Райымбек Рамазанұлы
Оқу барысындағы диагностика жəне бақылау – қадағалау
Жоспары
1. Оқу сапасын диагностикалау
2. Қадағалау түрлері, формалары жəне əдістері
3. Оқу іс-əрекеттерінің нəтижелерін бағалау
4. Бағалаудағы қателіктер
1. Оқу сапасын диагностикалау
Білімдену процесінің ажыралмас бір бөлігі диагностика болып табылады. Диагностика жəрдемімен белгіленген мақсат, міндеттердің табысты орындалуы анықталып барады. Ол болмаған жерде дидактикалық процесті тиімді басқару мүмкін емес. Диагностика – бұл дидактикалық процестің нəтижесін анықтау.
“Диагностика” түсінігінің мəні “білім, ептілік жəне дағдыларды тексеру” түсінігімен салыстырғанда едəуір тереңдеу əрі кең. “Тексеру” нəтиженің тек көрсеткіштерін ғана аңдатады, не себептен болғаны жөнінде дерек бермейді. Ал диагностикалауда нəтиже өзіне қол жеткізген əдіс – тəсілдермен бірге қарастырылады, дидактикалық процестің бағдар – бағытын, ілгерілі не кері қозғалысы анықталады.
Диагностика өз ішіне бақылау мен тексеруді, бағалау мен бағаны, жинақталған статистикалық деректер талдауын, дидактикалық процестің жүрісін, бағытын жəне жобалануын қамтиды.
Диагностикалаудың маңызды бөлігі – бұл қадағалау. Қадағалау – білім, ептілік жəне дағдылардың игерілу процесіне бақылау қоюды аңғартады. Қадағалау тексерулерден тікелей құралады. Тексеру – бұл білім, ептілік жəне дағдыларды игеру барысын бақылау үшін жүргізілетін əрекет – қимылдар жүйесі.
Мəн – мағыналық тұрғысынан бақылау, қадағалау кері байланыс түзуді қамтамасыз етеді, яғни оқушылардың оқу əрекеттерінің нəтижесі жөніндегі мəліметтерді алу мүмкіндігін ашады. Оқытушы өз шəкірттерінің қай білімді қандай деңгейде игергенін, жаңа ақпарат қабылдауға қаншалықты дайын екендігін анықтайды. Сонымен бірге оқушылардың өзіндік оқу жұмыстарының сипаты мен сапасын байқастырады. Қадағалау нəтижесінде мұғалім өз оқу жұмыстарының қаншама дəрежеде жемісті болғанын, педагогикалық процес мүмкіндіктерін оқыту – оқу мақсатында қай деңгейде пайдаланғанын сарапқа сала алады.
Бақылау, қадағалау кезінде оқушының өзі де өз оқу жұмыстарының нəтижесі бойынша ақпарат алады. Бұл оған білім игеру барысында қандай жетістіктерді қолға түсіргенін, сонымен бірге өз кемшіліктері мен олқылықтарының пəн бағдарламаларының қай тұстарымен байланысты болғанына көз жеткізеді. Тұрақты да бірізді қадағалаудан оқушының тəртібі жақсарады, белгілі жұмыс қарқынына үйренеді, ұнамды мінез, ерік сапаларын дамытады.
2. Қадағалау түрлері, формалары жəне əдістері
Оқу процесіндегі қадағалау əртүрлі, көп формалы бола келіп, сан қилы əдістермен атқарылады. Педагогикалық тəжірбиеде қадағалаудың бірнеше түрін атауға болады: алдын-ала, ағымдық, мерзімдік, тақырыптық, қорытынды жəне өтілген материал ізімен.
Алдын-ала қадағалау — əдетте, диагностикалық міндеттерге орай жүргізіледі. Ондағы мақсат – оқушылардың оқуды бастауға дейін игерген білім, ептілік, дағдыларының деңгей, дəрежесін анықтау. Бұл жұмыс жыл басында не тақырыпты өту алдынан өткізіледі. Алдын-ала қадағалау нəтижесінің негізінде мұғалім оқу жұмыстарының тиімді түрлері мен формаларын таңдастырады.
Ағымдағы (күнделікті) қадағалау – оқу барысында ұйымдастырылып, білім, ептілік жəне дағдылардың қалыптасу дəрежесін, сонымен бірге игерілген материалдың қаншалықты терең жəне берік бекігенін анықтау үшін қолданылады.
Бұл қадағалаудың тиімділігі – оқушылар біліміндегі кемшіліктер мен олқылықтарды дер кезінде байқап, бағдарлама ақпараттарын меңгеруде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Күнделікті қадағалаудың дұрыс жолға қойылуы оқушылардың əр сабаққа мұқият əрі тыңғылықты дайындалып жүру жауапкершілігін арттырады.
Мерзімді қадағалау – белгілі уақыт аралығындағы жұмыстардың қорытындысын алуға пайдаланылады. Ол не тоқсан не жыл жартысы аяғында жүргізіледі.
Тақырыптық қадағалау – тақырып, бөлім материалдары өтіліп болған соң өткізіледі.
Қорытынды қадағалау – оқу процесінің соңғы нəтижелерін жинақтау үшін қолданылады. Ол пəн бойынша бүкіл білім, ептіліктер мен дағдылар жүйесін қамтиды.
Өтілген материал, тақырып ізімен қадағалау – тақырып, курс, бөлім өтіліп, бірқанша уақыт озған соң қалдық білімді анықтау үшін қолданылады. Мерзім үш айдан жарты жылға дейін не одан көп созылуы мүмкін. Мұндай қадағалау оқу процесінің тиімділігін соңғы нəтиже бойынша пайымдау талаптарына сəйкес келеді.
Қадағалау əрқилы формада жүргізілуі мүмкін. Формалық жағынан мұндай жұмыс жеке-дара, топтық жəне сыныптық болып бөлінеді.
Қадағалау барысында əрқилы əдістер де қолданылуы мүмкін. Қадағалау əдістері дегеніміз – бұл оқушылардың оқу танымдық іс — əрекеттері мен мұғалімдер жұмыстарының нəтижелілігін айқындауға жəрдемші жол, тəсілдер.
Педагогикалық практикада ауызша, жазбаша, тəжірибелік, компьютерлі (машынды) қадағалау жəне өзіндік қадағалаулар қолданылуда.
Ауызша қадағалау – оқушыларға ауызекі сұрақ қоюмен орындалады. Ол шəкірттердің білім, ептілік жəне дағдылар деңгейін айқындауға, сонымен бірге оқушының материалды баяндау қисынымен танысуға, меңгерген білімдерін процестер мен төңіректе болып жатқан оқиғаларды түсіндіре алу ептіліктерін байқауға, өз пікірін білдіру мен дəйектеу жəне қателікті көзқарастарға қарсы тұрып, дəлел келтіре алу ұқыптарын анықтауға мүмкіндік береді.
Жазбаша қадағалау – жазба бақылау тапсырмаларын (жаттығулар, бақылау жұмыстары, шығармалар, істелген жұмыстар бойынша есеп беру ж. т. б.) орындау формасында жүргізіледі. Мұндай қадағалау əдісі барлық оқушылар білімін бір уақытта тексеруге мүмкіндік береді, алайда жазба жұмыстары көзден өткізіліп, бағалау көп уақытты талап етеді.
Тəжірибелік қадағалау – оқу, тұрмыс жəне өндірістік ептілік, дағдылардың қалыптасуын не қозғалыс, қимыл дағдыларының орнығуын анықтауда пайдаланылады.
Ақпараттық технологиялардың дамуымен компьютерлі қадағалау ен жаюда. Мұндай машынды қадағалау оқытушының да, оқушының да уақытын үнемдеуге көп көмегін тигізеді. Компьютерлі қадағалау арқылы білім деңгейін өлшестіру мен бағалауға бірыңғай талаптар белгілеу мүмкін. Бұл қадағалауда оқу нəтижелерін статистикалық талдау мен өңдеу өте жеңіл. Білім бағалаудағы мұғалім субьективизміне машын шек қояды.
Машынды қадағалау қолданумен өзіндік қадағалауды да оңтайлы ұйымдастыруға болады, дегенмен өзіндік қадағалауды қарапайым жолмен де өткізу мүмкін. Бірақ бұл үшін оқушыларды өз бетінше қателіктерін байқауға, танымдық міндеттердің қате шешілу себептерін талдауға, оларды болдырмау, түзеу жəне реттеуге үйрету қажет.
Əртүрлі қадағалау əдістерінің бірге қолданылуы аралас (тығыздалған) қадағалау деп аталады. Əдетте, мұндай тексеру ауызша жəне жазба сауалнамалар беру түрінде өтеді.
Оқу процесіндегі қадағалауларға төмендегідей педагогикалық талаптар қойылады:
– қадағалаудың даралықты сипаты. Əр оқушы жұмысы, оның жеке оқу іс-əрекеттері өз алдына қадағаланады. Бір шəкірттің оқуындағы нəтижелерді ұжымдық жұмыстар қорытындыларымен не керісінше алмастыруға болмайды;
– жүйелілік қадағалаудың оқу процесі барша кезеңдерінде үздіксіз, ретімен өтіп тұруы;
– қадағалау формаларының əртүрлігі. Осыдан қадағалаудың оқыту-үйрету, дамыту жəне тəрбиелеу қызметтері қамтамасыз етіледі;
– қадағалаудың жан-жақтылығы. Қадағалау баланың теориялық білімдерін, ақыл-ой парасаттылығын, тəжірибелік ептіліктер мен дағдыларын тексеруге мүмкіндік береді;
– қадағалаудың шынайылығы. Қадағалауда субъектив жəне қателікті пікірлер мен қорытындыларға жол берілмеуі тиіс;
– жекелестірілген бағыт-бағдар. Оқушылардың жеке-дара тұлғалық сапа-қасиеттері ескерілуі тиіс;
– мұғалім тарапынан болған талаптардың бірыңғай болуы.
Соңғы кездері тестік қадағалау көптеп қолданылуда. Мұндай тексерудің негізгі құралы – тест тапсырмалары. Өлшестіру, анықтау нысаны тұрғысынан педагогикалық, психологиялық, əлеуметтік – психологиялық, мəдени – эстетикалық таным тестері ажыралады.
3. Оқу іс-əрекеттерінің нəтижелерін бағалау
Оқушылардың оқу-танымдық жұмыстарын қадағалау нəтижесі сол жұмыстарды бағалаудан көрінеді. Бағалау – білім, ептілік жəне дағдылардың игерілу дəрежесін анықтау.
Бағалау қызметтерінің сандық көрсеткіші – баға, яғни баға оқушылардың білім, ептілік, дағдылар дəрежесінің шартты сан не ұпаймен белгіленуі.
Оқу нəтижесі тек баға емес, басқа да жолдармен анықталуы мүмкін. Мысалы, ол ауызекі қолдау не қолдамау, алғыс жариялау, мақтау парағы не медальдармен мадақтау жəне т. б.
Білім бағалауда шынайылылық, білім сапасын анықтаудағы бірыңғай талап үлкен маңызға ие. Себебі, білімдік баға оқушыға ықпал жасаудың өте нəзік құралы. Көтеріңкі баға шəкіртті қуантады, қанаттандырады, сонымен бірге оның жұмысқа болған немқұрайлылығын да пайда етеді. Əсіресе, болымсыз бағаның əсері күшті: ол баланың оқуға деген ықыласын арттыруы да не тіпті оқудан бас тартуға ықпал жасауы мүмкін. Сондықтан да, кейінгі жылдары бағалау, баға қою мəселесі үлкен пікір талас туғызып отыр. Педагогтардың бір тобы сыныптан сыныпқа оқушыны білім сапасына қарамастан өткізуді ұсынуда. Осыған байланысты еліміздегі бағалау проблемасының əр кезеңдегі жайы өз алдына қызықты.
1917 жылға дейін оқушылар білімі балдық жүйеде бағаланды. Баға нөлден беске дейінгі алты балдық жүйеде қойылды. Кейін нөлдік баға жойылып, бес балдық жүйе қабылданды.
Оқу нəтижесін балл бойынша бағалау əрқилы көзқарастар туындатты. 1917 жылдан соң тіпті оқу жүйесінде бағалау, баға қоюға қарсылықтар да болды. Кеңестік еңбек мектебінің тұжырымдамасына орай оқу іс-əрекеттері шəкірттің қызығушылығына, дербестігіне, ынталылығына, шығармашылық сипатына негізделуі тиіс болды.
Дəстүрлі келе жатқан оқушыларды баға жəрдемімен тəртіпке шақыру əдістері тиімсіз деп танылды. Осыдан 1918 жылы Кеңестік өкімет жарлығымен оқушы білімі мен тəртібін балдық жүйемен бағалау мектеп тəжірибесінен мүлде шығарылды, сыныптан сыныпқа өткізу, куəліктер беру оқушылар білімі жөніндегі педагогикалық кеңес шешімі негізінде орындалатын болды.
Емтихан түрлерінің: қабылдау, ауыстыру, бітірту – қай-қайсы да жүргізілмейтін болды. Сабақ барысындағы оқушыны жеке-дара тексеру де орынсыз деп табылды. Өте қажетті жағдайларда жалпылама сынақтау сипатындағы ауызша сұрақтар мен жазба жұмыстарды ғана өткізуге рұқсат берілетін болды. Оқушылармен өтілген тақырыптар бойынша мерзімді əңгіме-сұхбаттар жүргізу, оқыған кітаптары мен мақалалары бойынша баяндарын тыңдау ұсынылды. Оқушылардың жеке таңдауымен өз бетінше орындаған жұмыстары дəріптелді. Дəстүрлі қадағалау жүйесі өзіндік бақылаумен ауыстырылды, жеке оқушы табыстары еленбей, ұжымдық жетістіктер негізге алынды. Өзіндік бағалауда тестік қадағалау формасы жаппай қолданылды.
Бағасыз оқу бір жағынан тиімді де болды, себебі оқушылардың біршамасында дербес, өз бетінше оқу қабілеттерін дамытты. Дегенмен, мұндай оқу көпшілік жағдайларда оқушылар білімінің, тəртібінің құлдырауына алып келді. Оқушылар мектепте, үйде тиянақты білім игеру жұмыстарын тоқтатты, сабақтарға қатыспайтын болды. Сондықтан да, алғашқыда қадағалаудың əрқилы формалары біртіндеп енгізіліп, ал 1932 жылдан жеке оқушының білімі оның даралықты ерекшеліктерін ескерумен жүйелі бағалау принципі негізінде орындалатын болды.
1935 жылдың қыркүйек айынан бастап, бес сөздік (вербалды) баға: “өте жақсы”, “жақсы”, “қанағаттанарлық”, “жаман”, “өте жаман” – енгізілді. Бұл жүйе 1943 жылға дейін сақталды. 1944 жылдың қаңтарынан оқушы білімі мен тəртібін бағалаудың сөздік бағамен сандық баға жүйесімен ауыстыру жөнінде шешім қабылданды.
Реттелген тəртіпте білім есебін жүйелі жүргізу өзін ақтады, оқушылардың оқу дайындығы мен мінез құлық сапасынан көтерілуіне ұнамды себін тигізді.
Оқу іс-əрекеттерінің нəтижесін балл жүйесінде бағалау көптеген кемшіліктеріне қарамастан өз баламасын таппай отыр. Дегенмен, педагог ғалымдардың көбі сауаттылық дəрежесін бағалаудың мұндай жүйесіне қарсы. Олардың дəйегі:
– білімділік іс-жүзінде үш балдық жүйеде бағаланады (“1”, “2” бағалары білімсіздік көрсеткіштері).
– білімділікті бағалаудың шынайылығы кем (“5”, “4”, “3” бағалары гимназиялық сыныптарға да, дарынды оқушылар топтарында да, ақыл-есі кем балалар оқуында да бірдей тең қойылады. Ал аталған оқу түрлеріндегі білім игеру нəтижесіне қойылған талаптар əрқилы болатындықтан бағалардың мəні біркелкілігін жояды).
– оқушылар білімін бағалауда үш балдық өлшем жеткіліксіз (сондықтан да оқытушылар қосымша өлшемдер қолданып жүр: балл жанына “плюс” не “минус” белгілерін қояды).
Ғалымдар он балдық, он екі балдық тіпті жүз балдық та бағалау жүйелерін ұсынуда.
4. Бағалаудағы қателіктер
Мектеп пен жоғары оқу орындарындағы баға қоюдың субъектив қателіктері төмендегідей:
– кең пейілділік, орынсыз жомарттық. Баға ретсіз көтеріңкі қойылады. Оқушыларды бағалаудағы “жомарттықтың” шектен асқан, бүгінгі күнде мектеп тəжірибесінен арылуы қиындық тудырып отырған формасы — “проценттікке” жүгіну (процентомания).
– оқушыға болған ұнамды не кері қарым-қатынас күйін бағалауға, бағаға өткізу;
– көңіл-күйге орай баға қоя салу;
– тұрақты да қатаң өлшем-шектердің болмауы (деңгейі төмен жауап үшін мұғалім жоғары не ұнамсыз баға қоя салуы);
– орташа бағалау ұстанымында болу (“екілік” не “бестік” бағаларды қоймау);
– жүйе тұрақсыздығы (оқытушы көп уақытқа дейін сұрақ жүргізбей, баға қоймай не бір сабақты түгелдей сұрақ қоюмен оқушылар бағасын тізіп салу);
– өткендегі бағаға жақындау бағаны қоя салу (мысалы, оқушының өткендегі “екілігінен” кейін оған бірден “бестік” баға беру мұғалім үшін қиын сияқты);
– əсіре (ореол) қателігі (оқытушы өзі ұнатқан оқушысына жаман, жек көрген шəкіртіне ұнамды баға қоюда тартыншақтыққа түседі);
– баланың тəртібіне қойылатын баға пəн үлгеріміне ауыстырылады;
– бағаны əсіре көтеру не себепсіз төмендету жəне т. б.
Дегенмен, əрқандай бағаны көтере түсу немесе төмендей бағалау негізінде неше түрлі мəн болуы мүмкін. Мысалы, үлгерімі төмен оқушыға көтеріңкі баға қою оған психологиялық қолдау көрсетіп, алдағы оқуда ілгерілеуіне көмектесу ниетінен болуы мүмкін. Сондықтан бағалаудағы субъектив ойдың бəрін бірдей қателікті деп қарастыру дұрыстыққа келмейді.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Қадағалаудың негізгі қызметтеріне сипаттама беріңіз.
2. Қадағалауға қойылатын педагогикалық талаптар қандай?
3. Ауызша жəне жазбаша қадағалаулардың тиімділігі мен кемшілігі неде?
4. Компьютерлі қадағалау мүмкіндіктері қандай?
5. Бағалау, баға қою өлшемдерінің қай түрінің болашағы бар деп ойлайсыз?
[bws_related_posts]