Қайболдиева Нұргүл Жұмакелдіқызы, Маңғыстау гуманитарлық колледжінің оқытушысы, Ақтау қаласы.
«Жеке тұлғаның қалыптасуындағы шығармашылықтың маңызы»
Қазіргі қоғам жеке адамнан прогрессивті ойлай алатын белсенді әрекетті, жан-жақты болуды талап етеді. Өйткені адамның қоғамда алатын орны, қазіргісі, болашағы үнемі толғандыратын мәселелер қатарына жатады. Бұл қоғамның дамуымен тікелей байланысты. Қазақстан Республикасында орта білімді дамыту тұжырымдамасы білім беру мекемелерінің ең негізгі мақсаты: дүниетанымдық, құзырлық, шығармашылық деп атап көрсетеді. Қоғамда “орындаушы” адамнан гөрі “шығармашыл ” адамға деген сұраныстың көп екендігін қазіргі өмір талабы дәлелдеп отыр.
“Шығармашылық ” сөзінің төркіні “шығару”, “ойлап табу” дегенге саяды. Демек жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек. Философиялық сөздікте “шығармашылық-қайталанбайтын, тарихи қоғамдық мәні бар, жоғары сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет” деп түсіндіріледі.
Шығармашылық қабілет бүкіл тіршілік көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі.
Баланың шығармашылық қабілетін дамытудың жолдарын, құралдарын анықтау психология мен педагогика ғылымдарында өте ертеден зерттеліп келеді. Шығармашылық әлемдік мәдениеттің барлық дәуіріндегі ойшылдардың назарында болғандығын “шығармашылық теориясын” жасауға деген көптеген ізденістерден байқауға болады. Сондықтан шығармашылық педагогикасының негізгі мақсаты – бүгінгі күн талаптарынан туындаған, озық қоғамға лайықты жаңа сапа, рухани сана қалыптастыру және дамытуда тың жолдар мен соны шешімдер іздестіру болып табылады.
Көтеріліп отырған мәселе туралы жазылған ойлар, тұжырымдамалар, көзқарастар, еңбектер баршылық. Бұл ежелден-ақ ұлы ойшылдарымыз: Жүсіп Баласағұн, Әл-фараби, Абайды ерекше толғандырған. Сондықтан ұлы ойшылдар өз еңбектерінде адамның жеке басын, дарындылығын, шығармашылық қабілеттерін дамытуды үнемі көтеріп отырған.
И.И.Павловтың жоғарғы жүйке жүйесінің типтері туралы ілімінде адам қабілетінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты екендігі айтылады.
Көрнекті педагогтар К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин, А.С.Макаренконың шығармаларында қабілеттерді дамытудың жолдары қарастырылса, оқушы шығармашылығына бағыт-бағдар беруді ең алғаш білім мазмұнына енгізген Мағжан Жұмабаев болатын.
Кеңестік психологтар мен ғалымдар Л.С.Выготский, С.Л.Рубинштейн, А.Г.Ананьев, А.Н.Леонтьев, В.В.Давыдов, Л.В.Занков, В.А.Крутецкий, Б.М.Тепловтың өз республикамыздағы көрнекті ғалымдар Т.Тәжібаев, М.М.Мұханов, Ж.М.Әбділдин, Қ.Б.Жарықбаев,Т.С.Сабыровтың еңбектерін жеке тұлғаны дамыту мәселесінің теориясы және практикасының алтын қоры деп білеміз.
Шығармашылық қабілет жайындағы жазылған ойларды, тұжырымдамаларды, еңбектерді талдай келе, адам бойындағы табиғи мүмкіндіктер болады, олар тек белгілі бір әлеуметтік жағдайларда байқалып, әрі қарай дамиды, әр адам басқа адамнан табиғи психологиялық жағынан ерекшеленеді деген қорытындыға келеміз.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін танып білу, дамыту үшін:1) балалардың қабілет деңгейі, құрылымы әр алуан болатынын ескеру керек, оны анықтауға психологиялық тестілер, зерттеу, бақылау, дамыту жұмыстары көмектеседі; 2) әр адамда қабілеттің бірнеше түрі болатынын ескере отырып, баланың жетекші қабілетін анықтап, арнаулы жаттығу жұмыстарын жүргізе білген жөн.
Қазіргі кезеңдегі қоғамның жедел дамуы ғылым мен техниканың дамуымен байланысты болса, ал болашақта ғылым мен техниканы, өндірісті дамытатын бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан, мектеп оқушылары үлкен жауапкершілік пен білімдарлықты қажет етеді. Оқушылардың өз-өзіне сенімін арттыру, олардың шығармашылығын дамыту, өтілетін сабақтың оқу-материалын терең ұғына білуге баулу- мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне де байланысты.
Осы талаптардың орынды атқарылуында ғана оқушыда шығармашылық қабілет дами түсіп, оқушының оқуға, білімге деген құштарлығы дамып отырады.Оқушы құлшынысын ұдайы дамытып әрбір өтетін сабағын жаңаша ұйымдастырып біліп, оқытудың озық әдіс-тәсілдерін қолдана білгенде ғана оқушының шығармашылық қабілеті дами түседі.
Мұғалім өзінің сабағын шығармашылықпен ұйымдастырып, өтілетін сабақтары оқушыларды шығармашылыққа ұмтылуын тудыратындай сұрақтар қамтылып өтілуі тиіс. Мұғалім өтілетін сабақтың тақырыбына сәйкес алдын ала жоспарланған сұрақтармен оқушы ынтасын, зейінін,ой-қиялын дамытуға септігін тигізетіндей болуы керек. Олай болса өтілетін сабақтарда тапсырмалардың жауабын табуда, орындауда қойылған сұрақтарға жауабын беруде ой таласын жасау, танымдық ойындар ұйымдастыру т.б.
Ұстаз еңбегі оқушы білімімен өлшенеді десек , ұстаз еңбегінің күрделігі әрбір оқушы жүрегіне жол таба білуінде. Әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту арқылы өзін, өмірді, әлемді танып білуге, қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сезіндіре білуінде жатыр.
Ол үшін ұстаз бойында мынадай қасиеттер болуы керек: мұғалім өз шәкіртінің басқаға ұқсамайтын қасиеттерін аша білуі; мұғалім, ой-өрісі кең, жан-жақты білімдар, өз мамандығының шебірі болуы керек; мұғалім үздіксіз өз білімін шыңдай түсуі қажет.
Ал ұстаз шәкіртінен мына төмендегідей қасиеттерді күте білуі керек: оқушы ой-жүйесі өзінің біліміне берік болуы тиіс; оқушыда сабаққа деген құлшыныс тұрақты болғаны жөн; оқушы білімі, талғамы, барлық пәнге дұрыс көзқараста болған жөн; оқушы білімінің тереңдігі пән аралас байланысты болғаны тиімді.
Шығармашылық дегеніміз – адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Ұзақ жылдар бойы шығармашылық барлық адамның қолынан келе бермейді деп қарастырылып келсе, қазіргі ғылым жетістіктері бойынша белгілі бір шарттар орындалған жағдайда кез-келген баланы шығармашылыққа бейімдеуге болатыны көп айтылуда. Кез келген баланың қандай да бір нәрсеге бейімі болады. Бейімдік оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі.
Оқушының өз болмысын тануға көмектесіп, қабілетін ояту, жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады. Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін, шығармашылық қабілеттерін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытуда әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Олар мынадай: тақырыпты мазмұнына қарай жинақтау; арнаулы бір тақырыпта пікірталас тудыру; логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешу (анаграмма, сөзжұмбақ, құрастырмалы ойындар, т.б.) ; белірген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс (кері есеп құрастыру, мәтін мазмұнын өңдеу, шығарма, шағын әңгіме мәтінін құру, және т.б.); әңгіменің ұқсастығын салыстыру, бөліктерге бөлу, ат қойғызу; қиялдау арқылы сурет салғызу, рөлге бөліп оқыту; ұнатқан кейіпкеріне мінездеме беру; ой шапшаңдығын, сөз байлығын дамытуда өлең шумақтарын құрастыру; мәтін, ертегі, әңгімені өз бетінше аяқтау;
Ал сабақтан тыс уақытта оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытудың жұмыс түрлері: мұражайға апару,әр түрлі кездесулер өткізу,әр түрлі тақырыптарда пікірталастар өткізіп, алған әсерлері бойынша шығарма жазу, балаларға арналған журнал жаздырып оны сабақ кезінде үнемі пайдалану, әрбір оқылып отырған шығармалардың авторлары туралы толық мағлұмат жинау, реферат жазу. Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байыптауға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.
Сонымен, бала бойындағы дарындылықты тану , оның шығармашылық қабілетін дамыту біздің қазіргі таңдағы негізгі міндеттеріміздің бірі. Өйткені, егемен еліміздің дүние жүзі елдерімен терезесі тең болуы үшін оның негізгі тұтқасын ұстайтын, дүние әлемін шарлайтын біздің дарынды да қабілетті ұландарымыз. Халқымыз “Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады ” деп бекер айтпаған.
Пайдаланылған әдебиеттер.
-
Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңы // Егемен Қазақстан. 2007 №254-256
-
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы.
-
Матюшкин А.М. Концепция творческой одаренности. // Вопросы психологии.-1988. №4
-
Битуова Т.Р. Қазақстандағы дарындылық мәселесі бойынша инновациялық-педагогикалық қызмет //Астана-2005
5.Наурызбаева Р. Жеке тұлғаны шығармашылыққа баулу // Қазақстан мектебі. №2, 2007
[bws_related_posts]