Сапақ елді мекені
«№69 орта мектебі» мемлекеттік мекемесі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі: Г.К.Сарсембаева
Менің педагогикалық өмірімнен бір үзік сыр
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға.
Абай
Ұстаз деген – ұлы тұлға. Оның ұлылығы сонда – дүние жүзіндегі барлық адам баласы ұстаздың алдынан білім алады, тәлім-тәрбиемен сусындап, үлгі-өнеге үйренеді. Баланың жақсы болмағы ұстазынан, ұстаздың жақсы болмағы ұстамынан. Әлемді басқарып, алқа жұртты аузына қаратып отырған ел ағаларынан бастап, бүкіл мамандық иелерінің мұғалімі болады. Тал бесіктегі тәрбиенің көзі ата мен анада болса, терең білім мен темірдей тәртіптің бастау бұлағы – ұлағатты ұстаз. Ақ пен қараны ажыратып, оң мен солыңды танытып, жақсы мен жаманды айыра білуің үшін бар өмірін сарп етіп, көз майын тауысып жатқаны… Өзгенің бақытын аялап, өзінің уақытын аямай жүргені. Марқайғанда марқайып, шалқайғанда шалқайып, құлағанда тірек, жығылғанда сая болатын мұғалімнің ұстаздық жолдағы маңдай тері, еткен еңбегі ерте кезден-ақ ерекше бағаланып, алтынға баланып келген. Сол себептен де Ы.Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі»,- деп бекер айтпаса керек. Ауылдағы тоқығаны мол ақсақалдың да оқыған жанды көргенде кішірейіп қалатыны содан. Білімнің бұзып алмаған қамалы, өрлеп шықпаған асқар шыңы бар ма, сірә?! Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін ұстаз десе еңкіштеніп, құрмет көрсетіп тұратыны да сол емес пе?! Ол туралы С.Қожамқұлов та былай деп ақтарылған: «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін».
Міне, менің диплом алып, «ұстаздық» атты ұлы жолға түскеніме үш жылдың жүзі болыпты.
Иә, қазір мені де қоршаған кішкентай шәкірттер бар. «Сәлеметсіз бе, апай?» дегенде, кешегі өткен балалық бал дәуренім көзімнен бұлбұл ұшады. Мектеп табалдырығын аттағанда сары уыз балапан едік, енді сол бүлдіршіндерге тәлім беретін жасқа да жетіппіз. Үй тапсырмасын орындамай келіп не дәптерін үйде ұмыт қалдырып, сабақ сұрағанда аяқ астынан ауыра қалатын оқушыны көргенде, көбейту кестесін жаттамай барғандағы қиналғаным есіме түседі. Есіме түсіп, іштей күлемін. Баладан қулық асқан ба, сірә!?.. Ал, қазір көзілдірігі мұрнына тірелген оқымысты бейнесіндегі сүйкімді бала да, артқы жақта қаламның басын мүжіп отыратын тентектер де алдымызда отыр.
Ұстаздық атты ұлы жолға табан тірегелі көкейіме түйгенім мен санама тоқығаным қаншама?! Ана тілімнің мәртебесін көтеріп, беделін биіктету үшін қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болуға бел байладым. Бірақ өзекті өртеп тұрған бір мәселе бар: ол – бүгінгі ұрпақтың болашаққа өткен күннің тарихын елемей, ата-бабасының осы күнге дейінгі көрген қиындығын сезбей, саналы түрде мәңгүрттікке бой алдырып бара жатқаны. Қазірде тамыры шіріп, діңгегі қаусаған «қазақ» дейтін алып бәйтеректің саясы селдіреп бара жатқандай. Ессіз еліктеу мен есер еркелікте өскен жас жеткіншектің кіндігін намыссыздық кескендей, көз алдыңда рухани азғындыққа бас ұрып кеткеніне налисың. Айтатын ауызды еститін құлақ болмай қиналып жүрген жайымыз да бүгінгі педагогтік істің өзекті мәселесіне айналып отыр.
Ендігі бір елеңдететін мәселе – қазіргі заманда мұғалім беделінің ойнақыланып тұратыны. Бірде көкке көтеріп, асыра мақтау естіп жататының, бірде сыбайластықтың салқынынан салың суға кетіп жататын бұл қиын жұмыстың мерейі де халық тарапынан сенімнің жоқтығынан игі жеміс бере алмай келе жатқандығы да мәлім. Осындай қызығы мен қиындығы қатар келетін мәртебелі мамандықтың жолындағы кедергілерді серпіп тастап, алға қарай адымдап қадам басуыма себеп болатын нәрсе – ана тіліміз бен төл әдебиетімізге деген жанашырлық сезімім мен өмірлік жолымды айқындауға негіз болған басты таңдауым, мәңгілік мұратым.
Мұғалім болудағы басты мақсатым да өскелең ұрпақты өз тілін еркін меңгерген, өткен күннің тарихын тереңінен түсініп, бағалай білетін, тілін қадірлеп, сүйіп, қастерлеп қана қоймай, қазақ тілі арқылы әлемдік өркениетке өзіндік үлесін қосатын азамат тәрбиелеп шығару болды. Р.Эмерсон өз сөзінде: «Ойдағыдай тәрбиелеудің сыры оқушыға деген құрмет сезімінде жатыр»,- деген болатын. Алдыңда отырған әр баланың ішкі жан-дүниесіне үңіле қарап, өз мақсатыңды жүзеге асыруға сенің тарапыңнан, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз, ғұлама, ойшыл Әл-Фараби айтқандай, «барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді».
Мұғалімдер қауымы бар мамандықтың анасы болып табылады. Жақсы ұстаздың да ең жақсы оқытушысы болады. Жер-жаһанның түгін қалдырмай зерттейтін ғалым да, өмір сақшысы дәрігер де, ел қорғайтын жауынгер де, ән шырқайтын әнші де, мың бұралған биші де, ел бастайтын басшы да сол ұстаздың алдынан шығады. Ұстаздық – әмбебап мамандық. Оқушы алдында жүріс-тұрысың, сөйлеу мәдениетің, киім киісің, қимыл-қозғалысың алақандағыдай анық өлшенеді. Сабағыңды түсіндіру үшін қарапайым адамдық болмысыңды ұмытып, күнделікті дәріскер формаңа әртістік өнерің мен ашық мінезіңді ұштастыруың керек. Ұстаздар құдды сахнасы жоқ әртістердей, өмір сахнасында ғана шебер ойнай білуі керек. Себебі, әр мұғалімге ортақ мақсат – жақсы шәкірт тәрбиелеу. Иә, расында да, «Жалғыз екенсің, артыңнан ерген ізбасарың жоқ екен, онда құның шамалы, шәкіртсіз ұстаз да бұтақсыз ағаш сияқты»,- деп Ы.Жақаев текке айтпаған. Біз кейінгі ұрпақты еңбектен қуаныш табуға үйретіп, ізгіліктің дәнін себуге қызмет етеміз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келгенде, өз пәнім арқылы бала бойына ұлтжандылық пен патриоттық сезімді ұялатып, өміріне рухани азық болатын халық мәдениетімен сусындатуым керек. Тіл арқылы баланың адамдық тұлғасын қалыптастырып, санасына сәуле қондырып, жүрегіне жол табу – менің азаматтық парызым.