Орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
Қызылорда облысы, Қазалы қаласы
М.Горький атындағы №16 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Баядилова Гүлжанат Ерсайынқызы.
Сындарлы оқыту теориясында: «Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай – ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі» — деп жазылған. [1]. Бұл курстан өткен соң менің де сабақ туралы пікірім өзгерді. Өзім сабақ беретін орыс тілінде білім алатын оқушылардың қазақ тілі пәніне деген қызығушылығы мен ынтасын қалай арттыруға болады? деген сұраққа жауап іздедім. Күнделікті сабақты бірсарынды етіп өткізбей, оқушылардың ана тілінде өз ойларын тиянақты, жетік білдіре алатындай етіп ұйымдастыруды көздедім. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруда курстан алған білімім мен әріптестердің сабақтарына қатысу, тәжірибе алмасу көп көмегін тигізді. «Сыни тұрғыдан ойлау – бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс – әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді» [2]. Осы ойды басшылыққа ала отырып, мен де сабақтарда оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға баулу үшін әрекет ете бастадым. Сыни тұрғыдан ойлауға бағытталған стратегияларды қолдану – оқушылардың жан – жақты дамуына ықпалын тигізетініне көзім жетті. Сыныпта оқушылар топтық, жеке жұмыс жасайды, өз білімдерінің қандай дәрежеде екенін біледі, бір – бірінің жұмысына сыни қарай бастайды екен. Өзім сабақ беретін 5,10 – сыныптарда бес жолды өлең, ассоциация, екі жақты түсіндірме күнделік, автор орындығы, үш қадамды сұхбат, интеллектуалды маршрут, венн диаграммасы, дейін- кейін, блум таксономиясы, ішіне – сыртына, семантикалық карта тәрізді стратегияларды пайдаланып жүрмін. Оқушылардың сабақта белсенділігі артып, өзіндік ой — тұжырымы қалыптасып келеді. Мысалы, 10 – сыныпта «Наурызбай батыр» тақырыбын өткенде оқушыларға деңгейлік тапсырма, яғни блум таксономиясын құрастырдым.
Наурызбай
Наурызбай жиырма екіге жаңа шыққан келбетті жігіт. Сұңғақ бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей кең жауырын. Ол тіп – тік келген, ат жақты, екі бетінен қаны тамған ақ құба түсті. Үлкен қоңыр көздері адамға ілтипатпен қарайды.
Басында – қызыл барқытпен тыстаған құндыз бөрік. Үстінде – құйыршықтары мен тырнақтары аяқтары салбыраған күзен ішік. Ішігінің жағасына, жеңіне, шетіне қара қоңыр құндыз ұстаған.
Наурызбай ұрысқа да осы киіммен шығатын. Оң қолына зілдей ауыр қара найзасын тудай көтере ұстайды. Астындағы ақ боз атын ойнақтата «Абылайлап!» шапқанда, жан қарсы келе алмайтын. «Оның оң қолында төрт жігіттің күші бар» дейтін жұрт. Наурызбай асқан найзагер. Ол жауға шапқанда, қабағы қарс жабылып, жүзінде ерекше қаһар пайда болатын. Ал жайшылықта Наурызбайдан ақжарқын жан жоқ. Ол мұндайда әрі әнші, әрі әзілқой.
Наурызбай соңғы кезде өзі туып – өскен Көкшетау туралы көп ойлайтын. шалқар көлдері еске түсетін. Мол сулы өзендері оның көз алдында елестейтін. Кейде Бурабайдың көгілдір толқыны шулағандай болады. Кейде қыран бүркіт қалықтай ұшқан Оқжетпестің басында ойнаған ерке жел жылағандай болады. Мұндайда Наурызбайдың жүрегі удай ашып, жанын қоярға жер таба алмайды.
І.Есенберлин. «Қаһар» кітабынан.
- Наурызбай кім?
- Наурызбай қандай адам болған? Түсіндіріңіз.
- Мәтіннен Наурызбайдың портретін тауып жазыңыз.
- Осы күні батыр деп кімдерді айтамыз? Бұрын кімдерді атадық? Салыстырыңыз.
- Мәтін бойынша омоним сөздерді тауып, сөйлемдер құраңыз.
- «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы» тақырыбына өз ойыңызды білдіріңіз.
Осы тапсырманы Нұрлыбек есімді оқушы төмендегідей орындаған:
— Бұрынғы күннің батырлары жауға шауып, ел қорғаған. Қазіргі батырлар жауға шауып жатқан жоқ, оның үстіне қазір бейбітшілік кез. Мысалы, қазіргі батыр – Илья Илин. Ол әлемнің ауыр атлетика бойынша үш дүркін чемпионы.
— Батыр деген сөзді естісек, көз алдымызға үлкен, білекті адам келеді. Батыр бабаларымыз елімізді қорғап, жауға қарсы шапқан. Сондықтан да батыр туса ел қуанған. Жаңбыр жауса жер көгеріп, жердің ырысы кіреді. Бұл тапсырманың орындалуынан оқушының орыс тілінде білім ала тұра, ана тілінде өз ойын жетік білдіре алғанын байқауға болады. Осы сыныпта «Хан Тәуекел» тақырыбын өткенде, мәтінмен жұмыс жүргізіп болған соң, оқушылардан екі жақты түсіндірме күнделігін толтыруды тапсырдым. Мәтіннен үзінді келтірер болсам:
Хан Тәуекел
Егер мені хан танып, ақ киізге көтергендерің рас болса, қасеитті Жер – Ана, қасиетті Су- Ана қашанда қазақ ұлын қолдайды деп сенсеңдер, сендер де маған тізгін беріңдер! Баяғы ата – бабаның аруағымен, кешегі әке, ағаның қанымен, бүгінгі бауырлардың көз жасымен ант етейін! Мен сендерді бақытқа, байлыққа, береке – бірлікке жеткізем! Жетісу – жұмақ мекенің болады! Шыңғыстау – құтты қонысың болады. Жайық – жазира жайлауың, Сыр – ордалы ұяңболады. Ұрпағың алғыспен еске алады. Елмен біоге бол! Менімен бірге бол! – деді.
М.Мағауин. «Аласапыран» кітабынан.
Оқушылардың көпшілігінің жауабы төмендегідей:
Мәтіннен не ұнады? | Неліктен? |
Маған Тәуекел ханның ант бергені ұнады. | Себебі ол өзінің халыққа адал екенін, адал қызмет ететінін айтты. |
Оқушылардың берген жауабынан бойында адамгершілік, адалдық, еліне деген сүйіспеншілік сезімін аңғаруға болады. «Қазақ жазушылары» топтамасынан С.Мұқановтың «Ботагөз» романынан алынған «Бүркіт» тақырыбындағы үзіндімен жұмыс жүргізгенде, «Дейін — кейін» кестесін пайдаландым. Себебі бүркіт туралы оқушылардың үзіндімен таныспай тұрып не білетінін білгім келді. Оқушылар жауабы мен күткендей аңға салатын құс деумен ғана шектелді. Үзіндімен танысқан соң, ендігі жаңа ақпаратты кейін бөлігіне жазуды тапсырдым.
Дейін | Кейін |
Бүркіт – жыртқыш құс. Бүркітті құс атасы деуге болады. Бүркітпен ата – бабамыз аң аулаған. Бүркітпен түлкі, қоян, тіпті қасқырды да аулаған | Бүркіттің ұрғашысын «ұябасар», еркегін «шәулі» деп атайды екен. Бүркітке еттің қанын таратып боп – боз қылып береді екен. Бүркітті балапан кезінен асырамайды екен, себебі жасық болатын көрінеді. Бүркіт ұясын адамның қолы жетпейтін жерге салады. |
Осы сабақта мәтіннен сапалық және қатыстық сын есім туралы білімді жаңғырту үшін «Ішіне — сыртына» стратегиясын іске асырдым. Оқушылар бұл тапсырманы ойдағыдай орындады.
Ішіне
(сапалық) |
Сыртына
(қатыстық) |
Қызық, сергек, боз, жалқау, батыл, жүйрік. | Әр түрлі, ашулы, қайратты. |
С.Мұқановтың газет редакциясында қызмет еткені бәрімізге аян. Алайда оның тілшілерге арнап жазған ережесімен бәрі бірдей таныс деп айту қиын.
Тілшілерге!
- Газет — тұрмыстың айнасы. Газетте елдің тұрмысын айнадағыдай көрсетіп тұратын – тілшілер.
- Тілшінің жазған сөзі басынан аяғына дейін рас болуы керек. Газет өсек жинайтын орын емес. Өтірікші кісі газетке тілші бола алмайды.
- Тілшінің міндеті зор. Оның жазатын нәрселері халықтың жайы мен жағдайы, ағарту жұмыстары, тұрмысы, т.б.
- Тілшілер сонымен бірге ел тұрмысынан алған түрлі әңгімелерді, үлкен мақалаларды, өлеңдерді, ескі сөздерді, мақал – тақпақтарды да жазуы керек.
- Тілші әдемі жазуға тырысуы керек. Сөздері ашық, анық және кестелі болуы керек. Айтамын деген сөзін қысқа ұғындыра білсін.
- Тілші еңбекші халықтың ақылшысы һәм жоқшысы болсын.
- Тілші өз газетін насихаттап жүрсін, мұны өзінің адамшылық борышының бірі деп санасын.
Сәбит Мұқанұлы.
Орынбор.12.02.1925 ж, «Еңбекші қазақ» газеті.
«Тілшілерге!» мәтініне байланысты блум таксономиясына Нұрлыбек есімді оқушының жазған жауабы мені таңқалдырды. Денгейлік тапсырманы төмендегідей құрастырдым:
- С.Мұқанов кім?
- «Тілшілерге» мәтіні неліктен жазылған? Түсіндіріңіз.
- Мәтіндегі синоним сөздерді тауып, сөйлем құраңыз.
- 1925 жылғы тілші мен қазіргі күннің тілшілерінің қандай айырмашылығы бар?
- «Газет – өсек жинайтын орын емес. Тілші өтірікті жазбауы керек» . Сіздің ойыңыз?
- Егер тілші болсаңыз, қандай мәселелер жайында ой тарқатар едіңіз?
Түсіну. «Тілшілерге» мәтініндегі ережелер тілшілерге арналған деп ойлаймын. Бір жағынан тілшілердің міндетін халыққа көрсету деп білемін. Тілшілердің халыққа қызмет етуін, халықтың жағдайын жазу тиіс екені көрсетілген.
Талдау.1925 жылғы тілшілер мен осы таңдағы тілшілерді салыстырар болсақ, бұрынғы тілшілердің жағдайы белгілі. Бұрынғы тілшілерде техника аз болған деуге болады. 1925 жылы демократия жоқ, сөз еркіндігі жоқ, сондықтан тілшілерге жоғарғы жақтың шығарған шешімдері мен әр елдің басшыларының ауысқанынан басқа жазар дым болмаған шығар деп ойлаймын. Ал қазіргі тілшілердің мүмкіндігі көп. Компьютерлер, алуан түрлі техникалар жеткілікті. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асса да, сөз еркіндігі енді пайда бола бастады. Әсіресе еліміздің ұлттық арнасының тілшілері өте жоғары дәрежеде жұмыс жасап жатыр деп ойлаймын.
Жинақтау. Тілші — өсекші емес шығар, бірақ соңғы жаңалықты халыққа жеткізу міндеті. Ал осындай техника дамыған кезде , ғаламтор дамыған кезде, тілшіге өтірік айту орынсыз деп ойлаймын. Ондай тек өзін алдайды деп ойлаймын.
Бағалау. Егер мен тілші болсам, саясат жағын көп қозғар едім. Әрине, бұл өте қауіпті екенін білем, бірақ еліміздің әрбір азаматының борышы халыққа қызмет ету емес пе?
Осы сыныптағы Айдана есімді оқушы:
Түсіну. «Тілшілерге!» мәтіні тілшілер мен болашақта тілші мамандығын таңдайтын жастарға арналған деп ойлаймын. Бұқаралық ақпарат көздері елімізде қандай оқиға болып жатқандығын баяндайды. Сонымен бірге халықтың салт – дәстүрі, ата –бабаларымыз айтып кеткен мақал – мәтелдерді, аңыз әңгімелерді жариялау керек. Себебі бұл жастарға үлкен тәлім – тәрбие береді деп ойлаймын.
Талдау. Бұрынғы кездегі тілшілерге қарағанда, қазіргі тілшілердің мүмкіндіктері өте көп деп ойлаймын.Қазір кез келген адам өзіне қажет газетті жаздырмай – ақ, ғаламтор беттерінен – ақ оқи алады. Бұрын газеттің таралуы, дайындалуы адамның еңбегін қажет етсе, қазір техника дамыды, адам еңбегі жеңілдеді деп ойлаймын.
Жинақтау. Газет беттерінде өтірік жазылатын болса, онда халық ол газетті оқымай қояды. Тілшілер өтірікті жазбау керек. С.Мұқанов айтқандай, тілші еңбекші халықтың ақылшысы, жоқшысы, қамқоршысы болу керек. Осы күнгі тілшілердің бойынан осы қасиеттерді байқап жүрмін.
Бағалау. Мен анам секілді медицина саласын таңдадым. Дәрігерлер де адам өмірі үшін күреседі. Ал тілші бола қалсам, әрине, халықтың жағдайын, әл – ауқатын жақсарту мақсатында қызмет етер едім.
Бұл – 10 – сынып оқушылармен жүргізілген жұмыстардың бір бөлігі ғана. Орыс тілінде білім алатын оқушылардың осы аралықта қазақ тілі пәніне деген қызығушылығы артты деп ойлаймын. Себебі оқушылар берілген тапсырмаларға өздері тыңнан ой қосып, салыстырып, талдап, сыни ойлауға қабілетті екендерін танытты.
Өз тәжірибемдегі орыс тілінде білім алатын 5 – сыныпқа келер болсам, оқушылардың бойында шығармашылық қабілеттерінің артқанын байқадым. Сабаққа оқушылардың қызығушылығы өте зор. Оларға берілген материалға байланысты түрлі тапсырмаларды орындау өте қызықты. «Көңілді көктем» тақырыбындағы сабақта оқушыларды үстеудің түрлері жазылған кеспе қағаздары арқылы 3 топқа бөлдім. Сөйтіп оларға осы тақырыпта әңгіме құрауды тапсырдым. Жұмыс бағалау критерийлері арқылы бағаланды. Критерийлер:
1-5 аралығында ұпайлар
- Сауатты жазылуы
- Сөйлемдердің дұрыс құрауы
- Үстеулердің болуы.
Топтардың бағалауы төмендегідей:
І топтың орташа ұпайы – 3,2
ІІ топтың орташа ұпайы – 3
ІІІ топтың орташа ұпайы – 3,2
Оқушылар критерийлерге жеке – жеке тоқталып, неліктен ұпайларды бергендерін түсіндіріп жатты. Алайда оқушылардың ішінен Оңталап есімді ІІ топтың оқушысы қойған ұпайларын ұтымды дәлелдеп берді. ІІ топ бағалаған ІІІ топтың жұмысының мазмұны төмендегідей:
Көктемде балалар әр түрлі ойын ойнайды. Балалар құстарға үйшік салады. Көктемде гүлдер өседі. Көктем табиғаты өте әдемі . Адамдар көктемде бақшаға жеміс – жидектердің тұқымын егеді. Көктемде әйелдер мейрамы болады. Құстар келеді, қар ериді, күн жылиды. Көктемде күн ұзақ болады, ал түндер қысқа болады. Балалар әр түрлі қайық жасайды.
Оқушы сауаттылығына 5 ұпай, сөйлемдердің дұрыс құралуына 4 ұпай, үстеулердің болуына 2 ұпай қойған. Себебі құстардың ұшып келетіндігіне назар аударылмаған, үстеулер тым аз қосылған, — деп жауап берді.
ІІ топтың оқушыларының құраған әңгімесі:
Көктем келді. Көктемде ауа райы жылы болады. Көктемде табиған оянады, құстар ұшып келеді, қар ериді. Көктемде барлық балалар далаға шығып ойнайды. Күндер ұзағырақ, түндер қысқарақ болады. Көктемде мейрамдар көп болады. Көктемде балалар құстарға ұя жасайды, суға қайық жіберіп ойнайды.
«Көктемгі еңбек» тақырыбын өткен кезде үстеулердің құрамы мен мағыналық түрлерін үйрету үшін семантикалық карта әдісін пайдаландым.
Жұптық жұмыс. Үстеу сөздерді құрамы мен мағынасына қарай ажыратыңдар. (ұпай)
Сөздер | Дара | Күрделі | Мезгіл | Мекен | Сын– қимыл |
Бірте — бірте | + | + | |||
Бағана | + | + | |||
Келе сала | + | + | |||
Таң сәріде | + | + | |||
Арттан | + | + | |||
Ала жаздай | + | + | |||
Ертерек | + | + | |||
Әрі – бері | + | + | |||
Зорға | + | + | |||
Ақырын | + | + | |||
Балаша | + | + | |||
Жылдам | + | + |
Оқушылар өз жұмыстарын дайын жауаппен салыстыру арқылы бағалады. Берілген материалды меңгерту мақсатында бұл әдісті қолданған өте ұтымды екенін білдім. «Етістіктің шақтары» тарауымен жұмыс жүргізгенде оқушылармен еңбек тақырыбында сөйлесе келе, үйге осы тақырыпта эссе жазуды тапсырдым. Бірнеше оқушының жазған еңбегіне тоқтала кетсем. Назерке есімді оқушы:
«Еңбек етсең емерсің»,- деп қазақ мақалында айтқандай, еңбек етпесең ешнәрсе де оңайлықпен келмейді. Ең кішкентай жәндік құмырсқа да еңбек етеді. Біздің ең қастерлі тағамымыз нан да еңбексіз оңайлықпен келмейді. Бұл нан біздің дастарқанымызға келу үшін, ағаларымыз көп еңбек жасайды. Диқан ағаларымыз көктемде жер жыртып, дән егеді. Егіннің жақсы шығуына диқаншыларымыз көп еңбек сіңіреді. Еңбектерінің жемісін күзде егін піскенде көреді. Бұл — қарапайым шаруалардың жемісі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал осыдан шыққан.
«Кім болғым келеді?» тақырыбын өткенде, оқушыларға үйге эссе жазуды тапсырдым. Оңталап есімді оқушы өзінің кім болғысы келетіні туралы былай жазған:
Менің өз отбасымда інім, қарындасым, әкем, анам – барлығымыз шахматты сүйіп ойнаймыз. Мен атақты гроссмейстер Анатолий Карпов, Гарий Каспаров сияқты әлемге әйгілі шахматшы болғым келеді. Өз елім Қазақстанның намысын қорғағым келеді. Осы ақпан айында №95 мектепте 5-6 сынып оқушылары арасында шахматтан жарыс болды. Осы жарыста мен ІІІ орынға ие болдым. Осы мектептің директоры О.Махамбетов мырзаның алғыс хатымен марапатталдым. Осындай жетістіктерге жету үшін мен ізденіс үстіндемін.
Оқушылардың белсенділігі әдебиет сабағынан да байқалады. Олар өз ойларын айтуды, салыстыруды, автор орындығына отырып сұрақтарға жауап бергенді жақсы көреді. Мысалы, 5 сыныпта Б.Момышұлының «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты әңгімесін өткенде, алдымен Бауыржан ата кім? Ол қандай соғысқа қатысқан? деген тәрізді талқылау сұрақтарын қойдым. Оқушылар ол туралы біледі екен. Содан соң оқушыларды аталған мультфильмді көруге шақырдым. Мультфильмді көргеннен кейін оқулықта берілген әңгімені оқуды тапсырдым. Оқушылар оқып болған соң, екеуін салыстырмалы түрде кезек – кезек әңгімелеп берді.Оқушылар «Қарлығаш» сөзіне 5 жолды өлең, ассоциация жасады. Топтардың жауаптары бір – біріне ұқсас, мазмұны төмендегідей:
- Қарлығаш
- Ақылды, адал
- Ұшады, адамға көмектеседі, балапандарын қорғайды.
- Мен қарлығаштың ұясын көрдім.
- Құс.
«Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Сыни тұрғыдан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін мағызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді » [3]
Жоғарыда атап өткенімдей, сыни тұрғыдан ойлау стратегиялары оқушыларды шығармашылыққа, өз ойын батыл, жүйелі жеткізе білуге баулиды. Аталмыш стратегияларды пайдаланып жұмыс жүргізгенде, тек оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеті дамып қана қоймай, бағалау, диалог, көшбасшылық сынды бағдарламаның өзге де модульдерімен ұштасып жатады екен.