мейірманқұлова «Білім берудегі инновациялық технологиялар», Алматы, 2000ж
.

 

 [bws_related_posts]

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *