Басы » Баяндамалар » Тәлімгерлік – мұғалім тәжірибесін жетілдіру үдерісі

Тәлімгерлік – мұғалім тәжірибесін жетілдіру үдерісі

Сахова А.Т.,

«Өрлеу» БАҰО, ҚР ББЖ ҚБАРИ

Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру

 кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.магистрі

 

Тәлімгерлік – мұғалім тәжірибесін жетілдіру үдерісі

 

Қазақстан Республикасы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы еліміздің барлық аймақтарында сәтті жүзеге асырылуда. Бағдарлама үшінші(базалық), екінші(негізгі), бірінші(ілгері) деңгейде жүргізіліп мұғалімдердің біліктілігін арттыру арқылы білім саласына табысты өзгерістер енгізіліп, болашаққа нық қадам басуда. Соның ішінде екінші деңгей бағдарламасының мақсаттарының бірі білім беруде әдістемелік жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ететін инновациялық үдерісті қолдау және тәлімгерлік үдерісін іске асыру арқылы өз әріптестерінің тәжірибесін жетілдіру мақсатында теориялық және кәсіби құзыреттілігі терең тәжірибелі мұғалімдерді өз әріптестерімен ынтымақтастық орнатуға даярлау болып табылады. Осы тұста мұғалім тәжірибесін жетілдірудің негізгі тетіктерінің бірі тәлімгерлік үдерісі екені белгілі.

Тәлімгерлік (mentoring) –ұзақ уақытқа созылатын,тәлімгер(тәжірибелі педагог) мен тәлім алушы(тәжірибесі аз педагог) арасында сенімді, жеке тұлғаға бағытталған қарым-қатынас құру үдерісі. Ол тәлім алушының педагог ретінде қалыптасуы мақсатында өзінің білімін, ойлауын, тәжірибелік іс-амалдарының тиімділігін жетілдіруде айтарлықтай қарқын алуына көмектеседі. Тәлімгерлік ету барысында тәлімгер өзінің білімімен, тәжірибесімен бөліседі, ал тәлім алушы еңбек жолында айтулы жетістіктерге жету мақсатында өзінің кәсіби дағдыларын дамытып, проблемаларды шешу жолдарын іздейді[1, 80]. Осы анықтамаға сәйкес мектеп жағдайында өзара біліктілікті арттыруда тәлімгерлік үдерісінің табысты әсер ететіндігін көруге болады.

Тәлімгерлік мұғалімнің өз жұмысында жетістікке жетуіне мүмкіндік беретін іс-әрекетті талдау және ол туралы ойлануға түрткі болатын фактор ретінде де қарастыруға болады. Себебі, мұғалімнің кәсіби маман және жеке тұлға ретінде өсуіне мүмкіндік береді. Бағдарламада көрсетілгендей тәлімгерліктегі басты ұстаным қызмет емес, қарым-қатынас болып табылады және бірқатар міндеттерді орындайды. Олар: тәлім алушыға мүмкіндіктер мен проблемаларды қарауға мүмкіндік береді, стратегиялық деңгейде өзінің жаңалығымен алмасады, тәлім алушыға шынайы мақсат қоюға және және оған жету жолдарын жоспарлауға көмектеседі. Сонымен қатар мұғалімнің белсенді тыңдай білу, тәжірибені дамыту, сұрақ қою, проблемалардың шешімін өзіндік ізденуі сынды түйінді дағдыларын дамытуға қолдау көрсетеді. Басты ескеретін жайт, тәлімгерлік үдерісі шынайылыққа, адалдыққа, сенімділікке, ашықтыққа, ынтымақтастыққа құрылып даму қағидатына бағытталады. Алайда бұл ұстанымдар мен ережелер тәжірибеде  қаншалықты жүзеге асуда? Шынайы әріптестің тұлғалық және кәсібилігін дамытуға әсер етуде ме? Неліктен ол кей кезде қағаз жүзінде ғана қалып қояды?  деген сұрақтар мазалары анық. Осы ретте бағдарлама ұсынып отырған тәлімгерлік отандық білім беру жүйесіне таңсық немесе жаңадан келгені жоқ. Тек қана жаңа қырынан қарастырып, жүйелеп, бақылау тетіктерін айқындап беруде. Осы ретте тәлімгерлікті жүйелі жүзеге асырудың қадамдарын қарастыруға болады.

Иган ұсынған тәжірибелі көмекшінің моделін қарастыруға болады.

1 кезең. Не болып жатыр?

  • Тәжірибені талдау;
  • Проблеманы анықтау;
  • Өзекті проблемаларға көңіл бөлу.

2 кезең. Мен үшін қандай шешім маңызды?

  • Күтілетін нәтижелерді анықтау;
  • Мақсат қою;
  • Мақсаттың тиімділігін анықтау.

3 кезең. Маған қажетті және мен қалайтын нәтижені қалай алуға болады?

  • Әрекеттерді талдау;
  • Тиісті стратегияны таңдау;
  • Іс әрекет жоспарын әзірлеу [1, 83].

Өз кезегінде ұсынылған құрылым үдерістің жүзеге асуы жүйесі мен құнды нәтижеге жеткізетін іс әрекеттерді көрсетіп отыр. Әр кезеңде қойылған сұрақтарды шын мәнісінде өзімізге қойғанда басқа көзқарас пен ойдың қалыптастыруға, яғни, бізге өзіндік реттелуге, сыни рефлексия жасауға түрткі жасап отырғаны белгілі.

Тәлімгерлікке дайындау, өткізу және аяқтау кезеңі міндетті түрде ескерген жөн. Онда жұмыстың басымдығын әзірлеуге, тәлім алушының жұмысындағы табыстары мен даму жоспарына қарауға, қажеттіліктері мен сұранысын анықтауға, даму мақсаттары мен күтілетін нәтижелерді айқындауға, іс әрекеттерді жоспарлауға және де қажетті ресурстарды анықтауға, сыни рефлексия жасауға мән беру қажет. Және ол аса жауапкершілікпен жүйелі ұйымдастырылғаны маңызды.

Тәлімгерлік үдерісінің бастапқы бақылау, сабақ үстінде, бақылаудан кейін сынды оқыту циклдерін басшылыққа алу да үдерісті табысты ұйымдастырып, нәтижеге қол жеткізуге  қолдау көрсетеді. Соның бір үлгісін төменде ұсынып отырмыз.

1-қадам. Бастапқы бақылау

Сабақтың мақсатын және оқушылардың оқуда ілгерілеуінің дәлелдемесі ретінде пайдалануға болатын нәтижелерін талқылуға болады. Әрбір оқушының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, мұғалім сабақтың мақсатын қалай анықтағанын сұрау маңызды. Мақсат нақты сабақ бойынша алынған ба және ол әрбір оқушының сыныптағы қажеттіліктеріне сәйкес келе ме? Содан кейін мұғалімнің оқушының алға жылжуын қалай бақылайтындығы мен бағалайтынын анықтаңыз.

 

1-сурет. Бастапқы талқылауда әзірленген жоспар

Оқушыларды оқытудың мақсаты Қалыптастырушы деректер жинау
Кітапты топтық талқылау кезінде дәлелдеме ретінде жауап түріндегі мәтінді пайдалану -Тәлімгер топтағы оқушылардың жауаптарын тыңдайды және олардың оқытуға әсерін белгілейді

 

-Тәлімгер мұғалім пайдаланатын білім стратегияларын және оқушылардың бұл стратегияларға әсерлерін белгілейді

1-суретте берілген үлгі бастапқы бақылау кезеңінде көмек көрсете  алады.

2-қадам. Сабақ үстінде

Сыныпқа белгіленген уақытта келіңіз. Сабақ кезінде оқушылардың оқытуға деген әсерін және мұғалім оқыту үдерісінде қандай әдістерді пайдаланатынын бақылаңыз және белгілеңіз. Мысалы, сіз сабақтың кіріспе бөлігінде оқушыларға жауап беру кезінде оқығысы келетін мәтіннің маңызды бөліктерін белгілеу үшін жабыстырғышты қалай пайдалануға болатынын көрсететінін белгілей аласыз. Сіз топтық талқылау кезінде сыныпты аралап жүрген уақытта оқушылардың өздері белгілеген тұстарын табу үшін жабыстырғыштарды(стикерлерді) пайдалана отырып, кітаптарды парақтай отырып, өзінің тұжырымдарын бекіту үшін топқа дауыстап оқитындығын байқауға болады. Бір оқушы өзі оқып жатқан романының басты кейіпкері ашыла бастағандығын айтады, өз тұжырымын дәлелдеу үшін кітаптан таңдап алған үзінділерін оқып береді. Басқа оқушы осы интерпретациямен келіспегенде, топ оның идеясын мәтінмен дәлелдеуін сұрайды. Ол өзінің белгілерінің біреуін ашып, мәтінді оқиды. Сіз тыңдағаныңызды жазып аласыз. Бұл ақпарат бақылаудан кейінгі кезеңде кездесу уақытында пайдаланылады. Сіз бұл мұғалімнің оқытуы туралы пікіріңізді осы тұрғыдан жаза аласыз.

3-қадам. Бақылаудан кейін

Сабақтан соң сіз сабақ барысында жиналған деректерді пайдалана отырып, мұғалім өзінің мақсатына жеткен-жетпегендігін (2-суретті қараңыз) қарастыратын пікірді құрасыз.

2-сурет. Бақылаушының жазбалары

Оқу стратегиялары

 

Оқушылардың реакциялары Кері байланыс/сұрақтар
Мұғалім мәтіннің маңызды бөлімдерін бөліп алу үдерісінде жабыстырғыштарды пайдалану әдісін көрсетеді

 

Мұғалім мәтіндік дәлелдемелердің маңыздылығы туралы әңгімелейді

12 оқушы мәтінді талқылау үдерісінде жабыстырғышты пайдаланады

 

Оқушылар тыңдайды және тақтада  жазылғандарды жазып отырады

Оқушылар мәтіннің қандай бөлімдерін бөліп алады?

 

Кейбір оқушылар бұл әдісті неге пайдаланбайды?

 

Мәтіндік дәлелдемелердің неліктен маңызды екендігі жөнінде  оқушылардың пікірлерін біліңіз

Оқушылардың жұмысын бақылау кезінде Сіз мәтіндік дәлелдемелерді пайдаланса да, кейбір оқушылар мәтіннің тұжырымдарының дұрыстығын жеткілікті түрде дәлелдемейтін жолдарын ғана келтіретінін белгілейсіз. 3-суретте кезекті әңгімені жеңілдету үшін пайдалануға болатын үлгі көрсетілген. Сол жақтағы бөлімде сіз сабақтың мақсатына жататын тармақтарды жазып шығасыз [2.3].

3-сурет. Кері байланыс және келесі әрекеттер жоспары

Бақылаушы нені атап көрсетті

 

Келесі қадамдар

 

Оқушылар талқылау кезінде жабыстырғыштарды пайдаланды

 

Кейбір оқушылар өз тұжырымдарын дәлелдемейтін үзінділерін оқыды

 

Шағын сабақ: жақсы мәтіндік дәлелдемелер қандай болуы тиіс?

 

Дәлелдемелер деңгейінің жүйесін жасау. Жабыстырғыштарды пайдалануды жалғастыру

 

Әрине, табысқа жетудің бір ғана жолы, бір ғана шешімі болмайтыны анық. Дегенмен оны тәжірибеде сыннан өткізіп, жақсарту үшін сыни рфефлексия жасап жетілдіріп отырғанда нәтижелі болмақ. Үздіксіз даму ғана тұлғаның жеке және кәсіби өсуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар тәлімгерлік үдерісті жетілдіру үшін  төмендегідей жадынаманы ұсынамын, алайда оны толытыруға болады:

  • бақылауды жүйелі жүргізу және оның түрлерін жетілдіріп отыру;
  • тәлім алушымен жиі ресми және бейресми кездесулер ұйымдастырып сұхбат жүргізіп отыру;
  • Сократтық сұрақтарды(болжам немесе жорамалды зерттеу үшін, негіздеме мен дәлелдемелерді зерттеу үшін қойылатын, жаңа қырынан қарастыратын, пайымдау туралы сұрақтар, себеп салдары мен қорытындыны зерттеуге бағытталған, сұрақ туралы сұрақ) тапсырма барысына ықпалдастырып әр қырынан қарастыруға мүмкіндік жасау;
  • SMART мақсат қою және SWOT талдауды жүргізіп отыру;
  • өзін өзі реттеу, өзін өзі бақылау, бағалау және өзіндік рефлексия жасатуға қолдау көрсету;
  • «ресуртар банкін» жинақтау және қамтамасыз етіп отыру;
  • тәлім алушыға сындарлы ұсыныстар бере алу дағдыларын жетілдіруде практикалық тапсырмаларды тиімді ұйымдастыру;
  • ауызша және жазбаша кері байланысты жүйелі жүргізу;

Қорыта айтқанда, тәлімгерлік ұзақ уақыт аралығында алдын ала ойластырылған, жоспарланған шынайы өсуге мүмкін беретін үдеріс. Ең бастысы Окслей көрсеткендей «тәлімгерлік үдерісі түзету қағидатына емес, даму қағидатына» негізделген жағдайда табысты болады.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Екінші деңгей, үшінші басылым. Педагогикалық шеберлік орталығы. Астана, 2015 жыл.
  2. Екінші деңгей бағдарламасының үлестірме материалдары. Педагогикалық шеберлік орталығы. 3 апта, 3 күн. Астана, 2015 жыл.
  3. Тренер портфолиосы. Жеке есептерінен.
[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *