Басы » Кембридж бағдарламасы » Заманауи сындарлы оқыту негізі –оқушы құзыреттілігін арттыру

Заманауи сындарлы оқыту негізі –оқушы құзыреттілігін арттыру

    Атырау облысы

 Индер ауданы

   М.Әуезов атындағы

 орта мектеп мұғалімі

 Мәкіжан Роза Жетібайқызы

Заманауи сындарлы оқыту негізі –оқушы құзыреттілігін арттыру.

         Әрбір күні жаңалыққа толы әлемде жалпы мектептер үшін ең басты, маңыздысы «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?», «Мұғалімдер оқушыларды қалай дайындау керек?» екендігі үлкен мәселе болып отыр. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанның дамуының басты бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында педагогтардың сапасы мен біліктілігін көтеру мәселесінің маңызы зор екендігін атап өтті.

Егеменді елдің нұрлы болашағын әлемдік білім деңгейіне жетелер жеті модуль идеясының негізі оқытудың сындарлы теориясымен оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалім өз сабақтарында өзіндік көзқарасы бар оқушының сыни ойлауы мен білім — біліктілігіне  ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруына жол ашады. Өйткені, бұл міндеттер біріншіден, оқушының  жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі болса, екіншіден, оқытудың оқушы мен мұғалім арасындағы қарым — қатынастың нәтижесі ретіндегі  көрінісі қарастырылған. Себебі, қазіргі заман талабына сай мұғалімнің құзыреттілігін  жетілдіруде ерекше роль атқаратын жеті модульді кіріктіріп, оқушының сыни ойлауына жол ашатын Блум таксономиясы негізінде сабақ өткізу — жаңа тұрпатты мұғалімнің міндеті.

Жеке пәндік жасалымыма мұндай  тақырыпты таңдауыма бірден — бір себеп: еліміздегі білім жүйесінің алдында тұрған басты мәселесі – халқымыздың тәлімді тәрбиесі мен әлемдік озық тәжірибеге негізделген тұлғаның жеке дамуын көздейтін нәтижеге бағытталған әлемдік білім кеңістігіне шығу болып отыр. Осыған орай қарқынды дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға,  өз ойын еркін айта білуге , өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсетуге бейім жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастыру — бүгінгі күннің талабы.

Менің тақырыбымның маңыздылығы:

  • оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі озық тәжірибелі технология негізінде оқушыларға білімді дайын күйінде бере салмай , алған білімін өмірлік қажеттіліктеріне сай пайдаға асыра білуге үйрету;
  • ойлауы бәсең оқушыларды сабаққа қатыстырып , ой еркіндігін жетілдіру арқылы шығармашылық қабілеттігін шыңдау;

Өзім сабақ беретін зейіні баяу шәкірттерімнің арасында  мұндай  жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып , белгілі бір жетістіктерге жете алады. Топтық жұмыс арқылы сыни ойлау кезінде  неге сенуге болады , не істеу керек  және қандай тәсілмен істеуге болатынын  өздері анықтай алады. Себебі , сыни тұрғыдан ойлау,  сынау, теріске шығару емес, бұл — шыңдалған терең ойлау. Бұл деңгейдегі ойлау тек  ересек адамдарға ғана емес, жоғары сынып оқушыларына да                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                қатысты. Сондықтан топтық жұмыс арқылы жаңа әдіс — тәсілдермен өткізген сабағымнан күтілетін нәтиже — оқушыларымның ойлау қабілеттерін Блум таксономиясы бойынша  жоғары деңгейге дейін жетелеу. Өйткені, оқушылар ойлаудың бірден жоғары деңгейіне жете алмайды,  сөйтіп, олар бір «тығырыққа тірелгенде»  мұғалім тарапынан  әрі қарай  итермелеу немесе түрткі болу, сынамалау, қайта бағыттау қажет болады. Оқушының осындай сын тұрғысынан ойлауын , өз  көзқарасын дамытып, бұл жеке тұлғаны әлемдік білім шыңына апарар сара жолға бағыттайтын құзіретті мұғалім болмақ. Олар жаңа идеяның жалпы құндылығын анықтай алулары қажет. Бұл мақсатты жүзеге асыруда күнделікті сабақ кезінде білім беру ортасын құруға ерекше ден қойдым, соның арқасында оқушылар оқу үдерісіне қызығушылықпен қатысатын болды. Оның дәлелі, мен осы сабақта оқушыларға бағыт беруші,  нұсқаушы ғана болдым. Мен балаларға бұрынғыдай өзім түсіндірмесем де, оқушылар тақырыпты өздері талқылап, меңгеріп   алды.

Белсенділігі төмен сыныптарда осындай өзгерістердің болуы сыни  тұрғыдан ойлауға негізделген Блум таксономиясымен өткізілген  өзгеше сабақтардағы топтағы ынтымақтастық жұмыстарымның нәтижесі еді. Сабақтарымда Power Point тұсаукесерін, әр оқушыны сыни ойлауға жетелейтін 7 модуль элементтерін жиі қолданамын. Бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, ынта — ықыластарын арттырады.

Осындай сабақтың бірі — С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы.

Сабақтың мақсаты:

а) білімділік: Қазақ халқының ақиық ақыны С.Сейфуллиннің поэмасының тақырыбы мен идеясын таныту, поэманың қазақ әдебиетінде алатын орнын, ақынның образ жасау шеберлігін ұғындыру. Ақынның әсем табиғат пен ел шежіресіне деген сүйіспеншілігін оқушы сезімімен ұштастыру.

ә) тәрбиелілік: Оқушылардың туған жер сұлулығына деген құштарлығын еліне деген сүйіспеншілігімен байланыстыру, шығармашылық ізденіске жұмылдырып, елінің жан дүниесі сұлу, адал азаматы болуға тәрбиелеу.

б) дамытушылық: Поэманы талдай білуге төселдіру, сыни тұрғыдан ойландыру, түйінді ой айта білуге, өзіндік пікір қалыптастыруға жетелеу, алған әсерлерін бүгінгі өмірмен ұштастыру.

Әдісі: БЛУМ өлшемі, СТО стратегиялары, жұптық жұмыс, топтық жұмыс.

Көрнекілігі: интерактивті тақта, мәнмәтін, ғаламтор материалдары, бағалау бетшесі, түрлі-түсті бояу, сазды әуен, плакаттар, ноутбук, постер, смайликтер.

Оқу нәтижесі: оқушылар жұппен және топпен жұмыс жасау арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытады, өз көзқарастарын еркін білдіреді, сын тұрғыдан ойлайды, өзгенің пікірін тыңдай біледі, бағалауды үйренеді.

Сабақтың жүрісі:

Ұйымдастыру кезеңі.Психологиялық тренинг.

С.Сейфуллиннің шығармашылығына арналған  сабағым сыныпта жағымды психологиялық ахуал тудыратын амандасу тренингі кезінде бір- біріне жылы лебіз айтудан  басталды. Дауылпаз ақын бойындағы ерекше қасиеттерге сәйкес топқа бөлініп,топ мүшелері қызметін бөлісіп болған соң ,эксперттер белгіленіп, оқушыларға өзара бағалау бетшесі таратылды.Осы бағалау бетшесіне жазылатын критерийлерді оқушылардың өздері жазып,дискрипторлар арқылы бағалауы өздеріне деген жауапкершіліктерін арттырады.Мұның артықшылығы оқушылар өзін-өзі бағалауда критерийлермен мұқият танысып,өздерінен не талап етілетінін,тапсырманы қандай деңгейде орындау керектігін ұғынады .

Блум таксономиясы — сын тұрғысынан ойлауды қарастыруға болатын ойлау дағдыларының кеңінен қолданылатын иерархиялық моделі болып табылады. Бұл әдіс ең төменгі үдерістен жоғары қарай кезең-кезеңмен қозғалуды көздейтін алты кезеңді қамтиды.

І. Блум таксономиясымен құрылған  сабақтың «Білу» кезеңінде оқушылар өткен сабақ үй тапсырмасы бойынша ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты құрылған сауалнаманы жұптық жұмыс арқылы орындады. Ал «Ыстық орындық» стратегиясы кезінде оқушылар бір-біріне диалогтік оқыту әдісімен Сәкен өмірі мен шығармашылығынан ашық сұрақтар қою арқылы өз білетіндерін ортаға салды.

ІІ. Жаңа тақырыпты оқушының өз бетімен игеруіне ықпал жасайтын  «Түсіну» бөлімінде оқушы қызығушылығын ояту үшін «Көкшетау»әнін жіберіп, «Жан дүниеңді сұлулыққа толтырып,құпия аңыз әлеміне жетелер ақынның қандай туындысы?» деген түрткі сұрақ қоямын. Поэмадағы өзекті ой мен тақырып туралы оқушының ізденісі мен сыни ойлауына негіз болар төмендегідей ашық сұрақтар қойылды.

1.Поэмадағы сұлу табиғат пен адам тағдыры қалай үндескен ?

2.Көкшенің әр қиясындағы халық аңызының ақын поэмасындағы суреттелу ерекшелігі неде ?

3.Қыз жұмбағы мен Адақ батыр арасындағы байланыс қандай ?

Ең алдымен,эксперт оқушылар топ ауыстырып, жаңа тақырыпты түсіндірді. Содан  кейін топ мүшелері өздерінің сыни көзқарастарын АКТ арқылы ғаламтор материалдары бойынша  презентация жасап, қосымша әдебиеттерді пайдаланып, флипчард қорғады. Әр кезең тапсырмасынан кейін оқушылар критерийлер арқылы өзін-өзі, эксперттер топты бағалады.

ІІІ. Жаңа білімді өткен тақырыппен байланыстыратын «Қолдану»кезеңінде оқушылар АКТ-ны ұтымды пайда                                                                                                     ланып, «Венн» диаграммасы арқылы Сәкеннің өзге ақындармен үндестігі мен ерекшелігін ашуда өздерінің сыни  ойлауын пікірлерімен дәлелдеді.

І  топ. Заман шындығын шынайы суреттеген Сәкен мен Мағжан поэмаларының өзектестігі неде?

ІІ топ. І.Жансүгіровтің «Жетісу» өлеңімен тақырыптық үндестігі қандай?

ІІІ топ. «Көкшетау» және «Кең байтақ мекенім — Дендерім» әндерін шығарған Сәкен мен Табылдыға тән ортақ қасиеттер бізге қандай тәрбие береді?

Өзіндік ізденістерімен оқушылар өткен заман шындығын суреттеген Сәкен, Ілиястың шығармаларындағы үндестікті, М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасымен ұқсастығы және идея кереғарлығын, жергілікті сазгер ақын Т.Досымов пен Сәкенге тән ортақ қасиеттерді дәл тауып, бұрын көрінбеген шәкірттерімнің дарындылығын ұштар қабілеттері ашылды .

ІҮ.Келесі «Талдау» кезеңінде поэманы әдеби-теориялық ұғым тұрғысынан талдауда оқушылар топта ынтымақтаса отырып, сыни тұрғыдан ойлана, поэма құрылысына, поэтикалық тіліне, кейіпкерлерге мінездеме беруде АКТ-мен жұмыс жасап,әр топ өз талдауын презентация түрінде қорғады.

1.Ақындар поэмаларындағы ұқсастық пен идея кереғарлығы.

 

«Көкшетау» поэмасы Мазмұн ұқсастығы «Батыр Баян» поэмасы
1925 жылдан бастап жазған, 4 бөлімнен, 47 тараудан тұрады. Әсем табиғат, ел өмірі, қызықты оқиға, сәтті сюжет, философиялық-лирикалық түйін, бостандық. Шапқыншылық, батырлар ерлігі, тұтқын қалмақ қызы, идея кереғарлығы.

Ажал – өмір,

бостандық – тұтқын.

 

  1. Поэманың кейіпкерлеріне мінездеме беру.
Абылай хан бейнесі
Адақ батыр бейнесі
Қалмақ қызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

3.Поэманы композициялық құрылымына талдау.

  • Оқиғаның басталуы: Көкшетау табиғаты
  • Дамуы: Өлкенің тарихына байланысты аңыз, тарихи еңбектер.
  • Шиеленісуі: Оқжетпес тарихы. Шапқыншылық. Тұтқын қыз.
  • Шарықтау шегі: Үш шарт. Адақ батырдың бейнесі.
  • Шешімі: Бостандық, сүйгеніне асығу.

Әр кезеңде топ мүшелерінің ынтымақтастығына бағыт-бағдар беретін лидер болуға ұмтылатын оқушыларымның бойында бірте-бірте көшбасшылық қасиет пайда болатынын байқадым. Топтар арасындағы өзара пікірлесу олардың пәнді терең білуге деген қызығушылығын арттырып, белсенді оқушылар формативті бағалау әдісімен мадақталып, смайликтер таратылды.

Ү. «Жинақтау» кезеңі. Жаңа тақырыптан алған білімдерін жинақтап, Сәкен поэмасындағы суреттелген табиғат пен адам байланысын, ел шежіресі туралы сыни тұрғыдағы көзқарастарын, өз толғаныстарын оқушылар диалогтік оқытудың зерттеушілік әңгіме әдісімен дөңгелек үстел түрінде  «Сәкен поэмасындағы сұлу табиғат, халық шежіресі»,  «Бүгінгі жер жәннаты-Көкшетау»,»Ақылына көркі сай жастар» тақырыптарында шығармашылық ізденістерін әдеби тілмен жеткізе білді.

ҮІ. «Бағалау» кезеңі.Тақырыпты қорытындылап,кері байланыс арқылы негізгі түйін жасалып,формативті бағалаудан шығатын жиынтық бағалау нәтижесі  арқылы әр оқушы келешекте  нені оқу керектігің ұғынады.Сонымен қатар бұл кезеңде оқушылар поэма өзектілігін ,оның қазіргі өмірмен байланысын  бүгінгі сабақтан алған әсерлерімен ұштастыра пікір айтты. Әр кезең соңында  кері байланыс жасалынды. Сабақ барысында оқушылар интерактивті тақтамен жұмыс жасай алатындықтарын көрсетсе, ноутбук және планшет арқылы ғаламтордан қосымша мәліметтер алу арқылы ынтымақтаса жұмыс нәтижесінде топтық жұмыс кезінде берілген тапсырмаларын ой жүгірту, пайымдау, проблеманы шешу  арқылы жүзеге асырды. Индира, Гулдана, Айкерім, Динара, Әлібектер  сабақта өз тобының сыни ойлауын жүйелі пікірлерімен жеткізе білуімен ерекшеленсе, суретші Әйгерім өз талантын сабақ үстінде тобына берілген поэма желісінде салған суретімен дәлелдеді. Сабақ барысында формативті бағалау арқылы оқушылар бағалау бетшелерімен өзін-өзі бағаласа, қорытындысында топ басшысы өз тобының білім шыңына қалай шыққанын дәлелдеді. Формативті бағалауды нәтижесін   оқушыларыммен кері байланыс негізінде жүзеге асырсам, ал жиынтық бағалау нәтижесін шәкірттерімен бірлесе отырып,  өздеріне шығарттым. Сабақ соңында рефлексия екі жұлдыз, бір тілек әдісі арқылы жүзеге асты. Оқушыларға «Сәкен – адам мен табиғат арасындағы тылсым құпияны шебер суреттеуші» тақырыбында үйден шығарма жазу  тапсырылды.

Осындай Блум таксономиясымен өткізген сабақтарым оқушыларымның өзіндік сыни көзқарастарына, шығармашылық  ізденістеріне жол ашты.Нәтижесінде үш сыныптан жинақталған сынып оқушылары ынтымақтасып,өткізілген әрбір сабақта жаңаша әдіс-тәсілдерді қолданудың  нәтижесінде сабақ үлгерімдері жақсарып,өзіндік белсенділіктерін өзге пән мұғалімдері де байқай бастады. Олай болса , болашаққа жол сілтер жеті модульдің идеяларын  тиімді пайдаланып, шығармашылық топ құрып, сабақ жоспарымды Блум таксономиясы негізінде жасап, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыстанамын. Себебі, бүгінгі заман талабы мұғалімнен жоғары деңгейдегі дайындықты және үлкен шеберлікті талап етеді.

 

 
Сабақ кезіндегі 7 модуль идеяларын көру үшін жүктеңіз

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *