Басы » Кембридж бағдарламасы » Неліктен мен және менің мектебім өзгеруі керек?

Неліктен мен және менің мектебім өзгеруі керек?

skolҚұрметті  sabaq.kz сайтының оқырмандары мен ұстаздар қауымы сіздердің назарларыңызға жаңа форматтағы курсты бітірген Қызылорда қаласы, №120 Жамбыл орта мектебінің Физика және информатика пәнінің бірінші санатты мұғалімі Белдебекова Айзада Сейсенбайқызының есептерін жариялап назарларңызға ұсынамыз. (А есебі) Өзін ұстаз ретінде заман талабына сай болам дейтіндердің игілігіне жарайды деп ойлаймын.

 Неліктен мен және менің мектебім өзгеруі керек?

 «Ел  мен елді теңестіретін–білім»  Мұхтар Әуезов.

 

XX ғасырдың өзінде-ақ ғылым мен білімнің  бағасының  тарихтағы алар орны ерекше екені көрегендікпен көрсетілген. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер үшін ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?».

Ал XXI ғасырда әлем елдері білім беру жүйесінде реформалар жүргізуде.. Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етіп отыр. Әлем осылай  жылдам өзгеруде.

«XXI ғасырда білім беру жүйесі қандай болуы керек?»  сауалы саналы адамзат баласына үлкен ой тастайды. Әлем қазіргі күні «білім қоғамын» және «білім экономикасын» құру бағытында.  Бұл идея бүкіл білім беру жүйесіне  реформа жүргізіп, оны модернизациялауды жүктейді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2011 жылғы Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз! » Жолдауында  былай деген: «Біз білім беруді жаңғыртуды одан  әрі жаңғыртуға тиіспіз…Сапалы білім беру Қазақстанның индустриалануының және инновациялық дамуының негізіне және «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтардың  жеке кредосына айналуы тиіс»,-деп Елбасымыз бекер айтпаған болар.(Егемен Қазақстан , 29/01/2011)

Қоғам дамыған сайын, барлық құрылым бірге дамиды. Сол негізгі  құрылымның   бірі ретінде  білім беру жүйесінің толассыз даму  және  тоқтамсыз  өзгеріс үстінде  болу, үдерістің бір белгісі екені анық.

Әлемдік сарапшылар білім жүйесін са­лыс­­ты­руға келетін 48 елді назарға алып отыр. Олар алдымен білім сала­сына са­лынған инвестиция көлемін, ма­­ман­дар дайындау мәселесін, оқу орын­дары арасындағы әріптестік тағы да басқа 20 шақты кри­те­рийді не­гізге алған. Сол бойынша анық­­талған білім беру жүйесі ең озық тұр­ған 26 ел бар десек: ал­ғаш­қы бес­тікке АҚШ, Швеция, Ка­нада, Фин­лян­дия және Дания кіреді.

Германия мемлекетінде    5-6 сыныптар жалпы бағдарлы  сыныптар болып есептеледі. Олардың міндеті- әр оқушының қабілетін анықтау,7 сыныптан бастап, оқушылар өздерінің қабілеттеріне қарай,   үш мектептің – жалпы мектеп, реал мектеп және гимназияның бірінде оқуларын жалғастырады. Олардың оқу жоспарлары бір-бірінен өзгеше болып келеді. 10жылдық негізгі мектеп балаларды кәсіптік оқу орындарына түсуге  12 жылдық реал мектеп-арнаулы жоғары оқу орындарына, ал 13 жылдық гимназия – университеттерге түсуге дайындайды. Гимназияда 11сыныптан бастап,арнаулы оқу бағдарламасымен білім алуға қажетті іргелі білім береді. Гимназияның оқу жоспарының негізгі ерекшелігі – 9 сыныптан бастап оқушылардың таңдауына жаратылыстану-математика, ғылым-экономика,музыка,басқа да бағыттардағы дифференциалды пәндер жүйесін ұсынатындығында. Гимназияның жоғарғы сыныптарында (11-13 сыныптар) барлығына міндетті негізгі және оқушылар өздері таңдайтын күрделі курстар жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе жалпы білім алуымен бірге әрбір оқушының өзіндік қабілеттерін толық ескеруге мүмкіндік береді.(Қаз.тар әдіст журн № 7. 2007ж)

Міне,бұл мемлекеттерде де  жаратылыстану бағытына көп көңіл бөле отырып жұмыс жасалынады. Оқушылар қабілетіне қарай, оқуларын жалғастырады. Осы жерде зерттеуші Хоу мен Мерсер(2010) бірлескен іс-шаралар ақыл-ой дамуы мен оқуды,сондай-ақ қарым-қатынас жасау дағдыларын арттыратынын көрсетті деген сөзіне қарағанда Выготскийдің «танымдық қабілетті дамытудағы әлеуметтік өзара әрекеттестіктің маңызын бәрінен бірінші  етіп қояды» деген сөзі көбірек келетін сияқты.(МАН,21б) Ерекшелігі: оқушылардың қабілетіне қарай мектептерге бөлініп, жоғарғы оқу орнына түсу үшін,арнаулы оқу бағдарламасымен білім алуға қажетті білім ала алуында.

Италияда 1999 жылы мектептік білім беруде жас мөлшері 18 жас болуы туралы №9 заңда енгізілген болатын. 2000 жылы ақпан айында бұл заңға мектептік білім беру жөнінде №30 заңда өзгертулер енгізген. 2001-2002 оқу жылына сәйкес мектептік білім берудің екі дәрежесі енгізілген: базалық мектеп (1-7 сыныптар) және толық орта мектеп (8-12 сыныптар). Базалық мектепке 6 жастағы балаларды бастауыш мектепке қабылдайды.

Канадада білім беру әр аймақта өзіндік ерекшелігімен сипатталады. Балалар мектепке 6 жастан барады. Басқа елдердегідей Канадада білім беру бастауыш, орта және жоғарғы сыныптардан тұрады. Оқу жылы қыркүйекте басталып, келер жылдың маусым айында аяқталады. Оқу мерзімі әр түрлі, көп аймақтарда ( Квебек провинциясында ғана оқу 11 жылдық) 12 жылдық білім беру орын алған, тек  Онтарио провинциясында 13 жылдық білім алу бекітілген әрі арнайы емтихан тапсырумен аяқталады. Мектептегі білім берудің құрылымы мынадай: бастауыш 1-6 сыныптар, жалпы орта білім 7-9 сыныптар, толық орта білім 10-12 сыныптар. Міндетті білім беру 16 жасқа дейін деп бекітілген. Толық орта білімді жас ерекшеліктеріне сәйкес оқушылардың 90% бітіреді. Бастапқы кәсіби білім беру орта мектептің жоғары сатысындағы 11-12 сыныптарында жүзеге асырылады. Мектептегі білім беру ағылшын және француз тілдерінде жүргізіледі. Мектептегі білім алу ақысыз және он жылдық оқу міндетті, кейін оқушылар өз білімдерін 11-12 (13) сыныптарда жалғастыруы мүмкін, болмаса колледжге барып оқуға құқығы бар.

Келесі мемлекетіміз Ұлыбританияға келетін болсақ, 6 жылдық  бастауыш мектептен  кейін оқушылар 5 жылдық орта мектепте оқиды. Орта мектеп кешенді, гуманитарлық,жалпы білім беретін мектептер, және қалалық технологиялық колледждер болып бөлінеді. Бұл мектептердің әрқайсысының бір-бірінен өзгеше өз оқу жоспарлары болады. Жалпы білім беретін мектептің оқу жоспары кәсіптік бағдарланған, ал технологиялық колледждің оқу жоспары академиялық бағытта жасалады,сондықтан технологиялық колледждерде қабілетті балалар оқиды. Жоғарғы орта мектепте (12-13 сыныптар) бағдарлы білім беріледі. Бағдар бойынша оқытылатын пәндер саны 4-6-ға дейін азайтылады,барлық күш осы пәндерді терең меңгеруге бағытталады. Әрбір оқушы тест орталығына барып өз білімін сынақтан өткізіп тұрады.Осындай іс-шаралар екі айда бір рет жүргізіліп тұрады, нәтижесінде Англияда оқу бітірген әрбір оқушы келешекте өзінің қайда оқитынын толық анықтайды.

13 сыныпта оқитын барлық оқушылар өздері келешекте оқуын жалғастырғысы келетін университеттермен тығыз байланыс жасайды.Осындай өзіндік ерекшеліктерімен білім саласындағы  алдыңғы қатарлы  мемлекеттерге айналып отыр.

Сингапурда білім беру адамды үйлесімді тәрбиелеуді — оның адамгершілік, зияткерлік, дене бітімі, әлеуметтік және эстетикалық дамуының жиынтығын білдіреді. Балаларды кішкентайынан спортпен айналысуға, еңбекке, тәртіпке, мінез-құлық мәдениетіне үйретеді, көпшілік орындарды шашып, ластағаны үшін үлкен мөлшерде айыппұл салады. Балалардың сыныптағы сабақтарынан басқа секциялар, үйірмелер, клубтардың көптігі соншалық теледидарды көп көре бермейді екен.

Финляндиядағы  білім жүйесі сәтті және дер кезінде реформалау нәтижесінде талай жетістіктерге жетті:  экономиканың өсуіне, елдің әлеуметтік дамуына, технология мен ғылыми зерттеулерде инновациялық пәрменді саясатты жүзеге асыруға, сөйтіп бүгінгі таңда әлемнің ең озық өркениетті елдері қатарынан көрінуде. Бұл ел білім саласын дамытуға бүкіл қоғамды жұмылдырды, мемлекеттік қаржыландыруға ерекше көңіл бөлінді,  мұғалімдердің айлық жалақысы 2-3 мың евроға өсті (біздің елдегіден 10-15 есе көп), оқушылар мен студенттерге стипендия тағайындалды, оларға тұрғын үй үшін айына 500 евро бөлінеді. Оқушылардың денешынықтыруы, денсаулығына қамқорлық жасау, үй тапсырмасын азайту, салауатты өмір салтын қолдау, білім беруді ең соңғы ғылым мен технология жетістіктерімен кіріктіру, оқу үдерісін ірі технополистер аясында өткізу арқылы зор табысқа қол жеткізуде. Білім беру жүйесінің негізгі ұстанымы: оқушыларды оқытуға және қолдауға дербес көзқарас тұрғысынан келу, мұғалімдердің жоғары білімі, орталықтандырылған басқару және жергілікті жерде қолдау көрсету, жоғары мәдениетті қамтамасыз ету. Оқушылармен жұмыс істейтін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер саны жөнінен финляндия мектептері еуропалық елдер арасында жетекші орындардың бірін алады. Ең жақсы білікті педагогтар мектепке дейінгі және кіші жастағылар мектептерінде жұмыс істейді, себебі мектепке дейінгі білім беру өмір бойғы оқудың бірінші және анағұрлым маңызды кезеңі болып табылады.

Білім саласындағы бәсекелестік алдағы дамудың басымдығына айналуы шарт.

 2.Бұл реформалар қаншалықты өзекті және жалпы алғанда Қазақстанда қолданыла ала ма?

Президент Үкіметтің 2010 жылғы жұмысында, сондай-ақ Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын түпкілікті пысықтағанда Финляндияның білім беру тәжірибесін басшылыққа ала отырып, үйренген жөн», деген Президент Финляндияның қарқынды дамуының маңызды тұстарын да атап көрсетті:

1.Жоғары стандартты білім.

2.Ғылыми әзірленімдерге қаражатты бөлудегі бәсекелестік.

3.Келешектің ұлттық инфрақұрылымдары.

4.Мемлекеттің, ғылым мен бизнестің күшін біріктіру.

Ендеше Финляндия елінің Елбасы Н. Назарбаевты қызықтырған білім саласына қатысты ерекшеліктері-білім берудің үздіксіз жүйесін қолдану,балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуын үнемі назарда ұстайды.

Балабақшадан кейінгі кезеңде негізгі мектепте оқушы 16 жыл бойы білім алады. Мектептегі негізгі орта мектепті тәмамдағаннан соң емтихан тапсырмайды, мектепті бітірген оқушы өз білімін одан сайын шыңдаудың негізгі бағыттарын таңдау мүмкіндігіне, болашақ мамандықты ажырату құқына ие болады. Мамандыққа қатысты мектептен кейінгі саты —  гимназия мен кәсіби училищелер. Мұнда білім беру жүйесінің негізгі ерекшеліктері:

1.Білім беру жүйесі сегменттерінің бір-бірімен аса мығым байланыста болуы. Балабақша мектептермен, мектеп жоғары оқу орындарымен терең  қатынаста.

2.Жоғары оқу орындарының «әлеуметтік жауапкершілігі» — бұл Финляндия білім беру саясатының ұлттық басымдықтарының бірі-білім институттары жергілікті қоғамдастықпен тығыз байланысы.

Финляндия өз білім беру жүйесін көтеруді реформа жүргізуден бастады. Реформада негізгі екі бағытты басымдықта ұстады:

1)    Мұғалімнің мәртебесін көтеру;

2)    Білім сапасын жоғарғы деңгейге жеткізу.

Мұғалімнің мәртебесін көтеруде алдымен мұғалімдік мамандығына мектепті үздік бітірген оқушыларды тарту арқылы, екінші жас мамандардың жалақысын экономикалық деңгейден жоғары дәрежеге көтеру арқылы қол жеткізуді қарастырды. Міне, осы бағытты біздің білім беру реформасында қолдансақ, мұғалім мәртебесі тиісті дәрежеде болар еді.

Білім сапасын жоғары деңгейге көтеруде Финляндия елі мұғалімдердің кәсіби білімін көтеру арқылы қол жеткізді және жетістігіне қарай мұғалімдердің жалақысын көтеріп отырды. Бұл әрекет бізде де қолдануда. Алайда өз нәтижесін көрсетпей отыр. Себебі мұғалімнің алған білімін өзге мұғалімдермен бөлісуі өз дәрежесінде жүрмей отыр. Ол дегеніміз әр мұғалім өзінің алған білімін өзге мұғалімдермен бөлісе алмауында, яғни мұғалімдер арасында кәсіби желілік алмасу, жариялылықтың жоқтығы.

Неміс ойшылы Макс Вебердің пайымдауынша, ұлттар тауарлармен және қызмет көрсетулермен ғана бәсекелеспейді — олар қоғамдық құндылықтар жүйелерімен және білім беру жүйесімен де бәсекелеседі. Өйткені, бүгінгі бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындайтын  негізгі өлшемдердің  бастылары да білім саласымен тікелей байланыстылар. Сондықтан да, Қазақстанның әлемдегі озық үлгі орнатқан елдердің жолымен жүргені құптарлық шара. Бұл жайында Финляндия еліне сапары барысында Елбасы: «Финляндиямен қарым-қатынас Қазақстан үшін аса қажетті. Себебі, бұл ел әлемде өзіндік орны бар, білім-ғылым саласында, инновация бағытында алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Егерде біз бәсекеге сай ел болғымыз келсе, Финляндияның жүрген жолымен өтіп, тәлім-тәрбие алғанымыз өте пайдалы болады», — деп атап өткен еді.

Финляндияның білім саласындағы жетістіктеріне  оның әлеуметтік мәдени жағдайының  негізгі факторы:

— мектептегі білімнің жетістігі, мектептегі оқытуға қоғамның жағымды көзқарасы;

-ата-аналардың, оқушылардың қоғамдағы мұғалім мәртебесіне деген ерекше көзқарасы.

Ал, жаҺандану үрдісінде жан-жақты әрі аса бай мемлекеттердің бірі болып саналатын Жапония елінде бала тәрбиелеуде «ұл», «қыз» деп бөлмейді.

Жапонияның жалпы білім беру жүйесінің негізгі даму тенденциялары өзекті болып табылады. Жапония 12 жылдық білім беруді алғашқылардың бірі болып қабылдаған ел.

Бұл елдегі сәбидің ең алғашқы ұстазы — анасы. Жапония қоғамының пікір бойынша отбасы және мектептің ерекше педагогикалық функциялары бар, яғни отбасы — тәрбиенің ең маңызды ұяшығы, ал мұғалімдер білімнің бас таратушылары. Бала әліппе, жазу мен арифметика білімдерінің бастамаларына отбасында үйренгендіктен, мектеп табалдырығын аттағанда оларға үйренбейді. Оқушылардың ата-аналары өз балаларының мектептегі жетістіктер мен мәселелері туралы хабардар болу үшін мұғалімдермен үнемі хат алысып тұрады. Бала ауырған жағдайда ана баласының орнына мектеп тапсырмаларын мұқият жазып алады. Баланың алдында ата-ана оқытушының пікіріне күмән келтірмейді. Олар әрқашан оқытушымен толық кеңес құра алады.

Жапонияда 7 сыныптан кейін бейімді оқытуды пәндерді және сағат сандарын таңдайды. Ал бізде бейімдік оқыту 10 сыныптан соң таңдалады. Осы біздеде 7 сыныптан кейін жүргізсе, 9 сыныптан кейін «колледжге, училищеге бару керек» деген үгіттеу, мәжбүрлеу жұмысы жүрмес еді. Әр бала сонда ғана өзінің таңдаған мамандығына орналасар еді.

Білім-тоқтаусыз, толассыз үрдіс. ХХІ ғасыр білімін адамның қызығушылықтарының дамуы, оның өзінің дамуы деп түсіну ләзім. Бұл-әр адамның өзін-өзі жасампаздықпен қайта құра алуы, қоғамдық талаптар тұрғысынан өзіне сыни баға бере алуы, айналаны өзгертуге қатыса алуы. Білім арқылы адамның интеллектуалдық, рухани күші артып, тұлғалылығы қалыптасады.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің реформалануы, қоғамның демократиялық бағытта дами бастағанын көрсетеді. Осыған орай білімге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, оқытудың жаңа түрлері, жаңа бағыттары білім мазмұнының толығымен жаңаруына алып келді. Осының бір дәлелі ретінде деңгейлеп оқыту бағдарламасын айтуға болады.

Қорыта келгенде, мектептің мемлекет алдындағы жауапкершілігі жоғары болуы қажет. Өйткені жас баланың бойына адамгершілік негіздерін қалыптастырып, білім нәрімен сусындатар, өзінің дәстүрінен алшақтатпай, туған тілін, салт-дәстүрін қажетті деңгейде үйрету-басты міндет. Осындай мақсат, міндеттерді үнемі ұстанып отырған мектептің жетер жетістігі, бағындырар биігі зор болмақ.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деп айтылған. Осы тұрғыдан Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасында: «Орта білім берудің мақсаты-жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, дамытуға, өз бетінше адамгершілік тұрғысынан дұрыс жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» деп көрсетілген.

3.Неліктен бұл өзгерістер менің мектебім үшін қажетті және тиімді (қолайлы)?

Жоғарыдағы мәліметтерді саралай келе, шетел мектептері үшін тиімді болған әдістер:

1.Мектепке дейінгі кезеңде Финляндия еліндегідей дайындық білімімен баланы ауыздандыру білімді тұлға бойына сіңірудің бастамасы.

2.Мектеп өміріне Жапонияның білім беруінде баланың алғашқы ұстазы етіп анасын бейімдеуі.

3.Жапонияның білім беру жүйесіндегі ұлттық рухтың қалыптастыру дәрежесін, өз мектебімнің тәжірибесіне енгізгенде, білім саласында оң жетістіктерге жетеміз деген ойдамын.  

   Мұндай әлем елдерінің білім беру реформасына енгізген өзгерістерді жаңалыққа, жаңа технологияларға қызыға көңіл бөлетін, қазіргі таңда мен жұмыс жасап жүрген №120 Жамбыл орта мектеп ұжымы зор құптарлық тәжірибелерін көрсетуге құлшына кірісіп, қажет екенін мойындап отыр. Айталық, Финляндия білім беру реформасын енгізсе, оқушылар мектепте алған білімдерін қоғамда, өмірде қажеттілікке айналдыра алатын, барынша қолдана білуге үйрететін ең жаңа оқыту технологияларына, құралдарға негізделген тәжірибелік-зертханалық сабақтарды өткізуге қол жеткізе алар еді.

Функционалдық сауаттылық тұрғысында соңғы әлемдік рейтинг бойынша алға шыққан Финляндияның тәжірибесін зерттеу, ол елдің мектептеріндегі табысты білім нәтижелеріне жағымды әсер еткен фактор – тиімді оқыту әдіс-тәсілдері екендігін аңғартты.

Финляндия мектебіндегі оқыту дәрісі — бұл мұғалімнің дәрісін пассивті қабылдау емес, әрбір оқушыда қажетті білімді табуға деген белсенді ниетіне қарай ынталандыру.

Барлық оқушылардың табысты оқуын, оқушылардың оқудағы үлгермеушілігін алдын-алу жұмысын топтық жұмыс, оқушылардың әлеуметтік өзара әрекеттестігі арқылы іске асыратыны анық болды. Финляндия мұғалімдері топтық жұмысты ұйымдастыруда оқушыларға рөлдерді, міндеттерді бөлу арқылы оқушылардың өзара оқыту мен өзара көмегін қамтамасыз етеді, сөйтіп оқушылардың оқу қиындықтарын жеңуге жағдай жасайды.Топтық жұмыста оқушылар диалогқа түсу арқылы білімді саналы игереді. (Серова А. 2013).

Финляндияның тағы бір ерекшелігі  оқушыға  мен ертең не істеймін, ал бір жылдан кейін мен не істей алуым керек және сол сияқты жоспарлау қасиеті тән. Бұл жоспарлау мақсаттарды айқындайды және белгілейді. Ол — Финляндия менталитетінде, отбасында болсын, мектепте бол­сын қалыптасқан қасиет. Мек­теп балаларды қарапайым мақсаттан барынша күрделі мақсатқа жоспарлауға үйретеді. Оған мінез-құлқын тәрбиелеу, өз мүмкіншіліктерін толығымен түсіну жатады. Оқушылар өз туралы кеп білген сайын, болашақта не істей алатындығына көзі жетеді, өмір оның өзіне ғана байланысты екендігін түсінеді. Бұл жоспарлау оқушының өзіндік  реттелуін, өзін-өзі бағалауын қамтамасыз етеді. Болашақта өз мүмкіндіктерінің неге жететіндігін, әлсіз жақтарын қалай жетілдіруге болатындығын айқындап метатанымдық қабілетін жетілдіруге ықпалын тигізеді.

Сондықтан Финляндия мектебінің бұл тәжірибесі еліміздің мектептерінде сабақ беру тәжірибесін және оқушылардың оқуын жетілдіруге көмектеседі деп ойлаймын.

 

Менің мектебімде де егер оқушылар арасында Финляндия және Жапония елдеріндегідей топтық жұмыстар орындалатын болса, «Бірлескен оқу‑өзара іс-әрекет жасау философиясы, ал бірлескен жұмыс соңғы нәтижеге немесе мақсатқа жетуге ықпал етуге бағытталған өзара әрекеттің құрылымы болып табылады»-деп атап көрсетілгендей (МАН,36-б.) құрдастар арасындағы әңгіме арқылы айтылғандарының 80 пайызы есте сақталатындығы сияқты мектепте алған білімдерін үлкен өмірге жолдама алғанда қоғамның  бір қажеттілігіне жаратар еді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Интернет ресурстары. «Жаңаша білім беру жүйесі».

Уикипедия-ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет.

2. А.Құсайнов «Әлемдегі және Қазақстандағы білім беру сапасы»

3. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға

арналған мемлекеттік бағдарламасы.

4. І деңгей мұғалімге арналған НҰСҚАУЛЫҚ.

5. Кларин М.В. (2004) Инновационные модели обучения в зарубежных

педагогических поисках. Москва: Арена. 18 с.

6.Система образования Финляндии (2013)

[http://www.ec.kharkiv.edu/finland.html] (2013 ж. 2 қарашада алынды)

[bws_related_posts]

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *