- Ақмола облысы
Бурабай ауданы
Атамекен ауылының орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі:
А.С Абдилованың «Ой қазына» тақырыбында жинастырған афоризмдерін жариялап отырмыз. Оқу- тәрбие жұмыстарыңызға қажеті болып қалар деген оймен.
Алдағы уақыттарда сіздерден жақсы ұстазға қажетті танымдық, әдістемелік материал күтеміз.
Жомарттық пен мәрттік. Бұлардың негізінде үш нәрсе бар: бірі – өз айтқан сөзіңді өзің орындау; екіншісі — әділдік пен туралыққа нұқсан келтірмеу; үшіншісі — қайырымдылықты есіңе ұстап ұмытпау. Егер мәрттік пен жомарттық жолында жүрмек болсаң, әр уақытта үш нәрседен сақтанғайсың: көзді — жаман назардан, қолды — жаман істен, тілді — жаман сөзден.
Қабуснамадан
* * *
Көрінеді тілден түйсік, білім де,
Біле білсек жарылқаушы – тілінде.
* * *
Білімсіздер тіліне берік болсын,
Білімдінің тіліне ерік болсын.
* * *
Адамға екі нәрсе тірек тегі:
Бірі — тіл, бірі — ділің жүректегі.
* * *
Тіл – елшінің қылышы, тіл қылыштан да өткір.
* * *
Елдіктің өзегі – білік, кілті – тіл, қадір-қасиеті – кісілік.
Жүсіп Баласағұн
Игі істің басы – тіл,
Тәрбие басы – тіл.
Махмуд Қашқари
* * *
Әдеп басы — тіл.
* * *
Ердің жүзін күйдіретін нәрсе –– тіл.
Ахмет Йүгінеки
* * *
Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкін қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе.
Ыбырай Алтынсарин
* * *
Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпай сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Ақылдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады.
* * *
Шешеннің тілі
Шебердің бізі.
Абай Құнанбайұлы
* * *
Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
* * *
Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.
* * *
«Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғандығын кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз”
Ахмет Байтұрсынов
Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт.
* * *
«Біздің тәжірибемізде қазақ тілі — бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек”.
* * *
Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш.
Халел Досмұхаммедұлы
* * *
Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім!
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнін.
* * *
Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек.
Сұлтанмахмұт Торайғыров
* * *
«Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық… Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардың да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр… Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі «Тіл құралы” екенін ұмытпасқа керек”.
Міржақып Дулатов
* * *
«Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті”, «Дүниедегі ең асыл тіл — араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары — қазақ тілі”.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
* * *
«Тіл — адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт — тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі — бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік”.
* * *
Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ.
Мағжан Жұмабаев
* * *
«Ана тілі — халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі”.
Жүсіпбек Аймауытов
* * *
Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды…
Сәкен Сейфуллин
* * *
«Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деу де болады, себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса, рухани-ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады. Тегінде, қай мамандық саласында жүрген адам болса да, шын интеллигент дәрежесіне жету үшін әдебиетті білу жалпылығы ортақ шарт. Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азған” ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес”.
* * *
Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.
* * *
Қазақша жазу — қазақ сөздерінің кез-келгенін құрастыра беру емес.
* * *
….Көген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: «Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық.
* * *
Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болады.
Мұхтар Әуезов
* * *
Әркімнің туған тілі – туған шеше,
Оған бала міндетті сан мың есе.
* * *
Сөз — халықтың қымбаттан қымбат кені.
Сәбит Мұқанов
* * *
Өз тілін сезбеген бала — ана сүтін татпаған жетіммен тең.
* * *
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
* * *
…Қазақ тілі … өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіңе тиімді… қысыл таяң қатал жағдайда қайрап, егеп «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл…
* * *
тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі.
* * *
Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған.
* * *
Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі.
Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге белгісі.
Бауыржан Момышұлы
* * *
Ана тілін ананың баласындай сүй.
* * *
Тіл өлгенді де тірілтеді.
* * *
Пайдасыз мың сөзден бармақтай ғана пайдалы бір іс артық.
* * *
Қамшы дағы етте, тіл дағы жүректе.
* * *
Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. өйткені тіл байлығы — бәрінен де сенімді байлық.
Ғабиден Мұстафин
* * *
Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді…
Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады
Ана тілі дегеніміз – баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі.
* * *
«Әдебиет тілі бір халықтың тіл байлығын ғана көрсетпейді, сонымен бірге, сол халықтың елдік дәрежесін, ой-кемерін сезіну тереңдігі мен таяздылығын да көрсетіп тұрады. Ең ақыры — ана тілін білмеген ақын, жазушы ел-жұртының ескілі-жаңалы тіршілігімен ажырасқанын да көрсетеді”.
* * *
Ана тілін білмеушілер өздерін білімсіз деп санамайды-ау деймін. Сондықтан өздерін асырап отырған ана тілін қалай болса да солай қорлай беруге ұялмайды.
* * *
Тілден биік асқар тау, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ.
* * *
Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдіремін деп күйдереді.сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін де бүлдіреді. Қуантамын деп қуартады. Келтіремін деп кетіреді, жұбатамын деп жылатады.
Ғабит Мүсірепов
* * *
Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып-қымтырылу, ерін ұшынан шүлдірлеп-былдырлау мүлде жат. Қазақ нені айтса да ауызды толтырып айтады. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңырау желіндей еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқақ әуенділігі шырқап салар әніндей. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады. Сөз бен сөз, дыбыс пен дыбыс өзара ұйқасып, жымдасып жатады. Тыңдаушысын бірден ұйытып әкететін осы үндестік пен әсем ырғақ құлақ түбіне хрустальдай сыңғырлап, қазақ тілін сұлу да сиқырлы етіп көрсетеді. Кейде қазақ болып туғаның үшін және әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің.
Қабдеш Жұмаділов
* * *
Қазіргі қазақ тілі — небір керемет философиялық толғаныстарды да, күрделі терең ойларды да, қылдан нәзік, жібектен биязы, аяулы сезім-тебіреністерін де емін-еркін әсерлі жеткізетін көсілмелі, кең құлашты көркем тіл, «толқынын жүрегінің хаттай танытар” ғажап тілдердің бірі. Бұған барша қазақ баласы мақтана алады.
* * *
Ана тілі
Ананың құнар сүті ғой,
Ғұмыр бойы сен еметін.
Ана тілі
Халқыңның ырыс-құты ғой,
Игілігіңе кенелетін.
Мұзафар Әлімбаев
* * *
Жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайды. Қарапайым ел деген болмайды. Жеріне, суына, тіліне, дініне, тарихына, тағдырына ие Халық деген болады. Тек сондай халық қана есерін түзеп, еріне медет бола алады. Қорлана бермей, арлана білейік. Намыстың сөзін сөйлейік.
Әбіш Кекілбаев
* * *
Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін Ұлы.
Шыңғыс Айтматов
* * *
Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Орамын, бұрамын тауып, қисымын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң не бір алуан – шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте, тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне! … Осындай майса сұлу тілді қалай өгейсітуге болады.
Нұртас Оңдасынов
* * *
Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының , туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды.
Шерхан Мұртаза
Мемлекеттік тілде ғылым дамымай, мемлекеттік тіл де дамымайды.
* * *
Тілді аудармамен дамыта алмаймыз.
* * *
Тіл – халықтың басты белгісі. Мемлекеттік тіл – тек мемлекеттік рәміздердің бірі ғана емес, ұлттардың, мемлекеттердің бірегей негізі.
* * *
Бәріміз де мойындауға тиіс бір шындық бар: Жалпы адам баласы, жеке ұлттар мен ұлыстар жер бетінде қанша жасамасын, оның тілсіз көрген күні – тұл.
Әбдуәли Қайдар
* * *
Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!
* * *
Тілден артық қазына жоқ
Тілден артық қасиет жоқ.
* * *
Қазақстанның болашағы қазақ тілінде жатыр. Қазақ тілі әлі бірте-бірте мемлекеттік қызметте, экономика мен өмірдің барлық саласында басымдық танытатын болады.
Қазақстанды мекендейтін әр түрлі ұлт өкілдерінің тіліне құрмет көрсету, олардың ана тілінде білім алып, төл мәдениетін дамытуына жағдай жасау – мемлекетіміздің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі.
* * *
Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі.
Нұрсұлтан Назарбаев
* * *
Алтынды басқаларға қаздырып алармыз, бірақ қазақ тілін басқалар арқылы дамыта алмаймыз. Қазақ тілін тек қазақ халқының өзі ғана мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізе алады. Ұлттық тіліміздің – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге барлық қазақ ортақ күш салуға тиіспіз деп ойлаймыз.
Нәбижан Мұқамедханұлы
* * *
Қазақ тілі жайында жылаңқы 40 мақала жазғанша, 40 адамды қазақ тіліне үйретіп шығарғанымыз артық.
* * *
Біздің тоталитарлық кезеңдегі тарихымыз – қазақ тілінің, құнарлы да шұрайлы, оралымды да өрнекті, теңеу мен бояуға аса бай, теңдессіз сұлу да сырлы, тереңдігі түпсіз тұңғиық ана тіліміздің өз тәуелсіздігіне, яғни мемлекеттік мәртебеге ұмтылыс жолындағы күресінің де тарихы болды деп айтуға толық негіз бар.
Есте жоқ ескі заманда дәуірлер қойнауында жаратылып, ғасырлар бойы қалыптасқан, Күлтегін мен Тоныкөк тұсында тасқа бәдізделіп, қашалып қалған, Фараби мен Бейбарыс жусан иісіндей аңсап өткен туған тіліміздің тарихы да тереңде жатыр.
* * *
Даланың демосфендері атанған ұлы тұлғаларымыз Төле мен Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке мен Сырым сияқты от ауызды орақ тілді билер мен аузымен құс тістеген шешендердің дау шешіп, билік кескен өткір тілі, Шыңғысхан әулетінің ел билеген жарғы тілі, Сыпыра мен Кетбұғы, Йассауи мен Асанқайғы, Шалкиіз бен Қазтуған, Бұқар мен Махамбет, Дулат пен Шортанбай, Абай, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан, Сәкен мен Ілияс, Бейімбет пен Мұхтар, Жамбыл мен Иса, Қасым мен Мұқағали сияқты біртуар алыптардың ой тербеп, сөз кестелеген көркем тілі талай-талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Сақ пен ғұн, түркі дәуірінен бастау алған төл тарихымыздың бұл ұлы тұлғалары өздерінің өлмес мұралары арқылы тіліміздің де ұлылығын дәлелдеп кетті.
* * *
Алайда, қазақ тілінің басына – бері жағында тұрмыс пен тіршіліктің , яғни отбасы, ошақ қасының, үй шаруашылығы мен мал шаруашылығының, ары дегенде әдебиет пен баспасөздің ғана тілі болып қалу қаупі төнген кезеңдер алысқа ұзай қойған жоқ. Міне, тілімізге мемлекеттік мәртебе беруге қарсы шыққандардың негізгі табан тірер уәждері осы төңіректе болғаны да, болып келе жатқаны да әмбеге аян. Қазақ тілінің болашағына күмән келтіріп, ертеңіне сенімсіздік білдірушілерге қарсы күресте ту көтеріп, топ жарып шыққан халықаралық «Қазақ тілі” қоғамы азаттық аңсап, әділет іздеген халықтың қуатты үніндей болды…
Алтынбек Сәрсенбаев
Тілің үшін жаныңды аяма, құлыным. Тіл халықтың жаны. Тілсіз халық, халық болудан қалады. Тіліңді қорға!
108-жастағы Божай ана
* * *
Ана тілі дегеніміз – күллі тіл атаулыдан ішкі құрылыс ерекшелігімен дараланатын, белгілі бір халықпен нақты кеңістікте тарихи бірге жасап, оның төл мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз ұластырушы, сол халық адамдарына түгелдей және жан-жақты қызмет ететін ұлтішілік қатынас құралы.
Бақытжан Хасанов
* * *
Тәуелсіз еліміз бар, байырғы жеріміз бар, баянды атамекеніміз бар, қайырлы дініміз бар, зайырлы діліміз бар, бай тіліміз бар, осынау шалқар даламыз бар, Бас иер Президентіміз бар. Сондықтан мығым Ел боламыз деген Құдайдан үмітіміз бар.
Болашақ үшін тілімізді қайткенде де сақтауымыз тиіс.
Өмірзақ Айтбайұлы
* * *
Бүгінгі таңдағы ана тіліміз үшін күрес екі майданда жүргізілуі керек, бірі – қазақ тілінің әлеуметтік қызмет аясын кеңейту, оны әсіресе кеңсе-іс қағаздарының да, ғылымның да, заң-сот істерінің де тіліне айналдыру болса, екіншісі одан кем түспейтін, тіл мәдениетін көтеру, тілімізді тек дұрыс қана емес, әсерлі, әдемі етіп жұмсау үшін күрес болуға тиіс.
Рабиға Сыздық
Тіл игеру тың игеруден де қиын.
Қонысбай Әбіл
* * *
Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті… Біздің қазақ жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болсын.
Ахмет Жұбанов
* * *
Ұлттық руханиятымыздың өзегі – тіл
Әбіш Кекілбай
* * *
Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта
Әлихан Бөкейхан
* * *
Біздің қазақ бауырларымыз аталы сөзді өте түсінетін, өте зерек халық.
Сайфи Құдаш
* * *
Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз
Ғұмар Қараш
Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
* * *
Қасиетін сезем деп ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның
Мұқағали Мақатаев
* * *
Тіл – діліміздің діңгегі, салт-дәстүріміздің қайнар бұлағы.
Амангелді Ермегияев
* * *
Қазақ тілі – қазақтың маңдайындағы жалғыз жарық жұлдызы.
Асылы Осман
* * *
..Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған тіл болса, ол да – қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек.
А. Саади