Абдрахимова Гульмира Санатовна
Сабақтың тақырыбы: Ғ. Мүсіреповтың «Ананың анасы» шығармасындағы ана бейнесі. «Ана – ұлы махаббат иесі»
Сабақтың мақсаты:1. Ғ. Мүсірепов шығармаларынан алған білімдерін шыңдай отырып,ана бейнесін ашу, сатылай кешенді, әдебиет теориясының ұғымдары бойынша көркем шығарманы композициялық талдау.
2.Шығармашылық жұмысқа баулу, өз бетімен зерттеу, ізденуге жетелеу, әңгімелеу, мазмұндау қабілеттерін арттыру.
3.Өз халқының салт-дәстүрін білу, үлкенге, анаға құрмет көрсету, сүйіспеншілік қасиеттерін арттыру.
Сабақтың әдіс — тәсілдері: сыни тұрғыдан ойлау, сұрақ-жауап, әдеби пікірталас, зерттеу, салыстыру, талдау.
Сабақтың көрнекілігі: оқулық, көркем шығарма, электрондық оқулық, жазушы суреттері, слайд, интерактивті тақта, постер,
Сабақ түрі: Бекіту сабағы
Күтілетін нәтиже: Шығарма туралы өз ойларын еркін жеткізе отырып, құрылымын талдай алады. Білімдерін өз өміріндегі ананың алатын орнын анықтап байланыстыра алады;
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: (Музыка әуенімен сыныпқа кіреді, гүлдерді таңдап алады, шеңбер құрады. Психологиялық даярлық (3 минут) «Шаттық шеңбері»
Мұғалім: Әрбір адам —
Оқушылар: ТУЫСЫҢ, ДОСЫҢ, ЖОРАҒАТ,
Мұғалім: Әрбір — САБАҚ —
Оқушылар: үйрену, ұғу, ұлағат,
Мұғалім: Әрбір ісің —
Оқушылар: тірлік, тірек, адалдық,
Мұғалім: Әрбір сөзің —
Оқушылар: шындық, бірлік, адалдық!
Мұғалім: Бүгінгі сабақ — әрқайсыңа үйренетін, ұғып, ұлағат алатын сабақ болуына тілектеспін! Қолдарыңдағы гүлдердің түсіне қарап, топқа бөлу ( Гүлдердің көмегімен)
Бағалау критерийлерімен таныстыру.
ІІ.Үй тапсырмасын сұрау: ( 1 минут)
Оқушы: 1. Ғ. Мүсірепов «Ананың анасы» әңгіменің оқу,жоспар құру, іздену, зерттеу жұмыстары.
Мұғалім: Онда ендеше іске кірісейік! Мына «Ананың анасы электрондық сабағын көре, сол бойынша сауалдар құрайық!»
«Топтан топқа» өздері қалаған топқа сұрақтар қояды: Үйден дайындап келген сұрақтарын қойғызу: ( 3 минут)
1. Аңыз дегеніміз не? Аңыз дегеніміз –эпостың көне түрлерінің бірі, аңыз негізінде шындыққа жанасымды, көбіне тіпті, өмірде болған, халық жадында сақталған оқшау оқиғалар жатады.
Ғ. Мүсіреповтың бұл әңгімесінің аңыз деп айтылуының бір себебі — Әйтілестің аңызға айналған адамдардың басынан өткенін әңгімелеуі.
2. Әңгіме неге «Ананың анасы» деп аталған?
3. Әйтілес кім?
4. Бала би Жалпақ балуанға не деді?
5. Бидің тілегі қандай, батырдың тілігі не?
6. Сауға деген не? Сауға сұрау: а) жорықтан не бәйгеден олжалы болып келе жатқандардан сауға сұрағанда түскен олжасының бірер мөлшерін сұраушыға беруге тиіс болған; ә) кейде қылмысты адамды жазалап, өлтіргелі жатқанда сауға сұрап, араша түскен. Мұндай жәйтте «басына сауға бер» деп арашалаған.
7. Қырық жігіт пен Жалпақты тізе бүктірген қандай күш,нендей құдірет?
8. Сөзден жеңілген Жалпақ балуан Ана мен қызына бостандық берді ме, әңгіме қалай аяқталды?
III. Жаңа сабақ: Шығармашылық жұмыстар: Топ басшылары шығып, тақырыпты таңдату;
Таңдалған тақырып бойынша постер жасауға кіріседі. ( 3 минут)
1-топ: Ғ. Мүсіреповтың өмірі мен шығармашылығы туралы (3 мин.)
2-топ: Шығармаға сатылай кешенді талдау ; (3 мин.)
Әңгіменің тақырыбы мен идеясын ашу.
Тақырыбы -әдеби шығарманың атауы.
Идеясы — көркем шығармада айтылатын ой. Шығарма авторы: Ғ.Мүсірепов. жазушы, драматург, академик, қоғам қайраткері
Түрі: Проза/әңгіме/
Тақырыбы: Қазақ анасының ұлттық бейнесін жасауы.
Идеясы: Ананың балаға,адамзатқа деген ұлы махаббатының шексіз екенін паш ету.
Кейіпкерлер бейнесі:
Жағымды-
Жағымсыз-
Портрет деген не? Бейшараның боз көйлегі жырым-жырым, қолдары қарғаның тұяғындай қап-қара. Ерні жарық -жарық.
Монолог: Менің атым- әйел. Мен мына қыздың анасымын. Анамен атыспайды да, алыспайды да. Нең бар менің жалғызымда. кел балам.
Диалог: Ана мен Жалпақ батыр.
Сергіту сәті: Кішкене демалып, ана туралы ән айталық!( 3 минут)
Жұмысымызды жалғастырамыз!
3-топ: Шығармаға композициялық талдау; (3 минут)
Композиция/латынша: құрастыру,шығарма/-сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерін тәртіпке салып, реттеп ,қиыннан қиыстырып тұратын тәсілі. Сюжеттің құрылымы болады оны композиция дейді.
Шығарма экспозициясы -дайындығы — молданың оқуы;
1) Оқиғаның басталуы: Әйтілес қарттың әңгімесі.
2) Оқиғаның байланысы : Ергенекті елін шабу.
3) Оқиғаның шиелінісуі: жылқышының мерт болуы, қуып келген қыз анасы.
4) Оқиғаның шарықтау шегі : Әумесер Кейкінің үкімі, қызды шешесімен бірге ат жалына өңгеріп, күндікке алып кету;
5) Оқиғаның шешімі : Сөзден жеңіліп, ойға шомылып, тосылып қалған Жалпақ балуан ана мен қызына бостандық беруі.
4- топ: Шығарма кездесетін әдебиет теориясы ұғымдары туралы; ( 3 минут)
постер, слаидтар дайындап, жасаған жұмыстарын қорғайды;
Әдеби теориялық ұғымдар:
Теңеу (Теңеу – ерекше стилистикалық тәсіл, мәтінде көрнекті орын алатын әсерлі сөз).: етектей сақал, күмістен құйғандай ақ сақал, құйған пештей, ұршықтай ойнап, бөкендей бүктетіліп
Эпитет (Эпитет (грек. epіtheton – қосымша) – заттың, яки құбылыстың ерекшелігін, сыр-сипатын бейнелі түрде танытатын поэтикалық және стилистикалық ұғым, экспрессивті айқындаушы сөз) : шалқыған шанқай түс, жалба- жұлба тері тон, сағал-сағал тері шұбырған, надан молдадан, төрт бұрышы жемірілген ескі тоқым сияқты
Тұрақты сөз тіркесі: көзді ашып- жұмғанша, терімізге сыймай, қабағымыздан қар жауып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай
Дисфемизм (зат, құбылыс атауларын неғұрлым дөрекі, тұрпайы сөздермен ауыстырып айту): қызы қатынға, қазақтың қатыны
V. Ой өрбіту:
«Ата-ана монологы»бейне көрінісін тыңдайды; ( 3 минут)
Мұғалім: Ана деген-құдіретті ұғым, құдіретті күші бар сөз. Кім де болса ана деген киелі сөздің алдында кішірейеді .Небір мықтылығымен әлемді ауызына қаратқан билеушілер де ұлы ананың алдында тізе бүккен. Ананың аяулы алақаны мен мейірлі жүрегіне тең келетін ештеңе жоқ.
демекші, ана біздің өмірімізде қандай орын алады? Оқушыларға өз ойларын айтқызу;
Мен үшін ана ….. (3 минут )
Ана- қымбат жан
Ана-асыл жан.
өмірге әкелуші.
сұлулық иесі.
Ана- қадірлі, ардақты жан.
Ананыңа аялы алақаны мейірімбанды, жүрегі кең, баласы үшін бәріне даяр тұратын, батыл жан
VI.Cабақты қорытындылау:
1. «Алты қалпақ» әдісі арқылы шығарманы түйіндеу; ( 5 минут)
ақ қалпақ -таза, фактілер. ақпарат, сұрақтар.
қызыл — ашуды, шиеленісті білдіреді; қатерін айтады;
сары — тіршілік түсі, яғни ана қызын құтқарды
қара — қараңғылық, суық, яғни Ергенекті еліне шабуыл, барымта, олжа
жасыл — табыстың түсі, яғни ананың құдіреті
көк — неге қол жеткізді? Ана жеңді, ана мен үшін де құдыретті
Қосымша ретінде: 2. «Бес жолды өлең» құрау: (уақыт қалса) (3 минут)
Зат есім. Кім? Ана, шеше
Не істеді? — қорғады, құтқарды, тізе бүктірді;
Қалай? ақылды сөзімен, махаббатымен
қайтып? батыл, жүректі
Сөйлем құрастыру: Ана ерлігімен, батылдығымензі өзінің тапқырлығымен қызын қорғады, жауларын тізе бүктірді…
Мұғалім:
Ана жүрек — жүректі құдыретте,
Ана тірек — тіректі құрметте,
Ана күнің — күніңе табына өт,
Ана шыңың — шыңыңа сағына жет!
3. Топ басшылары бағалау парақшасы арқылы оқушылар жауабын бағалайды;(3 минут)
4. Рефлекция: «Екі жұлдыз, бір тілек»( 2 минут)
5. Интербелсенді тақтаға үй тапсырмасы жазылып тұрады: ( 1 минут)
1. Эссе «Маған ұнаған ана бейнесі» (100 сөз)
2. Ана туралы өлеңдер жаттау;