ОҚО. Сарыағаш ауданы.
№87 «Жуантөбе» жалпы орта мектебінің
Тарих және география пәні мұғалімі
Туртбаев Қанат Байларович
«Эссе»
Сындарлы оқыту туралы
«Мұғалім тек өз пәнінен сабақ беріп қана қоймауы керек, сонымен
қатар тәрбиеші адал, әділетті, шыншыл адам болуы керек»
К.Д.Ушинский
Қазақстан Республикасының болашағы – өскелең ұрпақ. Еліміздің келешегі олардың тәрбиесіне тікелей байланысты. Қазақстан білім берудің өзіндік ұлттық белсенді азамат тәрбиелеу моделінің үлгісін құру үстінде. Бұрыңғы дәстүрлі оқыту мен тәрбиелеудің түрлері жаңа көзқарастар тұрғысынан ерекшеленіп, талданып басқа түрлеріне алмасуда. Қазіргі оқушыға деген қатынас объект ретінде емес, оның дамушы тұлға ретінде, қоғамды өзгертуші субъект екенін мойындап, оның өз мүмкіндіктерін барынша іске асыруға жағдай жасалудың қажеттігін тудырды. Қай халықтың қай ұлттың болсын толығып өсуіне, рухани әрі мәдени дамуына ықпал жасайтын тірегі де, түп қазығы да мектеп. XXI ғасыр ғылым ғасыры. Сондықтан жас ұрпаққа, жас буынға жаңаша білім беру жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауларында білім-ғылым саласына назар аудармаған жыл жоқ.Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі — әрбір қазақстандықтың білімдарлығы, биіктігі, өз мамандығының маманына айнала алуы. Мемлекет басшысы өз жолдауында « оқыту үдерісіне қазіргі заманға сай әдістемелер мен технологияларды енгізу қажет- деді. Тегінде, білімі дамымаған елдің көсегесі көгергенін көрмедік. Біліміне назар салмаған халықтың әлемдік ірі додаларда оза шауып, бәйге алғанын естімедік. Ғылымына сүйсінбеген жұрттың жұлдызы жарқырағанын, жүйелі іс тындырғанын әлі күнге байқамадық. Демек, Елбасының түйінді ойларының астары кең, салмағы ауыр, маңызы басым.
Ауыл – қазақ халқының ұлттық негізінің мәйегі, тіл, салт-дәстүр мемлекет іргесінің қалыптасуы мен дамуының алтын бесігі. Бүгінгі таңда еліміздің стратегиялық дамуының негізгі мәселелерінің бірі – ауыл мектептерін дамыту. Ауылдық мектептердің деңгейін қалалық мектептер деңгейіне көтеру жүктелді. Білім жүйесінің де реформалық ақпараттық қоғамға көшуі оқушылардың біліктілігі мен білімділігі, ой-өрісі дамыған қазіргі заман мектебінде белсенді азамат тәрбиелеу әр мектептің оның жүрегі – ұстаздардың міндеті. Өзінің қазақстандық екенін, Қазақстанда туғанын әрбір бүлдіршін мақтаныш ете алса ғана біздің бұл ісіміздің нәтижелі болғаны. Сонда ғана біз бүгінгі заман алдымызға қойып отырған міндетті абыроймен атқарып, еліміздің болашақ азаматының тәрбиеленіп өсіп келе жатқанына сеніммен қараймыз.
Біз үйреніп жатқан Кембридж бағдарламасы мұғалімдерді заман талабына сай дайындап, оқушыларды білімді де білікті тәрбиелей алатын, ақпараттық технологиялар заманында белсенді азамат етуге ықпал жасары анық. Үш ай ішінде «Сындарлы оқыту» теориясын меңгере отырып бұл технологияның маңызы мен мәнін, түйінді идеясын түсінуге тырыстық. Бір байқағаным бұл әдіс-тәсілдердің оқушыларға өте қатты ұнағандығы. Дәстүрлі бір сарынды оқытудың қазіргі заман талабына жауап бере алмай, оқушыларды жалықтырып, олардың оқуға, білімге деген қызығушылығының төмендеуіне алып келді. «Мұғалімге арналған нұсқаулықтан» білім берудегі Кембридждік әдістің теориялық негізімен таныса отырып, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері, жеті модульді іс-тәжірибемде қолдана отырып оның артықшылықтарына көз жеткіздім. Бағдарламаның негізгі міндеті – қазақстандық мұғалімдердің педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу. Оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде сыни пікір-көзқарастары дамыған, ынталы, сенімді, құзырлы оқушы тәрбиелеу. Бағдарламаны оқып үйрену барысында, осы технологияны меңгерген әрбір мұғалім бағдарламаның негізгі идеясын түсіне отырып, оқушыларға беретін білім мен тәрбиені сапалы жүзеге асырады деп ойлаймын. Мен де келешекте Бағдарламаның жеті модульін өз сабақтарыма кіріктіре отырып саналы да білімді оқушылар тәрбиелеп шығарамын деп сенемін!