СЫНДАРЛЫ ОҚЫТУ ТЕОРИЯСЫ – ОҚУШЫЛАРДЫ СЫНИ ОЙЛАУҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛ
М.С.Исаева
№ 49 орта мектеп ағылшын тілі пән мұғалімі
Қызылорда облысы Шиелі ауданы
«Адамды бір нәрсені қайталауға үйреткеннен гөрі,
оған жаңалық ашуға көмектескен жөн» Г. Галилей
Интернет желісіне зер салсам, Американ профессоры Дэвид Клустер «Сыни тұрғыдан ойлау — өзіндік, жеке ойлау. Ал сабақ сын тұрғысынан ойлау принциптеріне негізделетін болса, әркім өз ойлары мен пікірлерін, бағалауларын басқалардан тәуелсіз құратын болады. Біреу үшін біреу сыни ойлай алмайды, әркім барлығын өзі үшін жасайды.. Ойлау өзіндік сипатқа ие болғанда ғана сыни тұрғыдан ойлағандық болып табылады. Өз бетінше жұмыс істеп, ең қиын деген мәселені өзі шеше алулары үшін оқушыларға жеткілікті түрде бостандық берілуі керек» деген пікірін басшылыққа ала отырып осы баяндаманы жазуыма түрткі болды.
Жалпы оқушыға сыни ойлау қажет пе? Әрине қажет, қазіргі заман талабына сай оқушыда өзіндік көзқарасы, сенімі, ішкі уәжі қалыптасуы керек. Сондықтанда сабақтарды жоспарлағанда оқушыларда сыни ойлауын тудыратын сұрақтар немесе деңгейлік, кеңейтілген, құзырлылық тапсырмалардың сабақта болуын қадағалаймын.
Сындарлы оқыту теориясындағы жетістікке жетелейтін жеті модульдердің бірі «Cыни тұрғыдан ойлауға үйрету» басқа модульдермен де тығыз байланысты деп есептеймін. Оқушылар сабақта қалай оқу керектігін меңгереді, яғни метатаным пайда болады, өздері үдеріс барысында ой қорытады, нәтижеге жетуге ұмтылады. Мұғалім оқушыға қалай оқу керектігін үйретеді, ал бұрынғы дәстүрлі оқыту процесінде мұғалім білімді беруші болған болса, жаңа оқыту үдерісінде мұғалім бағыттаушы болып табылады. Сабақтағы басты тұлға, басты кейіпкер – оқушы болды. Оқушыны өз бетімен білім алуға, ол үшін ізденуге, терең ойлауға, зерттеуге дағдыларын қалыптастыру қажет екенін аңғара отырып, жаңа білімді меңгерту үшін ең тиімді әдіс сұрақ — жауап, әңгімелесу, диалог болып табылады. Менің әр сабағым диалогтан құрылады, себебі ағылшын тілі болғандықтан көбінесе оқушылардың ауызекі сөйлеуіне мән беремін. Топтық жұмыс арқылы «оқушы мен оқушы» арасында, «оқушы мен мұғалім» арасындағы диалогты тиімді ұйымдастыру арқылы мақсатқа қол жеткізе алдым. Нәтижесі таңғаларлық! Оқушылар мен күткеннен де артық әсер алды. Өз ойларын жарыса айтып, қызу пікірталас тудыра алды. Жаңа сабақты өз беттерімен тез меңгере алды. Сабақта «үнсіз» оқушылар да сөйлеп кетті, олай дейтін себебім, мотивациясы төмен оқушылардың өзі тым болмағанда постермен жұмыс жасау барысында сөйлемесе де, сызбамен көмектескеніне көзім жетті.
Сабақтардың барысында оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін, соның ішінде ұтқырлық, сыңаржақтылықтың болмауы, пайым, тәртіп, өзіндік сана сезім секілді ерекшеліктерге мән бере отырып сабақ барысында әрдайым оқушылардың белсенді болуға, дәлелдерді талдай алуға , мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегияларды қолдана алуына мүмкіндіктер мен жағдай жасауды қамтамасыз етуді мақсат тұттым. Осында қарастырылған стратегиялар оқушылардың бірін-бірі тыңдап, дәлелдерді талап етіп, тиянақты және нақты да жан-жақты болуға, ынымақтастықпен бір-бірін құрметтеуге үйретті. Қуанышпен айта кететін жайт, бұрын үндемей отыратын балалардың да сабаққа қызу араласуда. Жай уақытта олар өздерін бұлай көрсете қоймас еді. Сабақтарды ерекше, жаңа әдіс бағдарламасымен сабақ өтуім оларға еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізуге, сыншыл көзқараспен ойлауға мүмкіншілік туғызғандай. Бұл әрине қазіргі қоғам мен мектептің басты талабы. Осы талаптарды әрі қарай дамыту әрине әр мұғалімнің парызы. Оқушылар күнделікті сабақтан, бүгінгі сабақтардың айырмашылығы; топтық, жұптық және жеке жұмыстардың нәтижесінде өздігінен бағалау, өз ізденістерінің арқасында бұрын мұғалімнің түсіндіргенінен өз бетінше ізденуінің нәтижесінде көптеген өз білімдерінде өзгеріс болғандығын байқады.
Осы уақытқа дейінгі өткен сабақтарым бойынша: Мотивациясы төмен «Ж» есімді оқушы сабақта мұғалімнің көмегімен, жетелеуімен ойын жеткізе алмайтын еді, қазірде топпен жұмыс кезінде топтағы оқушылармен ілесіп өз ойын жеткізіп сабаққа қызығушылығы мен қосымша материалдар ізденіп, өзінің шығармашылығын көрсетуде. Әр сабақ барысында өз ерекшелігімен көзге түсіп жүретін «А» деңгейлі «Г» есімді оқушы жаңа әдістің арқасында өзінің тобында ізденісін бұрынғыдан да шыңдаудың жолын қарастыра отырып сол сабаққа таныстырылым жасап әкеліп қорғап шықты. Ағылшын тілінде өз ойын еркін жеткізу немесе диалог құру оңай емес соған қарамастан алғашқыда сабаққа толық араласа алмай отырса да, диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауға берілген тапсырмаға қол жеткізу үшін топ ішінде талқылауға арналған ортақ сұрақтар бойынша жұмыс жасап, оқушылармен бірге ойланып, сол тапсырманы шешуге арналған ой-пікірлер айтып талқылады, бұл диалогтық оқыту оқушылардың өз ойын еркін жеткізуіне ықпал жасап, сабаққа қызығушылығымен қатар өз ойларын толық жеткізуге көп көмегін тигізді.
Оқушылар топта тапсырманы орындау кезінде бірінің сұрақтарына бірі жауап беріп, бірін-бірі оқытып жатқанын көрдім. Сонда байқағаным оқушылардың менің түсіндіргеннен гөрі өздерінің бірін-бірі оқытқан кезде ақпаратты тез қабылдайтыны. Бірте-бірте оқушылар арасындағы сенімсіздік, үрей сейіліп, сабаққа деген ынта-жігері ояна бастады. Әрине топтық жұмыс болған кезде оқушылардың барлығы қамтылып, біреуі сурет салса, біреуі тақырыпқа қатысты сөздерді тізбектесе, енді біреуі қорғауға дайындалып жатады. Бұл жерде бір-бірінің арасында ынтымақтастық орнап, лидерлер қасындағыларды да сөйлеуге тартып, бір-біріне жанашырлық пен көмектесе бастады. Мен мұндай нәтиже күтпеген едім, осыдан кейін мен оқушыларға көп еркіндік беріп оларға тек бақылаушы ретінде қарауым керек екеніне ой түйдім. Осыдан шығатын қорытынды сабақта нәтижеге жету үшін оқушыларға жетелеу сұрақтарын қоя отырып, жауап алып, балалардың бір-біріне сұрақ қоя білуін және оған ұтымды жауап беруін қалыптастыру керек екендігіне көз жеткіздім.
Менің бір түйгенім оқушыларға қосымша тапсырманы берген сайын оқушылар әр қырынан көрініп, бір жағынан оларды ғылыми зерттеуге бағыттаудың бір сатысына көтерудің қадамы сияқты боп көрінді. Осындай тапсырмаларды беру кезеңінде-ақ еріксіз оқушылардың деңгейлері де анықталып жатты.
Алдағы уақытта бағдарлама идеясы жеті модуль кеңінен енгізілсе деп ойлаймын. Өзімде осы бағдарлама модульдерін жүйелі пайдалану, мені және оқушыларды үлкен жетістіктерге әкелері анық. Негізі модульдер өзара тығыз байланысты баяндама барысында да жаздым. Тығыз байланысты дейтін себебім, мысалы сыни тұрғыдан ойлауға үйретпесек, олар өз-өзін қалай бағалайды? Шульман айтқандай мұғалімнің үш көмекшісі бас, қол, жүрек демекші, егерде шын ниетімен мұғалім оқушыны марапаттап, қолдап жатса бала бәрін де сезеді. Ол да сізге солай қарым-қатынас жасайды екен. Мен өз тәжірибем де соны байқадым. Мен енді алдағы уақытта сабақта ата-анаға бағалау парақтарын шығарып, бағалау үдерісіне қатыстырсам деймін. Қандай ұстаз болса да оның бастапқы мақсаты алдындағы оқушыны алға жетелеу, ал бағдарлама бізге дайын жол салып беріп отыр. Біз енді сол жолмен жүрсек үлкен тәжірибелі, кәсіби ұстаз боларымыз және сыни тұрғыдан ойлап, алған білімін өмірінде де пайдалана алатын оқушы тәрбиелейтініміз анық.
Рефлексивті практик бола алдым ба?
Жоқ бола алмадым, әлі де жете меңгермеген тұстарымды дамыту керек екенін ескере отырып, алдағы уақытта, қолдана алмаған жаңа әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданамын деп мақсат қойып отырмын. Оқытудың әр сатысында мұғалім мен оқушының іс – әрекеті бір-бірімен үйлесімін табу керек. Мұғалім оқыту процесін жоғары деңгейде ұйымдастырып, шеберлікпен тиімді пайдалана білсе, ағылшын тілін оқыту барысында алдына қойған мақсатына жетіп, нәтижесі де жоғары болмақ.
Пайдаланған әдебиет:
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық ІІІ деңгей ІІІ басылым «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012 ж
2. Қосымша материалдар
«Мұғалім неліктен өзгеруі керек?» C. Бич, 2012ж
«Мектептегі жастарға кеңес беру» Джин Раддак, Джулия Флаттер
3. Мектептегі тәжірибе кезеңінде орындауға арналған тапсырмалар www.cpm.kz