Басы » Қазақ тілі мен әдебиеті » Қазақтың ұлттық ойындары

Қазақтың ұлттық ойындары

20151111_145702-1Ақмола облысы

Көкшетау қаласы

Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің    «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің оқытушысы

Кешуова Аягоз Аскаровна

Топ деңгейі:  жоғары

Сабақтың тақырыбы: Қазақтың ұлттық ойындары

Грамматикалық тақырып:  Сөйлемнің бірыңғай мүшелері.

Сабақтың мақсаты: а)Сөйлемнің бірыңғай мүшелері туралы алған

білімдерін жетілдіріп, қазақтың ұлттық

ойындарымен таныстыру

                                       ә) Берілген материал арқылы  ой-өрісін кеңейту,

тіл байлығын дамыту;

                                       б) Ұлттық ойындарды насихаттап, салауатты өмір

салтын ұстануға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі:  бейнебаян сабақ

Сабақтың әдістері: дамыта оқыту технологиясы, сұрақ-жауап

әдісі,  интербелсенді оқыту әдісі, өзіндік ізденіс

Сабақтың көрнекілігі: слайд, бейнеролик, қамшы, суретер жинағы, асық.

Сабақтың барысы: І.    Ұйымдастыру кезеңі.

ІІ.    Оқылым тапсырмалары

ІІІ.  Жаңа тақырып

ІY.  Жазылым тапсырмалары

  1.    Тыңдалым тапсырмалары

ҮІ.   Сөйлесім тапсырмалары

ҮІІ.  Сабақты бекіту

 

І. 1. Таныстыру.

 – Сәлеметсіздер ме! Келіңіздер, барлығымыз шеңберге тұрайық, енді әрбір тыңдаушы өз есімін айтып, 3 сөзбен бойындағы қасиеттерін атап шықсын.

Мысалы: Менің есімім Аягөз Асқарқызы. Мен Көкшетау қаласындағы «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нде жұмыс істеймін. Мен ақылдымын, көңілдімін, сабырлымын.

(қамшы тарату)

-Бұрыңғы заманда хан, би, шешендер жиналып ақыл-кеңес құрғанда    бірінен-бірі сөз алу үшін  қамшыларын ортаға тастаған немесе қамшысын көтеріп сөз алған. Сіздер де бүгінгі сабақта сөз алып немесе сұраққа жауап бергілеріңіз келсе,  қамшыларыңызды көтерулеріңізді сұраймын.

 

  1. Ой-қозғау. («Балалық шағымның аспаны» (бәйге, көкпар), «Менің атым — Қожа» (күрес), «Шабандоз қыз» (қыз қуу), «Көксерек» (асық) фильмдерінен үзінділер көрсетіледі)
  2. Бұл үзінділер қандай фильмдерден алынған?
  3. Үзінділердің негізгі ортақ тақырыбы қандай деп ойлайсыздар?

 

  1. Сөздік.

Орайластырып – келістіріп

Шүйгін шөп – құнарлы шөп

Ұдайы – үнемі

Бірегей – таңдаулы

Соны – ешкім аяқ баспаған, тың

Кердеден лақтыру – бойынан жоғары асырып лақтыру

 

ІІ. Оқылым.

1-тапсырма. Оқыңыз.

Қазақтың ұлттық ойындар – ежелгі заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауық түрлері. Бүгінгі бізге жеткен ұлт ойындарының тарихы Қазақстан жерінде біздің заманымыздан бұрынғы  бір мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тараған. Ұлттық ойындарды меңгеру барысында балалар мен жасөспірімдер әр түрлі  жаттығулар жасау арқылы денесін шынықтырады, ой-өрісін дамытады.  Қазақ халқы, негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде  ұлттық ойындарды орайластырып, дамытып отырған.  Қазақ қоғамындағы  ұлттық ойындардың негізі, оның шығу тегі көшпелі дәстүрлі шаруашылық әрекеттерден басталады. Олардың көбі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізделген.

Ойындардың басты тәрбиелік мәні  — болашақ ұрпақты келешек кәсіптерге баулу, мамандандыру, жетілдіру болып табылады.

 

2-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңіздер.

  1. Қазақтың ұлттық ойындары қашан қалыптасқан?
  2. Ұлттық ойындардың балалар мен жасөспірімдер өмірінде алар орны қандай?
  3. Ұлттық ойындардың пайда болуы қандай әрекеттерден басталады?

 

ІІІ. Грамматика.

Бірыңғай мүшелер — сұрағы мен қызметі бірдей, сөйлемдегі бір ғана мүшемен байланысатын, кемінде екі сөзден тұратын сөйлем мүшелері.

Жасалу жолдары: 1. Бірыңғай бастауыштан  құралған.

 Мысалы: Сонау көне ғасырлардан бүгінгі ұрпаққа жеткен қазақ халқының ұлттық спорт түрлеріне бәйге, аламан бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, қыз қуу, тоғызқұмалақ тағыда басқа ойын түрлерін жатқызуга болады.

  1. 2. Бірыңғай баяндауыштан құралған.

    Мысалы: Қазақтың ұлттық ойындары балалардың денесін шынықтырып жаттықтырады, шымырландырады.

  1. 3. Бірыңғай пысықтауыштан құралған.

   Мысалы: Алтыбақан «тебушілер» өлеңді әндетіп, әуендетіп айтады.

  1. Бірыңғай толықтауыштан құралған.

   Мысалы: Қазақтың дәстүрлі той-томалағы, мереке-мейрамы «ат өнерінсіз» өтпейді.

  1. Бірыңғай анықтауыштан құралған.

     Мысалы: Қазақтың ұлттық ойындарына өжет, батыл, епті, тапқыр жігіттер қатысады.  

 

ІY.  Жазылым.

1-тапсырма. Сөйлемдерден бірыңғай мүшелерін тауып, қандай сөз табынан жасалғанын анықтаңыздар.

  1. Қазақтың дәстүрлі той-томалақ, тілеу, мереке мейрамдары болып басқа да сауық-сайрандарында жорға жарысы жүріледі.
  2. Қазақтың той-думан, сауық-сайран, мереке-мейрамы өнерпаздардың өнер көрсетуінсіз өтпейді.
  3. Кейде ойын шарты бойынша жеңілгендер ойыннан шығарылады. Ойын бәсекелесті, қызықты өтеді.
  4. «Ақ терек пен көк терек» ойыны келісім бойынша күшті, әлсіз, ұзын, қысқасына және қай жақта ойнайтын ниеттеріне қарай топтасады.
  5. «Андонақ» ойынының негізгі ережесі, ауыл балалары таза жерге жиналып дөңгеленіп отырып, ортаға біреуі шығып, қолына түйген орамал, шыт ұстап отырады.
  6. Тиын тастау ойынының мақсаты жастар мен балаларды қырағылық, тапқырлық, ширақтық, ептілікті тәрбиелеуге негізделген. Сақаларды ертеде күмістеп, алтындап, құймалап, қорғасындап алатын дәстүр бар.

 

2-тапсырма.  Бейнероликке назар аударыңыздар.  «Балалық шағымның аспаны» фильмінен үзінді . (бәйге)

А) Бәйгеге қатысу үшін адамдардың бойында қандай қасиет болу керек деп ойлайсыздар?

Ә) Бәйге қай жерде өтті?

таудың етегінде

Б)Үзіндіде қандай дыбыстар естіледі?

аттың кісінеуі, қобыздың дауысы, домбыраның   күмбірі, аттың дүбірі, ысқырық,   адамдардың қуанышты күлкісі

 

3-тапсырма.  Бейнероликке назар аударыңыздар.  «Менің атым — Қожа» фильмінен  үзінді . (күрес)

А) Адамдар қандай ұлттық киімдер киген?

Бүрмелі ақ көйлек, бешпент, қалпақ, бөрік, орамал, қамзол, шапан.

 

4-тапсырма.  Бос орындарға тиісті бірыңғай сөйлем мүшелерін қойып, жазыңыздар.

Қажетті сөздер: 1) ел, ру, тайпа; 2) қазақ, қырғыз, қарақалпақ, тува, алтай; 3) аңшылыққа, мергендікке, шапшаңдыққа; 4) көкпар, теңге алу, қыз қуу, жамбы ату; 5) аламан бәйге, құнан бәйге, дөнен бәйге, жорға жарыс;

  1. Палуандар сайыс, бәсекеге түсіп, ……………………………………………………….

намысын қорғайды.

  1. Қазақтың ұлттық ойындарын — ……………………………………………………………

спорттық сипатпен бірге, үлкен тәрбиелік маңызға да ие болды.

  1. Бұл ойын ………………………………………………. халықтары арасында кеңінен тараған.
  2. Бәйге ойынының …………………………………………………………………………………

деген түрлері бар.

  1. Бұл ойын балаларды ………………………………………………………………………….

тәрбиелеп, денелерін шынықтырып, көңіл-күйлерін көтереді.

 

Сергіту сәті.

«Қара жорға»  биі.  (1 минут)

 

  1. Тыңдалым.

1-тапсырма. Бейнебаянды мұқият қараңыз және тыңдаңыз.

Ұлы дала төсін еркін жайлап, төрт түлік малға негізделген шаруашылық ыңғайымен жаз жайлау, қыс қыстауына көшіп-қонып табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып, тіршілік құрған ру-тайпалар тарихта көшпенділер, номадтар деген атпен белгілі. Отырықшылар өркениеті  алғашқы қалалардың ірге тасын қалау, қорғандар тұрғызу, жолдар салу тәрізді мемлекет негіздерін қалыптастырса, көшпенділер өркениеті  бұл — шексіз, шетсіз аралықтар,  тұрақтар мен соқпақтар, қатыгез табиғат заңдары  қатал да әділ дала тәртібінен  құрылды.

Мұхиттай шексіз сайын дала оларды үнемі шөбі шүйгін, суы таза, ызғарлы желі аз соны жерлер іздеуге жетелеп, ұдайы көшіп-қонып отыруға мәжбүр етті.

Иә, көшпенділердің жақсы жер іздеудегі көші-қон сапарлары оңайға түскен жоқ. Оларды үнемі қиыншылықтар мен қатерлер күтіп тұрды. Бірақ, олар байтақ дала төсінен шөбі және суы мол жерлерді жалықпай іздеп тауып отырды. Олардың қыстауларына қонған немесе жаздың аптап ыстық күндерінде киіз үйлерін тігіп, малдарын шөбі мол жайылымға жіберген кезеңдерінде  ауыр сапарлардан тыныстап дем алар шақтары жетеді. Бұл мезгіл қыз ұзату мен келін түсіру тойларының, ақын-жыраулардың  елдік пен ерлік туралы дастандары шырқалар, шеберлер қолынан көшпенділер өнерінің бірегей  заттары туындар  мейрамдардың уақыты болды. Көршілес тайпалар бастарын әскери  және саяси кеңестерде қосты. Мұндай кеңестерге ұлы даланың түкпір-түкпірінен  түрлі рулар мен тайпалардың басшылары мен билері, батырлары мен сарбаздары, ақындары мен палуандары жиналды.

Әрине, бұндай кеңестер ру батырлары арасындағы сайыстарсыз өтпейтін. Әрбір тайпаның өзіндік ерекше  ойын-сауық түрлері болғанымен ортақ сайыстарға дала жігітінің өнері мен ептілігі, жүректілігі мен тапқырлығы сыналар ойын түрлері таңдап алынды. Сондай-ақ бұл сайыстардың  бірыңғай тәртібі  белгіленді. Біз сіздерге қазақ халқының  көшпенділік мәдениетінен сан ғасырлар сақталып жеткен ел арасында кеңінен танымал ұлттық ойындарын ұсынамыз.

Асық ойыны – алшы, омпы, тас қала, шеңбер, ханталапай, құмар  деген түрлері бар. Соның ішінде шеңбер сызып, ортасына асық тігіп атып ойнау елімізде кең тараған. Әр ойыншы ортаға өз асығын тігеді, кім бірінші ататыны жеребе арқылы анықталады. Шеңбер сыртына сызық сызылады, ойыншылар осы сызық бойында тұрып ортадағы асықтарды көздейді, егер сақасы дәл тиіп шеңберден шығарса асық сонікі. Ал асық шеңбер ішінде қалып қойса кезек келесі ойыншыда. Осылайша шеңбердегі асықтар біткенше ойын жалғаса береді.

Алтын қабақ немесе жамбы ату – биік бағанаға жіппен күміс құйма байланады. Ат үстінде шауып келе жатқан кісі садақпен немесе найзамен жамбыны атып түсірсе сол жеңімпаз атанады.

Аударыспақ – бұл ойынға қайратты, батыл да төзімді, ат құлағында ойнайтын жігіттер қатысады. Жерге ені – 25, ұзындығы – 50 метр болатын шаршы сызылады, соның ішінде ат үстіндегі белдесу басталады. Кім аттан түсіп қалса жеңіліс табады.

Қыз қуу – ойын жазық жерде өткізіледі. Мәренің қашықтығы –300,    ені – 30-40 метр болуы шарт. Қыз бен жігіттен екі-екіден жұптар жасақталады. Ойын шарты бойынша жігіт қызды қуып жетіп сүюге міндетті. Ал үлгермей қалса қыз жігітті қамшының астына алады .

Қазақша күрес – адамның жеке күш-қайраты сынға салынады.  Күні бүгінге дейін сақталып, маңызын жоймаған сайыс. Оның өзіндік ережесі мен  айла-тәсілдері бар. Солардың бірі – кердеден лақтыру, тоңқалана абып домалай лақтыру, арқадан асып лақтыру, айналдырып лақтыру, шалып лақтыру.

Бәйге – күндік жерді еңсере өтетін жүйрік ат пен шабандоздың сайысы. Бірінші орын мәреге атының  тұмсығы алғашқы болып іліккен шабандозға, қалған жүлде аттарының келу ретіне қарай беріледі. Оның 9 километрге  дейін баратын жорға жарыс, 11 километрге  созылатын құнан бәйге, 50 километр қашықтықты қамтитын  аламан бәйге деген түрлері бар.

Көкпар —  ойынға бірнеше тартыскер қатыса алады. Ортаға бас-сирағы кесілген 25 килограмм болатын серке тасталынып, оны белгіленген жерге бірінші болып апарған жеңімпаз атанады. Ойында мықты жігіт пен жақсы ат көзге түседі.

Теңге ілу – орамалға түйілген алқа-күмістер  мен  алтын-теңгелерді қолдың басы  ғана сиятын шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер 150 метрден шауып келіп, шұңғылдағы орамалды іліп әкетуі тиіс.

Ат үстінен тартыс – жерге 20-да 30 метр болатын шаршы алаң сызылады. Ортаға 4-5 жаяу мен  бір салт атты жігіт шығады. Жаяу ойыншылардың мақсаты – атқа тиіспей отырып, салт атты адамды жерге аударып түсіру. Зерттеушілер бұл ойынға атты әскер мен жаяу әскер соғысы негіз болған деп есептейді.

 

2-тапсырма. Сөйлемдерді мәтін бойынша толықтырыңыздар.

Асық ойыны – алшы, омпы, тас қала, шеңбер, ханталапай, құмар  деген түрлері бар.

Асық ойыны –

………………….,…………………..,……………………,…………………..,………………………………,…………………………..  деген түрлері бар.

Аударыспақ – бұл ойынға қайратты, батыл да төзімді, ат құлағында ойнайтын жігіттер қатысады. Аударыспақ – бұл ойынға

………………………………………………………………………………………………………..жігіттер қатысады.

Мұхиттай шексіз сайын дала оларды үнемі шөбі шүйгін, суы таза, ызғарлы желі аз соны жерлер іздеуге жетелеп, ұдайы көшіп-қонып отыруға мәжбүр етті.

Мұхиттай шексіз сайын дала оларды үнемі ……………………………, ………………., …………………………………….. соны жерлер іздеуге жетелеп, ұдайы көшіп-қонып отыруға мәжбүр етті.

Мұндай кеңестерге ұлы даланың түкпір-түкпірінен  түрлі рулар мен тайпалардың басшылары мен билері, батырлары мен сарбаздары, ақындары мен палуандары жиналды.

Мұндай кеңестерге ұлы даланың түкпір-түкпірінен  түрлі рулар мен тайпалардың  …………………………………………,  …………………………………………….,  ……………………………………………………. жиналды.

Әрбір тайпаның өзіндік ерекше  ойын-сауық түрлері болғанымен ортақ сайыстарға дала жігітінің өнері мен ептілігі, жүректілігі мен тапқырлығы сыналар ойын түрлері таңдап алынды.

Әрбір тайпаның өзіндік ерекше  ойын-сауық түрлері болғанымен ортақ сайыстарға дала жігітінің  ……………………………………….,  ………………………………………….сыналар ойын түрлері таңдап алынды.

«Ертеректе тоғызқұмалақ ойынына  қойдың кепкен құмалақтары пайдаланып, ойынды көбінесе мал бағып жүрген малшылар ойнаған. Осылайша, жүйрік есептей білу мен дәлдікке негізделген Тоғызқұмалақ  ойынының ел арасында көшпенділер немесе қойшылар алгебрасы деген атауы қалыптасқан. Малшылар мал бағып жүріп тақыр жерді шұқып, қазып жіберіп қазандық пен отауларды жасап, қалталарындағы құмалақтарын шығарып күн ұзақ ойнайтын болған… »

 

 

 

 

 

 

 

 ҮІ.   Сөйлесім.

1-тапсырма. Үзіндіге назар аударыңыздар.  «Менің атым — Қожа» фильмінен үзінді.

  • Түгел ұтып алдым.
  • Қадырдың Құрмашы.
  • Тағы бір ат.
  • Кет, былай. Қандай сақамен ұтқаныңды көрмей қалдым. Қараулық жасап тұрсың.
  • Жоқ, жоқ. Шын ұтып алдым.
  • Қайтарып бер асығымды, әйтпесе…
  • Мен ағама айтам.
  • Айт, айта бер. Ол сені қайтушы еді. Одан да әкеңе неге айтпайсың? Ылғи маған қоқаңдайсың: «Әкеме айтам» деп, «Көгала қойдай сабатам» деп. Неғылған әке? Үйге неге келмейді?
  • Асықпа келеді.
  • Қайда жүр?
  • Тауда, тауда жүр.
  • Беті шімірікпей кеткен өтірікті соғуын қарашы бұның. Әкең де, шешең де жоқ. Қу жетімсің. Соны да білмейсің. Сен ұрлықшысың.
  • Бер, жаныңның барында…
  • Әй, ұр! Неге ұрмайсың?
  • Онда сен ұр. Кімге қарап тұрсың? Өлсең де алдымен соқ! Қане, соқсаңшы! Ұр! Өй, таяқ жеп қалғың келмесе, бірінші болып ұр. Ақ-қарсын кейін айырармыз. Қане, іштен соқ деймін. Өй, көшебасқыр сол! Мә, ұста! Төбелесуді білмесең, қасқырдың бөлтірігінен үйрен.

 

2-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңіздер.

  1. Құрмашты ағасы неге үйретті?
  2. Ол Құрамаштың қандай болғанын қалады?
  3. Сіз Құрмаштың орнында болсаңыз не істер едіңіз?
  4. Қалай ойлайсыз, ағасы Құрмашқа қасқырдың бөлтірігін неге берді?

 

ҮІІ.  Сабақты бекіту  

Коллаж  «Менің елім»

Қолдарыңыздағы суретке байланысты өз тілектеріңізді  бірыңғай сөйлем мүшелерін  қатыстырып жазыңыздар.

 

  • Отанымыздың кең-байтақ, ұлан-ғайыр даласында, қыраны қалықтаған, көк туы желбіреген, тілі мен ділі, әдет-ғұрпы мен салты сақталған қалпымыздан қайтпай, атадан балаға аманат болған мирасымызды сақтайық.

Әрқашан асықтарыңыз алшысынан болсын!

 

 

 [bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *