Арқалық қаласы,
№10 жалпы орта білім беретін мектебі,
Жаратылыстану пәндер бірлестігі жетекшісі,
тарих және география пәндерінің І санатты мұғалімі.
Біздің қасиетті мекен- Қазақ елі
«Егеменді елім менің еңселі,
Барлығынан артық көрем мен сені»
Б.Карашинов
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2015 жыл- ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деген еді.
Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді. Еркіндік аңсаған елін азаттық ұранымен жігерлендірген батыр бабаларымыз Керей мен Жәнібек жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялап, жаңғырған қазақ этносының атауын алған тарихта тұңғыш тәуелсіз Қазақ хандығын құрды.
Қазақ хандығы отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетті.
Тәуелсіздік туын көтеріп, дербестігін паш еткен Қазақ хандығының атағы шығысымен-ақ Дешті Қыпшақ жұрты Әбілқайыр ханның қыспағынан құтылып, бөгетін бұзған тасқын судай ағылып, жаңа хандыққа қосыла бастады. Әбілқайыр хан өзіне қарсы шығып, дербес хандық құрған қазақтарға қылышын қайрап, жойып жіберуді көздеді.
«Адамның ойлағанынан Алланың бұйыртқаны болады» демейме бұрынғылар, Әбілқайыр ханның 40 жылға созылған езгісінен құтылған көптеген қазақ тайпалары атамекендерінде дербестігін алған Қазақ хандығының туы астында топтасты. Әртүрлі ұлыстарда бытырап жүрген қазақ рулары енді қазақ деген ұлттық атауға ие болып, жеке халық, дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты. Қазақ хандығының халқы бір миллионға жетті. Ол заманда мұндай халқы бар мемлекет саусақпен санарлықтай ғана еді.
Қазақ елі мен қазіргі тәуелсіз Қазақстан халқы аспаннан түскен жоқ және ата-тегін білмейтін мәңгүрт емес. Мемлекетіміздің терең ежелгі тарихы бар. Қазақстан- қазақтың ата-бабаларынан қалған өзіміздің жер, халқымыздың тарихи ата-мекені.
Міне, өркениетті елдер шоғырында еңсесін биіктетіп, Көк байрағын асқақ желбіреткен Қазақстан Республикасы- біздің қасиетті мекеніміз. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосуда. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт. Біз көппіз және бәріміз- бір елміз, бір халықпыз.
Тәуелсіз Қазақстанның өсуі мен көркеюіне, бүкіл әлемге танылуына бар күш жігерін аямай, ел тыныштығын сақтай отырып, дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп келе жатқан Елбасымыз: «Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның алтын ғасыры боларына сенемін» деген болатын. Өзім де осындай ұлттың ұланы ретінде мақтана отырып:
«Расыменен осындай ел екенбіз,
Тәуелсіз боп мәңгіге біз өтерміз.
Жаратушы жарылқап бәрімізді,
Тойлансыншы мәңгілік мерекеміз»- дегім келеді. Ендеше, тәуелсіздігіміз баянды, еліміз еңселі, халқымыз аманшылықта болып, осындай «ұлтты ұлықтаған» мерекелеріміз жалғасын таба бергей. Мерекеміз құтты, Қазақ елі мәңгілік болғай!