Сарқытқан Қастер
Абай ат. ҚазҰПУ доценті
география ғылымының кандидаты
География нені зерттемейді?
Сіз тақырыпты дұрыс оқып отырсыз, География нені зерттемейді-деп, егер география нені зерттейді-деп түсінсеңіз, онда, мені дұрыс түсінбеген боласыз. Географияның нені зерттейтін ғылым екендігі былайғы жұртқа таныс. География — ескі ғылым, тамыры тым тереңде жатыр. Ол да өзге байырғы ғылымдардай грек жерінен бастау алған. Тілдік мағанасынан алып қарағанда geо — жер, graphо — жазамын деген мағана береді/1/.
Былайша айтқанда жер туралы ғылым деп анықтама беруге болады. Алайда, география өзінің ұзақ уақыттық даму барысында, ол адамзаттың өркениетімен бірге өсіп, іргесін бекітіп, сан-салалы тармаққа бөлініп, әр кезеңде қалыптасқан түрлі проблемалармен бетпе-бет келіп, олардың шешу жолдарын адам баласына көрсетіп беріп отырған ғылымдардың біріне және бірегейіне айналып үлгірген ғылым. Сондықтан да география — жер туралы ілім-дегеніміз ендігі жерде оның «тақиясына тар келетін» болып отыр.
Біз география ғылымының даму тарихына көз жібергенімізде, оның ең алғаш ілім ретінде қалыптасқанын көреміз. Алғашқы географиялық білімдер мифтік және философиялық негізде пайда болған. Оған дәлел ретінде атақты Аристотелдің жердің шар тәрізді дене екенін логикалық тұрғыда пайымдағанын айтсақ та жеткілікті. Ұлы ғалым ең әдемі әрі кемелді, мінсіз геометриялық пішін шар тәрізді дөңгелек дене деп біліп, Ұлы жаратушы жаратқан жер сол дөңгелек денеге сай болар деген оймен жер бетінің шар тәрізді домалақ пішін екендігін сана түсігімен тұжырымдаған.
Ал, географияның ғылым ретінде қашан қалыптаса бастағаны туралы нақты жауап жоқ. Ол тек географияға ғана емес жалпы ғылым дүниесінде солай. Жалпы ілім мен ғылымда ажыратпай, екеуінде сонау есте жоқ ескі заманнан басталды дейтін адамдар да бар, шындығында ілім мен ғылымда нақты айырмашылықтар мен ерекшеліктер бар. Ілім- рухани және материалдық дүниелерді қамтитын танымдық білімдердің жиынтығы. Оның басты саласы Құдайлық ілім болып табылады. Ғылым дегеніміз табиғи орта мен қоғамдық орта туралы шынайы және нақтылы білім қалыптастыратын адамның ең жоғары сана деңгейі. Оның басты ерекшелігі танымның практикалануы және техникалануы. Ол адамзаттың матеиалдық және әлеуметтік өндірісін дамытудағы басты қозғаушы күші. Ал ілім адамзаттың рұхани өндірісін дамытушы күш. Рұхани өндіріс деп адамзаттың рұхани дүниесінің қажетін өтейтін, сана-сезімін байытатын, адамдық қасиетін дамытатын құндылықтарды өндіретін және соған қызмет көрсететін саланы атауға болады. Ол жалпы дінни, ұлттық тұрмыс-салт, әдебиет, өнер және философия мен тағылымдық мәні бар кез-келген құндылықтың қағаз бетіне түсуі, суретпен өрнектелуі және үн болып естілуі сияқты есту, көру әрі сезіну арқылы адам жүрегіне жететін құндылықтардың жиынтығы. Егер адамзатты азғындыққа бастайтын дүниелер болса, онда ол рухани өндіріс бола аламайды.
География туралы Қазақстан ұлттық энциклопедиясында былайша анықтама берілген, география — жердің географиялық қабығындағы табиғи-аумақтық және аумақтық-өндірістік кешендерін және олардың құраушыларын зерттейтін жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар жүйесі. Географиялық зертеулердің басты міндеті — табиғат ресурстары мен жағдайларын жан-жақты зерттеу, оларды тиімді пайдаланудың, өндіргіш күштерді орналастыру мен дамытудың, табиғатты қорғаудың және қалпына келтірудің ғылыми негіздерін жасау/2/. Осы берілген анықтамадан-ақ географияның өте ауқымды ғылым екендігін аңғарамыз. Алайда, қазіргі заманғы қалыптасып отырған экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, саяси және техникалық сондай-ақ басқа да тұрғыдағы даму мәселелері бойынша алып қарағанда географияның зерттеу аумағы бұдан да кеңейіп, міндеті ауырлап, мақсаты түрленіп отырғанын байқауға болады. Себебі барша өркениет өзі өскен ортаданөзек алады/3/.
Біз жоғары да география өте ежелгі ілім екендігін айттық, ол сонау тас дәуірінің адамдары өздерін қоршаған орта элементтерінің екінші бір жермен ұқсамайтындығын, ондағы табиғи құбылыстардың әр түрлі екендігін байқап сезген күннен бастап қалыптаса бастадық десек артық айтпаған боламыз. Географиялық алғашқы мағлұматтар Шығыстың біздің жыл санауымызға дейінгі ескі жазбаларында кездеседі. Онда Аристотел негізін қалаған жалпы жер тану және тарихтың атасы аталған Геродот негізін қалаған елтану бағытындағы жазбалар сақталған. Географияның дамуына аса ірі ғалымдардың еңбегі зор әсер етті. Олардың ішінде Пифагор (б.з.б. 6-5 ғасырда), Геродот (б.з.б. 485-425 ж.ж.), Гиппократ (б.з.б. 460-377 ж.ж.), Платон (б.з.б. 427-347 жж.), Аристотел (б.з.б. 384-322 ж.ж.), Эпикур (б.з.б. 341-270 ж.ж.), осы оқымыстылар еңбегі негізінде «Географиялық жазбалар»-атты еңбегін жазып, географияның атасы аталған Эратоссфен (б.з.б. 275-195 ж.ж.) және “География” атты 17 томдық еңбек жазған Страбонды ерекше атауға болады/4/. Орта ғасырларда География Қытайда, Парсы, Орталық Азия және Араб елдерінде дами бастады. География жалпы 16 ғ-дан бастап ғылымдық деңгейге көтерііліп, жеке салаларға бөлініп дами бастады. Осы кезеңдерге Географияның ерекше ғылым тілі картография қалыптасты. Оның үстіне ұлы географиялық ашылулардың әсері де мол болды. Жалпы географияны даму тарихын былай жинақтауға болады:
Бірінші кезең ерте кезден 17 ғасырдың ортасына дейінгі уақыт аралығы. Бұл кезде географиялық түсініктемелер мен сипаттамаларалғаш қалыптаса бастаған еді. Негізінен жердің беткі қабатын зерттеуге бағытталған. Әрі жердің шар тәрізді дене екендігін логикалы түрде дәлелдеген кезең.
Екінші кезең 17-19 ғасырлар арасы. География ғылымының алғашқы қалыптасу кезеңі болып табылады. Жалпы жер беті туралы толық түсініктің біртіндеп қалыптасуы, әрі мектептер мен жоғары оқу орындарында географияның жеке пән ретінде оқытылуы басталған еді. Алайда, бірт ұтас географиялық бағыт қалыптаса қоймаған болатын. Жеке-жеке тұрғыда зерттелетін.
Үшінші кезең, 19 ғасырдың ортасынан 20 ғасырдың жирмасыншы жылдары арасында, бұл кезеңде географияның экономикалық және әлеуметтік саласы мен ландшафттану, жер бетінің өзгерістері мен даму тарихы негіз етіліп дамыған. Бұл кезеңдегі басты ғалымдардан с М. В. Ломоносов, В. В. Докучаев қатарлы ғалымдарды жатқызуға болады.
Төртінші кезең, 20 ғасырдың жирмасыншы жылдарынан бүгінге дейінгі кезең болып табылады. Бұл кезеңде география ғылымы адамзаттың барлық техникалық және ғылыми, мәдени даму өркениеттерімен біте қайнасып кетті. Ғарыштан бастып, мұхит түбіне дейінгі барлық кеңістікпен зерттеу көлемін кеңейтіп, ғаламдық мәселелерді шешуге бағытталған кезең болды/5/.
20 ғ-дың басында География ғылымдарының жүйесі қалыптасты. Қазіргі кезде ол өз ішінен физикалық және экономикалық-әлеуметтік география болып екі басты салаға бөлінеді. Физикалық географияға: жертану, ландшафттану, палеогеография, геоморфология, климатология, құрлық гидрологиясы, мұхиттартар географиясы топырақ географиясы, өсімдіктер географиясы т.б, салалар жатады. Экономикалық және әлеуметтік географияға: өнеркәсіп географиясы, ауыл шаруашылық географиясы, транспорт географиясы, халықтар географиясы, мәдениет географиясы, саяси география, т.б. кіреді.
Сөзіміздің басына оралсақ, география — жер туралы ғылым болғандықтан, ол дамыған сайын жер бетіндегі барлық даму процестерімен тығыз байланысты болып, өзінің зерттеу аясына басқа да ғылымдардың міндеттері мен сипаттарын ала бастады. Қазіргі кезде география ғылымы жаратылыстану ғылымдарының барлық салалырымен, ашалап айтсақ, физика, химия, математика, астрономия, геология және биология, зоология, медицияна т.б. ғылымдармен араласып кетті, сондай-ақ қоғамдық ғылымдар бойынша экономикаға, социологияға, демография, мәдениеттану, дінтану,саясигеограия, басқару ғылымы және басқа да ғылым салаларымен тығыз байланысқа түсті. Жалпы алғанда, бүгінгі іргелі ғылымдардың барлығымен де география біте қайнасып, араласып, ортақ мақсат үшін бірлікте жұмыс істей бастады. Сондықтанда география туралы, география нені зерттейді емес, география нені зерттемейді және нені зерттеуге қатыспайды дегеніміз әлде қайда орынды сиақты. Бұлай болуының да өзіндік себебі бар. Өйткені, біріншіден, қазіргі ғылымның даму сипатынан қарағанда ғылым өзгермелі, әрбір алынған нәтиже ең соңғы, түпкілікті, өзгермес нәтиже емес. Екіншіден, ғылым бұрынғыдай жаратылстану, техникалық, қоғамдық ғылымдар болып жеке-жеке бөлініп зерттелместен, бірлікте, кешенді түрде зерттеу жүргізу негізгі бағыт болып отыр.
Бұл үрдіс тек географияға ғана қатысты емес, барлық ғылым салаларына да қатысты болуы мүмкін. Себебі, бұрын жеке мемлекет немесе әлде бір аймақ үшін маңызды болып келген даму мәселелер қазіргі таңда ғаламдық проблемалар деген ортақ атпен барша әлемге ортақ «бас ауруға» айналған жоқ па? міне осындай ғаламдық мәселелерді де бірлескен, кешенді ғылымдардың ортақ ат салысуымен шешпесе болмас.
Қорыта айтқанда, география ескі әрі жаңа, сан-салалы, қатпары қалың, әрі күрделі де қызықты, өзгерістер мен жаңалықтарға толы ғылым. Оның зерттеу аясына жер бетіндегі оның қойны мен кеңістігіндегі күллі жаратылыстық-қоғамдық-адамдық жүйедегі іс-қимылдар мен құбылыстар дерліктей қамтылады.
Бірақ, қазірше географияның зерттеу аймағына кірмей тұрған бір ғана дүние бар, ол болса — осыншама шексіз әлемнің жаратылысындағы және оны құрап тұрған әрқайсы бөлшектер арасындағы байланыстың өзара үйлесімділік заңы болып табылады. Күллі жаратылыстың қалыпты қозғалысы мен тіршілігін сақтап және жалғастырып отырған осындай қайталанбас дара заңдылықтар мен үндестіктер қалай пайда болған? Кім жаратты ? Міне осы сұрақ болашақта география және басқа да ғылым салаларының зерттеу бағыты болары анық.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Қ.Құрманов, «Физикалық география терминдері мен ұғымдары», Алматы, «Рауан», 1993 ж.-176 б.
2. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 2-том, / бас.ред. Ә. Нысанбаев Алматы: Қазақстан энциклопедиясының бас редакциясы, 1999 ж.-720 б.
3. Сарқытқан Қастер, «Мәдениеттер бесігі — географиялық орта», Қазақстанның Шығыс елдермен тарихи-мәдени байланыстары/Қаз ҰПУ, Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Алматы, 2013
4. Н.К.Мукитанов «От Страбона до наших дней» — Алматы, Қаз НПУ им. Абая, 2010-234 с.
5. Цин МоЯнь «Тарих картиналары», ҚХР, Нанкин университеті, қоғамдық ғылымдар журналы, 2010 — № 4