Қазақ сәндік қолданбалы өнер түрлері және оның даму тарихы
Қазақтың қазақ болуы өз елінің , өз жұртының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жетік білуінен басталады. Енді ғана тарихымызды тірілтіп, баяғы ұмыт қалғанымызды жаңғыртып, оны өз дәрежесінде зерттеуге зейін қойған сыңайымыз бар, тарихымызбен сабақтас қазақтың қолөнеріне, ою-өрнектеріне кезінде жете мән берілмеді десек артық айтқандық болмас. Қазақ елінің тыныс-тіршілігінде, тұрмысында кеңінен пайдаланып келе жатқан ата кәсібінің тереңдігін, мол мәдениетін танытатын, алайда әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқан өнер саласы.
Қазақ халқы мұқтаждықты жою үшін, баршылықты молайта беру үшін, үй жиһаздарын тиімді, қолайлы, сәнді де ұнамды етіп жасады. Соның нәтижесінде біздің бабаларымыз бен аналарымыз кейінгі ұрпақтар үшін көптеген өнер мұраларын қалдырды. Халқымыз от пен судың тар жол тайғақ кешулерінен өтіп, өрнектерінің мұрасын қалдырды. Ол қолөнер туындыларын қазіргі музейлерден көруге болады.
Қолөнер шеберлері байлыққа қосып, молшылық жасаумен қатар, сол баршылықты байыпты етуге тұрмыстық жиһаз-мүліктерімізді сәндендіре түсуге үлкен үлесін қосты. Қолөнердің әсем туындылары рухани азық болатын эстетикалық талғамын қанағаттандыратын сұлу да әдемі, тиімді де ұнамды ұлттық киімдер мен жасау- жабдықтар жасады.
Қазақтың қолөнерін зерттеу мәселесі ерте кезден көптеген саяхатшылар мен коллекционерлердің ғана емес, ғалым — этнографтар, археологтар мен суретшілердің де көңілін аударып келген. Қазақ қолөнерінің өткендегісі мен бүгінгі жағдайын, оның өзіне тән методологиясын зерттеу, қазірдің өзінде де мәселелердің бірі болып табылады.
Халықтың қолөнері өзінің тарихы мен кейбір ұйымдастыру мәселелерінің жеткілікті зерттелмегеніне қарамастан, күнделікті тұрмысқа қажетті қоршаған затты, көпшілік тұтынатын бұйымды әсемдеуге бейім өнер ретінде, жалпы мәдени дәрежені жоғары көрсетуге тән дамып келе жатыр.
Көне заманнан келе жатқан қолөнері өзінің өсу жолында өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалды. Қоғамдық дамудың қай сатысында болсын қоғаммен бірге дамыған қолөнері әр дәуірде өзінің өшпес ізін қалдырып, әлеуметтік-көркемдік жағынан дәуір тынысын қалт жібермей әсерін тигізіп отырды. Қолөнерінің қазіргі дәуірдегі дамуы күрделі де аса бай. Еліміз егемендік алып, өз салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, тарихын зерттеп , дінін, тілін қайта жаңғыртып жатыр. Онымен бірге ол күнделікті тұрмысымызды, гүлденген өмірімізді жан-жақты бейнелеуде, халықты эстетикалық жағынан тәрбиелеуге қызмет етеді.
Ерте кездегі авторлардың (Геродот, Ктесий, Страбон) айтуы бойынша Қазақстан топырағын мекендеп, тіршілік еткен сактар мен массағаттапрдың барлық заттары әшекейленген, киімдерінің өзіне тән үлгілері болған. Мысалы, киізден жасалған төбесі шошақ бас киімі, ұзын шапаны мен көннен жасалған жұмсақ аяқ киімдеріәшекейленген.
Геродот: «Олардың барлық заты алтын мен мыстан жасалған. Жайдың металдан істелген бөлшектері, оғы, айбалталары мыстан жасалған. Бас киім мен белдік әшекейлері түгелдей алтыннан жасалған. Сондай- ақ ат омырауындағы өмілдіріктерн де мыстан соғылып, жүген-сулығыв, ауыздығы, т. б. бөліктері түгелдей алтынмен әшекейлендіріліп, безендірілген » — деп жазады.
Қолөнерінің Қазақстан территориясында ертеден кең дамығаны мол деректерге сүйене сөз болады. Оның өркен жаюы, біріншіден, қазақ халқының күнделікті тұрмысына пайдалану қажеттігінен туса, екіншіден, халықтың өнерді құрмет тұтып, жоғары бағалауынан туған жағдай екендігі нақты мысалдармен баяндалады. Сондай-ақ өнердің әрбір саласына байланысты кейбір аталған жергілікті жерлердегі түрлерінің өзіндік ою-өрнектері, тоқылу, жасалу, орындалу технологиясы мен тәсілдері олардың бір-бірінен өзгешеліктері де айтылады.
Қазақ халқы қаншалықты тарихи дәуірлерді басынан өткізсе де, өзінің киіз жасау өнері мен киіз басып, алаша, кілем тоқу, алтын, күміс, асыл тастардан ұқсатып неше түрлі әшекейлі ою-өрнек, әсемдік заттар жасайтын қарапайым құралдарын мұра етіп сақтап қалды.
Қазақстандағы қолөнері бұйымдарының түрлерін, қосымша түрлі суреттер мен саяхатшылардың, елшілердің жазбалары мен археологиялық қазбалар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындылары арқылы шамалауға болады. Қазақ халқын құраған этникалық топтардың қолөнер кәсібі жайлы тарихи мәліметтер бізді өте ерте заманға жетелейді. Археологиялық қазбалар мен ескерткіштерге қарағанда, Қазақстан аймағын мекендеген тайпалар мыңдаған жылдар бойы металл, тас, сүйек, саз балшық, ағаш, жүн, т.б. шикізаттарды түрлі шаруашылық кәсіптері мен күнделікті үй-ішінің мүліктеріне пайдаланып келген. Қазақ халқы өз ата-бабаларының қолөнершілік пен көркем өнердегі дағдысын мұра етіп қана қойған жоқ, оны айтарлықтай дамытып, байыта түсті. Мұның бәрі сол замандардағы нақтылы әлеуметтік жағдайларға, тарихи оқиғаларға, қоғам өндірісіне байланысты.
Қолөнершілер қазақ ауылдарында ата бабасынан зергерлік жасап, ағаштан түйін түйіп, металл бұйымдарынан алуан түрлі тұрмыстық заттар жасайтын шеберлер де болды, бірақ олар өте аз болған. Негізінен , қазақ қолөнершілерінің қатары 19 ғасырда көбейді. Бұл туралы революцияға дейінгі зерттеушілердің еңбегінде де айтылған (2;45)
Ол кезде қолөнер бұйымдарын алушылар өте аз болды. Сондықтанда қолөнершінің еңбегі құнсыз болып, кейде істелген еңбек, төгілген терді ақтамайтын да болды. Сол себепті қолөнершілер бір жағынан егін, мал шаруашылығынан қол үзбеді.
М. А. Леванский: «Қазақтың қандай кәсіпке болмасын табиғатынан қабілеттілігіне тек сүйсінесің, қарапайым құралдармен тамаша ер қапталдарын жасап, алтын, күмістен әсем бұйымдар шығаратындығына таңданбасқа болмайды. Қазақтардың тіккен аяқ киімдері өте берік, киюге ыңғайлы » деп жазды.
Қазақ халқы күнделікті тіршілігіне керек заттарды өз қолдарымен жасаған. Жасаған заттарын әдемілеп, әшекейлеп отырған. Бұл өнер түрін қолөнер дейміз. « Өнер көзі – халықта » демекші, халық қолөнері жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға дамып, жетіліп отырған. Әрине, жоғарыда аталған қолөнерлердің бірқатары өте көп еңбек етуді керек етті. Бертін келе, адамзат қоғамы дамыған сайын қолөнердің біразы жаңа әдіс тауып, жаңа түрге ие болды. Халықтың мәдени дәрежесі өскен сайын тұтыну бұйымдары мен жабдықтардың сапасына қатты талап қойып, олардың әрі үнемді, әрі сәнді болуын қалады. Еңбек үстіндегі твочестволық ізденудің нәтижесінде тұрмысқа керекті заттардың жаңа алуан түрлері жасалып отырды. Сонымен қатар жиһаздардың ою-өрнектері де талғамға қарай жаңа мәнер, жақсы әшекейлермен безендірілу және жиһаз-мүліктердің жаңа түрлерін шығару талабы да арта түсті.
Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнерінің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны –ою өрнек өнері. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келеді.
Қазақ халқы үшін ою-өрнек өнері байырғы ұлттық өнерлердің ішіндегі ең көнесі, әрі ең кең тараған саласы болып саналады. Бұл ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, адам жанына ләззат сыйлайтын эмоциялық әсері күшті, эстетикалық мәні зор өнер саласы.
Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады .Өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес.
Халық қолөнерінің тағы бір түрі жүннен жасалатын бұйымдар. Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен роль атқарған және оны ұқсатуды ел бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім кешек, қазақ үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасалған.
Өрмек — халық қолөнерінің тоқу ісінде қолданатын өте қарапайым әдісі, яғни мұны тоқу станогы десе де болады. Күрделі техникасыз, кез келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтары оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. оның біріншісін аспалы немесе термелі өрмек дейді. Ондай өрмекте кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады, екіншісін жай өрмек дейді. Жай өрмек шекпен, алаша, қап, қоржын, белбеу, терме бау, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналады.
Мал терілерін өңдеуде халық тұрмысында қарапайым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан тәсілдердің бірі. Сондықтан бұған байланысты түрлі-түрлі ұғымдар туды. Мысалы, ірі қара малдың иленбеген терісін шылғи тері немесе шылғм қайыс, ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны қайыс деп атайды. Мал терісінен жабағы тон, іштік тон, тері шалбарлардың түрлері, ішіктер, тымақ, бөрік жасалады. Қайыстан өріп қамшы, қарғы бау, ноқта, тізгін, жүген, белдік, торсық жасаған.Былғарыны өңдеп етік, абдыра амиян, белдік, ер-тұрман, домбыра қап, дорба, кебіс жасаған.
Ежелгі халықтардың қай-қайсысы болмаса да негізгі күн көріс кәсібін аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Малдың сүйектерінен, мүйіздерінен түрлі қолөнер туындылары жасалды.
«Шеберлік өнер шығармаларының тағы бір елеулі тобы – сүйектен, мүйізден істелетін бұйымдар. Бұлар әдетте ойып түсірідген өрнекпен әшекейленеді, мұның негізіне алынған өрнек тер тура сызықты, бұраң сызықты, дөңгелек сызықты болып келеді. Мұнда үлкен шеберлікке жеткен нәрсе кейбір хайуанаттардың, мысалы, жыртқыш аңның, аттың және тағы сондайлардың бастарын бейнелейтін бедерлер. Бұлардың са тамаша үлгілері сүйек таналар мен қамшы саптарына салынған. Сүйектен жасалған бұйымдар орындалу техникасы жағынан металдан жасалатын әшекей бұйымдарына өте жақын келеді». Сүйектен алқа, айна қойғыш, адалбақан, бесік, білезік, ине, кесте біз, қамшы сап, ожау, ойыншықтар, түйреуіш, шанышқы, түрлі ыдыстар, ысқыш жасалады.
Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды істейді. Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылар оны жонып күйдіреді де бояулап өрнкетейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шиден қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді.
Ағаш шеберлері балта, пышқы, үстірік (сүргі), бұрғы, ағаш түрпісі, тез, қысқы, үскі, қашау сияқты аспаптарды пайдаланады. Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады.
Қазақ қолөнерінің бір түріне зергерлік өнері жатады, ол өте ерте заманнан келе жатқан өнер.
Оларға: шолпы, шашбау, білезік, сақина, жүзік, сырғаларды асыл тастармен әшекейлеудің асқан шебері болған халық. Оны барлық халықтар жоғары бағалап, ең қалаулы өнер етті. Тарихи этнографиялық музейлердегі, археологиялық сәнді бұйымдар мен қарулар, ыдыс-аяқ, теңге –моншақтар алтын мен күмістен және асыл тастардан жасалған қымбат заттар әлгі шеберлер қалдырған халықтық мұра болып табылады.Бұл өнерді жасаумен бірге батырлық пен саятшылыққа қажетті садақ пен жебе, айбалта мен шоқпар, сойыл мен бас мойыл, құстың тоғыры мен томағасын дайындап кәсіпшілікке айналдырған. Мал шаруашылығына қажетті ноқта, шылбыр жүген, құрық, бұғалық, тұсамыс, шідер, кісен, қада, ертұрманды да дана халық ойлап тауып халық қажетіне айналдырған. Қазақ арасында жалпы темір соғатын ұсталарды да, зергерлерді де «ұста » деп атаған. Ұста сөзі шебер, өнегелі, ісмер деген ұғымда ағаш ұстасы, темір ұстасы, күміс ұстасы, сөз ұстасы, ақыл айтуға ұста деген сияқты тізбектерде айтыла береді. Бірақ алтын- күміс әшекейлі бұйымдарды жасаумен әуесәуестенушілер өздерін темір ұстасынан бөлек санаған. Осыған қарай оларды зергер деп атау бүкіл Орта Азия халықтарында ерте кезден-ақ қалыптасқан. Бұл туралы академик саяхатшы П. С. Паллас өзінің 1776 жылғы «Путешествие по разным провинциям Российской империи » деген кітабында : «қазақтарда ұсталар да зергерлер де бар»,- деп жазады.
Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Қазақ халқының дәстүрінде киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары, қалыңдық пен күйеудің, батырлар мен салдардың бас киімі, белбеуі, киімнің жең-жағалары мен балақтары әр түрлі жамылғыштар мен кежімдер және басқа да осы сияқты жол-*жорық, үй-іші мүліктері кесте өрнегімен жиі безендірілетін.
Тасқа паналау, тас қалау, тасты құрал-жабдық ретінде пайдалану және өрнектеу, таспен басқа затты өрнектеу, тастан мүсін жасау өнерлерінің ертеден пайда болғаны мәлім. 6-12 ғасырларда тасты оюлау күшті дамыды. Ескі деректерге қарағанда бұл кездерде бәдізші (скульптор) сымбатшы (художник) деп атлған қас қашаушы арнаулы шеберлер болған. Бұған сурет өнерінің ескерткіштері мен түрлі тас сымбаттар (бәдіз)және эпиграфиялық ескерткіштердің (бенгуташ) түрлі қалдықтары дәлел бола алады.
Халық бұрын ғылым мен білімге қолы жетпесе де, сұлулық пен әсемдікті таңдай да, талғай да білген. Өз тұрмысы мен мәдениетінде қолөнерін мұрат тұтып жетілдіре берген. Шеберліктің небір сан саласын асқан ұқыптылықпен көкірегінде қастерлей сақтап, меңгеріп, біздің дәуірімізге ұштастырған.
Халқымыздың сонау арғы кезеңдердегі мәдени өміріне ой жүгіртіп көрсек, ерте заманда да он саусағынан өнері тамған ісмер ,зергерлердің, архитекторлардың, қолөнер шеберлерінің мыс, қола, алтын, күміс сияқты металдардан қорытып әсем бұйымдар мен елін қорғаған батырлар үшін қаружарақ, сауыт сайман, ер-тұрман соққаны таңғажайып шежіре болып шертіледі. Олардың көбінің аттары аталмай қалғанмен, қолтаңбалары түскен өштес мәдени мұралары кейінгі ұрпақтар өміріне өнегелі үлгі, әсемдікке баулитын өнер салтанатына айналуда. Біздің ата-бабаларымыз өздерінің қандай мол рухани қазынаға мұрагер екенін де жете танымаған. Сол бір ойсыраған олқылықтың өтеуі – халық қолөнерін зерттеу, қалың қауымның игілігіне айналдыру қазіргі егемендік заманында ғана жүзеге асырылып келеді.
Қазақтың халық шеберлері жасаған үлкен талғаммен өрнектеліп істелген бұйымдарды зерттеудің, олардың нұсқаларын жариялап отырудың ғылыми маңызызор. Өйткені, бұл қазақ халқының этногенезінің аса маңызды, тың мәселелерін шешуге, оның ұлттық дәстүрлері мен өзгешеліктері сол сияқты басқа халықтармен байланысты байқауға көмектеседі. Совет өкіметі жылдарында Қазақстанда жиырма төрт музей ашлды, бұлар негізінде, тарихи өлкетану және өнер зерттеу музейлері. Осы музейлердің бәрінде қазақ халқының тарихы, этнографиясы, ою-өрнек жөнінде бағалы зерттеулер бар.
Халықтың мол өнерін иеленіп, іске асырғанымыз, жолын кеңітіп, оны тұрмыс мәдениетін көркейтуге пайдаланғанымыз жөн. Ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер шеберлеріне қозғау салып, неше түрлі өрнекті ою сияқты көне мұраларды тауып, түрлендіре, жаңғыртып, жасарта беруді жастардың үлесі ету зор міндетіміз.
Бұған қолөнер саласындағы кілем, алаша, бау-басқұр тоқу, сырмақ сыру, текемет басу, тұс киіз жасау дәстүрінің ертеден келе жатқан үлгілері мысал бола алады. Қолөнер дәстүрін ұрпақтан- ұрпаққа жалғастыруда әйелдердің ролі зор. Ұлан- байтақ Республикамыздың түкпір-түкпірінде кілемнің, алашаның, тұс киіз, сырмақ текеметтің ою, түр салу өрнектерінде, бояу тәсілінде аймақтық өзгешеліктер мен өзіндік ерекшеліктері барлығы табиғи құбылыс. Бірақ, бәріне ортақ бір жәйт – осы дүниелердің әрі сәнді, әрі сапалы болып, көздің жауын алатындығы.
Қазіргі уақытта революцияға дейінгі қазақ халқының қолөнер табиғатын жан-жақты, этнографиялық тұрғыдан зерттеудің ғылым үшін де, өмірлік тәжірибе үшін де маңызы зор, өйткені қазақтың қолөнері – жалпы халық мәдениетінің ішіндегі негізгі салаларының бірі. Үлкенді-кішілі қай халық болсын , дүниежүзілік мәдениет қорына өз үлесін қосады. Олай болса, қазақ халқының да ұлттық мәдениеті, оның ішінде қолөнер шеберлерінің дәстүрлі өнері – жан-жақты зерттеуді қажет ететін бағалы, ққұнды мұра.
«Кен асылы жерде, сөз асылы елде » дегендей, өнер түрлі елде мол, халықпен бірге жасап келеді және жасай береді. Осыған орай бұл шағын еңбегімізде – қолөнерін онан әрі дамытып, жетілдірудің шаралары және кадрларды тәрбиелеудің жайы азды-көпті сөз болды.
Қазақ қолөнерінің кең тараған бір түрі ши тоқу. Кең байтақ даланың берер байлығын бабаларымыз қолдана білген. Далада өсіп тұрған шиден тұрмысқа қажетті заттарды жасаған.
Халқымыздың өрнекті өнерінің бірі шиді жүнмен орап, және оны өрнектеп тоқу ісі. Қолөнерінің барлық түрлері сияқты, ши тоқу, оны түрлі өрнектермен безендіру әдісі өте ерте заманнан бері келе жатқан өнер мұрасы.
Сан алуан әдемі өрнектер орап тоқыған шым шилер киіз үйдің керегесі мен туырлығының арасына ыдыс-аяқ тұрған жаққа тұтуға, сондай-ақ үлкен үйлердің ішін бөлмелеп бөлуге де ыңғайлы.
Қазақстанның сәндік қолөнері – біздің түрі ұлттық, мазмұны қазақ мәдениетіміздің құрамды бөлігі. Оны дамыта отырып, жер-дерде халық шеберлерінің өнегелі істерін жас ұрпақтарға насихаттау, қолөнері бұйымдарының сапасын арттыра беру аса құрметті және игілікті іс болмақ.
- Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы: «Өнер», 1987.-128 бет;10-55бет.
- Әбдуәлиев Ш. Халық қолөнері. — Алматы: «Рауан», 1992. – 150 бет,
- Әмірғазин Қ. Қазақ қолөнері. – Алматы: ТОО «Дайк – Пресс», 1996.-160 бет; 69-105,153бет
- Құралұлы А. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің анықтамалығы. Алматы. Сөздік — словарь. 1998.
[bws_related_posts]