Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болсын, мұғалім оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады.Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланың оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
«Білім берудегі Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздері» осы жоғарыда айтылған ұстанымды ұстайды. Яғни, мұндағы бала өзі ізденуші, бір-біріне үйретуші, ал мұғалім бағыт беруші, нұсқаушы.
Әр мұғалім өз сабағының –көшбасшысы.Көшті қалай бастап алып жүрем десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу ол шеберлігіне байланысты. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек».
1.Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру.
2.Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау.
3.Өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру
Осы қағидаларды ұштастыратын болсақ қана оқушы өзінің дарынды екенін сезінеді. Бойындағы «мені» оянады. Басқалардан артық тапсырма алу оларды шабыттандыра түседі, бірақ әрдайым мұғалім баланы қанаттандыру үшін өзіне сенімін молайту үшін бірге ізденісте болуы шарт. Түрлі жарыстарға қатыстырып, мақтау сөздер айтып ізденуде тоқтап қалмауға баулу керек.
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деп елбасымыз өз жолдауында айтып қана қоймай, әр мектепті түрлі ақпаратты техногиялармен қамтамасыз етуде.
Яғни, ақпараттық технологиялардың білім беруде маңызы зор. Өйткені ол оқушыларға үлкен ақпараттық білім кеңістігіне жол көрсетеді. Бұл баланың ой өрісін кеңейтіп қана қоймайды, білім деңгейін көтеруге үлкен үлесін қосады. Бір сабақ үстінде бірнеше оқушыны бағалау мұғалім шеберлігіне байланысты. Баға алуда оқушылар алға талаптанады, ізденеді. Кейбір оқушы білім үшін емес, баға алу үшін оқиды. Сондықтан бағаны дұрыс қою және оның нақты болуын алға қою әр мұғалімнің есепке алар міндеті. Сабақ үстінде бірнеше бағалау әдістерін қолдануға болады. Суммативті баға мен формативті бағаны қою әрбір сабақтың негізгі сатысы болуы шарт.
Сонымен сөзімді қорытар болсам сабақ барысында мынадай талаптар басшылыққа алынуы қажет:
1. Мұғалім оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы керек.
2. Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы болуы тиіс.
3. Балалардың оқуға деген ынтасын күшейту керек.
4. Өз дербестігін, белсенділігін дамыту қажет.
5. Оқу, дамыту жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде айқындау керек.
Осы қағидалар негізінде сабақты жаңа технология әдістерін қолдану арқылы жүргізу — оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып , өз сұрағына өзі жауап іздеп жан –жақты білім алуына көмектеседі.
Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдана білу сіз бен біздің үлесімізде, құрметті әріптестер!