Қостанай облысы
Жангелдин ауданы
Торғай селосы
« Ш.Уәлиханов атындағы Торғай орта мектебі » ММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Маликзадинова Райхан Маликзадиновна
Ұрпақтар көрген қасірет
/ Алашордашылар ұрпағы жайлы /
ХХ-шы ғасыр басында қазақ халқы ерекше дәуірлеу үстінде болатын. Енді ғана саяси көзқарастары қалыптасып, ел болуға ұмтылып, елдік алуды көксеген ұлт болашағын ойлаған қазақ зиялылары үшін «халық жауы» деген қаралы тізім басталды. Бұл зұлмат тек қазақтың ұлт жанды ұлдарын ғана жазықсыз жазаға тартып қоймай, артында қалған ұрпақтарын да селдей толқытты. Қазақ даласын жоқтаулар жаңғыртып, халық данасын қаралап кетті.
Нәубет…Осы бір ғана сөз айту былай тұрсын , кездейсоқта есіңе түсіп кетсе денең дір ете қалады. Өйтпегенде ше ? Қазақтың сайын даласына келген бұл алапат дауылдың қарқыны күшті, ауқымы кең еді.
« Революция құрбандықсыз болмайды » деген қағиданы бетке ұстаған саясаткерлер ісі қазақ даласын қайғы- мұңға бөктірді . 1937 жылғы ақпан – наурыз пленумында ВКП (б) Орталық Комитеті шешім қабылдап , « халық жауын » іздеу қамына кірісті. 1937 жылдың өзінде Қазақстанда үш рет тазалау жұмысы жүргізілді. Шіліңгір шілденің аласұра соққан құйынындай текті даланың арқа сүйер азаматтарын үйіріп әкетті , талай ошақтың отын өшірді, қаншама ананы – жесір, қаншама баланы жетім қалдырды.
Халықтың асылдарына қиянат басталған уақытта олардың сүйген жарларына, бала – шағасына , туыстарына зобалаң түсе бастады. « Халық жауының » отбасы, туыстары аталғандар жаппай ұсталып, баспанадан айырылып, алапат дүние басталды. Қылмысты істер кодексінің 58 статьясының 17 тармағы бойынша бас бостандықтарынан айырылып, жасықсыз сотталған 5,8,11 жыл түрмеде аналар тізімі былай еді: Гүлбаһрам Сейфуллина, Гүлжамал Майлина, Күләндам Қожанова, Зылиха Жұмабаева, Дәмеш Жүргенова, Әзиза Рысқұлова, Рабиға Аспандиярова, Елизавета Садуақасова, Айша Қабылова, Шолпан Байтұрсынова, Ғайнижамал Дулатова т.б. Олар 15 мың еді.
Алжир түрмесі, Карлаг Қазақстандағы лагерьлердің үлкені еді. Аумағы Франция көлеміндей болатын. Ол Ақмола облысынан Балқаш көліне дейін 650 шақырым, Жарық станциясынан Жезқазғанға дейін 200 шақырымнан асады. Алжирде халық жауы атанып , Отанын сатқандардың әйелдері отырды. Ауыр азап шекті . Қапырық түрме. Ысқырған боран. Мезгілсіз өмірі үзілген сәби. Қатып өлген ана. Түнерген тергеуші. Оларға ең ауыр тигені « күйеулерінен бас тарту талабы » еді. Бірақ абзал аналар ол талапты орындай қоймады. Күйеулерінің адал екенін дәлелдеумен болды.
Әр ұлт әйелдері бірігіп барақ салды, мал бақты, қамыс орды, сиыр сауды. Соғыс кезінде жауынгерлерге қолғабыс тигізді. Соғысқа сұранып кеткендері де болды. Бір үйден енесі, келіні, қызы отырғандар да кездесті. Ауырып өлгендері қаншама ? жынданып кеткендері ше ? Ақталу қағазын қолына алмай арманда кеткендері қаншама ?
Азап шегу кезеңі енді сәбилерге де түседі. « Түрме қызы » атанған Ританың ( Тұрар қызы ) дауысы шырқырап шыққанда аналарға оңай соқпайтын . Тас еденде сәби шырылдамай қайтсін. Өзге сәбилерге қарағанда Рита бақытты еді, өйткені ол аналар құшағында еді. Балалар ана құшағынан айырылып, балалар үйіне тоз- тоз болып таратылды. Олар енді « НКВД балалары » аталды.
Міне, зұлмат заман тұсында тұңғиыққа кетіп , сталиндік саясаттың құлына айналғандар қазақтың атпал азаматтарын, ұлт жанашырларын жыртқыш көрген бүркіттей бүріп әкетті. Қазақ халқының рухани көсемі, тер төге еңбек етіп , аянбай күресе білген Ахмет Байтұрсынұлы да солардың арсында кете барды. Адал еңбегін көре алмаған опасыздар оның тірлігін қаралауға шықты. Әрбір әрекетінен бәле іздегендер 1929 жылы қайтадан қуғындады. Зайыбы Бадрисафа мен қызы Шолпанды Томск облысына жер аударды.
Әкесі үшін , яғни « халық жауының қызы » ретінде екі рет сотталған. Күйеу баласын да қуғындаған. Атасы мен әкесінің есімдерін атауға да қорыққан немересі жетім балалар үйінде өседі.
Осындай қилы тағдыр Торғай топырығының тағы бір перзенті Міржақып Дулатұлының отбасын да орап өтті. 1929-1940 жылдары Міржақып ұсталғаннан кейін үй ішінің мүлкіне зайыбы Ғайнижамал ие болып қалады. Ғайнижамал ескі өкпе науқасы асқынып, 1940 жылы дүние салады. 1937 жылдың дүмпуінен шыққанда 40-50 жылдары топалаң қайта басталып, қызы Гүлнарды жұмыссыз қаңғыртты.
Қазақтың байтақ даласын жоқшылықтың, жаман мінезден, қараңғылықтан құтқаруда барынша еңбек еткен , қанында ұлтына деген сүйіспеншілік, халқына деген адал махаббаты бар Жүсіпбек Аймауытұлы қуғын – сүргіннің құрбаны болып кете барды. Ол Мәскеуде 1931 жылы атылды.
« Халық жауының » баласы деп баласы Бектұр Жүсіпбекұлын да небәрі 21 жасында 1937 жылы 10 жылға соттады. Жазықсыз жазасын толық өтеп, 1947 жылы шығады.
Сырт жерде жүрсе де халқының қамын ойлаған Мұстафа Шоқайұлы өзі шығарған басылымдарда Кеңес өкіметінің Қазақстан мен Орта Азиядағы солақай саясатын , Голощекиннің « Кіші Октябрь жасаймын » деген саясатын сынады. Содан эмиграцияда 20 жылдай жүреді. 1941 жылы Германия тұтқынға түскен мұсылмандардың арасында іріткі салу мақсатында қайта тұтқындалып, осы жылы беймәлім жағдайда қайтыс болады.
1930- жылдары Кеңес үкіметі Мұстафаның інісі Нұртазаны бірнеше рет тұтқындайды, бірақ жазықсыздығына байланысты босатады. Мұстафаның жақын туысы Мырзеке Қалымбетұлымен тағы да тұтқындалып, хабар -ошарсыз кетеді. Басқа бауырлары Оспанұлы Шәймерден, Әлімұлы Бәкір бас сауғалап Өзбекстанға өтіп кетеді. Көп ұзамай Нұртаза Шымкент қаласында атылады. Артында қалған жары екі қызы мен бір ұлды соңына ертіп, туған ауылдан Мақтаарал ауданындағы жер аударылғандар тұратын ауылға қоныс тебеді. Үлкен қызы бар қажыр – қайратын сіңілісі Нәмилә мен інісі Мадиярды оқытуға жұмсайды. Екуі де жоғары білім алғанымен , қызмет істейтін кезде біраз қиыншылыққа кездеседі. Нәмилә Шоқаева жұмысқа қабылдамайтындықтан Тоқаева деп жазылуына мәжбүр болады. « Отанын сатқанның туысы » атанған Мәдияр жауапты қызметке қолы жетпей, өкінішпен өмірден өтеді.
Халқымыздың қайраткер ұлдарының бірі, елі үшін қызмет еткен, туған ауылына мектеп салдырған Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов те Қазақ ССР Орталық атқару комитетінің төрағасы бола жүріп «халық жауы » деген жаламен ұсталған. Отбасын үйінен қуып, есіктерін бекітіп кетті . Үйінен айырылған бала –шағасы жертөледе тұрды. Мектепте оқитын балаларын мектепке кіргізбеді. 1938 жылы зайыбы Әйішті түнгі үштердің шамасында НКВД- ның адамдары тұтқындап әкетеді, балаларын Сайрамдағы балалар үйіне өткізеді. Ұзақбай Құлымбетов 1938 жылы атылып, Боралдайға жасырын көмілген 19 азаматтың арсында болды. Осы уақыттан кейін артында қалған балалары қиындықты көреді. Тұтқындалған зайыбын да 8 жылға соттап, балары талай тауқыметті тартады. Балалары әкесі ақталған уақыттан кейін ғана жоғары қызметке тағайындалады.
ХХ ғасырдың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев та « қызыл репрессияның »
құрбаны болды. 1937 жылы 30 –желтоқсанда қайтадан ұсталып, 1938 жылы
19-науырызда атылады. Мағжанның жеке өмірі де тағдыр тәлкегіне түсті. 1919 жылы босану үстінде сүйікті әйелі Зейнеп қайтыс болады.1920-жылы бір жастағы баласы Граждан шетінеді.
Тағдыр Мағжанның туған – туыс , жақын – жуықтарын да аямады. Екі ағасы : Абамүсілім мен Қаһарман 1937- жылы хабар – ошарсыз кетті. Мұхамеджан мен Сәлімжан, немере інісі Нұрмағанбетов Серғазы түрмеде 10 жыл отырып шықты . Қалижан мен кенже інісі Абыржан Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда қашып жүрді. Ақын құдасы Хамза Абдуллин Ресейдің Колымасындағы лагерьде 20 жыл өмірін өткізді. Лагерьден азып- тозып оралған Мағжанға дастархан жайғандар тұтқындалды. Қуғын – сүргін мұнымен бітпеді. Інісі Қалижанды бір түнде ұстап әкеткенде оның баласы небәрі 6 айлық нәресте еді. Бала келешегінен қауіптенген соң, тегін Чонаева деп Жұмабайдың әкесінің атына жаздырады. Кейін нағашылары әулеттеріне еш қатысы жоқ колхоз бастығының қолына қалдырады. Осылайша Райхан Қалижанқызы тағдырдың ащы тауқыметін тартады, кейін оқып, білім алған соң , « халық жауының » туысы деп ғылым кандидаты атағын қорғай алмайды.
Коммунистік партияның темірдей тәртібі мен кеңестік идеологияның сұрқия саясаты « халық жауы » деп қамауға алғандар қатарында Қорғалжын өңіріндегі 2- ауылдың тумасы Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбаев та бареді. Хайретдин Әбдірахманұлы — Қазақстанда білім рухын шашқан ұлт ардақтысы, алғашқы қазақ баспасөзінің іргетасын қалаушылардың бірі болған.
1937- жылы 21- сәуірдің түнінде тұтқындалады. Артында еңіреген зайыбы, үш ұлы, бір қызы қалады. Репрессияның қанды тырнағына ілінген Хайретдин Әбдірахманұлы шаңырағы айбынды иесінен, зайыбы арқа сүйер жарынан 35 жасында тірідей айырылады. Шаңыраққа
« халық жауы »деген айдар тағылады. Осыдан кейін тағдырдың қиын кезеңі басталады. Паналап барған туыстарына залалы тиеді. Мырзабедел деген қарапайым қарт абақтыда 6 ай жатып шығады. Воршилов атындағы колхоздың мектеп мұғалімі Мұқан 10 жылға айдалады. Балалардың анасы Рахима « халық жауының әйелі » аталып, басынан сан алуан тұрмыс тауқыметін басынан кешіреді.
Ұлы ақын , кемеңгер жазушы Ілияс Жансүгіровтің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында көп тірлік , тіптен көп тірлік тындырып үлгіреді. Кеңес өкіметіне қарсы әрекетіне қылаудай қатысы жоқ, керісінше қалың бұқараға большевиктер әкелген жаңа өмірдің жақсылығын жырлағанына қарамастан 1937 –жылы « халық жауы »деген жаламен тұтқындалып , 1938 – жылы сталиндік қуғын – сүргін мәшинесінің эшафотында жан тапсырғанда баласы Саят кішкентай бүлдіршін еді. Өмір тауқыметімен алыса жүріп Саят тау инженері мамандығын игереді. Өнерге өте құштар қарындасы Ильфа ( Ильяс+ Фатима ) 1953 жылы мектепті жақсы бітіргенде өзі қалаған мамандаққа ғана емес , Алматының бірде- бір жоғары оқуына мүмкіндік берілмеді. Қазақ педагогикалық институтының ректоры , Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің өзі құжатын қабылдаудан бас тартады.
Осындй күндерді Шымкенттің басқа – күншығыс жағындағы Түлкісай аталатын жерде 30-40 –жылдары саяси қуғын – сүргінге ұшырап, атылғандардың арасында қазақтың қайраткер ұлдарының бірі – Сабыр Айтхожиннің де отбасы да кешірді.
Сабыр Айтхожин 1936- 1937 –жылдары Мирзоян қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі кезінде « халық жауы » деген сорақы айыппен ұсталып,
1938- жылғы 19-ақпанда Шымкентте атылады. Елім деп , күндіз – түні жар құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтың қалайша «қылмыскерге » айналғанына үй іші де сенбей қалады. Балалары « халық жауының баласы»
атанды. Тар жол, тайғақ кешудің талайын басынан кешірген балаларының бірі ЭмильСабырұлы пионер қатарына қабылданбады. Үздік оқыса да «халық жауының »баласы медаль алуы мүмкін емес деп , бермей қойды. Кейін Алматыдағы С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетенің физика-математика факультетіне түсу үшін құжаттарын тапсырғанда , университет ректоры қабылдамайды.Мәскеудегі мемелекеттік университетенің ІІІ курс оқып жүргенінде халық жауының баласы екенін айғақтап жазған арыз келіп оқудан шығарылады.
Зұламат жылдары қаншама қазақтың қаны судай шашылса, бұл күндері сол асылдарымызды жарыққа шығарып, халқымен қауыштыру үшін моншақ- моншақ тер төгілуде. Олай дейтін себебіміз, қазақ халқын селдей толқытқан осы бір алапат дауылдың құрбаны 15 минөтте тағдыры шешілген Қазмұхамед Күлетовтың өмірбаяндық толық дерегін бірнеше ондаған жыл бойы Мәскеудің орталық мұражайынан шаң басып жатқан жерінен 1978-жылы ғана қызы Райхан Қазмұхамедқызы тауып әкеледі.
Халқына өшпес із қалдырған , Шымкентте аурухана, өкпесі ауыратындарға арналған шипажай , балалар кинотеатрын, балалар үйін ашқан, 1935-жылы облыстық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы, одан кейін облыстық партия комитеті сауда бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған Қазмұхамед Күлетов те НКВД-нің тырнағына ілінеді. Артында тағы да қиналған жар, тірідей жетім атанған бала қалады. Мойнына түскен қылбұрау мен көрер қияметі осыдан басталады. 1937 –жылғы 3-шілдеде « 1922-1925-жылдары Кеңес өкіметіне қарсы топтарға мүше болған » деп партиядан шығарады. Тоғыз ай бойы камерада жалғыз ұстайды, содан соңғы тағдырын көшпелі сот небәрі 15 минөтте шешеді. НКВД-ның адамдары қарт ананы далаға қуып шығып, жұбайын өздерімен бірге ала кетіп, төрт баланы Көмешбұлақтағы балалар үйіне әкеледі. 16 жасқа толған үлкен қызы Гүлрайды қайда барсаңдар, онда барыңдар деп қуып жібереді. Қалған үшеуі- Еркін, Клара, Райхан дарды балалар үйінде қалдырады.Қарт ана үлкен немересімен далада қаңғып қалады. Қиындықты көп көрген балалар қара жұмыс істейді, әжелері мен аналары майдандағыларға үйде отырып іш киім тігеді. Осындай қиямет тағдырда қарт анадан басқалары аштықтан аман қалады. Уақыт бір орнында тұрған ба, балалар мектеп бітіріп, жоғары білім алады. Арада жиырма жыл салып әкелері ақталып, халықтың адал ұлы, елжандылығы мойындалады, тек мұны қайран әкелері білмей кеткені өкінішті.
Заман өзгерді. Егемен ел атандық. Есімізді жиып, жоғымызды түгендеуге кірістік. Кезінде ұлтымыздың бостандығы жолында күрескен аяулы азаматтар халқымен қайта қауышты. Ендігі халықтың тілеуі – қазіргі ұрпақтың, кейінгі толқындар ата – бабаларымыз басынан өткізген зұламатты көрмесін , тәуелсіз Қазақстанның ұлтжанды азаматы болып өссін дегені. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын !
[bws_related_posts]